Басты құндылығымыз не?

830 рет қаралды
5

Енді тура 9-күннен кейін Қазақ тарихында аса маңызды болып саналатын – Тәуелсіздік мейрамы есігімізді қағады. Өкініштісі сол, осы мейрам Иса пайғамбардың туған күнінен есептелінетін жаңа эраның жыл санауының басы болып саналып кеткен Жаңа жыл мейрамының тасасында қалып қояды. Бүкіл Алматыны шарлап шықтым дей алмаймын. Десе де, қаланың ең көрнекті жерлерін аралап жүріп, тәуелсіздік мейрамын, ұлттың ұлы құндылығын жарияға жар салып тұрған плакаттардың саусақпен санарлық екеніне көзім жетті.

Фото0340Еліміздің бас алаңы, Желтоқсандықтардың қаны төгілген қасиетті – Республика алаңында, Алматы қалалық әкімшілігіне қарама-қарсы тұрған “ХОЗУ” деген ғимаратта (Аты-заты түсініксіз) тұрған – “Біздің басты құндылығымыз – ол отанымыз, тәуелсіз Қазақстан. Н. Назарбаев”  деген жазу еріксіз көз сүріндіреді. Көлікте кетіп бара жатқаныма қарамастан, қалта телефоныма суретін басып алдым.

Кеше Алматы қалалық Қыздар педагогикалық университетінің алдынан өткен едім. “Еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен” деген жазуға көзім түсіп, көңілім көтерілді. Осындай әлеуметтік жарнамаларды әрбір мекеме төбесінен көрер күн қашан туар екен. Бұл да әрбір басшының жеке ұлттық рухына байланысты дүние ме? АйтарФото0348Фото0341 сөзіміз қалмай отыр.

Жол бойы әлем-жәлем безендірілген, барлығы жаңа жыл мейрамымен құттықтап, құрақ ұшып тұр. Екі мекемеге кірдім. Жаңа жылды 1,5 ай бұрын айғайлатудың қандай қажеті болғандығын сұрадым. Әкімшіліктің нұсқауы солай деген жауап алғанда, өзі-көзіме өзім сенбедім. О заманда, бұ заман өзіңнің төл тарихыңды мансұқ етіп, өзгенің қаңсығын таңсық көрген мемлекетті бірінші рет көріп тұрмын. Бізден өзге ешқандай мемлекет жаңа жыл үшін жанын салып, бас шыршаны бір жарым ай бұрын жағып, ырду-дырду боп жатқан жоқ. Жаңа жылға тек христиан дініндегі мемлекеттер алабөтен көңіл бөлмесе, біз секілді даму жолы да, тарихы да католиктерден де, православиеден де аулақ кететін мемлекеттер бұл күнді жай өткізе салады.

Әрине, жыл басы – жаңа жылдың тойланғанына қарсы болмай-ақ қоялық. Бірақ, жаңа жылдық мейрамдау шараларын 16-17 желтоқсаннан кейін қолға алса да үлгермейміз бе? Әкімшілік, керісінше, халықтың ұлттық рухын асқақтату үшін – “Тәуелсіздік мейрамына дейін ешқандай жаңа жылдық безендірулерге рұхсат жоқ” деген Қаулы қабылдаса, тарихымызға, тәуелсіздігімізге деген құрметіміз артып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленер еді. Біздің билік халықтың мүддесімен санасқанның орнына, халықаралық қауымдастықтың көңілін табуға тырысып бағады. Бірақ, сол халықаралық қауымдастық та, өзін өзі сыйламаған елге тәу етеді дегенге күмәнім бар. “Биылғы шыршаның жылдағыдан алабөтен ерте жағылуының себебі – ЕҚЫҰ саммиті” деген де сыбыстар бар. Христиан құндылықтарын әспеттеген еуропалықтардың алдында жақсы аттану мақсатынан туындап отыр.

Сонда қазақтың құндылықтары қай тасада қалды? Тәуелсіздік мейрамы жайлы ешкім ауызға алмайды, 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы қазақ жастарының бас алаңда қылышынан қан тамған алып империяға қарсы шыққаны және осының соңы КСРО-ның құлауына әкеп соққаны айтылмайды. Әйтеуір, дүрмекке ілесіп, дүрілдеп барамыз. Тәуелсіз елдің балғын ұрпағы тәуеусіздіктің қадірін жетесіне жеткізе алмай жүр. Өйткені, оған басты құндылық ретінде көңіл бөлінбейді.

Есен Байнұр.

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Дұрыс айтасыз. Тәуелсіздіктен бұрын жаңа жылға деген ықыласымыз ала бөтен. Жаңа жылдың тасасында қалып бара жатқан төл тәуелсіздігімізді әлі де насихаттай алмай келеміз, жиырма жылға жуықтаса да. Студенттерге, қызметкерлерге үш төрт күн демалыс берумен ғана шектеледі біздің билік.

  2. тәуелсіздік рухын жаңа жылдың жарқылы жұтпасын
    07.12.2010 07:06
    Басқа қалаларды қайдам, дәл бүгін Алматыдан тәуелсіздіктің қадір-қасиетін арттырып, оны елге се­зін­діретін шараларды көре алмай отырмыз. Оны тәуел­сіздік мерекесі қарсаңындағы Алматы көше­лері­нің өзі-ақ дәлелдеп тұр. Мемлекетіміздің басты мей­рамының ылғи да жаңа жылдың тасасында қалуы –көп болып ойланатын мәселе.

    Биыл тәуелсіздікке – 19 жыл. Жа­уапты мекемелердің бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай желтоқсан айы келер-келместен шыршалар құрып, жаңа жылдың шырақтарын жаға бастайды. Нәтижесінде 16-17-желтоқсан жылда жетім қыздың күйін кешеді. Шын мәнінде, желтоқсанда жалынды жастарымыз бастарын бәйгеге тігіп, алаңға шықпағанда, біздің бұл күнге қолымыз жетер-жетпесі екіталай еді ғой.
    Биыл да Алматыда әдеттегідей жа­-
    ңа жылға дайындық күшті, әсіресе, Ала­тау ауданында. Алатау – жаңадан құ­рыл­ған қазақи аудан. Шаңырақ, Ұл­жан, Дархан – осы ауылдардың қай-­қай­сысы болса да тәуелсіздіктің же­місі. Сон­дықтан, азаттық таңын атап өту­де бұлардың үлесі қашан да басым бо­луы тиіс еді. Өкінішке қарай, дәл қа­зір­гі күні керісінше көріністің куәсіміз. Атал­ған ауылдардың көшелерімен жү­ре қал­саңыз, жаңа жылды бүгін кешке қар­сы алатындай әсерде қаласыз. «Бақ­сақ, бақа екен» демекші, мәселенің мән-жайын әдемі безендірілген нысан ие­лерінен сұрап білсек, әкімшіліктен арнайы келгендер ауданда орналасқан барлық дүкендер мен қызмет көрсету орындарына жаңа жылдық безендіру шараларын міндеттеген. Айтқандарын істемесеңіз, үлкен мөлшерде айып­пұл төлейтін көрінесіз. Әкімшілік қыз­мет­керлері арнайы телефондар қалдырып, кәсіпкерлерге жаңа жылдық безендіру заттарын қай жерден алатында­рына дейін көрсетіп беріпті-мыс. Осы жерде «бұл заңды тұлғалардың кон­ституциялық құқықтарына шектеу немесе әкімшілік өкілдерінің өз құзыреттерін асыра пайдалануы емес пе? Салығын, коммуналдық қызмет ақыларын үкіметке уақытымен төлеп, ел экономикасының өсуіне заңды үлес қосып отырған жандарға «мына ойын­шықты немесе затты сатып алып іліп қой деу қаншалықты заңды?» деген сұ­рақтар еріксіз туары анық. Алдымен міндеттеген телефондарға хабарласып, қызмет ақысын сұрауды жөн көрдік. Мұндағылар ұзындығы 1,80, ені 60 см бір плакат алты мың, одан сәл кіші­регі төрт мың теңге тұратынын айт­ты. Бұл қаржы шағын және орта биз­нес өкілдерінің қалтасына аса үлкен шығын келтіре қоймас, әрине. Бізді қын­жылт­қаны, дәл сол құрмет неге Тәуелсіздік мерекесін айшықтауға жасалмайды? Онда кәсіпкерлер де, басқалар да қуана-қуана қолдар еді. Осы жайттар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың: «Біз­дің ең басты құнды­лығымыз, ол – тәуелсіздігіміз!», – деген сөзіне кейбір шен-шекпенділердің әлі күнге дейін атүсті қарайтынын көр­сетпей ме?
    Осы мәселенің анық-қанығын білмек болып Алатау ауданы әкімшілігінің телефон нөмерлерін тердік. Аудан әкімі­нің орынбасары Маржан Ертайқызы бұл тұрғыда қала әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың қолы қойылған жоспар бар екенін айтады. «Жоспарға орай, өзімізде кәсіпкерлер мен жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің төрағаларын шақырып жиналыс өткіз­дік. Онда ауданда тәуелсіздік және жаңа жылдық безендіру шараларын бірдей жүзеге асыруға тапсырма берілді. Тәуелсіздік мерекесінің мәселесіне келсек, мектептерде арнайы плакаттар ілінді. Алатау ауданы әкімшілігінің алдына да безендіруге тапсырыс бердік. Ең негізгісі, кез келген нысан біркелкі безендірілуі керек. Шырақтардың бірі жанып, бірі жанбауы талапқа сай келмейді. Қала орталығы қалай безендірілсе, шеті де солай болуы тиіс. Бір айтарлығы, «дәл мынаны, мына жерден алып іліңдер» деген нұсқау берілген жоқ. Бірақ, безендіруде Азиаданың символы міндетті түрде болуы туралы талап қойдық. Ал, айыппұл салу ойдан шығарылған әңгіме. Желтоқсанның біріне дейін бұл шаралар іске асуы тиіс», – дейді әкім орынбасары. Ал, әлгі нысандарға қалдырылған телефон нөмірлерінен Маржан Ертайқызы хабарсыз болып шықты. Бұл науқанды пайдаланып, өз бизнестерін жандандырып қалуды көксеген шабармандардың тірлігі сыңайлы.
    Жақында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты да еліміздің басты мейрамының тиісті деңгейде аталмай жүргеніне реніштерін жасырмай, осы орайда Үкімет басшысына өз сауалдарын жолдады. Оның Аяз атаның қоржынынан шыға алмай тұрғанын айтып қынжылды. Ел зиялыларының да бұл тұрғыдағы ой-пікірлерін білгенді жөн санадық.

    Ел зиялылары не дейді?

    Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
    – Елімізде Жаңа жылға дайындық ылғи да бір ай бұрын басталып кетеді. Бұл нені көрсетеді? Бұл кешегі кеңестік заманды еске түсіреді. Біздің ең киелі күніміз – 16-желтоқсан. Қазақстанның тәуелсіздік алған күнінің жаңа жыл рәсімінің көлеңкесінде ылғи да қалып қоюы, бұл – біздің саяси элитамыздың әлі де сол ескі екпінмен келе жатқан саяси ойының өмірдегі көрінісі деп ойлаймын. Әрі осы іс-әрекетіміз Қазақстан тәуелсіздігі дейтін ұлы ұғымға, жас мемлекетімізге көлеңке түсіретін жайт.

    Марат ТОҚАШБАЕВ,
    «Президент және Халық» газетінің бас редак­торы:
    – Соңғы жылдарда Қазқстанның тәуелсіздік мерекесін тойлау, насихаттау мәселесі жаңа жылдың тасасында қалып барады. Жеке көзқарасым бойынша, тәуелсіздік – халқымыздың 3 ғасыр бойы аңсаған ең басты мерекесі. Сондықтан, мұны жаңа жылының тасасында қалдыру ыңғайсыз. «Мемлекеттік мерекелер туралы» заңға арнайы өзгеріс енгізіп, жаңа жылға дайындықты он күн қалғанда бастаса да болады. Ал, тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында тек қана тәуелсіздік насихатталсын. Тек сол жөнінде іс-шаралар өткізілсін.
    Астанада жаңа жылдық шырша жағылды. САММИТ-ке сырттан қонақтар келді. Бір жағынан жарқырап тұрғаны дұрыс шығар. Бірақ, Қазақстанға тәуелсіздіктен артық мереке жоқ.

    Эрнест ТӨРЕХАНОВ,
    Алматы қалалық қазақ тілі қоғамының төрағасы:
    – Тәуелсіздік туралы белгілі бір дәрежеде жиналыс өтеді. Одан басқа мере­кені өткізу, қарсы алу формасын ешкім әлі ұсынған жоқ. Депутаттарды, қоғам қайраткерлерін, белгілі адамдарды жинап жиналыс өткіземіз, сонымен, тәуелсіздік бітеді. Концерт беруі мүмкін. Оның өзі сіресіп қалған кеңестік үлгіде болады. Сөйтіп, тәуелсіздікті аттап кетеміз.
    Тәуелсіздіктің қалай келгені, оның бізге не әкелгені туралы бір ай бұрын насихатталса. Соның бәрін зерттеп айтып беретін ғалымдар, жазушылар, т.б. көзіқарақты адамдардың мақалаларын, әңгімелерін басылымдар, телеарналар көрсетіп, жарияласа. Тәуелсіздікті қарсы алғаннан кейін бір-екі күн демалып барып жаңа жылға кіріссек те ештеңеден ұтылмаймыз. Өйткені, халық жаңа жылды бәрібір атап өтеді. Өйткені, ол қалыптасқан дүние. Өзіңді-өзің сый­ламайынша, өзге жұрт сені сыйламайтынын ұмытпауымыз керек. Өзімізді қан­шалықты сыйлайтынымызды тәуелсіздік арқылы көрестуге тиіспіз.
    Түймегүл ИБАШЕВА,
    «Заң газеті»

  3. Еліміз үшін ең басты мереке — Тәуелсіздік күніне де санаулы күндер қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деуші еді біздің қазақ. Алайда, әзірге ондай қызықты байқап отырған жоқпыз. Тыныштық. Оның есесіне Жаңа жылға әдеттегідей қарбалас әзірлік қызып кетті. Бұл қалай? Мәжілісмен Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ Үкімет басшысына осы сауалды қойды.
    «Біздің елімізде қайсы мерекенің мерейі үстем, мәртебесі биік? Бүгінде қоғамымызда осы сауалдың нақты жауабын таба алмай басы қатып, қиналып жүргендер аз емес. Арнайы қабылданған «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» заңына сүйенсек, ерекше тарихи маңызы бар, ұлттық мереке болып табылатын Тәуелсіздік күнінен қымбат мереке жоқ.
    Солайы-солай-ау, бірақ, дәл қазір еліміз осы мерекеге емес, Жаңа жылды қарсы алу қарекетіне қызу кірісіп кеткен. Қазір еліміздің қай бұрышына барсаңыз да, абыр-сабыр, әлем-жәлем, жұрт бірдеңеден құр қалатындай жанталасып, белуардан қар жауып, қаңтар есік қағып тұрғандай дүрлігіп жатыр. Бұл тек биылғы жағдай емес, былтыр да, оның алдында да солай болған. Соған қарағанда, Жаңа жыл мерекесіне дайындықты екі ай бұрын бастау салтымызға сіңіп, дәстүрімізге еніп кеткендей ме, қалай?
    Осыдан кейін ойланасың, басың қатады. «Мерекені ұйымдастыруға жауапты адамдар неге жүрісінен жаңылды? Бізге Тәуелсіздік қымбат па, Жаңа жыл қымбат па? Неге қасиетті мерекелеріміз, оның ішінде Айт та бар, Наурыз да бар, қайдағы бір даңғаза шаралардың көлеңкесінде қалып, ұлттық құндылықтарымыз тапталып, асыл дәстүрлеріміз аяқасты бола беруі керек? Осы бізде намыс бар ма? Әлде біз тарихи сананы, мемлекетшілдік сананы қалыптастырып болдық па, сан ғасырлар бойы халқымыздың қасіретіне айналған отарлаудың омыртқасын үздік пе?..»
    Депутаттың мұндай пікірін қазақ зиялылары да, қазақ баспасөзі де бұрын да көтеріп жүр. Бірақ, «көн қатса, қалыбына бара» береді. Кейбіреулерге бұл ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін, тіпті де олай емес. Тәуелсіздігімізді өз дәрежесінде ұлықтай алмай жатқанымыз, бұл сайып келгенде, елге — сын, іс басында жүрген ерлерге — сын! Бір жағынан, бұл оның қадірін түсіне алмай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей алмай отырған дәрменсіздігімізді айғақтаса, екінші жағынан, әлі де болса, сол баяғы кеңестік отарлаушылық идеологиясының шырмауынан шыға алмай келе жатқанымызды көрсетеді.
    P.S. Депутат Құрманғали Уәли де осы мәселе бойынша Үкіметке базынасын білдірді. «Айтпасаң, сөздің атасы өледі». Ашынғандықтан ащы дауыс шықты. «Басқа тойлар тойланбаса, тойланбасын, ал, Тәуелсіздік мерекесі ұлттың ұюына, қазақ елі көшінің көркеюіне, азаматтарымыздың бойында отаншылдық, елжандылық, мемлекетшілдік қасиеттердің қалыптасуына қызмет етуге тиіс. Ол үшін қасиетті мерекеге көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет» деп отыр депутаттар. Ендеше, жоғары-төмендегі баршамыз болып, Тәуелсіздік қандай мереке, Жаңа жыл кімнің жылбасы екені туралы бір сәт ойланып көрсек, жаман болмас еді…
    Рәзиға ӘШЕЕВА,
    «Алтын Орда».

  4. Тәуелсіздік – өткенге тағзым, ертеңге тағылым
    2-Желтоқсан. 2010
    Пікірлерді көру Келер жылы тәуелсіздігіміздің таңы атқанына жиырма жылдың жүзі болмақ. Жамағат торқалы тойды тағатсыздана күтіп жүргенде жылдағы әдет бойынша желтоқсанның алғашқы күні-ақ елімізде шыршалардың шамдары жанды. Төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін шешетін жиын төрімізде өтіп, ЕҚЫҰ-ға төраға атанып, Алаштың аты айдай әлемге танылып жатқанда да кейбір жандардың Цезарьдің «сыйы» халық санасынан шығып қалардай Жаңа жылды жадыларынан шығармай, жалаулатып жүргені жанға батады.

    Ол аздай, биыл Астанада «Жаңа жыл» деп жанұшырғандар шырша жағамыз деп жүріп, жеткіншектерді жазым қыла жаздады. Жаңа жыл салтанатын өткізу дайындығына жинаған балаларға плазмалық экран құлағанын бірді-екілі баспасөз жазғаны болмаса, басқасы жақ ашпады. Өкініштісі сол, Жаңа жылдың жарнамасын көрген кезде қазақ үшін ең ұлық күн – Тәуелсіздік мерекесі ұмыт қалғандай күй кешесіз. Түйсігі барға бұл күннің бағасын түсіндірудің өзі артық. Шырша жаққаны аздай, бір ғана Алматы қаласын алсақ, қалалық әкімшілік жыл сайын түрлі мекемелер, ғимараттар төңірегін жаңажылдық безендіруге байланысты байқау жариялап кеп жібереді. Бағалы сыйлықтары да бар. «Іздегенге – сұраған», жалаулатып, алаулатып, шыршалатып шыға келеді. Жан-жағың жарқ-жұрқ, «қызыл шапанды қартқа» қарық бол да жүре бер. Елбасының өзі «Алматыда азаттықтың ақ таңы атты, тәуелсіздіктің тұсауы да осы жерде кесілді. Сондықтан да Алматы – тәуелсіздік талбесігі болып қала бермек» деп талай айтқаны есімізде. Ендеше, неге Алматы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында төрткүл дүние тамсанатындай, қазақтың қазақтығына қол соғатындай түрге енбейді? Неге көшелерге жаңажылдық жылтырақтар емес, тәуелсіздік тарихынан сыр шертер тағылымды сөздер жазылған билбордтар ілініп, тәуелсіздік жолында тер төккен тұлғалар бейнесі тізіліп тұрмасқа. Неге жастар алаңға барып, тарихқа тағзым етіп, жұлдыздар тегін концерт бермес­ке. Бұл көрініс еліміздің барлық қалаларында менмұндаласа екен. Өйткені Жаңа жылдың жарнамасы тек Алматыны ғана емес, жаппай барлық облыстар мен аудан орталықтарын «жаулаған». Әсіресе, мереке қарсаңында басқа өңірлерден Алматыдай ару мекенге ат шалдыратындар көп-ақ. Оның біразы – сексен алтыда алаңға шығып, «азаттық» деп алғаш үн қатқандар мен шеттен келген меймандар. Тәуелсіздік жолында тер төккендер ізіне ерген ұрпақтың өз істерін ұлықтап, тәуелсіздікке тәу еткендерін көріп, «тәубе» деп қайтса, шеттен келгендер қазақ елінің ерлік пен елдік алдындағы парызына сүйсініп-ақ кетер еді!..
    «Тәуелсіздік күні Жаңа жылдың тасасында қалды» деп біраз басылымдар зарлай-зарлай заржақ атанып жүргенде, кейінгі жылдары әулие Валентин, одан соң Хеллоуин деген сайқымазақ мереке құлағын қылтитты. Мереке деп небір сұмдық кейіпке еніп, қан-жоса боп боянып, «ақсақ-тоқсақ» түр танытқан жас­тар кімге үлгі болмақ? Айдаладағы зәредей зияны жоқ ағашты өртеп, қазақтың бойына қан жүгірткен «Қара жорғаға» қарадай тиісіп жүргендер осыларды тыйса қайсы? Мектептерде Тәуелсіздік мерекесіне арналған тәр­бие сағаттарының санын арттырып, ұрпақты тәуелсіздік десе «Ләззат пен Қайрат» деп қана ұғатын таяз түсініктен арылтуымыз керек. Жыл өткен сайын тәуелсіздік тарихы те­реңдей түсуі тиіс. Өйткені талай жылдар бойы тәуелсіздік жолындағы тартыс, елім деп еңіреген ерлер ерлігі ел есінен өшпек емес. Тәуелсіздік – өткенге тағзым, ертеңге тағылым. «Сен қазақсың! Азатсың! Азаттыққа ата-бабаңның ұлтарақтай жер үшін жанын қиған ерлігінің, өрімдей жастардың талайлы тағдырының арқасында жеткенсің!» дегенді ұрпаққа тәптіштеп түсіндіріп отыру – тектіліктің көрінісі. Ұрпақққа ұлық мерекені ұлықтай отырып, Жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік мерекесінен кейін ғана бастағанымыз жөн. Өйткені қазақ үшін Тәуелсіздік күнінен қадірлі мереке жоқ. «Жаңа жыл» деп ай бойы алашапқын болып жүрген өзіміз ғана. Жаңа жылдың шамын жағып, шыршаға ойыншық ілуге бір апта да уақыт жетіп-артылатыны – түйсігі барға түсінікті жайт. Сондықтан Жаңа жылға ғана «жан ауыртпай», төрт көзіміз түгел тағатсыздана тосқан Тәуелсіздіктің торқалы тойын ел есінде ұзақ сақталатындай тағылымды өткізуге асығайық!

    Д. ІЗТІЛЕУ
    “Ана тілі” газеті

  5. Аяз атаның тасасындағы Азаттық

    Желтоқсанның алғашқы күні-ақ «көріңіз, көріңіз де көніңіз» дегендей жылдағы әдет бойынша елімізде шыршалардың шамдары жанды. Саммит деп сансырап жүрген төрдегі төрелер де, қу тірліктің ноқтасынан арыла алмай жүрген қарапайым халық та Жаңа жылды жадынан еш шығарған емес. Олай етпесе Цезардың «сыйы» халық санасынан шығып қалардай. Ол аздай биыл Астанада «жаңа жыл» деп жанұшырғандар шырша жағамыз деп жүріп, жеткіншектерді жазым қыла жаздады. Жаңа жыл салтанатын өткізу дайындығына жинаған балаларға плазмалық экран құлағанын бірді-екілі баспасөз жазғаны болмаса, басқасы жақ ашпады.
    Қорқыныштысы сол, бүйте берсе қазақ үшін ең ұлық күн – Тәуелсіздік мерекесі ұмыт болардай. Түйсігі барға бұл күннің бағасын түсіндірудің өзі артық. Алайда «бұғаудан босадым ба?» дегенде көрген азаттықты бұл алаш сезіне алмай-ақ қойды. Енді ше? Шырша жаққаны аздай бір ғана Алматы қаласын алсақ, қалалық әкімшілік жыл сайын түрлі мекемелер, ғимараттар төңірегін жаңа жылдық безендіруге байланысты байқау жариялап кеп жібереді. Бағалы сыйлықтары да бар. «Іздегенге – сұраған», жалаулатып, алаулатып, шыршалатып, қала берді «шишалатып» шыға келеді. Жан-жағың жарқ-жұрқ, «қызыл шапанды қартқа» қарық бол да жүре бер. «Басқа қаланы айтпағанның өзінде бұл Алматыда азаттықтық ақ таңы атпап па еді? Тәуелсіздіктің тұсауы да осы жерде кесілмеп пе еді?». Әзірге бұл көкіректі кернеген өксік пен бойды билеген өкініш қана болып отыр.
    «Тәуелсіздік Жаңа жылдың тасасында қалды» деп зарлай-зарлай заржақ атанып жүргенде, бесіктен белі шықпаған Астанада тағы бір бәле басын қылтитты. Жақында «Экспресс-К» газеті Елордада 22 желтоқсанда мерекесымақ «Оргазм күні» тұңғыш рет аталып өтілетінін жар сап, жария етті. «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» (Абай) десеңіз де еркіңіз. Валентин мен Хеллоуин кеп еді, енді «мұртқа өкпелеп жүргенімізде, сақал шығып үлгерді». Аңғарғаныңыздай аяғын әнтек басқан астанамызға да азғындар құр келмепті. «22 желтоқсанды жынойнақ күніне айналдырамыз» деп отырған сексопатолог Алина Богуславская бастаған азғындардың көксегені не? Ай қарап, жұлдыз санап кеттік пе? Айдаладағы зәредей зияны жоқ ағашты өртеп, қазақтың бойына қан жүгірткен «Қара жорғаға» қарадай тиіскен әсіре діншілдер осындайда неге жақ ашпай қалады? Бақсақ, бөгделер бұға берген сайын сұға бермек. Бұл қазақтың басына бар қаңсығын қотаруға бар. Сондықтан Алина бастаған азғындардың жынойнақ жоспарына жол бермей, жаһаннамға не еліне аттандырып жіберу керек.
    Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бізге тәуелсіздік күні жетім қыздың тойы емес екенін түсінетін кез жетті. Мектептердегі тәуелсіздікті 45 минутта түсіндірген болып, желтоқсан көтерілісінен көрініс қоя салып, бітіретін көзбояушылыққа нүкте қояр кез келді. Тәуелсіздік десе мектеп оқушыларында «Ләззат пен Қайрат» деген таяз түсініктің тууы да содан. Жыл өткен сайын тарихы тереңдей түсуі тиіс тәуелсіздігіміздің тамырына балта шаппауымыз керек. Талай жылдар бойы тәуелсіздік жолындағы тартыс, елім деп еңіреген ерлер ерлігі неге еленбеуі тиіс? Тәуелсіздік – өткенге тағзым, ертеңге тағылым. «Сен қазақсың! Азатсың! Азаттыққа ата-бабаңның ұлтарақтай жер үшін жанын қиған ерлігінің, өрімдей жастардың талайлы тағдырының арқасында жеткенсің!» деп саналарға сіңіру солғын болмаса жастар бетперде киіп, балмаскарадта жүрер ме еді. Тіпті болмағанда Жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік мерекесінен кейін бастасақ да болмай ма? Жарты секундтық шам жағуды айтпағанның өзінде шыршаға ойыншық ілу де ешкімге ауыр жүк бола қоймасы анық. Аза тұтып, аңырап кеткелі отырғандай төрткүл дүние түгелге жуық мойындаған тәуелсіздікті тұмшалау абырой әкелмесі анық екенін төрдегілер түсінсе екен. Ай бойы алашапқын болып, Жаңа жылды жарылқағанша Тәуелсіздіктің жиырма жылдық торқалы тойына түркі жұртының түсіне кірмеген тосын сый жасасақ болмай ма? Құдайдың назары қазаққа түссін деп тілейік сол күні. Өлгенде көрген бұл той – Тәуелсіздік тойы!
    Айкөрем ЕРІК.
    zamandas.kz

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі