///

Секен Иманасов: Кәкен мырза деген екен

1595 рет қаралды
4

Тағдыр бізге жерлестікті бұйыртыпты. Сондықтан шығар, кейіпкер ажары маған әудем жерден мәлім. Өзекті өлкенің жамағаты мен табиғаты кей-кейде атты да, мінезді де, стильді де тетелестіре, жұғыстыра түседі дейді. Сол байлам жөнге шықса, оның дәп  өзі сияқты ойда барды іркілмей айтып қалайын. «Ә» дегенде, Кәкен Қамзин мырза өктем жақтан шыбын ызың ете түссе, бүрісе қалатындар ұрығынан емес. Солқылдақтығын, майысқақтығын көрген емен. «Б» дегенде, сонау тоқырау алақанында желдеп жүргенде де, мына мазаң заманында  желқом түргенде де жатағанды  еш маңайлата қоймаған. «В» дегенде, өз орнын «конкретно» сезеді.   Сөзі мен ісі қанынан, генетикасынан тарайды. Орнықты. Озық. Азат. Биязы. Әзіл-қалжыңы қатпарлы. 

Секен Құсайынұлы

 

Қырғиқабақ соғыстың бәсі

Студент күндері Кәкен екі сабақтан азарда-безер болатын. Бірі – «Азаматтық қорғаныс», екіншісі – «Әскери дайындық». Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы жанталаса қарулану бәскесі қызып тұрған шақта бұл пәндердің түкірігі жерге түсе ме. «Азаматтық қорғанысты» жүргізетін отставкадағы полковник студентінен сынақ алып отырып:

– Атом бомбасы жарылғанда не істейсің? – деп әдеттегі сұрағын қояды. Сонда Кәкен:

– Екі табыт сатып аламын, – деп жауап беріпті. Мұндай оқыстықты күтпеген оқытушы:

– Е-е, неге екеу? – деп қалыпты.

– Біреуін – сізге, біреуін – өзіме, – деген екен екінші курстың студенті Кәкен Қамзин.

Италия қайда, біз қайда?  

Университеттегі оқудан кейін жұмысқа орналасу үшін Алматыға тіркеуге тұру керек. Қиналып жүрген Кәкенге атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев қол ұшын береді. Сол кездегі Комсомол көшесіндегі өз үйіне пропискаға отырғызады. Енді оны жуу рәсімі бар емес пе. Әнекең өзінің досы – Әнуар Әлімжановтің туған ағасы –  Қазақ радиосының дыбыс режиссері Абдолла   Қылышбаевты қосып алады. Жүре келе  «Қазақфильмнің» режиссері Абдолла Қарсақбаев ұшыраса кетеді. Жүргенге жөргем ілгеді демекші, тағы бір орамнан өте бере алдарынан  «Қазақтелефильмнің» режиссері Тұраш Ыбыраев шыға келеді. Сонда Кәкен ағаларына қарап:

– Енді Лукино Висконти  мен   Федерико Феллини  келмей   тұрғанда, тездетіп мына «Есік» ресторанына зып берейік, – депті.

Сүйемнен қарыс жақын

1973 жыл. Азия-Африка жазушыларының Алматыдағы Бесінші конференциясы. Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов оған үлкен мәжіліске арнайы шақыру билетін береді. Алдында ғана Азат Сүлеев, Төлеу Шаханов, Ермұрат Жармұхамедов сияқты сабаздармен түскі тояттан оралған Кәкен рахметтің орнына Әнуар Тұрлыбекұлына:

– Олжас Сүлейменовтің кітабына  алғысөз сүйкеп тастайсыз, Шоқан Әлімбаевқа пәтер алып бересіз, Мұқағали Мақатаевты       Мәскеуге Литинститутқа оқуға жібересіз, Мұрат Әуезовті Делиге ағылшын тілін үйренуге аттандырасыз, ал мына мені бір жапырақ қағазбен алдандырасыз, – деп базынасын айтып қалыпты.

Есек дәме

Кәкеннің Қазақ КСР Телевизия және радио хабары мемлекеттік комитетінде қызмет атқарып жүрген кезі. Бір күні басшылар оны  сол кездегі Целиноградқа іссапарға аттандырады. Оқиға оны аңди ма, әлде ол оқиғаның үстінен түсе ме, әйтеуір, сол уақытта қалада неміс автономиясының құрылуына қарсы бас көтеру бұрқ ете түседі. Сапардан оралған қызметкерді дереу комитет төрағасының орынбасары Әнуарбек Нәжімедденұлы Шманов шақырып, жағдаяттың егжей-тегжейіне қанығады да:

– Шерушілердің ортасында өзің болдың ба? – дейді.

– Қалай болмайын? Болдым. Соларға  қосылып,  айғайлатып,  ұрандатып  алаңды  үш  рет айналып шықтым. – Кәкеннің мынадай сөзіне іші қылп ете қалған Әнекең:

– Бұныңды менен басқа ешкім естімесін! – деп шыр-пыр болады.

– Әнеке, сізге сенгеннен кейін айтып отырмын. Алда-жалда жиырма бес жылға айдалып кетсем, артымда естелік жазар біреу қалар деген үміт қой. – деп Кәкен төмен қарайды.

Бір тәсіл екі құйысқа жарамайды                      

Қазақ КСР Мемтелерадиосының басшылығы Кәкенді қыс ішінде Қостанай облыстық телерадиокомитетінің жұмысын саралап келуге аттандырады. Іссапар алдында ол жақсы көретін ағасы,  «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сайын Мұратбековке сәлем бере кіріп шығады. Сәкең сол ауылдан бір жақсы очерк, не суреттеме ала келуін тапсырады. Жергілікті жігіттер оны Социалистік Еңбек Ері, асыл тұқымды мал заводының танымал шопанымен таныстырады. Мал иесі «иә» мен «жоқтың» арасындағы адам екен, қанша сүйрелесе де ашыла қоймайды. Жас журналистің есіне Әзілхан Нұршайықов ағасы айтып берген амал сап ете түседі де, қасындағы парторгті магазинге  жүгіртіп жібереді. Енді әне-міне жібиді деп үміттеніп отырған азаматы екі сипама стақан ақ арақтан кейін шалқасынан түседі. Сонда Кәкен былай деп гөй-гөйге басады:

– Социалистік Еңбек Ері, қарағым-ай,

Босқа кеткен екі бөтелке арағым-ай.

Алаш ардақтыларының ажалы                                                

Жас қаламгердің «Жазушы» баспасының проза бөліміне қызметке орналасқан кезі. Төлен Қаупынбаев, Берік Шаханов, Алдан Смайылов сынды белгілі жазушылар – бәрі бір бөлмеде отырады. Құмалаққа солай түсті ме, әлде басқа себептер болды ма, әйтеуір, оның қолына  Ғабит Мүсреповтің «Жат қолында» романының қолжазбасы тиеді. Бас редактор Мұхтар Мағауин көп созбауды, тездетіп өндіріске жіберуді мықтап тапсырады. Бір күні жұмыстың қызып жатқан шағында  баспа директоры Сайын Мұратбеков Ғабеңнің келіп кетсін деген сәлемін жеткізеді. Кәкеннің жүрегі зырқ ете қалады. Осының алдында ғана лито қызметкерлері шығармадағы Торғай және Семей алашордасы туралы беттерді алдыртып тастаған-ды. Ғабең «Космос» сигаретін будақтата отырып, ана тараушалардың қайда кеткенін сұрайды. Сонда Кәкен аспай-саспай:

– Ғабе, Алаш ардақтылары жат қолында опат болды, – дейді.

 Айдарынан жел ескен

Тоқсаныншы жылдары доцент Кәкен Қамзиннің  таңертеңгі сегіз жарымдағы сабағынан бірінші курстың бір  қызы күнде кешігеді. Ұстаздың алдын-ала келісілген қатаң тәртібі – бір минут қаза қылсаң, аудиторияға кірмейсің. Әлгі шәкірттің әдеттегі сылтауы – автобус   кептелісі, қоңырау сағатының шырылдамай қалуы. Күндердің күні әбден шыдамы таусылған оқытушы көпшілік көзінше сол ұйқылы-ояу сылқымға кесек ақша ұсынады. Ана шәкірті майысып:

– Ағай, мұны қайтемін? – дейді. Сонда Кәкен мырза оның әлем-жәлем макияжына қарап тұрып:

– Айналайын, осыған айдарынан жел ескен, дауысы зор өзіңе лайық бір әтеш сатып алшы, – дейді.

Әйел қойған мат

Кәкеннің  зайыбы Мәриям Әшімқызы Хакім Қостанай қаласында орыс мектебін бітірген, Алматыда журналистика факультетінің орыс бөлімін тауысқан білікті маман еді. Бірақ қазақ тіліне тым шорқақ болатын. Сонысын пайдаланып Кәкен оны ылғи қағытып, күлкі етіп отыратын. Соған жауап ретінде Мәриям марқұм сені қазақ тілінен оңдырмай бір сүріндірсем, осы мазағыңды қоясың ба деп шарт қояды. Бір күні екеуі «Целинный» кинотеатрына «Жыландар алқабының қарғысы» атты фильмді көруге барады. Оқиғаға орай басты кейіпкер талай тылсым бөгеттен өтеді. Ол жұмбақ белгі  кинода guman деп аталады. Оның мән-мағынасына жете алмай әбден басы қатқан мықтың зайыбына қарайды. Сонда Мәриям:

– Ол кәдімгі «күмән» емес пе, – дегенде, Кәкен санын бір-ақ соғады.       

Трайбализмнен аулақ

Журфакты  дүбілткен  белгілі  кикілжіңде  шәкірттерінің  нақ қасынан табылған филология ғылымдарының  докторы Кәкен Қамзинді бұрындары ірі қызметте болған бір жақын ағасы шақырып алып, қатты зекиді. Жасының үлкендігін арқаланып:

– Сенде осы бір шайнам мый жоқ. Тізгін табыстаған  ол  келіншек  қазақтың аса бір  аяулы қызы емес пе еді, әрі-беріден соң өзіңнің жақын қарындасың емес пе еді?! – деп   едәуір  жерге  апарып тастайды. Сонда Кәкең шолақтау мұрнын сипап қойып:

– Мен де солай деп жүргем. Енді  оның  бетін  аулақ қылсын. Сол   бикешіңіз  қазекеңе де, сізге  де, маған  да жуыс болмай шықты. Қылығын бақсам, соныңыз аумаған Владимир Жаботинский мен Бен Гурионның  қарындасы, – дейді.

Тіс пен тырнақ үндестігі

Профессор Кәкен Қамзин бір шұғыл мәселе бойынша «Түркістан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Жаңабек Шағатаймен ұялы телефонмен тілдеседі. Жаңабек тап қазір дантистен шыққанын, алты тісін санап бергенін, құлағалы тұрғанын, дұрыстап сөйлесуге мұршасы жоқтығын айтып ақталады. Сонда Кәкен:

– Азу  кетсе де, асыл тырнағың   аман болсын,   қасаң   билборд   қисайса да, жасаң патриот  тұғырдан таймасын, – деп жұбатады. Жаңабек ағасының бұл не қитұрқысы деп айран-асыр қалады. Арғы жақтан әзіл-шыны аралас:

– Классиктердің сөзі өлмесін. Бұл заман тырнақты мен тістінікі, – деген дауыс күмбірлейді.

Енді балықтың тілін үйрен

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, белгілі рунатанушы Аманқос Құлтанұлы Мектеп ертедегі түркі жазбаларының барлығы «рух», «ру», «ұрық» ұғымынан тарайтынын айтып та, жазып та жүр. Тіпті «отец» сөзі «от иесінен» шықты дейтін де сол. Ғалымның түркология саласындағы білімін одан әрі толықтыра түсу үшін оны университет басшылығы бір жылға Польшаға оқуға жібереді. Елді-жұртты әбден сағынған Аманқос келе салысымен аман-саулық білісу үшін Кәкенге телефон соғады. Әңгімеден әңгіме туындап, Кәкен шет ел мектебін көріп келген Аманқос Мектепке:

–  Иә, Речь Посполита суаттарына  шашып тастаған шығарсың? – дейді.

–  Не-не, түсінбей қалдым? – дейді пан Мектеп.

–   Түсінбедім де. Онда бұл сөздің төркінін балықтан сұра, – деп Кәкен трубканы қоя салады.

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Кәкен ағай журфактағы бірегей ұстаздардың бірі, ерекшесі!!! Сабағы өзгеше өтетін! Адамгершілігі де үлгі боларлық ұстаз!!! Аман болыңыз, ағай!!! АЛЛА сізге екі дүние бақытын берсін!!!

  2. Иә, Кәкен, Мұрат, Қойшыбек сынды ұстаздар журфактың қабырғасын ұстап тұр ғой.

  3. Бізге ол кісілерден дәріс алу бақыты бұйырса ғой…

  4. Кәкен ағай! Біздің ең сйікті ұстазымыз ғой.Жағымпаздықтықты жаны жек көретін кісі. Қазіргі кезде адам бойында кездесе бермейтін әділттілік пен парасатты, дарындылықтын нақты бейнесі. Кәкен ағайға журналистика факультетінің барша студенті ерекше мейірімділік пен қарап, жанындай жақсы көреді десем қате айтпас едім. Ұлғатты ұстаз, ең ең ең сүйікті ағатайымыз әрқашан күлімдеп жүре берсе ғой шіркін..

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар