///

Балуан Шолақтағы «үнді киносы»

1550 рет қаралды
2

 Мәскеуліктер «Арландарымызды» аямады өткен жолы. «Динамо» бізді 5:0 есебімен жеңген болатын. Соған қарамастан боксшыларымыз плей-оффқа жолдама алып қойған, алдын ала. Бүгін «Mumbai Fighters» қонаққа келді. Жергілікті боксерлар Индиядан келген әріптестерінің көңілінде қаяу қалтырып, еліне жабырқаңқы күйде аттандырды.

«Астана Арланстың» кездесулерін үзбей тамашаласаң еріксіз КСРО кезіндегі «Қайратты» еске аласың. Алматының «Қайраты» белді клубтарға көбінде сырт алаңда жеңіліп қалатын да, өз үйінде қарсыласын бас көтертпей голдарды қарша борататын. «Арландар» да сол дәстүрмен келеді ме, қалай? Жігіттеріміз өз алаңында тамаша белдесіп сырт алаңда есеп жібереді… Не болса да бүгінгі кездесу жанкүйер көңілінен шыққан болса керек. 4:1 деген есеп айқын жеңістің көрсеткіші. Бүгінгідей бокс үлгісіне шапалақ ұруды аяп қалған ұят болар!

Ең жеңіл салмақта (54 келі) үнді командасының украиналық боксшысы Иван Ильнитскийге қарсы Міржан Рахымжанов шықты. Биылғы маусымда қос боксшы да рингте қолғап түйістірмеген-тұғын. Ел алдында өнер көрсетуге шығып, жауапкершілікті молынан сезінген Міржан шаршы алаңда бірінші нөмірді ұстанды. Яғни, территориялық басымдылыққа ие боп, шабуылдауда бірінші болды. Алғашқы раундтта айқын басымдылықпен ешкім алға шыққан жоқ. Міржан ұрды, Иван жауап қайтарды. Бірақ қарсыласына қарағанда әлде қайда ширақ көрінген Міржанның мысы басып тұрды. Бес раундтық нәтиже 47:48 48:47 48:47 есебімен астаналықтың пайдасына шешілді.

61 келі салмақ дәрежесінде Самат Башенов пен филипиндік Чарли Суарез шықты. Қарсыластың дене бітімі Саматтікіне қарағанда әлде қайда мығым екен. Бұл бірден көзге түсті. Бірақ, дене әлеуеті бокста бірінші кезекте тұрмайды. Боксшы – ең алдымен мимен жұмыс істейді, ақылмен ұрады. Бапкер мұны терең ұғындырған болса керек Саматқа. Суарез жұдырық ала жүгіргенде байсалды Башенов сауатты «қарсы алып» отырды. Осы әдіспен біраз ұпай жинаған Саматқа тек соңына дейін лайықты қарсылықпен тұру ғана қалған. Суарез қанша талпынғанмен айлакер аппоненті түк істетпеді. Шабуылын байлады. Соңында екі төрешінің шешімі Саматтың еншісіне түсіп, астаналықтар 2:0 есебімен алға шықты.

Рустам Сыбаев пен Константин Сиигур арасындағы төбелес (жекпе-жек емес нағыз төбелес) шын мәнінде осы кештің келбетін келтірген кездесу болды. Израильдің шымыр денелі боксшысы алғашқы соққыларымен-ақ қарсыласына «мен көп шүйіркелеспейтіндердің қатарынанмын» дегенді аңғартқандай. Сиигурдың дыбыспен сүйемелденетін әр соққысы анық екен. Кәсіби тілмен айтқанда «жүйелі», «шыңдалған» соққы. Сыбаев әр соққыны денесімен қарсы алды. Русекемізде мінез бар екен, шүкір. Жерлесіміз жоян қарсыластың алдында абдырып қалмады. Реті келгенше лайықты жауап қайтарып сауатты қорғануға тырысқан Рустам қарсыласын сергелдеңге салды. Иә, ұпай бойынша Константин алда болды, бірақ ішкі қайсарлық жөнінен Сыбаев әлде қайда озып тұрды. Қызылорданың қайратты жігіті Сиигурға беріспей «сіресіп» тұрды. Сыбаевтың орнында басқа біреу болып, бірінші раундта қылжиып қалса ғажап болмас еді. Оңай ма 73 келограммдық соққы… Төртінші мен бесінші раундтағы ашық айқас спорт сарайында жиналған күллі жанкүйердің арқасын қоздырып жіберді. «Рустам, Рустам» деп айқайлаған тілектестер жерлесінен тек «накаут» талап етті. Әттең, бұл 15 раундқа созылатын кәсіби бәсеке емес. Константин Сиигур екі төрешінің шешімімен жеңіске жетті. Ал Рустам белгіленген бес раундты абыроймен өткізді.

Санақ бойынша төртінші жекпе-жекте, көпшіліктің сүйіктісі Абдельхафид Бенчаблаға қарсы үлкен ринге енді «тәй-тәй» басып келе жатқан, үндіс, Раул Кумар шықты. Атақты «Диско бишісі» киносының бас актерінен айнымайтын Раулдың төбелесінде де бидің элементтері кездескендей. Шынына келгенде, бала-баксердің әрекеттері сырт көзге күлкілі көрінді. Балуан Шолақтағы көрермен де Кумардың қимылына күліп қарық болды. Бенчабла екіпіндеп соқпай қарсыласының қимылдарын бақылаумен болды. Раул Кумардың бей-берекет қол сілтеуі еш нәтижесіз ауада сейіліп жатты. Бір сәтте ес-түссіз іске кірісіп кеткен үндіс ринг сыртына шыға жаздап қанатқа ілініп қалды. Мұндай да бокс болады екен-ау дейсің. Абдельхафидтің сасып қалуы өкінішті болды. Алжирлік «қазақ» алғашында қандай амал қолданарын білмей бас қатырды. Кей тұстарда қарсыласы құсап босқа қол сілтеп кеткені жасырын емес. Өйтіп қарсыластың деңгейіне түсуге болмайды. Нағыз шебер ондай «әртістерді» бір-екі-ақ соққымен «жалп» еткізу керек. Мәселен, Беншебланың орнында Сарсекбаев болғанда жекпе-жек 1 минуттан арыға созылмас еді деймін. Жә, мұндай сынды айту да артық шығар. Өйткені жекпе-жек соңынан қолды ауаға сермеген біздің боксшы болды.

Болодинатс Шуаиб есімді споршымызға қарсы Молдова өкілі Михаил Муантеан шықты. Шуаибтың алғашқы соққыларынан-ақ жеңімпаздың дымы сезілгендей. Қимылдары батыл, әрекеттері саналы. Спортшымыз, алайда, тым асықшаң екен. 2-ші раундта қарсыластың қолғабынан жарақат алуы да сол асығыстыңтың салдары. Әл жетіп тұрған қарсыласқа артық қоқаңдаудың» да қажеті керексіз. Одан да «ақырын жүріп, анық бас» деген қағидаға бағынып шабуылды берік қорғаныстан бастау керек па еді? Мүмкін, жарақаттанбаушы еді. Боксшымыз екінші раундтан кейін жөнделе бастады. Шуаибтің Муантеанға бағыттаған соққылары дәл тиіп молдовалықты істен шығарды. Бүкіл раундтар да бір сарында, «Астана Арланс» боксшысының басымдылығымен өтіп, жеңіспен аяқталды.

«Арландар» үшін топтық кезеңдегі соңғы кездесу үнді «киносындай» өтіп, жақсы аяқталды. Нағыз сын алаңдары алда күтіп тұр. Жерлестеріміз алдағы уақытта да бүгінгідей өнер көрсете ма екен?…

Олжас Нұразхан, арнайы “Балуан Шолақ” спорт сарайынан

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Тамаша тақырып, күлкіге көмді шынымен де нақ майданы үнділер.

  2. Озің мықтысың ғой Олжас! Өзіндік жаңалық әкелгендей болдың ғой!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!

Zeeeeeeeeeeeeeeevvvvvvvvvvssssssssssssssss жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар