//

Ашық хат

1127 рет қаралды
1

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы

  Б.Ә. Бекназаровқа
 Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
А.К.Дауылбаевқа

Түркістан (Қоқан) автономиялық республикасының төрағасы, Орта Азияда азаттық орнатуда ерен еңбек еткен ұлы күрескер Мұстафа Шоқайға байланысты Өскемен қаласындағы соттың шешімін қоғамда сыбайлас жемқорлыққа былыққан судьялардың істеп отырған фарсы деп қабылдауда.
Ешқандай нақты дерек көздеріне сүйенбей Данилевский, Макеев сияқты маргинал жорналшылардың М.Шоқай «фашистердің құйыршығы» деген жаласын қолдап отырған соттың шешімі НКВД-нің бұрынғы қызметкері Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуіндегі» оған жапқан жалаға негізделген.
Ал, Шоқай соғыс алдында «Прометей» жорналында «большевизм мен нацизмнің арасынан таңдау жасаған – ол оба мен холерны таңдағандай…» десе, оны фашистер тұтқындап концлагерледі аралағаннан кейін көргендерін хаттарында, «Сталин мен Гитлердің екеуі де қанішер», «… аш, жалаңаш, аурудан өліп жатқан қандастарымды көргенше өлгенім артық» … 22.12.1941жылғы өлерінен (фашистердің қолынан болуы мүмкін) бес күн бұрын жазған соңғы хатында, «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты данышпандарды тәрбиелеген халықтың тұтқындағыларды осындай қорлауын көре тұрып мен «Түркістан легионнын басқар» деген ұсыныстан бас тартып әрмен қарай байланысты үземін. Бұл шешімнің жауапкершілігін сезінемін» деді. Түркістан легионы 1942 жылы сәуірде құрылды. Оны құруға М.Шоқайдың қатысы болмады.
М.Шоқайдың кеңес армиясымен соғысу туралы бір ауыз да сөз айтпағанын 1948 жылы ҚСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Берлиндегі бөлімшесіне «Мұстафа Шоқайға қатысты компрматериал іздеу туралы» берілген тапсырмаға келген жауапта, М.Шоқайды қаралауға  негіз болатын «компрматериал» таба алмағаны туралы Ресей Мемлекеттік Әскери мұрағатында сақталған материалдан көреміз (К.Есмағамбетов, Әлем таныған тұлға монографиясы).
Украин Халық Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Шульгиннің, «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М.Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді» дегені, француздардың оны «азаттық үшін күрескенін» бағалап Парижде ескерткіш қоюы, Ресей мемлекетінің оған «Петербор тұлғасы» деген құрметті атақты беруі, Қазақстанда оған бірнеше облыс орталықтарында көше, мектеп т.б. аттарының берілуі оның азаттық жолындағы күресін барлық прогрессшіл адамзат мойындаған ұлы қайраткер екенінің айғағы.
Фашистердің концлагерлеріндегі тұтқындарды құтқару болсын, өзі өмір бойы күрескен большевиктердің Бакудегі 26 комиссары атылғанда ол серігі В.А.Чайкинмен осы қайғылы оқиғаның себептерін анықтауға 1919 жылы 22 ақпанда Ашхабадқа барғанда сол жерде тұтқынға түскен комиссарлардың отбастарын тұтқыннан босатқанда болсын, М.Шоқай қандай қиын кезде де әділдік пен азаттық үшін күрескен қайраткер, ұлы гуманист екенін көреміз.
Біз, М.Шоқайға жағылған нақақ жалаға сот органдары дұрыс бағасын береді деп сенеміз. Ол, алдымен елдің азаттығы жолында өмірлерін қиған ұлы тұлғалардың аруағы мен Қазақстанның тәуелсіздігінің баянды болуы үшін қажет. Шоқайдай асыл, әлем мойындағын түркі халықтарының мақтанышы, ұлы ұстазымызды көлденең көк иттерге талатып қоя алмаймыз!

Қол қойғандар:
Жанұзақ ӘКІМ – биология ғылымының кандидаты, Қазақ жаратылыстану
ғылымдары Ұлттық Академиясының корр.-мүшесі,
Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының
академигі;
Әбдіуақап ҚАРА – Түркиядағы Мимар Синан атындағы университеттің
профессоры, жазушы;
Батырбек ШАЙЫРБАЕВ –заң ғылымының кандидаты, юстиция генералы
(Қырғызстан);
Ислам АТАКИШИЕВ – халықаралық «Каспий – IZ» жорналының Бас
редакторы (Азербайжан);
Қайролла ҒАБЖАЛИЛОВ – тарих ғылымының кандидаты, Гуманитарлық,
ғылымдар Академиясының корр.-мүшесі, «АЛАШ» тарихи-зерттеу Орталығының президенті;
Өмірәлі ҚОПАБАЕВ – заң ғылымдарының докторы, профессор,
Д.Қонаев атындағы университеттің ректоры;
Еренғайып ОМАРОВ – физико-математика ғылымдарының кандидаты,
профессор, Қазақ жаратылыстану ғылымдары Ұлттық
Академиясының академигі, «Қайнар» университетінің ректоры;
Қалқаман ЖҰМАҒҰЛОВ – тарих ғылымының докторы, профессор,
Әл-Фараби атындағы ҚМУ-дің әлемдік тарих кафедрасының меңгерушісі;
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ –тарих ғылымының кандидаты, жазушы;
Мереке ҚҰЛКЕНОВ – жазушы, «Өлке» баспасының президенті;
Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ- «Жас алаш» газетінің бас редакторы;
Ермұрат БАПИ – «Дат» газетінің Бас оқырманы;
Қазбек ИСА – ақын, Мәдениет қайраткері, «Жас қазақ үні» газетінің Бас
редакторы;
Жарылқап ҚАЛЫБАЙ – «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам»
жорналдарының бас редакторы;
Айдос САРЫМ – саясаттанушы, «Abai KZ» сайтының директоры;
Құдияр БІЛӘЛ – жазушы, Мәдениет қайраткері, «Жалын» жорналы Бас
редакторының орынбасары;
Ғабиден ЖӘКИЕВ – «Ұлы дала» республикалық қозғалысының төрағасы;
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА – ақын, «Жүздесу» газетінің Бас редакторы;
Ардақ БЕРКІМБАЙ – тарихшы, жорналшы;

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Мұстафа Шоқай туралы Әнуар Әлімжановтың 1991 жылы “Дружба народов” журналына шыққан мақаласын Өскеме қаласындағы орыс тілді облыстық газеттке жариялату керек. Оркеңдердің қазақтың қилы-қилы тарихынан қайбір хабары бар дейсіз. Оның үстіне баяғы кеңестік замандағы билеп қалған мінез-құлық. Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды. Идеяны идеямен, сөзді сөзбен жеңу керек. Бірақ надандықтың шегі жоқ-ау.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі