Жаңа медиа ғаламды өзгертуде

871 рет қаралды
2

Дейл Пескин және Эндрю Начисон

Заманауи коммуникациялардың мәселелері жөніндегі мамандар дәстүрлі ақпарат құралдары мен азаматтар арасындағы қарым-қатынас өзгере бастады деп санайды. Нәтижесінде олар «Біз – БАҚ» деп аталған жаңа құбылыс пайда болды дейді. Журналистикадағы осындай трансформациялар географиялық тұрғыдан бір-біріне алшақ болғанымен технологиялық тұрғыдан біте қайнасқан Интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы жаңалық пен мәліметтеді жариялауға, сараптауға және таратуға мүмкіндік береді.

Фотомонтаж: Тұтас ұрпақ пен мәдениетті қамтитын үдерістер аясында ақпараттық технологиялар адамдарға жаңаша қарым-қатынас жасауға септеседі. «Біз – БАҚ» құбылысының нәтижесінде пайда болған революциялық өзгерістердің куәгерлері суреттер мен видеоны түсіріп тарату үшін қалтафонды қолданады, қажетті мәліметті алу үшін іздеу тораптарының көмегіне жүгінеді, өзге ойыншылармен желі арқылы байланысып, шытырман ойындар ойнайды; ғаламдық көрермені бар «Al Jazeera» секілді спутниктік арналарды тамашалайды. Балабақша мен университет аралығындағы жаңа технологиялар болашақта қажет болатын біліктілікті игерудің, шексіз мәліметтер тасқынының арнасы – білімнің өзегін құрайтын бастауға айналмақ. (Барлық суреттер AP/WWP)

Дейл Пескин мен Эндрю Начисон Рестондағы (Вирджиния штаты) Американың баспасөз институты жанындағы Медиа орталықтың директорлары. Орталық сауатты қоғамды қалыптастыруды алдарына мақсат етіп қойған ақпараттық-сараптамалық коммерциялық емес ұйым деп саналады.

Ақпараттық технологиядағы инновациялар әлемді демократиялық БАҚ дәуіріне көшіріп әкелді. Әрбір адам жаңалықтар мен мәліметке қол жеткізіп әлдебір журналистік жобаның құрушысы немесе оған қатысушысы бола алады. Нәтижесінде жаңалықтар соңы немен тынары белгісіз дәстүрлі емес тәсілдермен таралуда.

Сандық БАҚ біздің біліміміз бен оны алу жолымызға қалай әсер етуде? Кез-келген адам мұрағат, журналист немесе баспагер бола алатын болса, авторлар мен тарихшылар бұған қалай қарайды? Ғаламдық қоғам үшін мұның салдары қандай болмақ?

Осыдан төрт жыл бұрын (,яғни 2002 жылы) қоғамға ықпалы орасан болатын мәліметтер мен жаңалықтар жасауға азаматтардың өздері тікелей қатысатын әрі оның мазмұны күллі ғалам үшін ашық әрі қолжетімді болатын жағдай қалыптасып келе жатқанда құбылысты сипаттауға әрі жоғарыдағы сауалдардың жауабын түсіндіру үшін Медиа орталық «Біз – БАҚ» деген ұғымды таныстырған еді.

Сондай құбылыстың бірі – Google іздеу торабы. Оның мақсаты әлемдік ақпаратты жүйелеу, яғни адамдарға өздері өмір сүріп жатқан әлемді ретке келтіруге көмектесу. Адамдарда өз қажеттіліктерін өтейтін мәліметті іздейтін, табатын мүмкіндіктері бар. Билік немесе ақпарат таратуды өздеріне меншіктеп алған үстемділер енді адамдардың қандай мәлімет тұтынып, жаңалық тыңдайтынын басқара алмайды.

Тағы бір құбылыс – блогтар деп аталады. Бұл виртуалды күнделіктер ойларды жарыққа шығарып, әлемдегі адамдарды жақындастырады. Global Voices [http://globalvoicesonline.org] тәрізді сайттар өзіндік болмысын сақтай отыра бірінші жақтан баяндалған қарапайым азаматтардың ойларын жинастырады. Оның күші аса қуатты болғаны сонша блогосферадағы журналдардың тек төрттен бірін, яғни 25 млн. қадағалап отыратын Technorati [http://www.technorati.com] тәрізді сайттар пайда болды.

Үшінші құбылысқа халықаралық спутниктік телеарналардың дамуын жатқызамыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының демократиялануы мәдени сананың барлық түріне есігін айқара ашты. Бағасы онша қымбат емес сандық технологи мен спутниктік көрсетілім арқылы 70-тен аса халықаралық арналар шекараларды кесіп өтіп әлемнің шет-шетіне жаңалықтар мен әр түрлі көзқарастағы адамдардың пікірлерін таратуда. Үкімет есебінен қаржыландырылатын BBC компаниясы 43 тілге аударылған, 100 млн адамды қамтитын жүздеген арнасы мен сайты бар жаңа үлгідегі Британия империясын құрды. Al Jazeera тұрақсыз да қауіпті араб әлеміне еркін ақпарат құралымен бірге жаңа ойды да ала келді. Өз ықпалын күшейту үшін, 2006 жылдан бері Al Jazeera тәулік бойы ағылшын тілінде де хабар таратуда.

«Біз – БАҚ» деген сөз тіркесі сонымен қатар ауыз екі тілдегі сөздің қуатын танытатын жеке ақпарат құралдарын пайдалануды да білдіреді. 2005 жылдың соңында 2 млрд адам, яғни Жер шарының үштен бірінде ұялы байланысты телефон болды. Жыл сайын шамамен әлемде 800 млн. жаңа ұялы байланыс телефондары сатылады. 2008 жылдан бастап, телефонға қондырылған сандық камера көмегімен 600 млн. адам оқиғаны суретке түсіре алады. Осы құрылғылардың көмегімен «ғаламдық контент ұрпағы» қалыптаспақ. Бұл болып жатқан оқиғаға қатысып, оны хабарлап, мазмұнын (сурет, видео немесе мәтін) таратып, жариялайтын керемет мүмкіндік береді. Ғаламдық желілер адамдарға өз ойларын, суреттерін кез келген жерде, кез келген уақытта бөлісуге, жариялауға жағдай жасады.

Сонымен «Біз – БАҚ» ұғымының ең басты ерекшелігі – қатысу. Әрбір адамның оқиғаға қатысы бар. Әрбір адам оқиғаның өрбуіне, бұқараға таралуына өз ықпалын тигізеді.

«Біз – БАҚ» мақала жариялаудың қалыпты қадамдарын түбегейлі өзгертті. «Біз – БАҚ» жаңалықтар индустриясындағы соңы құбылыс. Жарияланатын мақала тағдырына редакциялық нұсқаулар да, журналистік кестесі де әсер ете алмайды. Оның орнына олар бір сәтте таралған әңгіменің нәтижесіне айналып, әрі қарай дамиды немесе Интернеттегі әлеуметтік желіге сіңіп, жоғалып кетеді.

Мәлімет мен жаңалықты жинау, сараптау және таратумен айналысатын азамат пен азаматтар тобы редакциямен немесе онда қызмет ететін журналистермен бәсекелеседі. Қайткен күнде де екеуі де тәуелсіз, шынайы, нақты, әртүрлі және өзекті ақпаратты беру ниетін көздейді.

Фотомонтаж: Интернетті тұтынушылар ақпаратқа Yahoo, MSN және Google тәрізді алыптардың көмегімен қол жеткізсе де, бүгінгі қоғамдағы ақпарат құралдарының әртүрлі болуы әлдебір институттың жаңалықтар мен идеялар ағымын бақылап отыруына мұрсат бермейді.

Кезінде дәстүрлі журналистиканың босағасында тұрған «Біз – БАҚ» құбылысына қазір немқұрайды қарау қателік болар еді. Бұл үрдістің дамуына қазіргі таңда кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, сарапшылар, тәуелсіз журналистер, шолушылар, журналистика факультеттері мен жаңалықтар қызметтері де атсалысып отыр. Негізгі БАҚ-тың бәрінде жаңа жобалар қаулап келеді. Бірақ олардың барлығы бір қайнардан басталған. Оңтүстік Кореяның Oh My News сайты техникалық тұрғыдан алға озған елдің саясат алаңында жиі талқыланатын мәселені шешуге ықпал етті. Сайтқа он мыңдаған азаматтық журналистер тіркелді. Oh My News ашылған соң, үш жылдан кейін Кореядағы медиа алыптар билігі мен үкіметтің ауысуы да осы жобаның жемісі деп танылды.

Көнеден келе жатқан журналистика мамандығы қазіргі уақытта тарихта сирек кездесетін сәтті бастан өткеруде. Алғаш рет оның жаңалық таратудағы ғаламат күшіне өзі қызмет ететін оқырмандары мен жаңа технологиялар қарсы шықты.

Бұл үдерістер журналистикадағы негізгі құндылықтар айналасында үлкен пікірталастардың тууына себеп болды. Сөзсіз әлдебір күштерге тойтарыс беру арқылы журналистика өз рөлін жаңаша бағамдауда. Пікірталастардың негізгі мәселесі бақылау, сенім және өтімді тақырыпқа арналуда.

Кез-келген азамат тілші бола ала ма? Көптеген дәстүрлі журналистер өзін журналистке телитіндерді, әсіресе блогшыларды мойындамайды. Оларды тек өз жеке бастарын ойлайтын, факті тексеру, шынайы баяндау тәрізді журналистика қағидаларын сақтамайтын әуесқойлар деп санайды. Көптеген блогшылар болса, керісінше БАҚ-ты қоғамдағы сөз бостандығынан гөрі экономикалық тәуелсіздігі мен жеке мүддесін жоғары қоятын тәкаппар элиталық клуб деп санайды.

Дәстүрлі журналистер блогшыларда журналистік мамандық пен дайындық болмағанымен мақаланың редакциялық өңдеуін Интернеттің өзі жасайтынын түсіне бермейді. Бар айырмашылық редакция әлдебір оқиғаға қатысты көзқарасты көбінесе оқиғаға дейін емес, кейін айтады. «Біз- БАҚ» ақпараттық кеңістігінде азаматтар мәлімет баяндауда оны түзету мен тарату ісінде бір-біріне иек артады. Мақалалар уақыт пен тарату аймағы бойынша еш шектелмейді. Ол көптеген медиатрансформациялардан өтіп үнемі өзгеріп отырады. Материал әлдебіреуге емес, аудиторияның өзіне тиесілі болады.

Мұндай тәсіл ақпаратты сұрыптаудан бұрын оны жариялауға көп екпін түсіреді. Барлық талқылаулар көпшіліктің көз алдында жүргізіледі. Дәстүрлі БАҚ болса, керісінше мәліметті оқиғаға дейін іріктейді. Редакторлар мен тілшілер ынтымақтасып жұмыс істегенімен қоғам бақылап, оған әсер ете алмайды.

Өз бетінше қалыптасқан және дәстүрлі журналистика арасындағы айырмашылық олардың құрылымы мен жұмыстарынан көрінеді. Дәстүрлі БАҚ коммерциялық негізде құрылған иерархиялық ұйым ретінде қалыптасады. Олардың бизнес-жоспары жарнамадан түсетін қаржымен байланысты. Олар уақыт кестесін, қызықты тақырып пен адалдықты мықты ұстанады. Сұхбаттасуды, ынтымақтастық пен теңдікті ақшалай пайдадан жоғары қоятын желілік қауымдастықтар халықтық журналистиканы қалыптастырады. Оны жүргізіп отыру үшін әдепкі журналистік дайындығы бар адам қажет емес. Көптеген блогтар, форумдар мен виртуалды қауымдастықтар олардың көмегінсіз де сәтті жұмыс істеуде.

Кейбіреулер сандық БАҚ-тың мәліметті дәстүрлі жолмен тарату және тұтынуға енгізген өзгерістері келесі кезеңдегі коммуникациялық алыптарға жаңа іскерлік мүмкіндіктерге жол ашатын ақпараттық компаниялар арасындағы уақытша дүрлігістен де, экономикалық сілкіністен де ауқымды деп санайды. Осы сценари бойынша басты ақпаратты жеткізуші жергілікті газеттер, теледидар, радио мен баспа журналдардың орнын Google, MSN және Yahoo! тәрізді компаниялар басуда.

Дегенмен коммуникация салтанат құрған қоғам басымдыққа ие деген тұжырым ескіріп барады. Адамдар мәліметке қашан, қалай қол жеткізіп, кіммен бөліскісі келетінін өздері анықтайтын болады. Бұл орайда сандық БАҚ-тың қызметі билеп төстегісі келетін кез-келген институттың мүддесіне қайшы келеді. Бұған дейін біздің біліміміз бен алатын мәліметтеріміз өмір сүріп отырған мекенімізге байланысты еді. Бір-бірімен етене байланысқан интернет көшпенділер қазіргі қоғамда әлеуметтік қоржынын күллі ғаламды шырмап алған электронды пошта көмегімен-ақ толтыра алады.

«Біз – БАҚ» дегеніміз – жаңалықтар мен ақпараттарға иелік етіп отырған институттарды шаң қаптыратын үлкен күш. Ол ақпараттың ішінен адамның өзіндік үнінің естілгенін қалайды.

“Media Emerging” журналын қазақшаға аударған Асхат Еркімбай

Барлық авторлық құқықтар қорғалған. Автордың рұқсатынсыз көшіріп, жариялауға болмайды (с)

Мақалада келтірілген пікірлер АҚШ үкіметінің саясатын немесе көзқарасын білдірмейді.

________

АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің халықаралық ақпараттық бағдарламалар бюросы «АҚШ э-журналы» белгісінің аясында төмендегідей бес журнал шығарады: «Экономикалық басымдықтар», «Ғаламдық мәселелер», «Демократия мәселелері», «Сыртқы саясат» және «Қоғам мен құндылықтар».

Жаңа журнал ай сайын ағылшын тілінде жарық көріп, бірнеше аптадан соң испан, португал, орыс және француз тілдеріндегі аудармалары жарияланады. Кейбір сандары сонымен қатар араб және қытай тілдерінде де басылып шығады. Әр журналдың шығу жөніндегі есептік мәліметтері бар. Томы, яғни баспа шыққаннан бергі реттік томы мен кезекті нөмірі және ағымдағы жылға сәйкес нөмірі.

Журналда айтылған пікірлер АҚШ үкіметінің көзқарасын білдірмейді. АҚШ мемлекеттік департаменті журналда көрсетілген сайттардың мазмұнына жауап бермейді. Ол ресурстардың бар-жоқтығына оны шығарушылар жауапты. Журналдағы мақалалар, суреттер мен кесіндерді егер мақалаға қатысты авторлық құқыққа қатысты арнайы шектеу немесе нұсқау болмаса, Америка Құрама Штаттарынан тыс жерлерде жариялауға және аударуға болады. Өйтпеген жағдайда журналда аты аталған автордан рұқсат алу керек.

Журналдың ағымдағы немесе өткен сандарын және алда жарық көретін сандарының электронды нұсқаларын Халықаралық ақпараттық бағдарламалар бюросының сайтынан «http://usinfo.state.gov/journals.htm» табуға болады. Ұсыныстар мен ескертпелерді өз еліңіздегі АҚШ елшілігіне немесе төмендегі поштаға жолдаңыз:

Editor, eJournal USA

IIP/T/GIC

U.S.Department of State

301 4th Street SW

Washington, DC 20547

United States of America

Электронды адрес: ejglobal@state.gov

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Бұл дүниенің тамыры жоқ тексіз екенін білем, бірақ, күніміз осыған қарап қалды ғой, амал жоқ, бейімделіп, осы арнада өз қазақы әлемімізді қалыптастырып, идеологиямызды жүргізуіміз керек енді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі