"Жерұйық" мекен – Қазақстан!

743 рет қаралды

“Мінбер” семинары аяқталысымен, қатысушыларға мәдени шара ретінде “Қазақфильм” киностудиясынан әлі көпшілікке жария етіле қоймаған, Астана және Алматы қалаларында журналистерге жабық түрде көрсетілген, Лаврентий Сон мен Сламбек Тәуекелдің “Жерұйық” фильмін тамашалауға бардық.

Фильм авторлары және “Қазақфильм” киностудиясының бұқарамен байланыс бөлімі Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 20-ға жуық журналистерге бұл фильмді арнайы көрсетіп, олармен шағын сұхбат өткізді.

Фильм оқиғасы – 1937-1945 жылдарды қамтиды. Қазақстанның бүгінгі келбеті де көңілден тыс қалмаған. Қазақстанға 1937 жылы кәрістер айдалғанда мұздай темір вагонда дүние есігін ашқан сәби, бүгінде Қазақстанның еңсесі тіктеліп, тәуелсіз ел атанып талай ұлт пен ұлыстың алтын бесігіне айналған заманда жұмақ тірлік кешіп жатқан кәріс қариясының сол бір зұлмат жылдарды еске алуымен басталады.

Фильм сценарий авторларының бірі – Лаврентий Сон фильмдегі бас кейіпкерлердің бірінің прототипі өзі екендігін айтады. Талдықорғанның Үштөбе ауданына орналасқан кәріс отбасыларына қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созып, қыстың қытымыр күндерінде аязда үсіп қалмауына жағдай жасаған “Светлый путь” колхозының төрағасы Орынбай ақсақалдың да өмірде болғанын еске алды Лаврентий Сон. Сол секілді Орынбайдың фамилиясы Берсүгіров болғаны да кездейсоқ жағдай емес. Талдықорғанда льяс Жансүгіровтің немере ағайыны Берсүгіровтердің де белгілі отбасы болғаны мәлім. Олар да кезінде репрессияға ұшыраған, сол өңірге мектеп ашқан, көзі ашық, көкірегі ояу әулеттің сынығы еді.

– Берсүгіров атауы да тегін алынып отырған жоқ. Сол кезеңде репрессияға ұшыраған Берсүгіровтердің қазақты ағартушылық саласында жасаған еңбегі еленді, – дейді Сламбек Тәуекел.

– Ауылға чешендер мен гагауыздарды әкелген кезде 4 жастағы бала едім. Ауылда болып жатқан оқиғалардың бәрі болмаса да, негізгілері есте қалыпты. Соның ішінде колхоз төрағасы Орынбайдың аты да есімде қалыпты, – дейді Сон журналистерге.

Фильмнің қоюшы режиссері Сламбек Тәуекел:

– Фильмнің басты мақсаты – Қазақстанның қалай көп ұлтты мемлекетке айналғандығын көрсету. Қиын-қыстау заманда жер аударылған ұлттарға қазақтың қалай құшағын ашып, олардың жер бетінен құрып кетпеуіне жағдай жасағандығын көрсету болды. Әрине, 1 сағат 40 минуттық лентаға сол жылдардың барлық оқиғасын тізіп бере алмаймыз. Тек шағын ауылдағы кішкентай сюжет арқылы байытуға тырыстық. Бас кейіпкердің Орынбай аталуының да өзіндік сыры бар. Ол – қазақтың жері де, пейілі де кең “орынға бай” дегенді меңзегеніміз еді, – дейді.

Фильм басталғанда Орынбай ақсақалды құтырынған аш қасқырлар қамап, үюлі мая шөпке тығылып жан аман қалады.

– Бұл сюжетті мен өз басымнан өткізген едім, – дейді Сламбек Тәуекел мырза.

– Фильмге бөлінген қаржы жетпей қалды. Бізді ең қинағаны осы болды, – деген ол фильмнің жалпы бюджеті – 2,7 миллион теңге болғандығын айтады.

Фильм жалпы көрерменге “Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай” Алматы және Астана қалаларында кинотеатрлардан көрсетілмек. Ары қарай облыстық кинотеатрларға таратылып, прокаты шешілетін болады.

1937-1945 жылдар аралығында Қазақстанға 80 мың кәріс отбасы табан тіреген екен. Бүгінде кәріс қауымдастығы Қазақстандағы ең бақуатты, әлеуметтік жағдайы аса жоғары этностардың бірі. Қазір олардың саны 100 мыңнан асады.

“Мінбер” ақпарат.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі