//

«Joca bonito», Рауан!

1215 рет қаралды

Өзінің де таланттары толып жатқан мемлекет сырттан келгендерге мұқтаж болмайды, әдетте. Мұндайда легионердің «ойнап кетуі» екіталай жайт. Мысалға, қазір донецкілік «Металлургтың» бапкері болып жүрген Юрий Шишкинді келтіруге болады. Кеңес Одағынан шығып Бразилия чемпионатында ойнағандардың ең алғашқысы Шишкин болатын. Сонау шалғайда жатқан экзотикалық елде өнер көрсеткендердің тізімі тағы бір ойыншымен толықты, ол футболшының аты-жөні Рауан Сариев.

«Атлетико Минейро» секілді атақты клубпен Талдықорғанның «қара домалақ» жігіті қайтіп келісімшарт жасасты? Өткен күндердің бетін парақтап Рауанның алысқа кеткен жолына үңілсек. Ол да өз алдына қызық әңгіме. Осыдан екі жыл бұрын мемлекеттің қаржыландыруымен, дәл айтсақ, Президенттің жеке бұйрығымен, Қазақстанның чемпионы атанған бір топ өркендері Сан-Паулудың «Оле Бразил» мектебіне аттанады. Талдықорғандық «Жетісудың» түлегі Бразилияны бетке алған 25 ойыншының тізіміне ілінеді. Алда озық мектеп пен нағыз футбол ұстаханасы күтіп тұрды…

Оқушылар ұзақ мерзім бойы тәлім алып футболдың бүге-шүгесін меңгерумен күнелтті. Осы тұста Рауан Сариевтің алдында екі айрық жол тұрды. Қазақстанға оралуыңмен «Оқжетпес» яки «Ақжайық» секілді «жұлдызды» клубтардың бірі қағып әкетеді, күмән жоқ. Ал басқа жолды таңдасаң, шетел клубтарының назарына ілігу үшін еңбек етіп табжылмай жұмыс істеуің керек. Рауан болашағы жөніндегі шешімді өзі қабылдады. Бразилияның ыстық құмы мен жібектей жұмсақ ауасы Рауанның жанына жақын болды. Шыңдарға жетелеген ынта оны үздіктер қатарынан көріндірді. Еңбек еш уақытта да еленбей жерде қалмайды. Міне соған дәлел. Жоғарғы дивизион клубы «Атлетико Минейро» Рауанмен 3 жылдық келісімшарт жасауға ниет танытады. Алайда, Сариев бір жылдан кейін Еуропаға аттанбақ жоспармен 12 айлық келісімшартқа отырады. Жерлесіміз әзірше негізгі құрам сапында шығып көрген жоқ. Ол тек қосалқы құрамда ойнап жүр. Қазақтың он сегіз жасар баласы үкілеген арманын шүберекке түйіп, жұлдызының жарқылдар күнін күтуде.

Жоғарыда айтқандай, Бразилияның тіршілігі Рауанға ұнады. Шырайлы климат, жақсы жалақы (нақты көлемі айтылмаған), оттай ыстық латын қыздары мен терді бұрқ еткізер румба биі Сариевтің көңілінен шыққан болса керек. «Бразилияның қыздары естен тандырады, бірақ оларға көңіл бөлмеуді жөн көрем. Барлық уақытым жаттығуларға арналған. Бір нәрсені анық түсіндім: алдымен нәтижеге қол жеткізу керек, ал жеке өмірге уақыт кейін де табылар», – деді бұл жөнінде Рауан.

«Мұрынға су жетпей жүргенде» қыздар жайлы ойлау қайда? «Минейроның» кестесінде мүлдем бос уақыт жоқ, жексембіні есептемегенде. «7.00-де таңғы ас. Қайтып келіп 8.00-ге дейін ұйықтай тұрамын. 8.30-да жаттығу – 11.00-ге дейін. 12.00-де түскі тамақ. 14.00-де өз бетімізбен жаттығамыз, құмның үстінде жүгіреміз. Кешкі ас 17.00-де. 21.00-де – ланч». Дағдылыққа айналған күнделікті құбылыс осы. Оншақты мың шақырым жерден ат терлетіп, арманның ақ туын желбіретіп келген қазақ баласын ешқандай жаттығудың қиындығы бездіре алмасы анық. Отандасымыз жақында: «Бұ жердегілердің арасында Қазақстанды Жапониямен көршілес ел деп санайтындар бар», – деген еді. Енді Рауанның аты шықса біраз жанкүйердің көзі ашылып, географилық танымы артар. Лайым, солай болғай!

Шабуылшы ретінде Сариев өте мықты. Соққысы екпінді, шапшаң әрі жолан  жігіт. Өз елінің үздігі атану үшін бұл да жеткілікті болар еді. Алайда, ол не береді? Қазақстан біріншілігі Бразилиянікімен салыстыруға келеді ме?

Бразил футболы ең алдымен «joca bonito» деген сөз, португал тілінен аударғанда «көркем ойна» дегенді білдіреді. Қазақстанның футболы дәл осы қағидаға бағынып ойнайды дегенге сенбеймін. Біздікілерге допты әйтеуір алға тепсе болды. Әдемі пас беру, қорғаушыларды шыр айландыра алдау, құйтырқы соққы жасау, сайып келгенде көрермен үшін ойнау ғой… Қазақ футболшылары әзірше мұны түсіне қоймаған секілді. Рауанды отанда күтетін басты кедергі осы айырмашылығы болатын шығар.

 

«Атлетико Минейро» Сариевті еріккеннен сатып алған жоқ. Яғни Бразилия мамандары Рауанның бойынан шын мәнінде ерекше талант байқаған. Рауан ол елде ойнап кете алады ма? Жетісу өлкесінен шыққан қарапайым жігітті Латын Америкасының шоқ қыздары мен жағажайдың ыстық күні күйдіріп жібермес па екен? Бәрі уақыттың еншісінде. Не болса да «Қазақтар бразилиялықтар секілді ойнай алмайды» деген сөзге қарсы жауап  дайын. Жойқын жауабымыз – Рауан Сариев!

Тәржімалаған: Олжас НҰРАЗХАН

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар