//

Н. Назарбаев: Қазақстанда орыс тілінің мәртебесіне нұқсан келтірілмейді

893 рет қаралды
6

Бүгін, яғни қаңтардың 27-сінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жасады. Жолдау әдеттегідей 50 минутқа созылды. Кіріспе сөзін қазақша бастаған Елбасы 5 минуттан соң сөзін жылдағы әдетімен орыс тілінде жалғастырды. Биылғы Жолдау «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталды.

БАСТЫ МАҚСАТ -ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ӘР ТАРАПТАНДЫРУ

Дегенмен жылдағымен салыстырғанда, биыл қазақшасы бірер минутқа артық болған Жолдауда Қазақстанның алдағы бүкіләлемдік дағдарысқа дайындық, биыл атқарылуы тиіс әлеуметтік-экономикалық және саяси бағыттағы маңызды міндеттерге тоқталды. Президент Жолдауында әлеуметтік жобаларға басым бағыт берілген. Елбасы Үкіметке «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын 1 шілдеге дейін дайындап, қабылдауды тапсырды. Оған сәйкес, 1 миллион шаршы метр жалдық тұрғын үйлер салынбақ. Бұл пәтерлер жас отбасылар мен басқа да азаматтарға қолжетімді бағамен жалға берілетін болады, мүмкіндігі барларға біртіндеп жекешелендіріп алуға жағдай жасалады.  Елбасының айтуынша 500 мыңдай жасты тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар,  Президент Үкіметке Қазақстан халқын жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын биылдан бастап жүзеге асыруды жүктеді. 2020 жылға дейін 1,5 миллион адамды жұмысқа тұрғызу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарына шағын несиелер беру, қаладағыларды жаңа мамандықтарға оқытып, мамандандыру арқылы мәселені оңтайлы шешуге болатынын айтты. Елбасы Жолдауда еліміздің барлық өңірлерін дамыту жайына мән берді. Аймақтарда жаңа зауыттар, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік нысандар салынуы тиіс, – деді Президент. Президент ел экономикасын нығайта түсетін жаңа ірі жобалардың маңыздылығына тоқталды. Елбасы үкіметке биыл Оңтүстік өңірлерді электр энергиясымен қамтамасыз ететін Балқаш жылу электр станциясының 1-ші модулын іске қосуды, Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысын бастауды, Атырауда пропилен өндіретін газ химия кешенін жолға қоюды, Жамбыл өңірінде минералды тыңайтқыштар өндірісін қамтасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, Президент биыл Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолы жобасы аяқталып, Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл темір жол желілерін іске қосылатынын атап өтті. Президент алмағайып заманда ел экономикасын көркейту мақсатында жекеменшік компанияларға өтіп кеткен нысандардың ел қазынасына біртіндеп қайта бастағандығын да айтып өтті.

​​- Бұрын сатылған активтердің едәуір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRС, «Қазақмыс» компаниялары басым активтері мемлекет иелігінде болады. Бұған дейін Қазақстан Қарашығанақ консорциумының 10 пайыз акция үлесіне ие болған. Ал “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры “Қазақмыс” акциясының 11 пайызын сатып алған болатын. Кезінде мен «мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазір жекешелендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз» деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылуда. Барлық акциялардың пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз. Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды. Дегенмен, біз күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда өмір сүрудеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 
ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ АЯҚТАЛДЫ

Сонымен қатар, бүгіннен бастап Жаңаөзендегі төтенше жағдай   аяқталып, онда қалыпты өмір басталмақ.

Қазақстан президенті жолдауында «Жаңаөзен – өндірістің бір ғана саласын тірек еткен қала» дей келіп:

– Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін екенін көрсетті. Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуалды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болды. Өздеріңіз оны білесіздер. Қазіргі уақытта ондағы ахуал қалыпты арнасына түсті. Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Бұл олардың мемлекет саясатын толық қолдайтынын көрсетеді. Сондықтан мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай режимін бұдан ары созбау жөнінде шешім қабылдадым. Алайда бұл оқиғадан біз тиісті түйін жасалып, одан сабақ алуымыз керек, – деді.

КӨРШІМЕН ТАТУ БОЛУ ҮШІН, ОРЫС ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІН САҚТАУ КЕРЕК

Қазақстандағы тілдік ахуалды сөз еткен Президент қазақ тілін дамыту орыс тілінің мәртебесіне нұқсан келтірмеуі тиіс деді.

«Конституцияда айтылғандай Мемлекеттік тіл – қазақ тілі.  Сонымен қатар, Конституцияда қазақ тілімен бірдей дәрежеде мемлекеттік органдарда ресми түрде орыс тілі қолданылады делінген. Біздің Конституцияның бұл нормаларын өзгертуге ешкімнің құқы жоқ. Мемлекеттік тілдің жоспарлы дамуы орыс тілінің дәрежесіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы үшін не керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі сыртқы саясаты – көршілермен тату болуымыз керек. Онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады”,  – деді ол.
Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Қазақстанда қазақ тілін дамыта алмай жатып, орыс тіліне нұқсан келтірмеу бізге қарап қалыппа???Жетіскен екенбіз, оданда Қазақстанда қазақ тіліне нұқсан келтірмейміз десе, ақылға сыйымдырақ болмайма деген ой ғой!?

  2. Әсел, дұрыс айтасың, өзінің басындағы қиыншылыққа қарамай өзгенің жыртысын жыртқаным не? баяғы жасқаншақтық пен биліктегі бесеудің күйін күйттеу. Тұрсынбек Кәкішов ағамыз үнділердің күйін кешіп қалмайық деп ескертіп еді. миллиярдқа жуық үндістерді ағылшын тілді бесеу билеп төстеп отырған көрінеді. билік бір жақта халық бір жақта. бізде сол болып тұрмыз ғой. Өкіметтің сөзін қара халқы ұқпайды. Әй, бас түзелмей бәрі бос сөз болар.

  3. Әркім өзінен бастау керек! Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді сақтап қалу “мен қазақпын” деген әрбір азаматтың қолында! Мен үшін қашанда туған тілімнің мәртебесі биік!

  4. Кеңес үкіметінде орыстан білім алып, орыстың қосын жеккендер билік құрып тұрған заманда қазақ тілінің болашағы қашанда бұлыңғыр. Енді Болашақ бағдарламасын бітіріп келген, бойында түк ұлттық иісі жоқ, тексіз, қор болған әжуалар – ағылшын тілі – Қазақстанның бірінші тілі болуы керек деп, оларданда зор болып жүрмесін.

  5. Министрлікте жұмыс жасағаныма 7 жылға жуық уақыт болыпты, осы аралықта басқа мемлекеттік мекемелерден келісуге жолданған стратегиялық құжаттардың бірден-бірі бірінші болып қазақ тілінде жолданбапты. Министрліктегі құжат міндетті түрде орыс тілінде дайындалады, содан кейін қазақ тіліне аударылады (керек болса). Бұл орайда Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Парламент Мәжілісі мен Парламент Сенатына мың алғыс айтқым келеді.

  6. себебі осы мемлекеттік мекемелер ғана құжаттың қазақ тіліндегі нұсқасын талап етеді

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі