Тараздағы қиын жасөспірімдерге арналған арнайы мектептен үш тәрбиеленуші қыз қашып кетті. Қыздар ата-аналарына үлкендердің ұрып-соққанын, ақша талап еткенін және қорлағанын айтқан. Облыстық білім басқармасы ұрып-соғу дерегі анықталмағанын айтып отыр. Полиция сотқа дейінгі тергеу бастады.
Бұл туралы Tengrinews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
«Мама, мен қатты қорқамын»
Тәрбиеленушілердің бірінің анасы мектепте «дедовщина» бар екенін айтады. Оның сөзінше, үлкен қыздар кішілерді секіртіп, жүгіртіп қойған, ұрып, ақша талап еткен: «Анаңа қоңырау шалып, ақша сұра» деп мәжбүрлеген. Анасының айтуынша, үлкен қыздардың бірі оның қызына тиіскен, салдарынан гипс салуға мәжбүр болған.
Тағы бір ана қашып келген қызының беті ісіп кеткенін көрген. Әйелдің сөзінше, қызына әлімжеттік көрсетілген. Кездесу кезінде қызы: «Мама, сен қазір кетесің, мен қаламын. Мен қатты қорқамын» деген.
Аналардың айтуынша, қыздар педагогтардан да қорқады. Мектеп қызметкерлері қорлаудан хабардар, дегенмен шара қолдануға асықпаған, кейде өздері де күш қолданған.
Білім басқармасы ұрып-соғу дерегін жоққа шығарды
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Таткеевтің айтуынша, бейнебақылау камераларының жазбаларын қарағанда тәрбиеленушілерді ұрып-соғу дерегі анықталмаған. Медициналық тексеру де денсаулыққа елеулі зиян келтірген дене жарақатын көрсетпеген. Шенеунік арнайы мектепке түсетін балалардың ерекшелігін де ескеру керегін айтты.
Полиция тергеу бастады
Жамбыл облысы полиция департаменті кәмелетке толмаған тәрбиеленушілерге дене жарақатын салуы мүмкін деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Ведомство бұған дейін бұл мекемедегі қыздарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер туралы полицияға хабарлама да, арыз да түспегенін атап өтті.
Полицияның айтуынша, барлық уәж мұқият тексеріліп жатыр. Тергеу әрекеттері кәмелетке толмағандар мен олардың заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекетіне де, арнайы мектеп қызметкерлерінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне де құқықтық баға беріледі.
Сонымен қатар полиция мекеме басшылығына құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізді. Тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшылығы бақылап отыр.
Арнайы мектепте 21 ұл мен 22 қыз тұрады. Олардың барлығы Қазақстанның әр өңірінен келген және мекемеде сот шешімімен бір жыл мерзімге тұрады.
Дереккөз: Tengrinews.kz, КТК
Парақшамызға жазылыңыз
