Смағұл Сәдуақасовтың мәйіті келе жатыр!

876 рет қаралды

Мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі Президенттік қордың президенті қызметін атқарып жүрген кезінде, саясаттанушы, қазіргі Қарағанды облысы Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Алаш қайраткерлерінің бірі Смағұл Сәдуақасовтың  сүйегінің күліМәскеудегі Донской шіркеуінде тұрғаны жайында филология ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлынан естіп арнайы Мәскеуге сапар шегеді.  Шіркеу әкімшілігімен сөйлесіп, оны туған еліне әкелу жайын келіседі.  Бұл істің қалған шаруасын қоғам қайраткері Сабыр Қасымов атқарған. Назарларыңызға “Жас алаш” газетіндегі осы тақырыптағы Руслан Ерболұлының мақаласын ұсынып отырмыз.

МАСҚАРАЛЫҚ ДЕГЕН ОСЫ ШЫҒАР?!

СОНДА СМАҒҰЛ САДУАҚАСОВТЫҢ МӘЙIТ-КҮЛI ЖЕРЛЕУСIЗ ҚАЛМАҚ ПА…

Құдай қаласа, 21 қаңтар күнi халқымыздың аяулы ұлы, аса көрнектi мемлекет қайраткерi Смағұл Садуақасовтың мәйiтiнiң күлi Астанаға жетпек. Бiрақ, өкiнiшке қарай, мәйiт күлiнiң жерлеусiз қалатын түрi бар…

Кеңес өкiметiнiң қазаққа жасаған қиянатына қарсы шыққаны үшiн елден аласталып, жұмбақ жағдайда уланып, Кремль ауруханасында қайтыс болған С.Садуақасовтың денесi 1933 жылы 16 желтоқсанда арнайы пешке (крематорий) салынып, өртелiп, оның күлi содан берi 78 жыл бойы Мәскеу­дiң Дон қабiрстанында топыраққа көмiлмей, құмыра iшiнде тұр…

Сабыр Қасымов, Дихан Қамзабекұлы, Берiк Әбдiғалиев секiлдi ұлтқа, тарихқа, ғылым­ға жанашыр азаматтардың арқасында Смағұл атамыздың күлi салынған құмыра былтыр табылып, оны елге қайтарудың жолы да ашылғандай едi. Осы игi iстерге орай, 2011 жылғы 13 қаңтарда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнде “Қайраткер Смағұл Садуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдiк мұрат пен жауапкершiлiк” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өттi. Оған елге танымал ғалымдардан бастап, депутаттар, 30-жылдары саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандардың ұрпақтары қатысты. Мәмбет Қойгелдиев, Дихан Қамзабекұлы, Талас Омарбеков, Дана Махат, Тұрсын Жұртбай, Бейбiт Қойшыбаев секiлдi оқымыстыларымыз Смағұл Садуақасовтың сұңғыла саясаткерлiгiн, ұлттық мәдениет пен әдебиетке, өнерге, ел басқару жүйесiне сiңiрген орасан зор еңбектерiн жан-жақты таныстырып өттi. Депутаттар да жиында өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында бiр ауыздан төмендегi қарар қабылданды: 1) Аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Смағұл Садуақасұлының еңбегi мен мұрасы бiлiм жүйесiнде “Бiлiм туралы” заң талаптарына сай оқыту мәселесiн үйлестiру ҚР Бiлiм және ғылым министрлi­гiнен сұралсын;

2) Қайраткердiң табылмаған мұрасын жинақтау үшiн және толықтырып жинақ етiп шығару үшiн ҚР Үкiметiнен (Мәдениет министрлiгi мен Бiлiм және ғылым министрлiгiне арналып) арнайы грант немесе қаржылық жоба бөлу сұралсын;

3) ҚР Мәдениет министрлiгiнен және “Қазақфильм” АҚ-нан мемлекет және қоғам қайраткерi Смағұл Садуақасұлы туралы деректi фильм және көркем фильм түсiрудi жоспарға енгiзiп, жүзеге асыру сұралсын;

4) Тәуелсiздiкке орасан зор еңбек сiңiрген С.Садуақасұлының Мәскеудегi Дон қабiр­станында жатқан сүйегiнiң күлiн мемлекеттiк делегациямен барып, елордамыз Астанаға алып келу және оны салтанатты жағдайда мұсылман ғұрпымен жерлеу үшiн ҚР Үкiметiнен арнайы қаулы шығару сұралсын;

5) Астана қаласы әкiмдiгiнен мемлекет және қоғам қайраткерi Смағұл Садуақасұлының денесiнiң күлiн Астанадағы ұлттық мұсылман бейiтiне (қабiрстан) қоюға орын сұралсын және осы қабiрстан мәселесi қаланы дамытудың бас жоспары аясына енгiзiлсiн;

6) Астана қаласы мен Алматы қаласы ономастика комиссиясына мемлекет және қоғам қайраткерi Смағұл Садуақасұлының атын жаңа мектептердiң бiрiне беру және шетте қалған көше атын лайықты көшелермен ауыстыру жөнiнде ұсыныс жасалсын;

7) Солтүстiк Қазақстан облысы мен Ақжар ауданы әкiмдiгiне С.Садуақасұлы атын мемлекеттiк дәрежеде ұлықтау шаралары жоспарын бекiту жүктелсiн;

8) М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттiк академиялық театрына, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына “1925-1926 жылдары Қазақ ұлттық театрын ұйымдастырған сол кездегi Халық ағарту комиссары С.Садуақасұлы” деген тарихи деректi ескеру және С.Садуақасұлының қаламынан туған “Ұлт театры туралы” кiтапшасы мен мақалаларды бiлiм мен ғылым үдерiсiне пайдалану сұралсын;

9) Абай атындағы Қазақ ұлттық университетiнен осы оқу орнының негiзiн 1926 жылы қалауға ықпал еткен және 1927-28 жылдары оның ректоры болған С.Садуақасұлына арнайы дәрiсхана-мұражай ашу сұралсын;

10) Жазушылар одағы мен Журналистер одағынан жазушы, журналист, сыншы С.Садуақасұлы есiмiн есте сақтау мен лайықты ұлықтаудың шараларын белгiлеу сұралсын.

Естерiңiзге сала кетсек, осы конференция алдында Мәжiлiстiң бiр топ депутаттары да Смағұл Садуақасовтың мәйiт-күлiн Астанада жерлеу туралы Үкiметке өз сауалдарын жолдаған болатын. Алқалы жиынға келгендер Смағұл Садуақасовтың мәйiт-күлiн Астана қаласындағы “Жастар” шағынауданындағы ескi зиратқа жерленсе деген тiлектерiн бiр ауыздан бiлдiрдi. Оны көпшiлiк қолдады. Себебi, бұл қорымда ашаршылық уақытында және Ақмоланы басып алу кезiнде қайтыс болған Кенесары сарбаздары жатыр. Оның үстiне Астана Астана болғалы осы зиратты бұзып, орнына жол салу керек деген сөздер де шықты бiрнеше рет. Егер Смағұл атамыздың мәйiт-күлi осы бейiтке қойылса, қорымды бұзу керек деген әпербақан сөзден бiржолата құтылар едiк деген үмiт те оянды. Сөйтiп, ғалымдар, депутаттар және көпшiлiк қауымның қолдауына ие болған оңды ұсыныстарды қарап, қолдап жiберуге үкiмет тiптi асығар емес. Ал бiзге жеткен нақты ақпарат бойынша, көрнектi қайрат­кердiң мәйiт-күлiн елге қайтаруға бар қайрат-жiгерлерiн салып жүрген ынталы топ аяқ астынан Мәскеуге ұшып кеттi. Неге? Себебi, бiздiң үкiмет ойланып бiткенше, мәскеу­лiктер С.Садуақасовтың мәйiт-күлiн беруден бас тарта бастаған көрiнедi. Смағұл атамыздың мәйiт-күлiн елге қайтару үкiмет­аралық келiсiммен iске асып жат­қан жоқ. Жекелеген азаматтардың беделi мен сыйластығының, iскер­лiгiнiң арқасында ғана iс алға басуда. Ендi уәдесiн берген мәскеу­лiктердi өзгелер айнытып тастамай тұрғанда, болар iске ортадан тосқауыл қойылмай жатқанда сол азаматтар С.Садуақасовтың мәйiт-сүйегiн елге алып келуге асығыс ұшып кеттi. Құдай қолдап, iстерi сәттi болса, Смағұл атамыздың мәйiт-күлi жұма күнi Астанаға келедi. Ал қайрат­кердiң мәйiт-күлiн күтiп алу, оны жерлеу рәсiмi қалай болмақ? Мәйiттiң күлiн жер қойнауына қалай тапсыру керек? Зиялы қауым өкiлдерi С.Садуақасовтың мәйiт-күлi салынған табытты тумен жауып, ұшақ әуежайға қонғаннан бастап барлық ресми орындардағы жалауды түсiрiп, Астананың негiзгi көшелерi­нен қаралы шеру өткiзiп, арыстың мәйiт-күлiн осылай жерлеу керек деген көңiлге қонымды ұсыныс бiлдiрдi. Бұл, әрине, қазақ үшiн жанын берген арыстардың рухына, бiрiншiден, кейiнгi ұрпақтарының тағзымы болса, екiншiден, ұлттық сана мен жiгердiң жаңғыруына үлкен серпiн бермек. Алайда референдум секiлдi көп бөлiмдi сайқымазақ қо­йылымды ойлап тауып, оның қызығынан шыға алмай жатқан “алтын басты” шенеунiктер осы аталы сөзге құлақ аспағандай. Бiзге жеткен кейбiр ақпараттарға қарағанда, билiк басындағы шолақ белсендiлер: “Олар сонша неге асықты? Алып келу керек пе едi соны? Әкелсе, бiр жерге қоя салсын. 31 мамырдағы қуғын-сүргiн күнiне орай, қай орынға қалай жерлеу керегiн айтармыз. Жалпы, бұл қала әкiмiнiң шаруасы ғой” деп шiренiптi. Мiне, масқаралық!!! Шетелден асыл тұқымды мал келсе, тайлы-тұяғына дейiн қалмай әуежайға барып, одан оны пәтерден де жылы қораға қамағанша жандары шығып кете жаздайтын шенеу­нiктерiмiз көрнектi арысымыздың аруағының алдында осылай талтаңдайды. Тәуелсiз мемлекетiмiздiң тiзгiнiн ұстаған бүгiнгi шендiлер тар жол тайғақ кешулi заманда қазақ үшiн жанын да, жiгерiн де, бiлiмiн де аямай, басын бәйгеге тiккен арыстарымызға құрмет көрсеткiлерi кел­мейтiнiн қалай түсiнемiз? Соңғы кездерi өздерi әр секунд сайын айтуды сәнге айналдырған инновациялы-индустриялды экономиканы құру керектiгiн алғаш президент Н.Назарбаев емес, өткен ғасырдың басында С.Садуақасовтың көтергенiн, сол үшiн “оңшыл коммунист” аталып, қуғындалғанын неге бiлгiлерi келмейдi? Алаштың мақсаты мен мұратының жүзеге асуына жас та болса бас болған С.Садуақасаовтың аруағына құрмет көрсетiп, оның мәйiт-күлiн ел болып күтiп алуға билiктегiлер неге қолдарын созғылары келмейдi? Әрине, жоғарыдағы ақылға қонымсыз сөздi шенеунiктер­дiң айтпауы да, бiзге жалған деректiң жетуi де мүмкiн (қалай дегенмен қасында тұрып, өз құлағымызбен естiмеген соң, сырттай сын тағуға болмас). Алайда дәл қазiргi жағдайда Мәскеуге ұшып кеткен жiгiттер­дiң жолын тiлеп, “Смағұл Садуақасов атамыздың мәйiт-күлiн халық болып күтiп алайық” деп, қам жасап жатқан үкiмет те, билiк партиясы “Нұр Отан” да, қалалық әкiмшiлiк те көрiнбейдi. Және мәйiт-күлдiң қашан және қайда жерленетiнi де белгiсiз…

Руслан ЕРБОЛҰЛЫ

“Жас Алаш” газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі