//

Харун ТОКАК. ӘКЕШІМ, КЕТПЕШІ!

1483 рет қаралды
10

Харун ТОКАК

жазушы

Диалог Еуразия Платформасының теңтөрағасы

Жүк тасымалдаушы машиналар ұшы-қиыры жоқ шөл даланың шаңын аспанға атып, тоқтаусыз зымырап келеді. Алыстан тігулі ондаған ақ шатырлар көзге түсе бастады. Жақындай бергенде, балаларын құшағына алған әйелдердің ұзын-шұбақ кезекте тұрғанын байқады. Әбден әлсіреп, құр сүлдесі ғана қалған жүздеген адамның бұл маңда не жұмысы болды екен?

Кенет асыға келіп кілт тоқтаған көліктен ақсұр әйел зәңгі баланы қолына алып, сыртқа атып шықты. Ақ шатырға қарай жанталаса жүгіріп, «көмек беріндер!» деп бар дауысымен айқайлап жіберді. Дүйім жұрт жалт қарады.

Күн ыстығынан әбден қажыған жарым жандар медет тілеп жәрдем сұраған адамдарға көз-көңілі үйренгендіктен бе, әлде мұршалары қалмағандықтан ба, әйтеуір ешкім қозғалмады. Тіпті, артынан екі адам көтеріп алып шыққан әйелдің зар еңіреп жылағанына да бірде-бір жан мізбақпады. Бұл ақсұр әйелдің құшағында жатқан зәңгі баланың анасы еді.

Ақ әйелдің қайсар мінезінен болар, африкалықтарға арналып тігілген шатырлы ауруханадағы жас дәрігер жетіп келді. Әуелі қозғалмай жатқан баланың қол тамырынан ұстап мұқият қарады. Асықпай қол-аяғын сылап-сипап, ары-бері қозғалтып, «қолдан ештеме келмейді» деп, жай ғана шарасыздығын білдіріп тіл қатты. Содан кейін есінен танып құлаған баланың шешесіне бір қарап, ауруханаға апарып тастауды өтінді.

Шынтуайтында, бала әлі өлмеген болатын. Осы уақытқа дейін бірде-бір ақ адам оны соншалықты қысып көкірегіне басқан емес. Ақсұр әйелдің ішкі жылылығын сезді. Ақ әйел әбден шаршап мына сұмдықтан жалыққан дәрігердің шарасыздығына қарамастан:

– Құдай үшін көмек беріңіз! – деп қайта жалынды. Дәрігер салқынқандылықпен:

– Ауру асқынып кеткен, бәрібір өледі, – деді. Бұл сөз ақ әйелдің жүрегін шаншытты. Әйел ызалана:

–  Оны ұйғаратын сенбісің? – дегенде, дәрігер үнсіз тұрып кетті.

Зар жылаған зәңгі әйел көзін ашты. Төбесінде айналып тұрған желдеткіш маза бермеді, қайтадан көзін жұмды. Аурудың ыңқылы, қызу сандырағы ақ әйелге еріксіз естілді. Дәрігер пышағын жалаңдатып операция жасауға кірісті. Ақ әйелдің көңілі босап көзіне жас ірікті. Осындай масқаралықты өмірінде көрген емес-ті.

–  Ойбай-ау, сіздің мына қылығыңыз не? Ұйықтатып болған соң ғана операция жасаушы еді ғой, – деді ашуын жасырмаған ақ әйел көз жасын сүртіп. Дәрігер демін ішіне тартып күрсінді. Сөйлеуге шамасы жоқ тұғын. Алайда бағанадан бері өжеттілік танытқан ақ әйелдің ащы сөзін жауапсыз қалдырғысы келмеді:

– Бізді залым деп отырсыз-ау, сірә. Ұйықтататын дәрі жоқ. Қандай жағдайда екенімізді білесіз бе? Дәрі-дәрмектің жоқтығынан мына жүздеген адамның кезек күтіп тұрғанын өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, – деді. Содан қасында операцияға қажет-жарағын біртіндеп беріп тұрған зәңгі көмекшісіне: «Мына кісіден сұрашы, қатты ауыртып отырмын ба?» – деді.

Ішек-қарны ақтарылып жатқан зәңгі әйел күллі әлемге сөзін естірте: «Аштықтан тартқан азабымнан операцияның ауруын сезіп жатқан жоқпын…» – деді.

***

Фильм әлі аяқталған жоқ.

Зайыбы дөңгелек үстелге дастарқанын жайып, тамақ әкеліп қойды. Фильмнің әсерінен болса керек, қан қысымы көтеріліп, құлағы шулап, әйелінің бір сөзін естісе, бір сөзін естімеді. Ойы бойынан алыстап кеткендей.

Африка туралы жазылған деректерді қалт жібермей оқитын. Кей кездерде Африканың тұрмыс жағдайын интернет арқылы бақылап отыратын. Түрлі веб-сайттағы суреттерге қараған сайын іші езіле елжірейтін.

Осы жолы шешімін толық қабылдады. Өмірбақи қорлық көріп келген қара елдің мекеніне баруға бекінді. Тоқтының құны өсіп, Құрбан айтқа дайындық жасайтын кез де келіп қалды. «Міне, осы мүмкіндігімді пайдаланып, бірдеме жасауыма болады» деп ойлады Ыбырайым.

***

Әр Құрбан айттың кезінде Хижаздың отты шөл даласынан таңды таңға ұрған бейшара әйелдің бәсең дауысы естіледі…

Жасату үшін жасап кеткен нәбилердің атасы Хазірет Ыбырайым атына мініп алып, артына қарамай шауып бара жатқанда, аяулы Ажар анамыз жетіп алардай жүгіріп, бар дауысымен айқайлады:

–  Ей, Ыбырайым! Ыбырайым! Бізді кімге тастап кетіп барасың?!

Жауап жоқ. Пайғамбар тіс жармады. Ажар анамыз үнсіз қалатынын түсінді. Пайғамбарлық міндетін арқалаған күйеунің мінезін жақсы білетін. Осы жолы Ыбырайым тым алыстап кетпей тұрғанда сұрағын басқаша қойып еді:

– Бізді мына ұшсыз шөл далада жападан-жалғыз тастап кетуді Алла Тағала бұйырды ма?!

Хазірет Ыбырайым артына бұрылып қарамады. Бір-ақ сөзбен ғана жауап қатты:

– Иә!

Ажар анамыз мән-жайды ұғынып, тарылған тынысын ішке қарай тартып:

– Олай болса, сені жіберген Ұлы Құдірет бізді де қорғайды, – деді өз-өзін жұбатып.

Олар елсіз сахара шөлінде жападан-жалғыз қалмағанда, қасиетті Қағбада бүгінгі ине шаншар жер табылмайтындай жамағат болмас еді. Сафа мен Маруада мұсылман баласы жүгірмес еді. Зәмзәм суына шөлі қанбас еді.

«Расында, Ажар анамыз бен ұлдары Ысмайылдың арқасында бүгінгі мұсылман қауымы өздерін олжалы сезінеді, бірақ неліктен Хазірет Ыбырайым артына қарамады?» Ыбырайым Құдайдың әр құтты күні – айттың кезінде осы сұраққа жауап іздейтін…

***

Ататүрік әуежайы.

Бір-ақ күнде мыңдаған айырылысудың ауырлығын, сағыныштық салмағын арқалатып, көздің жасын көл қылып төгетін жер. Әрбір құлаққағыс жаңа айырылысудың хабаршысындай. Бір-бірімен төс қағыстырып тұрған, қол бұлғап қош айтысқан, сарыуайымға салынып, «өмір» атты мәңгі сапарға шыққан «жолаушылардың» ұшып-қонар жері…

Конгоға ұшатын жолаушылар үшін соңғы құлаққағыс жасалды. Зайыбы кемсеңдеп жылап тұрды. Оның жабырқау сезімі жанарына қонақтап, қоштаспай тұрып сағына бастағаны сезілді. Ыбырайымның іші тас-талқан. Балаларын біртіндеп құшақтап, жібектей шаштарынан сипап, иіскеп-иіскеп қойып қош айтысты. Ерке қызы Нилюфер тал-шыбықтай бұралып, Ыбырайымның аяғына оралғандай жабысып алып, күтпеген жерден: «Әкешім, өтінемін, кетпеші!» – демесі бар ма, дәл сол сәтте Ыбырайымның төбесіне мұздай су құйылғандай болды. Әрең  шыдады. Омырауында жиылып қалған ащы жас көкірегін күйдіріп ойып түсірердей еді. Көзі жасаурап не дерін білмей дал. Сүйікті періштесінің бүйтіп айтарын күтпеді. Ішінен «Жаным-ау, балдай тәтті ауызынан шыққан сөзіне құрбан болып кетейін,» – деді. Кенжесі де аяғына жармасып, жібермей жылап тұрды.

Ыбырайым сезімге берілмеді. Зайыбына соңғы мәрте телміре қарап тұрды. Көздері «маған жәрдем ете көр» деп жалынып тұрғандай еді. Баласы жылап, жібермеді әкесін. Шешесі «келе ғой балам» деп, өзіне қарай тартып көтеріп алды.

Артына бұрылып қарамады. «Артыма бұрылып қарайтын болсам, алдыма қарап жүре алмаймын» деп ойлады. Алайда дәл сол сәтте тізесіне жармасқан жылылық тұла бойына жайылғанын сезінді.

Қалайша үнсіз келіп қалды! Шешесінен қалайша қашып келді! Соққы жүрегіне тиді. Есінен айрыла жаздады. Отыра қалып жылай бастады еңіреп. Артына қарады жасаураған көзімен. Бала-шағасы жан-жаққа шашылып кеткендей еді. Осы жолғы жанкештілік пен жанқиярлықтың ауыр жүгі қайтадан зайыбының иығына түсті. Жүгіріп келіп Ыбырайымды жібергісі келмеген баласын жұбатып алды. «Әке!.. Әкешім!..» деп шыңғырып жылаған Нұраушанның дауысы алыстай берді. Аспан гүрілдеп, жер тітіреді. Қара құрлықтың аш балалары оған «кел-кел!» деп отырғандай еді. Қолдорбасын қолына іліп алып, одан әрі жүре берді.

Ұшақтың күрсісіне жайғасып отырып алды. Ыбырайым пайғамбардың не себептен артына қарамай жүре бергенін енді ғана ұққан болатын. Ұшақ қоюлана түскен қабат-қабат бұлттардан асып, айдында жүзген аққудай тербеліп ұша бергенде, ол әлгі Византияның тас қараңғы сарайында шарасыздықтан айқайлап шақырған әйелдің дауысына қарай жапа-тармағай жүгіре жөнелген Ыбырайым Хаууасты еске алды. Ол да қара құрлықтан естілген жалынышты дауысқа қарай бет алып барады.

***

Конго әуежайы.

Жан-жағында жарыса жүріп, көңілсіз қозғалған зәңгі адамдар. Ақ адамдардан не көрмеді олар? Көрмегені жер астында. Олардың пайымдауынша, ақ адам зәңгіге жақсылық ойламайды. Жаңа ғана ұшып келген ақ адамға қарап, әлгі «шайтандардың» біреуі болса керек деп ойлады кейбіреулер. Ыбырайым олардың не ойлап отырғанына кейіннен көзі жетсе де, әуежайдан шығар шықпас шындықпен бетпе-бет келді. Баз біреулердің қолдарымен мойындарына тақап, «ақтарға өлім» деп, ишаралап көрсеткеніне куә болды.

Бірінші ісі – «сені жақсы көремін» деген сөзді жергілікті тілде айта білу еді. «Сені өлтіреміз» дегендерге ол «сені жақсы көремін» деп жауап беретін. Көшеде тас теуіп ойнаған жастар да өшпенділікпен қарайтын.

Ыбырайым ғасырларға сіңген жауыздыққа қарамастан үмітін үзбеді. Жақындап келе жатқан Құрбан айттың қайталанбас мүмкіндік екенін білді. Қанаушылардан жапа көрген бұл адамдар шарасыз-ды. Ашаршылықтың зардабын шегіп, онымен қоса ауру тұғын. Бірақ әр нәрсеге қанағат тұтатын.

Жомарттығымен елінде аты шыққан жақын досы Вейселге телефон соқты. Конгодағы қорқынышты жеткізді. Вейсел өзіне жарасар жомарттығын танытты. Онысымен қоймай, жақын досы Садыққа телефон соғып, осылайша Ыбырайымға қолдау көрсетті.

Нақты алпыс үш қара малдың ақшасы қолына түсті. Құрбандықтарын жіберген жомарт жандардың тізіміне көз жүгіртті. Тізімнің басында сүйікті пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммед Мұстафаның мүбәрак аты тұрды. Бұны жақсылыққа жорып, іштей аман-есендік тіледі.

***

Шаршағаны шындап білінді. Көзі қайта-қайта жұмылып ояу қалпына маза бермегендей еді. Ертеңгі күнді ойлады. Ойлай бергенде көзі жұмыла берді. Маңдайын жерден алып бет сипады. Төсекке жата беріп тағы да ой мазалады, бірақ осы жолы ойламаған жерден…

Айт намазынан кейін тәкбир дұғалары оқылып, қара мал құрбандыққа дайын тұрды. Сәлден соң айттап келіп, төс қағыстырып, кешірім сұрасқан жамағат екіге бөлінді. Қолына тізім ұстаған Ұлы Пайғамбар да шыға келді.

«Уа, Алланың Елшісі! Демек бізбен бірге екенсіз ғой. Бұдан асқан бақыт жоқ», – деп қуанышын жасырмай Пайғамбардың қасына барды Ыбырайым. Жан-жағында жүздері қарайып кеткен, аштықтан сүлдесі ғана қалған адамдар тұрды. Тас қараңғы түнде күтпеген жерден шыға келді «Ай жүзді». Үмітсіздіктің кесірінен қарайған жүздерді жарқыратты «Ғаламның рақым нұры». Пайғамбар тізімдегі есімдерді біртіндеп оқи бастады: Вейсел, Садық… Жеті-жеті адамның атын атап, алпыс үш жомарт жанның аттарын оқып шықты…

Терлеп-тепшіп  атып тұрды оянған Ыбырайым. Мұндай тамаша түсті көремін деп ойлаған емес. Құдіреттің қаламынан сырлы сияның тамшылап тамғанына куә болды. Көз жасына тұншығып жылады. Сорғалаған көз жасын сүрте бергенде «келген екен ғой» деді. «Атым аталған әр жерге жетемін» деп айтып еді ғой. Көзі жетті. «Енді осы жерде мына қара басымызды сипап жүр ғой» деп ойлады. «Алайда осы жерде Сені білетін жандар өте аз, уа Алланың Елшісі!» деп, тебірене Пайғамбарын еске алып салауат оқыды.

Жаздың түні қысқа , бірақ ол атып болмас сырлы түннің қақ ортасында еді…

***

Конго тұрғындары ақ адамның жасап отырған ісіне сене алмады. Қайдан келді бұл адам? Түйені түгімен, биені бүгімен жұтқан ақ адамның қай заманнан бері бізге жаны ашып, жақсылық тілеп еді? Бізге арнап құрбандығын шалып отырғаны қалай? Айлап-апталап ет жемеген адамдар кезекке тұрып, пакеттерге салынған еттерін алып үйлеріне апарды.

Елдегі атышулы эстрада әншілері де адам сенбес «тарихи оқиғаны» ести салып, тарату жұмыстарына кірісіп кетті. Көшеде ойнап жүрген жалаңбұт балалар бір-бір пакет алып, қуаныштары қойнына сыймай үйлеріне қарай жүгірді. Алыстан балаларын жібертіп тұрған шарасыз аналардың да жүздеріне ай қонақтап қуаныштың белгісі байқалды. Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн.

Кезекте тұрған сүйкімді балаға көз тігіп қарады Ыбырайым. Қасына шақырып көтеріп алды. Маңдайынан сүйіп, басын сипады. Сол сәтте кенжесі есіне түсті. Көзі жасаурап баланы тағы да сүйіп-сүйіп алды. «Ағы да, қарасы да. Бәрі де біздің балаларымыз, гүлдеріміз, болашағымыз, үмітіміз!» деді ішінен. Бір пакет ет алып, баланың қолына ұстатты. Бала кезекте тұрған мамасына қарай жүгірді. Сондай бір ризашылықпен бірдеме айтып тұрды.

Ыбырайым бір пакет етке риза болып қуанған шығар деп ойлады. Аудармашы баланың мамасына айтқан сөзін жеткізді. Бала етке қуанбаған екен. «Мама, мама! Мені ақ адам сүйді. Ақ адам мені жақсы көреді» – деген екен.

Азаматтық соғыста үш жарым миллион адам өлді. Сонша адамы да жарақаттанды. Аман қалғаны – жетім мен жесірлер. Тіпті ауыр сілкіністің болғанына да көп уақыт өтпепті.

«Келгенім дұрыс болды» деп ойлады. Бір жағынан «ақ адамға өлім» деп бопсаланған Ыбырайым бір-ақ күнде зәңгі адамның ақ жүрегін жаулап алды.

Алайда жұмысы әлі аяқталмады.

Досы Рамазанмен бірге жергілікті тілмен айтқанда, «кано» деп аталатын кішкентай қайыққа мініп, еттерін арқалап, алыстағы тайпаға қарай беттеді. Төрт сағаттық жолды жүзіп өткен соң, тайпаның орналасқан жеріне де жетті. Тайпа әміршісі ризашылығын жеткізді. Ақ адамнан және де мұсылманнан көрген өміріндегі ең алғашқы жақсылық еді. Ыбырайымның іс-шаруасы біткен соң, әмірші оны жібермеді. Онымен ұзақ әңгімелесіп көкейінде жүрген түрлі сұрақтарды қоя бастады. Әр сұраққа алған жауабы әміршіні сырлы әлемге жетектегендей еді. Ыбырайымның қайтатын уақыты келді. Сыртқа шықты. Күтпеген құрмет көрді. Бүкіл тайпа бала-шағасымен шығарып салу үшін теңіздің жағасында тұрды. Әмірші қош айтысып: «Бізге бұдан кейін сырға толы дүниелерді кім айтып береді? Қайдан үйренеміз? Кетпей қалсайшы…» – деді. Бәрі-баршасы бала-шағасымен қол бұлғап қоштасты.

Осылайша, Ыбырайымдар отқа күйіп жанудан, Ысмайылдар құрбандық болудан құтылды…

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

10 Comments

  1. минберге рахмет. харуннын әңгімесі өте ұтымды. аудармашы жігітке айтарым алғыс. Ыбырайымдай жанкиярлар казакта жок емес бар. тек соган умтылу керек.

  2. Мінбер, осы сендер мадецсіңдер! Харунды беріп отырғандарыңа рахмет!

  3. Өте кызык аңгеме экен. Казак кыргызды ойго салып дүнүйе жүзүнө жаны көз караш менен кароо керек экендигин айткандай.

  4. Бәрекелді! Өте тамаша әңгіме! Исламның шынайы жүзін көрсететін осындай туындыларға ауадай қажеттілік бар! осындай мұсылмандық түсінігі, күллі әлемді мейіріммен, шапағаттеп баурап ала алады және адамзатты да екі дүние бақытына жетелейді! Бір жағынан исламофобияның өршіген, екінші жағынан ұрда жық, білімі таяз, әдепсіз мұсылмандар көбейген дәуірде шынайы мұсылмандыққа сайкес тәлім тәрбие беретін осындай туындылар көбірек шықса екен! Мінберге және аудармашыға ҮЛКЕН РАХМЕТ!

  5. men turkiyadan bul kisini bilemin. keremet jazushi. bul kisinin kitabi 300000 danamen shigadi. songi kitabin okidim. soz jok. allah razi bolsin. osi hikayani turkshe okidim. kazakca duris tarjume jasalgan.

  6. Өте сапалы аударма! Мәлік бауырым шығармашылығың шырқай берсін! Түрік ағайындардың шығармашылықтағы рухын бере алған. Сәлеммен Ж.Ә

Aytkali жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері