//

«Өтті күндер, от күндер, боран күндер…»

1825 рет қаралды
8

Құсни хат

Айтыс өнерінде алдаспандай жарқылдап, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған шынайы талант, жыр жампозы – Оразалы Досбосынов еді. Әр айтыс сайын тыңнан түрен салғандай айшықты ой, соны ұйқас, көркем образ, қазақы теңеулерімен дараланып тұратын Оразалы өнеріне алты алаш сүйсініп, ризашылықпен қол соғатын.
Күре жолдың бойында күлігі құлаған Оразалының мәңгілікке сапар шеккеніне де биылғы жылдың 30-қазанында жеті жыл болады екен. Амал қанша, айтыс сахнасындағы «Құлмамбеттің құлынының» орны ойсырап-ақ тұр… Дүйім жұртты суырыпсалмалық өнерімен тәнті еткен Оразалының соңында жазба өлеңдері де қалған болатын. Ақын өлеңдерінің бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Серік Қалиев, айтыскер ақын.

Ақындарға

Ақындар – тірі аруақтар.
Шынайы бол,
Шыңына шынар қаптар.
Тентектер-ай, тел өскен сыңар лақтар,
Күллі әлемнің алдында күнәңді ақтар.
Болмаса Құдайдың құлы, Құнанбайдың ұлы,
Абай тағылым іздеген Құранды ақтар.
Ақындар-ай!
Сайтанмен де, сайқалмен де кеңескен,
Қайтар белде шайтанмен де егескен.
Неге жерік болмады екен жел өкпең?!
Ессіз ғалам еңбегіңді еш, тұзыңды да сор еткен,
Ел мен жердің масылы емес, асылдары емес пе ең,
Құрдымнан су таситұғын түбі тесік шелекпен.
Олай болса,
Қаламыңнан қан шыққанша,
Қағаз қанға малтыққанша,
Қара өлеңмен қоректен.
Егер олай болмаса,
Жақсы иттен ал үлгіні,
Өзге түгілі өз еліңе көрінбесін өлексең!

* * *

Елге кетем жетті енді, елге кетем,
Есек құрлы жоқпын ба, еңбек етем.
Желігімді жерлеймін де желден ескен,
Ендігі қобыз қылын елмен есем.
Екіге орап белбеуді белге бекем,
Семсер ұстап қайтпекпін сермемесем?!
Семсер өрлік, сертті ерлік, өртім де бар,
Сегіз қырдың біреуі кем демесең.
Сегіз қырым жоқ бірақ сенімдімін,
Бос өкпелік жоқ менде өгіз мұрын.
Үзбес үшін кей-кейде көңіл жібін,
Көк итіне таланам көп игінің.
Сұлтан көп қой, май мұрын, қозы қарын,
Қомдап жүрген боқтағы қоңыз арын.
Білгісі келмейтіндер сезеді анық,
Өрмекшінің өткелде торы барын.
Бақа-шаян ұрпақтың соры қалың,
Елге кетем жетті енді, елге кетем,
Ел жекімес… жерісе жерге кетем.
Себебі, атам – Адам, анам – Хауа,
Осы біз таптап жүрген жерден екен.
Өз үстінде асқынтқан ауруымды,
Болмас енді астында емдемесем.
Жер де мекен пендеге, көр де мекен.
Сондықтан да мен кетсем көрге кетем, –
Деп жүрмеңдер ақыры өлген екен…

Қыз-ғұмыр

О, қыз-ғұмыр, қыз-ғұмыр,
Күндізгі нұр, түнгі жыр.
Түн күзетіп, күн қорып,
Алған атақ жын-жыбыр,
Қарық қылдың кімді бір…

Сыңғыр-сыңғыр күлкіңмен,
Күлдір-күлдір кісінетіп.
Шынжыр-шынжыр итіңмен,
Отырдың талай үй күзетіп.

Ағаш есігің сықыр етіп,
Үмітті бір сәт үкілетіп.
Ару боп көзге елестеп,
Апаң шығушы еді тісі кетік.

Бұлбұлдай көзден ұшып өтіп,
Енбейсің де енді түсіме түк.
Қыз-ғұмыр қызық, дәурен-ай,
Арғы жағын өзің ішіңе бүк!

* * *

Жаратқан бізге жатса да гүл өмір беріп,
Күйкі тірлікке күйініп кіреміз келіп.
Жүгенсіздіктен жүрсе де жүрегің жеріп,
Қансыз бен қамсыз қараңнан жігер іздедік.
Ойланбай ойнап, от басып жығылып жатып,
Ойы озықтарға сүрінсе күлеміз келіп.
Бұралқы иттей боп қыңсылы ырылын басып,
Ығай мен сығай жұртынан сүйек іздедік.
Көңілің – күмбез, өмірің – ақымға айналып,
Ез болып кетіп жатамыз еркелей білмей,
Берекесіз бөзге, безді көз басың байланып…
Ақымақтықпен аспандағы айды аламын деп,
Қарусыздар жүр нанымсыз батырға айналып.
Алдын ала алмай асқынған іріңді індеттің,
Қайғының қара қатыны шашын жайды анық.
Қаннен-қаперсіз жүргенде ат арбаң сынып,
Жабы боп кетіп жатамыз атаннан туып.
Алла мен анаң адам деп тапқан соң аман,
Хайуан болып кетпейік қатардан шығып.
Мен қазақтың ұлымын
Қарғадай боп қаз болам деп құнданған,
Қалай-қалай қайқаңдайсың сұм жалған.
Қаралының хабаршысы сияқты,
Сұрқың қандай сұрықсыз ед сұрланған.
Мен қасоқтың ұланымын!
Жүректе бар нұрлы арман.
Кешегі өткен қаһарман ел Ғұндардан,
Жанарымда қып-қызыл от, құлағымда шу қалған.
Қамбадағы қызыл бидай секілді,
Жетпіс жылда кеуіп барып бүр жарғам.
Найзаға да түйреліп,
Қылышты да қапқанмын,
Мен өйткені сарбазымын Сақтардың.
Қағанмын мен қанмен жуған көйлегін,
Түңлігінен ту көтергем аспанның.
Анасынан ақ сүт емгем ақ таңның,
Атасымын топтар менен таптардың.
Қағазға емес, ә дегенде қашалып,
Тасқа жазған дастанмын.
Енді ақсасам жомарттықтан ақсармын,
Жауыздықтан соны бөліп ап қалдым.
Ары болса аяғына жармаспас,
Тісі сынғыр тілі шынжыр қақпанның.
Керегі жоқ деп тектіге ақсаудың,
Маңдайына таға қақтым қақпамның.
Мен қасоқтың ұланымын,
Керегі жоқ басқаңның!..

* * *

Қанды ауыз тағдыр қалайсың,
Он екі мүшең аман ба?
Қорқыт боп келсем өмірге,
Қарсы тұрмас ем ажалға.
Әзірейіл тұрар тегінде,
Алынбай ешбір амалға.
Аш күзендей иіліп,
Аллаға адал сиынып,
Маңдайың жерге тигенше,
Шынтағың ақты сүйгенше,
Тұрағы жоқ тұл тағдыр,
Одан да жығыл намазға.
Мұқтаж боп өткен Мұхтар да,
Абайдың жырын оқыған,
Он сегіз мың ғаламға.
Мәйітке біржола айналып,
Көрдің есігін қағарда,
Бір шумақ өлең оқышы.
Қабірімді менің қазарда,
Қаламымды орап бірге көм,
Бір жапырақ қағазға.
Ақымға мені саларда,
Дәл солай істе болмаса.
Кебенегімді жамылып,
Асан боп арман айтармын,
Аңызды ажал далаңда.
Түркілер де білген ақырын,
Тағдырын тасқа жазарда.

* * *

Қара ағашқа болсам жапырақ,
Жетпес пе менің парқыма.
Күз түгіл қыста қалтырақ,
Қыстырмайтұғын артына,
Келмейді-ау соның қисыны!
Санаулы ғұмыр берілген,
Маған да, саған, оған да.
Көп жақын көрің төріңнен,
Тар қолтық тақыр қоғамда,
Жамалмақ кімнің жыртығы?!
Даң-дұң боп босқа даурығып,
Жапалақ басты жарға ұрып.
Аққудан кетіп арлылық,
Қараңғы көңіл қаз қуып,
Тараққа таздар таласып,
Тесікке жыртық паң күліп,
Жатса егер жатқа күлкілі.

* * *

Ақ арым, қаламым, парағым,
Ақ арым, тағдыр – таразым.
Қажырым – қанат қаламым,
Ақ сүтпен бетін бояған,
Парағым, сендегі ақтық нала-мұң!
Емшектеріндей тағаның,
Қажалып тасқа барамын.
Сағым боп күткен самалым,
Келмейді артқа қарағым.
Жиыла берсе енді есім,
Есіріп айтам елге сын.
Қалықтағансып ұшсақ та,
Білген соң ештеңе өнбесін,
Қарқылдап қамсыз қарғадай,
Ақтарам сонсоң көң бетін.
Пендешіліктің басып пернесін,
Жақындап келем көрге шын,
Өнерім шығар өлгесін.

* * *

Өтті күндер, от күндер, боран күндер,
Өзгеше белгі соқты оған кімдер?!
Өзі өтетін уақытты өткіздім деп,
Босқа өткен күнін адам демалдым дер.
Тіл сүйреңдеп, құлақтар өсек естіп,
Күрсіндіріп келте күн өте ме өстіп.
Текетірес, күншілдік, қырсыздықты,
Уақыт туа берер тетелес қып.
Уақытпен жарысып адамдар да,
Өтіп кетіп жатыр ғой, амал бар ма?!
Тез өтетін адамдай тауар бар ма,
Су тегін адам құны ажал байға!
Тізілген тіршіліксіз базарларда,
Қуыршақ сатып әпер, балаңды алда!
Өз бағасын тірі адам бағамдар ма?
Себебі, жаралғанбыз алаңдауға.
У мен сүтті жатқызып ағарғанға,
Өте берер жақсы да, жамандар да.
…о баста қуыршаққа алданғансың,
Енді онымен өзіңнің балаңды алда!
Алдамшы өмір, алдаушы қоғам барда,
Мұнан басқа, ау, қасқа, шараң бар ма?!

2000. Жаңа жыл

* * *

Қараймын қайран қалып қаңтарға бұл,
Қарайып жеті қат жер аң-таң жатыр.
Ұлыған жел, қарсыз жер, қара жаңбыр,
Жаңа жылды өзгеше қарсы ап жатыр.
О, тоба, деді бір шал ақырзаман,
Үрейді үрлеп қоздырып ашу надан.
Үрейленіп тұрса да кемпір байғұс,
Жақсы сөз айт: «Алжыған бақылдаған,
Құдайға шүкір, аман ғой қатын-балаң.
Заман тыныш, ел бейбіт, жатыр далаң.
Ауыздан ас, аудан ат қашырмаған,
Ел қазір берекелі қатық заман.
Немерең де өсіп келед жақсы айт шал-ау,
Жақсы сөз жарым ырыс шашылмаған!» –
Деп жұбатып қояды ақылды адам,
Осыдан соң деп көрші қатын жаман.
Керістіріп, кемпір-шалды ұрыстырып,
Жер жатты бет-бедерін тырыстырып.
Сыздаған жел буынын сықырлатты,
Кәрі ағаштың желкесін құрыстырып.
Тәнін тазартты ма екен бір ғасырдың,
Тәулік бойы ақ жаңбыр құйып-құйып.
Құдай өзі өткізіп алды сірә,
Мың жылдың берген уақытын жуып тұрып.
Жетті енді тәулік бойы сорғаладың,
Кірін бір түн жудың деп зор даланың.
Жылт етіп күн жоқ қылды қара бұлтты,
Шығыстан бір көтеріп қол жалауын.
Құдайдың бір көрсетіп қолда барын,
Айналдырып тіршілік доңғалағын.
Аспан сонсоң ашты да оң қабағын,
Әр жерден бір бұлтиып ақ бұлт шықты,
Секілді буып қойған дорбадағы ұн.
Сөйтіп бір орнатты аспан тынышшылық,
Бүйрек бұлттар әр жерде бүлік-бүлік.
Бөлек-бөлек бұлттарға сырғи басып,
Күн жерді жас келіндей кіріп-шығып.
Кіріп-шығып жүрді де біріктіріп,
Аспанға кіл ақ бұлттан тұлып тігіп.
Дәнекерсіз бастары бірікпейтін,
Адамда да бар осы қызықшылық.
Дегендей күн өткізді бір сабақты,
Мына күйкі тірлікке күліп тұрып.
Сосын барып қар жауды жапалақтап,
Жаңаша басталды өстіп бұл жаңа жыл,
Жаңа бастау жаңа жол жанға жақпақ.
О, Құдірет деп қарап аулаға аппақ,
Таза қарда табаны тайғанақтап.
Сыпыртқы, күрек алды жаңағы шал,
Ауласын тазартпақ боп қалбалақтап.
Қарды өзі қарғанып сұрап алып,
Енді аулаққа күреп жүр қаңғалақтап.
Пендешілік!..

* * *

Малын тапқан маңдай ақы терменен,
Ақиқаттың ас-суына шөлдеген.
Жанын берген, арын бірақ бермеген,
Қасқыр текті қазақпын ғой мен деген.
Қаптаса да қасірет, нала, шер-шемен,
Жеті атамнан бері қарай жеңбеген.
Бөріні емген бөлтірік ем кешегі,
Қу жарасын тілмен жалап емдеген.
Көрмейінше зұлымдықты көзбенен,
Өлсе-дағы өсек сөзге ермеген.
Айтқанынан қайтпайтұғын қалың ел,
Қойнындағы қатынға да сенбеген.
Арға түскен ақаулыққа төзбеген,
Алтыныңды адастырмас жезбенен.
Қайқы қылыш, қанды қанжар асынып,
Тек шындықтың нысанасын көздеген.
Ауызында Алла ажырамаса болғаны,
Сырдың суы сирағынан келмеген,
Түздің еркін тағысымын мен деген.

—————————————————-

“Қазақ әдебиеті” газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

8 Comments

  1. Орзалының әні қандай еді, сөзі қандай еді. Сұм жалған, “өңшең бір жақсы жайсаңды, талғамастан жалмаған”

  2. арысым жатқан жеріңізді жәннәттан қылғай жаратқан, аспаннан алты қулаш жыртып алып рухын көк тәңірдің ту қылған елің сені умытпайды .

  3. Серік саған да рахмет, Оразәлі тағдырын тасқа жазған ақын ғой

  4. Орақ тілді,Оразәлі бауырым! Жаткан жерің жайлы болсын! Айтысты, сенің айтысын үшін уақыт тауып көретін едік,отбасымыз бен,сен кеткелі айтыстың да мәні кетті.Сені жеңдім деп жүрген жандар (Ринат) мазак болып,әр жерде жүр,ешкім оны елемейді де.Ал,сен сені жақсы көрген көрермендеріңнің жүрегінде мәңгіге қалдың!Жатқан жерің жайлы,топрыағың торқалы болсын,жерлесім!Айтысыңды,мейірімді жүзіңді сағындық, амал бар ма……..бұл тағдырдың ісіне.

    • Қарақат саган айтарым, Ринат ешқашан Оразды жеңдім деп мақтанған емес. Ринаттың интервьюлерін окып, немесе корген болсаң ол Оразды агам, устазым деп қатты сыйлаган. Бундай бос создін керегіне????

  5. Маша аллах керемет айтыскер еді ғой Оразалы, бірақ бауырлар ол пенде ғой неге оны жеңілмейді дейсіңдер.Жеңілмесе ақын ақын бола ма? оның Бекарыстан жеңілгенін білесіңдер ғой тек фонаттық көзқараста болмасаңдар.Сосын тағы бір жайт егер соншалықты жақсы көрсеңдер марқұмды онда пайдасы жоқ құр мақтауды қойып,Алладан ол үшін кешірім сұраңдар.Себебі ол кісі үнемі әруақ деп ұрандайтын, ал бұл ширк күнәсы бауырлар.Шынымен жандарың ашыса қолдарыңнан келетіні ол дұға етіп, Алладан ол үшін кешірім сұрау…

  6. ассалаумағалейкум жазар алдында ойланып жазыңдаршы Нурбол өз күнәңді жеңілдет Ораз әр сөзін біссімілләмен бастайтын сосын оқыдыңдарма алған лаззатыңды іштеріңе сақтап үйреніңдер

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

“Ақ кеме” – Ғ.Мүсірепов театрында

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 17 желтоқсанда Шыңғыс Айтматов шығармасының желісімен қойылған

Дос Көшім, саясаттанушы: Президенттің басым дауыспен жеңіске жетуі – авторитарлық жүйенің қалыптасқан қағидасы. Өйткені Президент өзгелерден оқ бойы озық болуы керек

Қазақстанда 2022 жылдың 20 қарашасына кезектен тыс сайлау өтті. 81 пайызбен атқарушы Президент Қ.К. Тоқаев басым