///

Алты Алаштың айызы қанған айтыс

1174 рет қаралды
4

11- 12-ші ақпан күндері Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында «Қонаевтай ер қайда» атты республикалық ақындар айтысы болып өтті. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған 18 саңлақ ақын халық алдында жеребе тарту арқылы өз жұптарын анықтады. «Қол бастаудан, сөз бастау қиын» демекші, ақындардың алғашқы жұбы Мейірбек Сұлтанхан мен Айнұр Тұрсынбаеваға бұйырды. Салған жерден салмақты ой айта білген Мейірбек көрерменнің назарын өзіне аударып, тереңнен термелей жөнелді. Түйдек-түйдек жырларды төкпелеп, халықты қайта-қайта қол соқтырды: «Есігіңнен табылды Алтын адам, Төріңде не жатқанын Құдай білсін» немесе « Шындық іздеп тапқаннан бұл заманда, Шыңғысханның моласын тапқан оңай» деп төкпеледі. Қашанда әріптесін оңтайлы тұсына келгенде оңдырмай соққылайтын Айнұр да есесін жібере қоймады: «Дүние қуып қайтесің, Дінмұхаммедтің тойында» немесе «Ақ Орда жаққа естіртіп, шапалақ ұршы маған да» деп жауап қайтарды.

Ақындардың екінші жұбы Аманжол Әлтаевпен Дидар Қамиевтен көрермен әлдеқандай тосын айтыс күтіп еді, нысанадан мүлт кетті. Бірін-бірі сыбай қамшылап, шылдырмақпен сәби баланы алдағандай халықты алдарқатты.

Бекарыс пен Төреғалидың сөз сайысында айызың қанатын айтулы айтыс деу де қиын шығар. Таптаурын тақырыптан шиырлап шыға алмады. Әсіресе айтысқа жаңа «стиль» ала келген Төреғали қайта-қайта эстрадалық әуенге басып, ел назарын жеңіл күлкіге аударуға әуестенді. Тек сөз арасында: «Ажарыңды кіргізген қайран мұнай, Ажалыңның боп қалды себепкері» немесе «Себебі бүгінгі айтыс жақсы өтеді, Мырзатай жоқ қазылар алқасында» деген бірер ауыз іліп алар ойлары болмаса. Ал, Бекарыстың: «Соры қалың халықтың үкіметінің, Беті қалың болады екі бастан» немесе «Шындық қашан халыққа жетіп еді, Жаңғырығып тұрады дәл осындай» деген сынды орып түсірер өткір сөз-сөйлемдерін атап айтуға тиіспіз. Аталмыш доданың басты кемістігі екеуара ұстасып сөз қуалап айтудан гөрі, өз бетінше шапқылап, көмбеге бұрын жетіп, келесі айналымға өтуге барын салды.

Ел есінде қалған жақсы айтыстардың бірі – Жандарбек Бұлғақов пен Сара Тоқтамысованың сөз барымтасы болды. Сахнаға шыға салып Сараның шымбайына тиіп, шаға сөйлеген Жандарбек те тиеселі сыбағасын алып отырды. Халық қол соққан сайын арқаланған қос ақын, елді қыран-топан күлкіге бөктірді. Жандарбектің: «Бейіттерін жасырып мұнайшының, Бейбітпіз деп әлемді таңдандырдық» немесе «Қабағыңды түйіп ап неге келдің, Балық аулай алмасаң суды лайлап» деген ұтымды сөздері жадымызда қалды.

Ақмарал Ілеубаевамен Серікзат Дүйсенғазинның айтысында қол соғып құптайтындай биік өре бола қоймады. Оған дейінгі ақындардың айта-айта жағы талған Жаңаөзенді, парламент сайлауын, Дінмұхаммедтің халыққа қырық қала тұрғызғанын жалаң сөзбен сарнатып айта жөнелді. Бір-біріне қарайлап, үзеңгі қағыстырып, сөз таластыруды ұмыт қалдырды. Тек соңында Серікзаттың:

«Желтоқсанды Колбиннен көріп едің,

Жаңаөзеннің залалын кімнен көрем?!

Қазақтай қайсар халық аман болсын,

Сағы сынып жатса да сыр бермеген»

Осы бір өлең жолдары ғана халықты ұйқысынан оятқандай болды.

Ақындардың алтыншы жұбы – Бауыржан Қалиолла мен Балғынбек Имашов еді.

«Батыстың ала келдім ақ боранын,

Ал, халқым қабылдаңдар ауыздықпен.

Алысқан Махамбеттің ақ табанын…» деп тебіндеп бастаған Бауыржан ашылып та, ашынып та айтты. Көмейінде бүлкілдеген шындықтың зарлы запыранын ақтарды. Жаңаөзеннің қанды қырғынан басталған ащы толғау, Ақ Орданың белдеуіне ат басын тіреді. Әкім-қаралардан тартып, су жаңа депутаттарға дейін жырының жасынымен жон арқасынан таспа тілді. Залдан ауық-ауық айғай көтеріліп, күркіреген күндей дүркіреп қол соғылды. Балғынбек те әріптесін қолтығынан көтеріп, сара жолға салып беріп отырды.

Иранғайып Күзембаев пен Әлібек Серғалиевтың айтысын төрт аяғын тік басқан жарамды айтыс деу қиын болар, сөз арасында Әлібектің:

«Көріңде әкең жатқан қазақ жері,

Көрінгеннің төсегі болмау керек.

Еңкейгенге шамамыз келмей жатыр,

Елу елді не істейміз Алла білед» деген айтыс жолдарына зал толы халық қол соғып жатты.

Серік Қалиев пен Мұхтар Ниязовтың сөз тартысы елді елең еткізе қоймады. Алдыңғы жеті жұп ақынға зер салып, тынбай қол соққан халық, сәл шаршаңқырады ма, екі ақынның таласына сәл пәстеу қарады. Бір кездері қарсыласын шаң қаптырған Мұхтардың бағы жанбады ма, бабы келмеді ме аяғына жем түскен тұлпардай кібіртіктеп, шабысынан жаңыла берді.

Ақындардың соңғы жұбы Еркебұлан Қайназаров пен Қайнар Алакөзов халықты қайта елең еткізді. Әсіресе аяқасты суырып салып, тосын ой айта білген Қайнарға көрерменнің ықыласы бірден ауды: «Әйтпесе біздің айтыс сайлау емес, Өткізе салатұғын халықсыз-ақ» немесе «Өлтіріп ұлтыңды нан жегенше, Толтырып уысыңды топырақ же», осы жолдарды айтқанда халық әлдененің ақиқатын аңғарғандай, миығынан жымиды.

Алғашқы айтыста қарсыласынан басым түсіп, сұр дөнендей суырылып шыққан бес жұп ақын келесі күні аламанның көркін асырды. Тағы да ел алдында бірінші болып әріптес болған Жандарбек Бұлғақов пен Әлібек Серғалиев. Жасыратын несі бар, Әлібектың кешегі жер тарпыған арыны басылып, меселі қайтқан. Ауызынан сөзі түсіп, айтқанынан жаңылып, абдырай бастады. Есесіне азулы Жандарбек әріптесін соққының астына алды. Мысалы: «Ар жазасы қиын ғой бар жазадан, Қызыл тіл айтарыңды нақты айтып өл» немесе

«Сайлауға бармасада біздің халық,

Жиналды айтысына Димекеңнің.

Осыдан көрініп тұр Димекеңнің,

Жүз жеті депутаттан сыйлы екенін.»

Астана қаласын айта келіп: «Сұлулықтың қаласын емес олар, Ақиқаттың моласын салып жатыр.»

Жандарбектің жырлары кімнің болса да айызын қандырып, ел алқауына бөленді.

Төреғали Төреәлі мен Бауыржан Қалиолла айтысты. Ақындарымыз бірінші күні қаптың түбін қағып, барын сарқып айтып тастады ма, бұл жолы қолтығын жазып, көссіліп шапқандары санаулы болды. Бауыржан да жорғасынан жаңылып, оппозициялық құлаш-құлаш толғауларын айтып уақытын өлтірді. Төреғали да сан алуан әуенге басып, қара терге түсті.

Ақындардың үшінші жұбы Сара Тоқтамысова мен Қайнар Алакөзов болды. Біздің бағамдауымызша бұл айтыс Қайнардың оң жамбасына келе қоймады. Шамшыл Сара өршіл мінез көрсетіп, Қайнарды жырымен іреп-сойды.

Серік Қалиев пен Аманжол Әлтаевтың айтысы аса бір жаңалық жаратпады. Екеуара шиеленісті тартыс та туындамады. Көрерменін қожыратып, жалықтырыңқыратып жіберді.

Соңғы жұп Бекарыс Шойбеков пен Айнұр Тұрсынбаеваның айтысы. Нағыз сөз додасы болды. Екеуі де табан асты суырып салып, шаппа-шап сөз ұстасып, естігеннің құлақ құрышын қандырды. Жартылай финалға лайық деп табылға екі жұп ақынның алғашқысы Жандарбек пен Айнұр майдандасты. Қазақы қалжыңға құрылған жақсы айтыс жасады. Тұшымды ой түйіп, татымды өлең айтты. Бұл жолы Жандарбектің бағы жанып, ақтық сынға жолдама алды.

Аманжол Әлтаев пен Бауыржан Қалиолланың теке-тіресін ағалы-інілік ізет десе де болады. Асып-тасып ештеңені қозғаған жоқ. Екі күн бойы залда жаңғырған ойлардың басын шалып, шаңын қақты.

Сонымен ақтық сында Жандарбек Бұлғақов пен Аманжол Әлтаев жолықты. Ақтық айтыс «аш күзендей бүгіліп, жолбарыстай жүгіріп» беттен алып, төске шапқан шиеленісті болмады. Қос ақын да жүлдеден гөрі сыйластықты басты мақсат етіп айтысты.

Екі күнге созылған, Алашқа сауын айтқызған айтыстың жүлдесі Аманжол Әлтаевқа, екінші орыны Жандарбек Бұлғақов еншілесе, үшінші орын Айнұр Тұрсынбаеваға бұйырды. Ал, төртінші орын Бауыржан Қалиолланың қанжығасына байланды.

Қорыта айтқанда, «біткен іске мінші көп» демекші, Димекеңнің жүз жылдық мерейтойына арналған айтысты мінеп-сынайтындар да табылар. Қалай болмасын қазақтың бір қатар атымтай жомарт азаматтары қалтасынан қомақты қаражат бөліп, биліктің пәрменінсіз айтыс ұйымдастырылса, ақындарымыз елдің, жердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаса неге қуанбасқа?!

Жақсылық ТӨРЕ-ЖИЕНІ

Сурет: baq.kz

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Қашаннан сарай ақыны ретінде аты белгілі – Аманжол бас жүлдені қанжығалапты. Осыдан-ақ оның қандай деңгейде өткенін білуге болады

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі