//

Қарымың қандай қазақ боксы?

467 рет қаралды
3

Әлемде әуесқой бокс қарқынды дамуда. Бұрын құрлық біріншіліктерінде немесе әлем чемпионаттарында негізінен Куба, Ресей, АҚШ, Қазақстан, Өзбекстан сынды санаулы елдердің боксшылары жүлделі орындардан басты үміткер саналатын. Қазір олардың қауқарлы қарсыластары көбеюде. Мәселен, соңғы олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында мықтылардың көбісі сүрінді. Есесіне Қытай, Украина, Моңғолия, Италия, Үндістан, Бразилия және т.б. мемлекеттердің былғары қолғап шеберлері ерледі. Бұл әуесқой бокстағы бәсекелестік деңгейінің артқандығын көрсетсе керек. Мәселен,  жуырда ғана Бакуде өткен әлем чемпионатын алайық. Ойламаған жерден бейресми жалпыкомандалық есепте Украина құрамасы топ жарды. Қоржындарында төрт алтын. Қарсыласын қақырата соғатын кубалықтар бар-жоғы екі алтынды місе тұтты. Ресейліктер бір ғана алтынмен шектелді. Ал Қазақстан  болса  тағы да алтынсыз қалды. Тағы да дейтініміз, 2008 жылы Миландағы әлем біріншілігінде де біздің жігіттер бас жүлде ала алмаған еді. Әрине, оның түрлі себептері бар. Бірақ сәтсіздікті боксшыларымыздың осалдығымен емес, керісінше қарсыластарымыздың мықтылығымен байланыстырған жөн. Демек, бізге шеберлігімізді шыңдай түсу үшін әлі талай еңбектену керек.

Бұл ретте Қазақстан бокс федерациясы көп жұмыс жасап жатқанын айтқан жөн. Жуырда оның басшысы Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, онда қазақ боксының қазіргі жағдайы мен федерацияның алдында тұрған міндеттер талқыланды. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында Лондон олимпиадасының алты жолдамасы бар. Шаршы алаңға толық құрамда шығу үшін тағы төрт лицензия керек. Оларды келер жылдың сәуірінде Астанада өтетін құрлықтық іріктеу турнирінде иелену көзделуде. Жиында сөз алған Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов олимпиадада бір алтын, бір күміс және бір қола медальді жеңіп алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, оңай міндет емес. Олай дейтініміз – олимпиадаға әр ел «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын» қосады. Ал мықтылардың мықтысы атану үшін дене күші мен шеберлігі үйлесіп қана қоймай, боксшы психологиялық жағынан да мығым болуы тиіс. Өйтпесе төккен тер текке кетуі мүмкін. Бұны Милан мен Бакудегі чемпионаттар айқын дәлелдеп берді. Жиында Т. Құлыбаев осыған айрықша назар аударды. «Боксшыларымыздың кейбірі қызбалыққы салынып жатты. Осы жағына мән беріп, жұмыс істеу керек. Құрамада медициналық топ бар, психологтар жұмысты жақсылап жасаулары тиіс. Олқылықтың орнын толтыру үшін құраманың жаттықтырушылары мен спортшылардың жеке бапкерлерінде де жақсы мүмкіндіктер бар. Біздің команда олимпиада ойындарында табысты өнер көрсетеді деп үміттенемін», – деді ол. Т. Құлыбаевтың пікірінше, олимпиадаға жақсылап дайындалу үшін құрамаға барлық жағдайлар жасалған. «Біздің ісіміз – сіздерді жеткілікті қаржымен қамтамасыз ету. Сіздердің міндеттеріңіз – спортшыларды сақадай-сай дайындау», – деді ол жаттықтырушыларға қайырылып. Ал қазақ боксының алдында таяу келешекте тұрған басты міндет – тыңғылықты дайындалып, Лондон олимпиадасында табысты өнер көрсету. Себебі, Бакудегі чемпионат мықты жақтарымызды ғана емес, осал тұстарымызды да айқындап берді. Келешекте сондай қателікке жол бермес үшін тиісті шешімдер қабылданды. Резервті дайынндау мәселесіне де ерекше назар аударылатын болады. Бұдан бөлек жаттықтырушылар құрамын дайындау жүйесі реформаланбақ.

Жалпы, Т. Құлыбаев тізгінін ұстағалы бері Қазақстанда боксты дамытуға жаңа көзқарас пайда болғанын ашып айтуымыз керек. Бұған мына фактілер дәлел бола алады. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты биыл Қазақстанда өтті.  Бұл турнир федерация үшін салмақты емтихан болды. Алайда еліміз сынақтан сүрінбей өтті. Біріншіліктің ұйымдастырылу деңгейін АИБА президенті Чинг-Куо Ву мен оған қатысқан елдер бокс федерацияларының басшылары жақсы бағалады. Сонымен қатар АИБА 2013 жылы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдады. Бұны мәртебелі ұйымның біздің бокс әлеміндегі жетістігімізді мойындауы деп бағалау керек. Былтыр тұңғыш рет Қазақстан бокс федерациясының кубогы үшін турнир ұйымдастырылды. Оның мақсаты –бокстың өңірлерде қалай дамып жатқанын білу. Сондай-ақ республикалық жарыстардың регламентіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Тағы бір атап өтерлігі, Алматыда АИБА-ның Бокс академиясы ашылатын болады. Мұндай шешім ұйым Атқарушы комитетінің отырысында қабылданды. Осы қыркүйекте академияның құрылысы басталып та кетті. Бұл Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы бірегей спорт кешені болмақ. Қазақстандағы Бокс академиясы салынып бiткесін, осындай тағы үш Академия ашылмақ. Әзiрге олардың қай елдерде салынатыны белгiсiз. Белгiлiсi, әлемнiң төрт бұрышына орналасатын бокс академияларының орталығы болып Алматыдағы Бокс академиясы саналмақ. Мамандардың пайымынша, елiмiзде тұңғыш рет ашылғалы отырған Академияның боксшыларымыз үшiн пайдасы орасан зор болмақ. Онда бапкерлер бiлiктiлiгiн көтеріп,спортшыларымыз шеберлiгiн арттырады. Т. Құлыбаевтың пікірінше, осы жобаның жүзеге асуы отандық боксымызды жаңа деңгейге көтеріп, келешектегі табыстарымыздың іргетас бола алады.

Қазақ боксы жайлы сөз қозғағанда «Астана арландары» кәсіпқой командасы жайлы айтпасқа болмас. Қазақстан бокс федерациясының тікелей қолдауымен 2010 жылы құрылған клуб Бүкіләлемдік бокс сериясы шеңберінде Қазақстанның абыройын асқақтатты. Олар Азия тобындағы жекпе-жектерінде «Баку оттары» клубына ғана есе жібергенімен, қарымта кездесуде оларды 5-0 есебімен ұтты. Сөйтіп басқа жекпе-жектерін ұтқанының арқасында ақтық сынға екінші орын алған  клубтар арасындағы ең мықтысы ретінде өтті. Жартылай финалда Лос Анжелес мотадорларын жеңіп финалға шықты. Ал Қытайда өткен финалда 4-6 есебімен «Біріккен Париж» клубына есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Қазақстан бокс федерациясының басшылығы «Астана арландарына» алдағы маусымда тек бірінші орын алу міндетін қойып отыр.

Айтқали БАЛҒАБАЙ

3 Comments

  1. Қазақстанда боксты дамытып, боксшыларымызды баптап, ерекше көңіл бөлсек, бокстың жанданатыны сөссіз. Қазақстандағы бокстың тізгінін мықтының мықтысы ұстаса ғана көтеріледі. Жастарды бокске баптау керек.

  2. Өте-мөте дұрыс айтасыз Гулечка. Қазақ баксын дамыту үшін ауылдағы қарадомалақтарды кәзірден бастап тәрбиелеу керек.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қош бол “Тайлақ”

Қалың қазаққа танымал азамат, “Тақиялы періште” фильмінде басты рөлді сомдаған актер , Алматы облысының Құрметті азаматы,