////

«Астана арландарының» болашағы қандай?

1163 рет қаралды

Өткен маусымда ақтық сында сүрінгені үшін «Астана арландарын» жерден алып, жерге салып жазғырған едік. Қайта сол кездегіміз тәубе екен. Алдарына тек чем­пион­дық мақсатты қойып отырған боксшыларымыз жаңа мау­сым­ды тіптен сәтсіз бастады. Алдымен АҚШ-та «Лос Анджелес жауынгерле­рінен» жеңілген жерлестері­міз бұл жолы Италияда «Ми­лан най­зағайынан» оңбай таяқ жеді.

Естеріңізге сала кетейік, WSB бокс се­рия­сының бірінші турында АҚШ бокс­шыларынан 2:3 есебімен жеңілгенбіз. Бірақ жеңілістерін мойындамаған коман­да­мыздың атқамінерлері Халықаралық бокс сериясының басшыларына шағым жасаған. Атап айтқанда, Хабибулла Ахунов пен Досжан Оспановқа жеңіс берулерін сұрады. Алайда WSB арнайы комиссиясы қазақстандықтардың өтініштерін қанағат­тандырған жоқ. «Арнайы комиссия біздің өтінішімізді қараған да жоқ. Бұл мәселені WSB-дің келесі конгресінде көтермесем болмайды», – деп ызалана айтты «Астана арландарының» бас ди­ректоры Болат Манкенов.

Бұл жеңіліс жігіттерге сабақ болған шы­ғар деп ойлағанбыз. «Милан найзаға­йы» командасының әлеуеті зор екенін білсек те, боксшыларымыздың жерге қаратпайтыны­на сенімді едік. Оның үстіне, Алжирден ат арқа­латып, қара құрлықтың қаһарманда­рының біріне баланған Абделхафид Беншбаланы алдырдық. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын бұл боксшы WSB-дің өткен маусымында жеңімпаз атанып, Лондон Олимпиадасына берілер жолдаманы жеңіп алған болатын. Жерінде жалғызсырамасын деп, аса ауыр салмақтағы отандасы Шуаиб Болодинатсты да жанына серік еттік. Шынын айтсақ, бұл боксшылардың Қазақстанға келгеніне қуанбасақ, өкінген жоқпыз. Өйткені бұл салмақтар былтыр, шынымен де, бапкер­лер кеңесінің бас ауруына айналған бола­тын. Енді «арландарымызды» ешкім тоқтата алмастай көрінген. Ерте қуаныппыз. Италияға қонаққа барған бес боксшымыз да жерге қарап қайтты.

Болат Манкенов, «Астана арландары» командасының бас директоры:

– Енді 9 желтоқсанда Астанада Мәс­кеудің «Динамосын» қабылдаймыз. Осы айқаста жеңбесек болмайды. Ал «Милан найзағайларымен» қарымта айқасты келесі жылы ақпанның 3-і күні Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткіземіз. Егер «Балуан Шолақ» бос болса, онда 17 ақпан күні «Мумбай жойғыштарына қарсы өтетін жекпе-жек кешін де осы спорт кешенінде ұйымдастырамыз.

«Милан найзағайлары» (Италия) – «Астана арландары» (Қазақстан) – 5:0

50-54 келі: Винченцо Пикарди – Данияр Тоқбаев – 3:0

57-61 келі: Доменико Валентино – Ержан Мусафиров – 3:0

68-73 келі: Сергей Деревяченко – Хуссан Байматов — +- (нокаут, 2 раунд)

80-85 келі: Людовик Грюгге – Абделхафид Бенчбала – +- (нокаут, 2 раунд)

91+ келі: Клементе Руссо – Досжан Оспанов – 3:0

Ақталу керек болды ма, әлде расымен де, көздегендері осы болды ма екен, әйтеуір «Астана арландары» командасы­ның бас директоры Болат Манкенов бұл жеңілісті тактикалық қадам деп түсіндірді.

– Италиялықтардың өз жерінде қалайда жеңіске жетуге тырысатындық­та­рын түсіндік. Олар бізге қарсы өздерінің ең мықты боксшыларын шығарды. Біз, кері­сін­ше, арландарымызға демалыс беріп, бөл­тіріктерімізге мүмкіндік жасадық. Бірақ бұ­ғаналары қатпаған бөлтіріктеріміз найза­ғайдың жарқылынан шошып кеткен сияқты. Әлбетте, 0:5 есебіне қуанып отыр­ған жоқпыз. Жалпы, қасқырлардың жолы ауыр ғой. Олар жемтігін азуына түсіру үшін біраз қиындықтан өтеді. Біздегі жігіттердің де жолы сондай болатын түрі бар. Ширек финалға дейін әлі жеті жекпе-жек кешін өткіземіз. Біз италиялықтардың әлсіз тұста­рын зерттеп білдік. Енді осы мәліметтерді қарымта айқаста қару ретінде қолданамыз, – депті журналистерге берген сұхбатында команданың бас директоры.

Шынын айтсақ, Апеннин түбегіне үздік боксшыларымыз аттанғандай көрінген. Өткен маусымның жекелей сынында фи­нал­ға дейін жет­­кен Ержан Му­са­фиров, Азия чемпионы Досжан Оспанов, тіпті әлгі Аб­делхафидтің өзі де Милан төрінде жұдырықтасты. Қарап тұрсақ, тек Ержан ғана шаршы алаң иесіне лайық­ты қарсы­лық көр­­сете алыпты. АІВА рей­тингінде украи­налық Василий Ло­маченкодан ке­йін­гі екінші орында тұрған атақты До­ме­ни­ко Валентино­мен жұдырықтас­қан жер­лесіміз ал­ғашқы раундтарда ұпай жоғалт­қаны­мен, соңына қарай көсілген. Жекпе-жек тағы екі раунд­қа созылғанда, Ва­лен­ти­ноны жеңіп те кетер еді. Ал ел сенген Бен­ч­ба­ла екінші раунд­та-ақ жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болған.

– Өте өкінішті жеңіліс болды. Шәкір­тіміздің сәтсіз өнер көрсетуіне аяқкиімі кесірін тигізді. Командаға жақында ғана келгенімен, біз оны барлық жабдықпен қам­тамасыз етіп қойғанбыз. Бірақ Абдел­хафид былтыр өзіне чемпиондық атақты алып берген аяқкиіммен өнер көрсетуге шешім қабылдады. Өте тайғақ аяқкиім екен. Қолайсыздық туғызды. Негізі, төре­шінің Бенчбаланы жазалап, шар­шы алаңға шығармай қоюына да құқы болған. Дегенмен біз онымен сөйлестік. Алдағы уақытта мұндай қателікке жол бермейтін болды. Ержан мен Даниярға да сен­генбіз. Осы үштік жеңіске тырысар деп үміт­тенгенбіз. Бірақ Мусафиров Валентино­дан тактикалық тұрғыда жеңіліп қалған сияқты, – деді Болат Тоқтарұлы.

Иә, «Астана арландарына» енді желпін­бесе болмайды. Қарсыластарымыз оңай шағылар жаңғақ емес, бірақ «ширек финалға әр топтан төрт командадан шыға­ды екен» деп жеңіле беруге де болмайды. Жанкүйерлерін жоғалтып алуы мүмкін. Оның үстіне, жеңіліске еттері үйреніп қал­ған боксшыларды шешуші сәтте қайрап, бабына келтіру де оңай болмас. Ал командамыз биыл чемпион атана алмаса, қазақ боксының қазіргі басшысы Тимур Құлыбаев өткен жолғыдай кешіре қоймас. Бұл жайында Тимур Асқарұлы маусым ба­сында ескерту де жасаған. Егер осы мау­сымда «арландар» жеңімпаз атанбаса, он­да команданы тарқатып жіберуі де ға­жап емес. Сондықтан білекті түрінер кез кел­ді.

Қазақ боксына «Астана арландары» керек пе?

Амалбек Тшан, Алматы қалалық әуесқой бокс федерациясының президенті:

– Әрбір нәрсенің өз мақсаты болады ғой. Ал бұл жобаның нені көздейтінін түсіне алмай-ақ қойдым. Боксшылары не кәсіпқой, не әуесқой бокста да түк бітіре алмайды. Құр төбелеске бағытталған жоба сияқты. Былтыр осы командада біздің де екі-үш жігітіміз өнер көрсеткен. Солар биыл бізге қайта оралды. Бұрынғы әдістердің барлығын ұмытып қалған. Жұдырықтаса алмай қалған ба дейсің. Қалыптарына келтіру үшін екі-үш айымызды жұмсадық. Сондықтан бұл жобаның ешқандай болашағы жоқ. Шығынды көп талап етеді. Мұндағы жігіттер кәсіпқой боксшы болып жарытпайды. Одан осы клубқа бөлінген қаржыны әуесқой боксқа бөлген жөн. Оның үстіне, былтыр бәсекелестік аз кезде чемпион бола алмаған ұжым биыл топ жарады дегенге сене алмаймын. 

Әлімбек Балмағамбетов,  Ақтөбе облыстық әуесқой бокс федерациясының вице-президенті:

– Былтыр «Астана арландарына» қы­руар қаржы жұмсалды. Нәтижесі қайсы? Бар болғаны бір-ақ лицензия. Егер осы клуб­қа жұмсалған қаржыны әуесқой бокс­қа аударып, оның ішінде 21 жасқа дейін­гілерге көңіл бөліп, солардың арасында біріншілік ұйымдастырсақ, болашақ чемпиондарымызды сақтап қалар едік. Әйтпесе көптеген жастарымыз жағдайдың жасалмағанынан басқа салаларға ауысып кетіп жатыр. Көз алдымызда дарындар жоғалып жатқанда ішің қалай ашымайды? Ал «Астана арландары» жай ғана ақшаны жұ­тып жатыр. Негізі, боксы дамыған Украи­на сияқты елдер кезінде бұл жобадан бас тарт­қан. Бұл жобаның шығыны көп, нәти­же­сі шамалы екенін олар жақсы түсінді.

Марат Жакеев, әуесқой бокстан Маңғыстау облысының аға бапкері:

– Таяқтың екі ұшы болады ғой. Егер өз шәкіртім сол клубта өнер көрсетсе, мен «бұл команда керек» дер едім. Дегенмен қиын­дықтарға қарамастан, команданы бұдан әрі де сақтаған дұрыс болар. Қазақ жігіттеріне жұмыс тауып беріп отыр. Бұл бокс жүйесінде де әлем чемпиондары анық­­талып жатыр. Олимпиада жолдамала­ры да сарапқа салынуда. Қазақ жігіті де бір лицензияны қалтасына салды. Осындай­лар­ды көре тұра, қалайша «Астана арлан­дары» бізге қажет емес» деп айта аламыз. Ақша жетіп жатса, неліктен мұндай коман­даны да қатар алып жүрмеске?!

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

“Алаш айнасы”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері