Билік пен қазақ тілі

4307 рет қаралды

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл дегенде бірінші кезекте басын ашып алатын бір мәселе бар. Ол тілдің билікке тікелей қатыстылығы. Өйткені, мемлекеттік тіл дегеніміздің өзі турасын айтқанда биліктің тілі.

Биліктің халық-бұқарамен қарым-қатынас жасап, азаматтарымен сөйлесетін тілі. Ендеше тілдің дамуына әсер ететін басты фактор билік болса керек. Бұл – ең әуелі мемлекеттің тіл саясатының әлеуетіне байланысты бағаланады. Еліміздің тілдік жағдаятына саналы көзбен қарар болсақ халқының сексен пайызға жуығы бір тілде сөйлейтін елде ешбір тілдік мәселе болуы мүмкін емес сияқты. Билік тілі – ол елдің ең басты заңы – Конституциясы, басқа да заңдар мен заң актілері, сот ісі, ресми хаттамалар мен әртүрлі құжаттар жазылған, әрі жүргізілетін тіл. Ал, қазақ тілі осы аталған шарттардың барлығын да орындау мүмкіндіктеріне толық ие тіл. Алайда, біздегі жағдай мүлде кереғар. Ауыздағы алтынды тілімізбен түртіп шығарып отырмыз. Елі өз тілінде, ұлт тілінде сөйлесе, билігі басқа, бөтен тілде сөйлейді. Демек, бізде тілді дамытушы, алға сүйреуші негізгі күш, яғни локомативі жоқ. Ол локоматив билік еді. Билік жүйесі ескермеген, билік жүйесі менсінбеген тіл тарихта өмір сүрген емес. Мысалы, латын және мәнжі (манъчжур) тілдерінің халқымен қоса құрып суалып кеткендігін билік басындағы латындар мен мәнжулер кінәлі еді. Енді солардың кебін біз киіп тұрмыз. Бұл жерде шығатын қорытынды билік заңды орындамайды. Билік тілді құрметтемейді. Бейнелеп айтар болсақ, билік жібекті жүн етіп отыр. Тілге деген құрмет, тіл туралы қабылданған заңдар мен заң актілерінің жүзеге асырылуы мен оның орындалу барысына қойылатын бақылау болса керек. Алайда, Қазақстанда заң барда, ал оны жүзеге асыру, бақылау механизмдеріне биліктің өзін кедергі етіп қойған. Қалай болғанда да екі процесстің қарқынды жүріп жатқаны анық. Біріншісі – бұл қазақ тілінің өмірдің түрлі салаларында қолданылу аясының кеңейе түсуі (қазір де қазақ тілі Қазақстанда өмірдің үлкенді-кішілі 108 саласында қолданылады екен), екіншісі – билік шын мәнінде заңды орындаушы әрі орындатушы бола тұра, тіл туралы заңның орындалуына тежеуші әрекеттерді жүргізіп отыр.

Біздің биліктің миы сүрленген ет, ия болмаса қатып қалған ірімейтін, шірімейтін, божымайтын мұз емес қой. Сондықтан оған ақыл айтқан әбестік болар еді. Бейнелеп айтсам, бұл кісінеп тұрған күлікке мөңіре деп қамшы басқандай әсер қалдырады.

Қалай болғанда да тіл дегеніміз – ұлт. Тіл бірлігі – баянды тәуелсіздік, баянды мемлекет. Сондықтан биліктен берекет күтеміз. Үмітін үкілеген елміз ғой.
Б. Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі