//

Айтыскер ақынның бір қолжазбасы хақында

793 рет қаралды
3

Қоржынымызға ақын Дәулеткерей Кәпұлының «Бүлдірген ағып түскенше…» атты өлеңдер жинағы түсті. Жыр сүйер қауым тапшы таралымды (1000 дана) тауып оқыр. Ал біз ақын Әбдікәкімұлы Тыныштықбектің бұл кітаптың қолжазбасын оқып түйген пікірін ұсынып отырмыз.

 Қолында – қара домбырасы, бөркінің төбесінде үкісі бар (маған солай елестеуші еді) бала Дәулеткерейді баяғыда әрәдік жалт-жұлт көріп қалып жүретінмін. Апталар ұшып, айлар көшіп, жылдар жылжып; сол бала Дәулеткерей айтыс өнерінің әйгілі саңлағына айналды. Айналды да,… бейне бір отставкаға кеткен жап-жас генералдай, жыр додасынан бойын бірден аулақ салды. Енді міне, ойға қалам, қолыма түскен қолжазбасына қарай отырып. Ол қолжазба – жазба ақынның жан-дүниесінің өрнектері. Мені суырыпсалма ақын → жазба ақын түріндегі осы рухани тосын трансформацияның мәнісі ерекше толғандырады. Мұның гәбі неде екен деймін де баяғы.

Тегінде, өз түсінігімде: қазақтың айтыскер ақындары – көшпеліліктің, жазба ақындары отырықшылықтың символдары. Өйткені, табиғаттың төл баласы болып табылатын көшпелінің мыйы – қыртысы күрделі жаратылыс, санасы – ойға бай эпикалық парасат болып келеді. Көшпеліге тән сондай ерекше қасиет – айтыскер ақындардың көш-керуендей тізілген көркем сөзді кез келген жерде, кез келген сәтте суырып салып айта жөнелмегінің басты кепілі. Жан-дүние байлығы мен сезімталдығы һәм ұшқыр ойлау жағынан алғанда, айтыскер ақындардың ең әлсізінің мынау дейтіндей жазба ақындардан «бір елідей» болса да биік тұратындығы сондықтан.

Әрине, қазақтың қазақстандық қазіргі мықты жазба ақындары да, белгілі бір мөлшерде – көшпеліліктің перзенттері. Олардың өзі екі категорияға бөлінеді: байырғы орасан көшпелі өмірдің ауыл-ауылда сақталған кейінгі жұқана-жұрнақтарының өзін көріп өскендер және байырғы көшпелі өмірдің тек сөзін естіп жетілгендер. Алғашқыларында жасырын жатқан суырыпсалмалық сұлу таланттың негізі бар, – көкірегіне түскен ойдың нұрлы өрнектерін көп жағдайда қағаз бетіне демде әсем көшіртіп үлгертетін. Екіншілеріне – ой ұшығын ұстап алып, соның мән-жайын кеңінен, асықпай толғануға бейімділік тән.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Дәулеткерейдің “Сүтті іңір” деген жинағын оқып ем. Керемет.

  2. Серік Елікбай: Айтыс әлеміне алдаспан сөз, көркем оймен келген Дәулеткерей Кәпұлы қазақ әдебиетінің кейін қосылған ірі олжасы. Қазақтың Исасы секілді ауыз әдебиеті мен жазбаның арасына алтын көпір, көшпелі жұрттың барын сіңіріп, көшпелі елдің көркем сөзін қатар сімірген Ақын. Асан Қайғы, Бұхар қасынан адасып жеткендей асылымыз екені анық. Мінезі мәрт, сөзі сері Дәулеткерей басында Махамбет пен Мағжан қатар толасып екі мінді мәреге «мен озаммен» таласып жеткендей. Адғашқы көргенінде аққанат құстай періште пейіл балапан ұл, поэзия иығына ту тіккен, жағасы жырға желкен салған кезінде сырты қызық, іші қызыл «сүтті іңір» жыр кітабын ұсынды. Жауап күткен жоқ, пікір сұрамады.

    «Алтай астым, Алатауда түледім,
    Сарыарқаға салдым жырдың түренін.
    Таң асырып, тамшы терін тұндырдым,
    Күн қақтырмай күлік ойдың күреңін.»
    Деген сөздер егемен алған ел құлағына құлаған, түп мекенге келіп құлыншақ жырын бәйгеге қосқан ақын жүрегінен хабар береді. Сарыарқаның сорпасын сапырған, сақтағаны мұзға түлеп саған жат жұрт емес, ақын жігіт жырдан түлеп салады. Сегіз Сері, Біржан, Ақан, Сәкен, Мағжан мекені жаухар жырға жаттық жасамаса керек.
    Қаны ғана емес, жаны қазақ Дәулеткерей «күлік ойдың күреңінің» таң асырып, тамшы терін тұндырады. Айшықты сурет, қазаққа тән ұғынық пен тұсінік. Алатаңда арғымағының ақ терін алар асқақ ұл еске түседі. Ұлы Мұхтардың таң асып келгенде Аққұйрық атты таң асырар Балағаз, Т.Әлімқұловтың «Ақ боз аты», М.Мағауиннің «Нар қызылы» ойға оралып таныс та бейтаныс көріністер кестеленеді.
    «Елден алдым, елге берем барымды» – деп шалқып толқығанда «күпі орнына шекпен жабар» Мұқағали қырдан қол бұлғап, «мен америкаға не бердім» деп Дж.Кеннеди секілді басқа құрықсыз парықты патриотты ойға орамал тастайды. Таным тұяғы тағасы, кеудесі кіреукелі ақынның алары айқын, мақсаты маңғаз.
    «Қара өлең, қоңыр, ақ өлең,
    Көрінген бәрі:
    Мәреден.
    Қаламыз қағаз бетінде;
    Сары өлең…
    Солай, және Мен».
    Қазақтың терең тамыры қара өлеңі мен сөз мінезі тәріздес «Алқызыл тез озардан» бөлек қоңыр жыр, Батыстан бел асқан ақ өлеңді бір жіктеп, жыр иесі сары өлеңмен бірге қалады. Өлең бөлек, жыр жаңа, ақын асқақ. Немесе «сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел». Әлде Дәулеткерей біз білмес басқа қиырға тарта ма?
    Д.Кәпұлының Ақан серінің бір ауыз сөзін «Басынан жыландының құлағаным» тұмар еткен жыр туынды біз білген соңғы он жылдың көлемінде ақын ғана емес, қазақ әдебиеті қанжығасы майларған шұбар төс шумақтардай көрінді.
    «Сол кеште тарқатылып бір ән бұрам,
    Басынан құлады Ақан Жыландының.
    Батқан күнге бата оқып, жүрек қалды,
    Жайнамаздай жайып сап құмарлығын.»
    Бұрымдай тарқатылған ән, көшеде көлбең тартып, қара жамылып шамын жайған бүгінгі сынық сап, ауру ақыл бейнесі деуге келмес, пәк пайым даңғыл дәстүр шідеріген бұрым ол бір арман кезде жай сөгіліп «Қасса сұлу шомылғанға»ұқсамаса керек. Батқан күнге бата оқыған жүрек «талынған шығар ойға алыс». Құмарлығын көме алмас алдына жайнамаздай жайған жүрек шын таланттың тапқан табысы, солмас сұлу суреті.
    «Қыз кетті, қызырлы ән жұртта қалды,
    Ал Ақан өкініш у ұрттап алды.
    Жүз арман жанын жалын өрттей жалмап,
    Қызарған Күн кірпігін бұлтқа малды».
    Қыз кетті, ән қалды, әрі қандай ән, қызуы емес қызылшыл емес, «Қызырлы ән». Демек қасиетті ән, әулие ән. Пушкиннің «соққан ескерткішіндегі ұрпаққа ұласар, ғасырдан ғасырға сүйреусіз, демеусіз, үрлеусіз өтер бағы бөлек «Балқадиша». Айтулы ақын, тыңдаушы кейінгі түсіндіруші Дәулеткерей. Өнер әлемінде қатар жүзген қос тарлан Ақан-Дәулеткерей қосағы, дуэті күй күйімен бірге тартады. Талас жоқ, тамсану басым. Әдемі әдіске бой салған қызарған күн де кірпігін бұлтқа малып егіледі. Ардақты азамат, ән ағасы ұнатқан қыз жатқа кеткен де табиғат та бірге қамығады. Ақан ғана егіліп, күн күліп тұрса не болар еді, жоқ, ерке ұл мен Күн егіз, ниеттес, тілектес.
    «Ауылдан қыз кеткесін қызық кетті,
    Сезімнің қыл пернесін үзіп кетті…
    Ақанның қайғысына айдыны ортақ,
    Зеренді зер таналы жүзік текті.»
    Қызық кеткен соң, сезімнің құл пернесі де үзілді. Ән сөнді, өлең өлді, жыр жығылды. Аққандай ардагердің сынған қанатын кім жамамақ. Тек зеренді біледі. Сұлу айдын жасын жұтып бірге жылайды.
    «Кекілі сыланбады кербестінің,
    Арманның аяламас енді ешбірін.
    Ақаннан да адыра қалған дәурен,
    Бақыттың тапқан кім бар өлмес құнын?»
    Әурешіл жұрттың тәубешіл тегін көрсеткендей жолдар кекілі сыланбаған кербестіге мұң шығады.
    «… «Қызы едің Балқадиша Ыбырайдың»,
    Неліктен шытынадың шыны қайғым?
    Сол кеште дәл төбемнен жұлдыз ауып,
    Ақанның арманы-ау деп сығырайдым.»
    Егіліп кепен еншілі жыр, өксікті өлең мүлдем босқа бояу алады. Ауған жұлдызға Ақан деп қарар ақынақ махаббат мәңгілік, ғашықтық ғұмыршыл, сүюдің солмастығына сендіреді. Қазақ барда Ақан барына қол соғамыз.
    «Төбемізден төнгенде төбет өңір,
    Күн Қыранға қызыл тау-көне тұғыр.
    Есіңде ме, туған ел жұмасына
    Екі тайдың қолтығын сөгетін ұл».
    Ақын қиял қыран, ойы орасан. Төбеден төнер төбет іңір Қараңғылықты құшақтата, арсылдай үріп жетер төбет мінез түн-түнекте берілген томсарған қалып. «Жұмасына, бір тайдың қолтығын бырт-бырт сөгу қыр баласы білер, Алаштан алыс, асфальт бетін мекен қылған мекиен миллет танымас бедер.
    «Құба белден жортқанда өмір құлан,
    Көкке самғап кететін көңіл қыран.
    Есіңде ме, әкесі ұрсатын ұл,
    Шеки басып қалғанда шегір құнан».
    «Шеки басу», боз бөлмеге қамалған бармағынан бал емес, қан сорған қаламгер «Алатауды аймалап» таба алмас тамырлы табыс. Жасыл жайлауда бос жайылмай сұңғыла суреткер көрер сом жамбыдан «өлеңге таласы бар» әр ақынның қызғанып емес, қызыға қарар өрнегі.
    «Соның бәрін түсірсем есіме бір,
    Келер ме екен қайтадан хошы көңіл?
    Қаыйс арқан сүйреткен қашағандай,
    Қайда зытып барасың, есіл өмір?
    Соңғы шумақ өзіне емес, тақымынан аяқ тартқан, ат сымбатын ең қымбаты бысып кеткен, арғымақты аяулы жұрт емес, қара табан жаяулы, қаяулы жұрт тұрмысынан тігіс сөгілетін.
    «Көне қартым, көк айдыным-көл ғұмыр,
    Толқыныңа тіл бітірген жел жыбыр.
    Жан жүрегің мәңгілікке соғуда,
    Алқызыл күн байып батты, өлді іңір.»
    Дәулеткерей көруіндегі күннің өзінде ұлттық бояу, тума нәсілдің нақышы ту тартады. «Орыс қызы», «Америка кавбойы», «аспан асты елі» сияқты бөтен елдің бұдырлы шенуінен басқа «күн» қазақ танымының тамырынан бой алып, «кісінейді». Бірақ соны ұғар, ділін білер кім бар. Бүгінгі матаулы, «кісендеулі қызыл тілдің» қалпы көзге елес береді. «Сүмбіленің сүргіні» қыз жиған жүктей тереңіне тартып әкетерәдемі айшық, жоғалтқанды тапқандай жан тебетер жоталы, жалынды жолда.
    «Күреңтөбел кісінейді құлын күн,
    Құлын күннің түсінеді тілін кім.
    Қыл мойынға құрық түсіп, тұқыртып,
    Жүгенделген жылдарыма жүгіндім.
    Құдайсызға құнсызданып құлдығым,
    Көрген сәтте сүмбіленің сүргінін.
    Күдері бел күреңімді сауырлап,
    Күрең жалқын күнбатысқа сүңгідім.»
    Күрең көңіл қалып, көзін шұқыған кесек мінез, күпір сөз асқақты ақынқолын Қаратауға, алақанын Алатауға, табанын Тарбағатайға тіреген тау таланттың, даусыз дарынның лепесі осы болар.
    «Алқызыл таң атқан сәтте қабарып,
    Қара күрең онда да бар қаралық.
    Түн-теңізге жан тәнімді лақтырдым,
    Ала таңда шыққым келіп ағады.
    …Қазығына айналар деп қазанат,
    Қалам, сені қағып кетем қада қып!!!»
    Қалайда қағып кету, болашаққа басқаша жолдау, келешекке өзгеше қол булғау, міңгілікке мәнді сыр салудай.
    «…Арман жырдың ақ туы-сен, жан сәулем,
    Айға серік, түннің гүлін аңсауда ем.
    Жүрегіме болар ма еді бір дауа,
    Жұлдыздарға ұшықтатып алсам мен?!»
    Сумен ұшықтау болса да, жұлдыздармен ұшықтау ірі фантазия, кең қиялдың жемісі. «Айды алқа қылар» үрдістің жаңа үлгісі, маржан жырдың, Мағжан жырдың үзілмеуі.
    «Кеше тұман тау жонына сүйкеніп,
    Қарағайдың басып қапед тұрқын да,
    Шың басына ілініпті шүйке бұлт.
    Қалған жүндей қойлы ауылдың жұртында.»
    Тау жолына сүйкенген, еркелеген, еміренген тек қазақ балас ытамсанар қадірлі суреттер, отты ойлар. Алыс ауылда қалғып отырған базары кетіп, иен қалған елдің мұңлы халі. Ел кеткен сары жұрттағы өлшемі-дірілдек қоламтаны жырмен үрлеп қайта жақпақ ақын Дәулеткерей… Қиялға қамшы берер сіңірлі өлең сыры осы.
    «Ғайып болып күндізгі абат,
    Түн жапқанда жұлдыз қанат.
    Қыр басына телміртесің,
    Қиялымды қыздырмалап.
    Жұмыр баста ой көп бұлтың,
    Уайымсыз бейнет-күлкім.
    Шоқ жұлдызың тіліменне,
    Жылы ғана сөйлеп тұр түн.
    Жаз жалғасса күзге абайсыз,
    Жанарымнан сырғанайсыз.
    Сынық Аймен сырласуға,
    Сіз қалайсыз?»
    «Жалғыздық» жыры шын шайыр Д.Кәпұлының алқаусыз алған асқары, арпа ішіндегі бір бидайы, моншаққа таққан сом алтыны, шоқтығы биік шошағы, томарлы тұғыры. Мағжанды М.Әуезов «еуропашылдығы» үшін ұнатса, аталған туынды қазақ пен қалған әлемді желімсіз жалғап, арқансыз байлар бөлек, бөстекті шығарма. Асырып айту жоқ, көрпесіз көңілдің, сорпасыз сөздің сыры бұл. Түн құшағында балбыраған қала, жыр іздеген ақын жігіт, жұлдыз тілмен сөйлеген түн, сыңғырлай сырғалаған әлдекім, ал «Сіз», «сіз» құдіретті «сіз», ардақты «сіз» сырласуға қалайсыз. Әдемі, өте сұлу. Жасыл шөптің жағасына тұрып қалған шықтай жыр. Бұны өзім жазбағаныма өкініп, Дәулеткерей жазғанына қуандым, әрі қызғанам.
    Дәулеткерейдің «Сағынып жүрмін» деп басталарп саумал жыр, сұлу жырының біреуі. Төлегенмен толасып, назираласып, бәйгелесіп, қатар шауып құрық салып, қиқулай жазған шығармасы шын жүректің толасын танытады. Айбергеновтың ат басты атын, кеудесі күміс жыры Д.Кәпұлы толғауынан кейін, толыққанды, бояуы қанық, табасы толы, бауыры бүтін көрінеді.
    «Сағынып жүрмін саумал ауасын даланың,
    Сіміріп ішер сары белдердің самалын.
    Жайлаудың қоңыр жан жадыратар әр түнін,
    Сағындым сонау сарыала қаздар қаңқылын.
    Сағыныш мендік бозторғай жүрек шырылы,
    Сарғайған әлсіз жапырақтардың дірілі.
    Сағыныш барда сертіңе туар сенер күн,
    Сағынбадың ба, дарыныңа обал, көнердің.
    Сағынған жүрек арманды туар асқақ қып,
    Сағынбастықпен тілекті талай ақсаттық.»
    Қос жыр жалпозы, жағаласа келіп үзеңгі үзіп «сағыныш» деген ұлы сезімді сертке бойлайды. Дәулеткерей «Төлеген сағынышын» жаңаша айтады. Сендіре, көндіре, иландыра, бас идіре жеткізеді. Төлегендей тау талант, нау дарынмен қатар тұрып жырға «шалғы салу» көбіміздің қолымыздан келмейді. Өзімізге емес, сөзімізге шығады-ау. Демек Дәулеткерей туындылары, қазақ поэзиясының қай тұсынан ту тіккенде, өзінше жарқырай, жалын ата желбірейді.
    «Сәулеленер сәтті ой қашан,
    Ай да жатыр жаңаланып?
    …Оңашада қап қоймасам,
    Қастауыштан қалам алып!»
    «Қастауыш» сөзін желкілдеген жас түгілі, қаламқа қамшы салған сашқалы жұрттың да таңдайына, таңдауына түсе бермес анық асыл.
    «Толтырып жанарымның тостағанын,
    Деймін-ау, мен өзіңе «хош, қарағым».
    Сәуірде сарғалдақтар гүл ашқанда,
    Мен сені еміреніп еске аламын.»
    Ақын жыладым, өкіндім демейді. Жанарының тостағын толтырады». Дәулеткерей әр сөзге сақ, селкеуі жоқ. Шашау шыққаны болмайды. Қыздың жиған жүгіндей жинақ сөздер жан жылытады.
    «Ұйқыда уыздай ұйып,
    Ата мал күйіс қайырып саркідір.
    Түсіме көк дөнен кіріп,
    Кететін кермеден мініп,
    Тәтті елестейсің таңғы бір.
    Қайран да менің, балалығым-ай, бұл ғұмыр!
    …Алтайдан күн құлап келеді,
    Алтын жал судырып келеді-бабында.
    Емгесін төсіңнен нәрді,
    Алтайым, есімде мәңгі-
    Жанымжы орап жалынға.
    Тәңір сыйлаған тақ төбемде Күн барында!
    Осы жылдар Дәулеткерейдің күш-қуаты серпін сипатынан анық хабар береді. Тіпті терең қарап, ұзақ үңілсең кешегі Жыраулардың сымбат сырына, қымбат қарымы құлаққа келеді. Келеді де кеудеңді сиқыр шақтарға, аруақты аламанға, көсегесі өскен көшпелі жұртқа таным тамырын тартады. Естанды, ерке көңіл сондай күндер болған еді деп, егіледі, жан жабырқатады, сүйек сындырады.
    Ал келесі жоладар Дәулеткерейдің жаңа қыры , сүмбіле сырынан хабар береді.
    «Қайда кетті, бөрілі елім, сол заман?
    Тарихымыз тектелмесе жұпыны,
    Ғасырлардың арманыңа бола алды ма күтімі,
    Асылдардың қалдыма аман бүтіні?!
    Көк күмбегі ел емес пе ек, түзу ұшқан түтіні.
    Үзілмеген қара көктің тұқымы,
    Көк тіңрісі қолдаған!
    Бабаларымның аманатындай жолдаған,
    Талмастан алға қарыштай беріп күлік күн,
    Ғұлама ғасыр кәусі қанша ғұрыптың.
    Тұран жұртымыз тамшысы іспетті тұнықтың,
    Туажатырмыз көк түріктің,
    Көк тәңірісі қолдаған».
    Рас, соңы 20 жыл көлемінде, тәуелсіздік алғанна бері, жанымыз жылауық жырға, қанымыз қасірет сөзге толып кетіп еді. Ал мынау шумақтар кешегі Орхоннан өріліп, Қасымға жетер қаһарлы поэзиядан, шалшақ, тәкіппар, туысы паң Музадан бастау алады. Жыраулар жалыны, Бұхар бораны, Жиембет жарқылы, Доспамбет дүлі, Махамбет маңғаздығы, Қазтуған қарымы, Ақтамберді ашуы аталған жолдарда шүбісіз, күмінсіз көрінеді.
    Асқақ сөз, тарпаң мінез, Алтай айбын, нар найза қайтпас қылыш жаухар жырмен жетеді. Отаншылдық, туғаншылдық, елшілідік, ерлік осының бәрі осы жырда дәл білінеді. Кіреукесіз көрінеді. Шаңсыз шалынады. Тұсаусыз танылады. Егемен елдің еркін поэзияда, бостан өмірінде, тәуелсіз тақырыбында Дәулеткерей Кәпұлының жырлары алтын әріппен жазылары хақ. Даусыз. Дүдәмәлсіз. Кейінгі өске жазарман жұрт ішінде Дәулеткерей жырларының ай маңдайы жарқырап көрінеді. Алыстан танылады. Сылдыры сәнді, күлдірі бөлек. Осындай жаспен қатар жүру сөз сүйір ел ғана емес, жұртшыл жонның көз қуанышы. Демек, Дәулеткерейге шығармашылық шабыт, Алла аузына алаш сөзін салсын деп тілейміз. Жыр тұлпары жолың болсын!
    Кереку

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дос Көшім, саясаттанушы: Президенттің басым дауыспен жеңіске жетуі – авторитарлық жүйенің қалыптасқан қағидасы. Өйткені Президент өзгелерден оқ бойы озық болуы керек

Қазақстанда 2022 жылдың 20 қарашасына кезектен тыс сайлау өтті. 81 пайызбен атқарушы Президент Қ.К. Тоқаев басым