/

Әниярдың үйі

2389 рет қаралды
2

Жолыңыз түсіп, Семейге бара   қалсаңыз, Абай ақын талай рет түскен Әнияр Молдабаевтың үйін көрмей кетпеңіз. Күрең қызыл түсті көне өрт сөндіру мұнарасы маңындағы ағайынды Мусиндер және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы ғимаратта қазір «Алаш арыстары –  Мұхтар Әуезов» мұражайы орналасқан.

 

Үйдің сыртқы көрінісі. Бұл араға Абайдың пәуескесі мен ат шанасы талай мәрте тоқтаған

 

Әнияр деген кім?

Әнияр Молдабаев 1856 жылы Тобықты ортасында, ағаш шеберінің шаңырағында туған. Әкесі Қожабай ағаш төсек, жүкаяқ сияқты жиһаздар жасап, бетін сүйектен ойып әшекейлейтін шебер болыпты. Өнерлі ұстаны Абай өз ауылына көшіріп алады. Алайда, көп ұзамай Қожабай қайтыс болып, артында үш баласы қалады. Әнияр ол кезде 8 жаста екен.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Абай осы бөлмеде тұрған

19-ғасырдың ортасында патша үкіметі әр болыстан екі баланы орысша оқытуға нұсқау береді. Би, болыстардың көпшілігі «баламыз шоқынып кетеді» деп, мұндай нұсқауды өтеу үшін жоқ-жітіктердің зерек балаларын қосып жіберіп отырған. Абайдың кеңес беруімен Қожабайдың інісі Молдабай Әниярды өз атына жаздырып, Семейдегі интернатқа береді. Бес кластық білім алған соң зейінді бозбала Ташкентте қаржы училищесінде оқып, өзбек қызына үйленіп, Әндіжанда қызмет істеп, тұрып қалады. 1890 жылы артынан іздеуші барып, Семейге көшіріп әкеледі. Дәл сол жылы оның Сапарғали есімді ұлы дүниеге келген.

Мақаладағы деректердің көбі осы Сапарғали Молдабаевтың 1964 жылы өз қолымен жазып, мұражайға тапсырған 5 беттік естелігінен алынып отыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сапарғали Молдабаевтың естелігі

Семейде Әнияр Мемлекеттік банкте тілмаш болып қызмет атқарып, бала-шағасымен бір татардың үйін жалдап тұрып жатады. Шәкіртінің 37 жасқа келсе де бөтен босағада жүрген жағдайын естіген Абай дереу оған үй әперуді қамдайды. Банкке жақын маңнан үй табуды тапсырады. Дәл осы кезде ноғай саудагері Ахметжан Ғаббасов Москвин деген көпеске қарыз боп қалып, үйін сатуға мәжбүр болып жүр екен, орталықтағы екі қабатты үйге 500 рубль сұрайды. Бұл – 200 қойдың құнымен тең.

Әнияр Молдабаев ұлымен

Осы хабар құлағына тиісімен Абай ақын Кәкітайға «Қағаз-қарындаш ал! Мағауия 5 бестік, Кәкітай 3 бестік, Ғабдолла 5 бестік, өзім 7 бестік, тағы басқа ағайындар да шама-шарқы келгенше шығарады» деп жаздырып, бұл малды 3 күн ішінде жинап, Семейге айдатып апарып сатуды, ақшасын Әниярға беруді Кәкітайға жүктейді. Сөйтіп, Абайдың қамқорлығы арқасында Әнияр әсем үйдің қожайыны болып шыға келеді. Бұл оқиғаны Сапарғалиға әкесі Әнияр, атасы Арқат талай мәрте жыр қып айтып берген екен.

Көпес үйінің салтанаты

Үйдің қашан салынғаны белгісіз, Әниярдың қолына 1893 жылы өткен. Мұражай қызметкерлері «ғимарат 19-ғасырдың ортасында, тіпті басында салынған болуы мүмкін» деп топшылайды. Соның өзінде ғимараттың сыны кетпеген, салтанаты мен сәулеті қазіргі талай үйге бергісіз. Кірген адамды 19-ғасыр буржуазиясының сүйкімді салты баурап алады.

Бірінші қабат

Әнияр алған кезде үйдің астыңғы қабатында – екі, үстіңгі қабатында екі бөлме болған. Ол оны кеңейтеді. Сөйтіп, қазір жоғарыда – 5, төменде – кіре беріс, шоланды қосқанда, 6-7 бөлме бар. Ғимараттың бірінші қабаты қызыл кірпіштен соғылған, екінші қабаты ағаштан қиылған. Екі ғасырдың куәсі болған үй бір метрдей отырып, терезенің төменгі жағы жерге жақындап қалыпты. Абай заманында үйдің қапталындағы сыртқы есіктен кіріп, екінші қабатқа іштегі баспалдақ арқылы көтерілуге болатын.

Бертінде көше жақтан тағы бір есік шығарылып, екінші қабатқа тіке баспалдақ жасалды. Үй отырып кеткендіктен, бұл баспалдақ әу бастан солай жасалғандай жарасымды болып тұр. Іргетасы толығымен, терезенің төменгі кенересіне дейінгі 1 метрдей қабырға жерге сіңіп, бастапқы кейпінен аласарғанның өзінде, үйдің еңсесі түспеген, жарасымды сәнін сақтап тұр. Сөйтіп, қазір үйге екі есіктен кіруге болады. Алаш арыстары мен Мұхтар Әуезовке арналған мұражай екінші қабатта орналасқан. Ал бірінші қабатқа жөндеу керек. Терезенің жақтауынан үй қабырғасының қалыңдығы 0,8-1 метрдей екенін көруге болады. Бұл – аязы қатты Сарыарқаға ғана тән стиль. Үйді жылы сақтау үшін екі қабатқа тігінен тұтас пеш салынып, от төменнен жағылған. Қазір жылу орталықтан құбыр арқылы келсе де, маздаған пештің жылуындай әсер қалдырады.

1969 жылы осы әсем үй қиратылатын нысаналар тізіміне еніп, бұзылып кете жаздады. Абайтанушы Төкен Ибрагимов облыстық атқару комитеті төрағасы Екейбай Қашағановтың қабылдауына кіріп, үйді аман алып қалды.

Оның өтінішіне Қашағанов мырза «Остановить, восстановить!» деген бұрыштама соғып берген. Сөйтіп, ғимарат қиратылатын үйлер тізімінен мемлекет қорғауындағы ескерткіштер тізіміне енеді. 1987 жылы ескі үйдің екі бөлмесінің төбесі түсіп кеткен. Оны қалпына келтіру кезінде сол заманның төбені оюлап әсемдеу стилі сақталған. Зер салып қарамасаңыз, төбенің жөнделгенін байқамай да қаласыз. Ат қораның орнына гараж салынған. Қалпына келтірілген құдықтан жаздыгүні қауғамен су алып ішуге болады. Жанында әңгіме-дүкен құратын қалқа да бар. Абай мұражайы болып тұрған кездегі суреттерде үйдің бірінші қабаты сылақ үстінен әктелгені көрінеді. Кейіннен оның сырты қызыл кірпішпен қапталды. 20-ғасырдың басында түсірілген суреттерде үй сыртында қоршау болмаған. Өрнекті темір қоршау кейін жасалған. Ал 2006-жылы суретші Бекмағанбет Қазанғаповтың эскизі бойынша тұтас темір қоршаудың орнына арасына қызыл кірпішті қысқа бағаналар қаланып, жеңіл өрнекті темір қоршау жасалған. Терезе сыртындағы ағаш өрнек үлгісі осы үйдің қасындағы көне үйден алынған. Бір ғана үлгі терезе жақтауына көлденең және тігінен екі түрлі әшекей болып қиюластырылыпты. Ал осыдан қалған ойынды гараж қақпасын сәндеуге жарады. Әжелеріміздің тұтас ойылған оюдың өзінен – бір, одан қалған ойындыдан тағы бір құрақ көрпе шығаратыны есіңізде болар.

Әниярдың үйі 1944-67 жылдары Абай мұражайы болды, одан 1988 жылға дейін балалар кітапханасы болып, 1990 жылы Абай мұражайына қайта берілген. 1997 жылы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай, «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» атты жаңа мұражай экспозициясы ашылды. Қазір ғимарат Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына қарайды.

Абай ұрпақтарының бәрінің табаны тиген

Абай Семейге келгенде саудагер Бекбай Бәйісовтің үйіне және осы үйге түсетін болған. Өкінішке қарай, Бәйісовтің үйі бұзылып кеткен. Орта дәулетті Бекбай Бәйісов танымал пианиношы Жәния Әубәкірованың атасы болып келеді екен.

 

Әниярдың үйіндегі жазу үстелі, кітап шкафы мен айна Абайдың қорық-мұражайында тұр

Әнияр төргі бөлмені Абай келгенде тұруға арнап, сайлап қойған. Ондағы жазу үстелі, айна, кітап шкафы қазір қорық-мұражайда сақтаулы. Сапарғали Молдабаев 8 жасар кезінде ақынды көрген сәтін естелігінде: «Кілем, сырмақ, көрпе салғызып, қолтығына 2-3 жастықты қыстырып, жантайып кітап оқып жатушы еді, дөңгелек үстел үсті – толы кітап. Бөлмеге ойнап кіре қалсам, «Ей, қара бушың бала, бері кел!» деп жанына отырғызатын. Дөңгелек бет, толық, қара торы адам еді» деп жазыпты.

Сапарғали Қабида есімді қызға үйленеді. Ол – Абайдың інісі Ысқақтың Кәкітайының қызы. Естелігінде «Әнияр әкем Қабиданы алып берді» деп жазған. Үй үкіметке өткен кезде Сапарғали Молдабаев Жаңа Семейдегі Перикатская көшесінде тұрған. Кейін Алматыға қоныс аударып, 1974 жылы көз жұмған.

Абайдың алғашқы кітабы Әлихан Бөкейхановтың атсалысуымен 1909 жылы ғана басылып шықты. Бөкейханов Санкт-Петербургтегі қырым татары Ілияс Бороганскийдің баспасымен келісіп, Кәкітайға ақынның өлеңдер жинағын Петербургке жеткізуді тапсырады. Кітаптың алғашқы гранкасы почта арқылы осы Әнияр Молдабаевтың үйіне келген. Абай балалары оны түзетіп, қайта салған. Дайын жинақ та осы адреске келген.

80 күндегі үш қаза

Абайдың 1904 жылы сүйікті ұлы Мағауияның қазасына 40 күн толған күннің ертеңіне көз жұмғаны белгілі. Ақынның өзінің қырқы болғанда осы Әниярдың үйінде құран-қатым түсіріледі. «Абай» энциклопедиясында «балалары елден дайындалып келіп, қаладағы туған-туыс, таныстарын шақырып, Бекбай Бәйісовтің үйінде құран-қатым түсірген» деп жазылған. Төкен ағаның айтуынша, құран-қатым Әниярдың үйінде болған. Кешкісін Ақылбай, Тұрағұлдар Бекбай Бәйісовтің үйіне моншаға түсіп, сонда қонып қалады. Сол түні Ақылбай ұйықтап жатып, тұншықты ма, бастығырылды ма, қыр-қыр етіп, қырылдып, о дүниеге жүріп кеткен. Абай ұрпақтарының кеңес үкіметінен көрген қуғын-сүргінін ескерсек, бұл да бір хикмет болды ма екен?

Қабырғаға жасырылған 327 кітап

1950-жылдары Кеңес Одағында кезекті қуғын-сүргін басталды. Сол кезде Ахмет Риза медресесінің шатырынан 327 кітап табылады. Бұл – араб, парсы тілінде жазылған діни кітаптар, шығыс ақындары мен ғұламаларының еңбектері еді. Араб графикасымен жазылған кітаптарды дереу жоюға бұйрық келеді. Абырой болғанда, КГБ қызметкерлері оны өздері өртемей, ғалымдарға тапсырады. Абайтанушы Қайым Мұқаметқанов, Әрхам Ысқақов, Сәуле Дөнентаевалар бастарын қатерге тігіп, кітаптарды Әниярдың үйінің қабырғасына жасырып, бетін кірпішпен қалап тастаған. Олардың ең көнесі – 1034 жылы Каирде басылыпты. Дін-аман сақталған кітаптар қазір қорық-мұражай аумағына көшірілген медресенің көрме залында тұр. Қамали хазірет медресенің тарихы да өте қызықты. Мұнда Абай оқыған, жанында мешіт болған. Мешіт 1947 жылы өртеніп кеткен. 5-6 бөлмелік медресе ғимараты 4 отбасына пәтер ретінде берілген. Үйді босату қиын екенін түсінген Төкен Ибрагимов оның сыртқы есігін ат-түйедей қалап, сұратып алып, сақтап қояды. Медресе қиратылатын нысандар тізіміне еніп, сақтап қалу мүмкін болмаған кезде 1991 жылы ағаш ғимарат дәл сол үлгісімен қорық-мұражай аумағына көшірілген. Сол заманның сәулет стилі дәл сақталған, көне суреттер негізінде мұнаралы мешіт жаңадан салынды. Мұндағы ең құнды түпнұсқа дүние – сыртқы есік. Оның бетінен арабша жазуларды көруге болады. «Қазіргі балалар парта шимайласа, Абай заманының шәкірттері есімдерін осы есікке жазған» дейді Төкен аға.

Абай сондай-ақ Ахмет Риза медресесінде 3 жыл оқып, түрік, араб, парсы тілдерін үйренген. Онда шәкірттер діни дәріспен қатар шығыс әдебиеті, тарих, география, арифметика пәндерін де оқыған. Ахмет Риза медресесі сол кезеңдегі басқа діни оқу орындарынан әжептәуір озық саналыпты.

Семейдің оң жағалауындағы ескі қалада екі ғимараттың бірінің ғасырлық тарихы болғандықтан ба, қызыл кірпішті көркем ғимараттарға көздері үйреніп кеткендіктен бе, семейліктер бұл әсем үйге көп мән бере қоймайтын сияқты. Мұражайға кіру ақысы тегін, есігі ашық болғанмен, келушілер некен-саяқ.

  Анар Қуанышбекова, “Өмір-ай” газетінен.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Тамаша мәліметтер екен! Осындай жәдігерлерді аман сақтап қалғандарға Аллаһ разы болсын! Анар, сізге де осындай мәліметтермен бөліскеніңізге көп рахмет! Өте түсінікті жазылған екен. Бір деммен оқып шықтым! Осындай мақалалар көп болса ғой.

  2. Жақсы мақала. Келісемін, деректері дәйектері де мол.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері