/////

Қақпан және қақпаншылық өнері

5097 рет қаралды
3

Халқымыздың бағзы замандардан тартып, қақпан құрып, тор жаю арқылы түз тағыларын ұстап азық етіп, қолға үйретіп келгені мәлім. Қақпан сонау темір құралдар дәуірінен бастап пайда болған. Ол кезде мылтық тектес құралдар болмағандықтан, қақпан арқылы аң аулаған. Қақпан асыл болаттан соғылады. Қақпанның астыңғы дөңгелек шеңберін төсегі, шабатын екі жарты шеңберін қанды ауыз, екі жағындағы иіліп келетін серпу күшіне ие екі асыл темірді серпер дейді. Тиектейтін тиегі ағаштан жасалады. Қақпанды шынжыр арқылы жерге, ағаш тамырларына бекітеді. Қақпан мен шынжырдың қосылған жеріне айналсоқ орнатылады. Қақпанның астына топырақ түсірмей тосып тұратын құрым киізді жапқы деп атайды.

Ұлтымыз қақпанды аю қақпан, бұғы қақпан, қасқыр қақпан, теке қақпан, елік қақпан, суыр, борсық, сусар қақпан, қоян қақпан, қарға қақпан сияқты түрлерге бөледі. Аю, бұғы сияқтыларға құрылатын қақпанның қанды аузы ара дүзді, қос серперлі болса, елік, борсық сияқтыларға құрылатын қақпан қос серперлі, бірақ қанды аузы ара дүзді болмайды. Ал қарға, қояндарға құрылатын қақпан бір серперлі болады. Қырғауыл, елік, қоян сияқтылардың аяғын жараламай алу үшін кейде қақпанның қанды аузына киіз орап құратын да жағдай кездеседі.

Қақпан ауыз әдебиетіміз бен жазба әдебиетімізде үнемі кездеседі. Өйткені қазақ ит жүгіртіп, құс салатын, қақпан құрып, тор жаятын, дала табиғатымен бірге өсіп, біте қайнасқан халық. Қақпан құру шынжырлы құру және жер тиекті құру деп бөлінеді. Ұзын шынжырмен қақпанды жерге қазық арқылы немесе ағаш тамырларына бекіту арқылы құру шынжырлы құру деп аталады. Ал қақпанның астын 50 − 70 см қазу арқылы қысқа шынжырмен жер астына көлденең ағаш байлап құру жер тиек қақпан деп аталады. Мұнда киік қозғала алмай сол орында тұрады, киік жараланбайды, өлмейді. Кейде елікке тоқпақты қақпан құратын кездер де болады. Бұл қақпанға белгілі салмақтағы тоқпақты байлап қана қоятын әдыс. Мұнда елік тоқпақты сүйретіп, жақын аралықта жүре береді. Аштан арам өліп қалмайды, ұзаққа кете алмайды. Кейде тоқпақ ағашқа ілініп те қалады. Бұл қақпанды 10 шақты күнде бір рет көретіндердің құру әдысы. Әдетте қақпанды құрғаннан кейін 3 − 5 күнде бір рет аралап көріп тұрады. Аптасына немесе 10 күнде бір көретіндер де болады.

Қақпанды киік жолдарының аттама жеріне, секіріп түсетін жеріне, жалғыз аяқ жолдарына немесе тұз жалайтын жарларына құрады. Кейде жарларға тұз апарып шашып, киікті баурайтын жағдайлар да болады. Қасқырға қақпан құруда көбінесе саруына құрады. Айтулы аңшылардың қасқыр жортатын қыр жалдарға ши апарып орнатып, құмырысқаның илеулеріне сару жасау арқылы қасқыр алатын егей тәжірибелері де бар екен. Бұдан басқа да қасқырды баурау үшін жартастарға борсықтың майын жағып, соның жағалауына қақпан құратын әдыс болған.

Қорытып келгенде, халқымыз ұлы табиғатты жанындай аялаумен бірге, табиғаттың төл тумаларын да лайықты пайдалана білген. Оны аулау үшін қақпан, тор, ұра қазу сияқты әдістермен ағаш атқы жасаудай икемді амалдар қолданып, алал киіктердің етін азық етсе, басқа түз тағыларының терісін киім-кешек етіп пайдаланған. Аю төсеніш, ібіліс ішік, сусар ішік, құндыз бөрік, түлкі тұмақтар міне осы қақпаншылық өнері арқылы пайдаланғаны аян. Қақпаншылық өнері өзге ұлттарға ұқсамайтын өзіндік форма, өзіндік әдыс-амалдар қолданылатын мұрамыз.

Бүгінгі күні қақпан және қақпаншылық өнері ұмыт болып, қақпан жұрт арасынан жоғалуға беттеп барады. Сондықтан осы бір ұлттық өнер, ұлағатты мұрамыз қақпаншылықты көкірегімізден өшірмеуге тырысайық ағайын.

Дереккөз: kazakh.cntv.cn
Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Тамаша, бұл өнер жайлы тіптен дерек жоқ қазір. Өте жақсы. Рахмет сіздерген.

  2. “халқымыз ұлы табиғатты жанындай аялаумен бірге, табиғаттың төл тумаларын да лайықты пайдалана білген.” Өте орынды сөз. Негізі қазақтың қазақ болып тұруы көшпенділікпен және мал шаруашылығымен тіке байланысты. Сол өмірге қайта қайту керек.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар