///

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Мен – мықты ақынмын

1954 рет қаралды
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын: 
– Жақында Көпен Әмірбек екеуіңіз Президент сыйлығын алдыңыздар.  Жұрт «ол екеуі не үшін алды» деп шулап жүр. Бірақ сұрайын дегенім басқа нәрсе. Бұл сіздің өзіңізді ақын ретінде мойындатып болып, енді журналистикада да мойындатуға бел буғаныңыздың белгісі ме?
 – Көпен ағамыз да, мен де радионың айналасында жүргендіктен, біршама жетістікке жеттік деп ойлаймын.  Қалам ұстап жүргеннен кейін еңбектің де өтелетін кезі келді. Азды-көпті еңбек еттім. «Кіндігімді кескен жұрт», «Безбен»,  «Муза» атты хабарлардың аясында осы кезге дейін журналист ретінде айтуға тиіс дүниелерді айттым деп ойлаймын. Бізде де, радиода аздаған цензура болып жатады. Хабарымыздағы ел-жер жайлы, ұлттың мүддесі, ар-намысы, рухы туралы батыл ойлар кейде кесіліп те кетеді. Алған сыйлығымды сол радиода жүріп, журналистикаға сіңірген еңбегімнің нәтижесі деуге болады.
 – Бір кездері Мұқағали да Қазақ радиосында еңбек етіп, күркіреген даусымен хабар жүргізген. Сіздің де өзіңізге тән күркіреген дауысыңыз бар. Күні ертең дауысы Мұқағалилар сынды Қазақ радиосының дәлізінде жаңғырып, тыңдарманның құлағында қалады, жасаған хабары радионың алтын қорына жазылады деп кімдерді айта аласыз? 
– Тек қана Мұқағали емес, Ілия Жақанов, жақында ғана дүниеден өткен Дүйсенбек Қанатбаев сынды ағаларымыз істеген ұжымда еңбек ету – кімге болса да мәртебе. Қазір де радионың беделі үшін тер төгіп жүрген, күні ертең дауысы алтын қорда қалады-ау дейтін азаматтар баршылық. Қошан Мұстафаұлы ағамыз қазақтың ескі жырларын, әндерін бүгінімен ұластырып, «Інжу-маржан» атты хабар жасап, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сол сияқты ақын Серік Сейітманның «Айдында жүрген ай сәуле», «Қаламгер», «Зиялы қауым» хабарлары да Қазақ радиосының алтын қорында қалады деп ойлаймын.
– Былтыр сұхбаттасқанымызда: «Радиода жарты штаттамын. Жұмыста қалуымның өзі неғайбыл болып тұр», – деп едіңіз. Сыйлық алғаныңызға қарағанда дұрысталған, басшыларға біліктілігіңізді мойындатқан сияқтысыз ғой… 
– Жағдайым жақсарды. Мұны жаңа келген басшылықпен байланыстырып айтуыма тура келіп тұр. Өйткені, корпорация төрайымы сондай бір қиын кезде Таразда  емделіп жүргенімде телефон шалып, жағдайымды сұрап, хабарласты. Артынша Радио басшысы Мақат Садық қабылдауына шақырды. Бір ауыз сөз адамды жылытады екен. Мақат мырза ақын ретінде шығармашылықпен айналысуыма, еркін жүріп-тұруыма болатындай мүмкіндіктер берді. Ризамын. Қайта штатқа қабылданып, тіпті Қазақ радиосының шолушысы болып қызметке тұрдым. Бұл басшылардың кеудедегі дарынды, жанып тұрған сәулені бағалайтыны қуантты.
– Сыйлық алғаныңызды сөз етіп, өзіңізді сұхбатқа шақырғаным – қазір сіздің ақын ретінде толысқан, кемелденген шағыңыз ғой. Дей тұрғанмен, соңғы кездері үніңіз бәсеңсіп қалған сияқты. «Әдилә» атты аңызға айналған өлең жазып, күнәдан пәк, жас қыздың табиғатын «емшегіне еркек ерні тимеген» деген бір ғана теңеу арқылы жеткізіп, соны теңеумен жұртты қаратып едіңіз. Соңғы кездері сондай селт еткізер, аңызға айналып, бүкіл елдің аузында жүрер өлеңдеріңіз неге жоқ?
– Бұрқыратып өлең шығаратын өнеркәсіп орталығы емеспін. Жүрек нені қалайды, нені жаз дейді, соны жазамын. Тіпті жылына бес-алты-ақ өлең жазуым мүмкін. Осы уақытқа дейін жазған өлеңімді жиып терсем, 160-ақ өлең екен. Жұматай Жақыпбаевты замандастары «құдайский» ақын санап, Мұқағалидан артық болмаса, бір пәс те кем емес, мықты ақын деп бағалайды. Оқырмандары да солай. Жұматайдың әрбір өлеңі шедевр! Сол Жұматайды кім айтып жатыр қазір? Ешкім қажетсініп жатқан жоқ. Жұмекенді де солай. Кезінде Мұқағалидың өзі Жұмекенді: «Ең соңғы қазақ қалғанша оқылатын ақын», – деп бағалаған. Сөйткен Жұмекенді кім оқып жатыр? Олардың жанында мен кіммін? Жазбадым емес, жазып жатырмын. Бірақ ол өлеңдерді кім оқып жатыр? Бір жағынан оқымады деп оқырманды да кінәлай алмайсың. Кітабы қолына тимесе, жұрт  ақынды қайдан оқиды? «Кентавр» атты кітабым 2008 жылы бар-жоғы 2000 данамен шықты. 2000 дана дегенің көзге тамызғандай-ақ нәрсе. Республиканың жер-жердегі кітапханаларына жеткен жоқ. Керек десең, сол кітабымның өзімде бір данасы да жоқ. Менен бәрі кітап сұрап, өлең сұрап жүр. Қазір жалған жарнамашыл ақындар көбейді. Әнге сөз жазғыштар қаптады. Кім шашын әдемілеп тарап, теледидардан ақынмын десе, халық соны таниды. Бір-екі әнге сөз жазған ол ақынның өресі қандай, деңгейі қаншалықты, оған үңіліп жатқан ешкім жоқ. Ол үшін халықты кінәлай да алмайсың. Халық экраннан кімді көрсе, соны таниды, өйткені. «Әдиләні» айтып жатсың ғой, «О дүниеге хат», «Құдірет» деген мықты өлеңдерім бар. Өлеңдерім жоқ емес, бар. Бірақ халыққа жетпей жатыр. Ғаламтордың тілін білмеймін. Қазір ғаламтордың тілін білетіндер жылдам танылуда. Бірақ мен мұның бәрі де уақытша деп ойлаймын. Құдай дейтін халық бар, халық деген – Құдай ғой. Уақыт пен халық бәрін елеп-екшейді. Мені осы сабыр ғана сақтап жүр. Әйтпесе жазбай жатқаным жоқ. «Асау» атты кітап дайындап жатырмын. Асау – қазақтың бүкіл мінез болмысын білдіретін сөз. Нені жазатынымды емес, не жазатынымды ойлайтын жастамын қазір. Әр сөзге жауап беретін кездемін. Сондықтан өлеңнің де салмағын сезіну керек деп ойлаймын. Сол себепті аз жазып жүрмін.
– Бір сауал қойсам шамданбассыз. Маған сізде қазір «жұлдыздық» басым сияқты көрінеді. «Мен – Маралтаймын. Болдым, толдым. Енді атағым мен өлеңім маған қызмет етсін», – дейтін де сияқтысыз. Осы көктемде Жазушылар одағында «Поэзия көктемі» атты кеш болды. Басқаны қайдам, өз басым сізді тыңдау үшін барғанмын. Тек мен ғана емес, біраз адам сіз үшін барды сол кешке. Жүргізуші жыр тізгінін сізден бұрын аты белгісіздеу бір-екі әйел ақынға ұстатып жіберіп еді, шамданып, есікті тарс жауып кетіп қалдыңыз. Мұныңыз: «Мен – Маралтаймын. Мені жұрт әлдеқашан мойындап қойған. Мені күттіретін сендер кімсіңдер?»  – деген әңгіме емес пе?
– Шынында да мені жұрт әлдеқашан, бұдан жиырма жыл бұрын мойындап қойған. Жиырма жыл бұрынғы әдебиетке, руханиятқа жақын кез келген газеттің тігіндісін қарасаңыз, әр нөмірінде менің есімім жүретін. Халық мені алақанына салды. Әлі де алақанына салып келеді. Бірақ әр нәрсенің өзіндік орны болады. Мысалы, қазір бір қария кіріп келсе, мен орнымнан тұрмай, сұхбат беріп отыра берсем, менің адамдығым қайсы? Бұл да – сол сияқты нәрсе.  Мен – мықты ақынмын. Мықты ақынның басын жерге тықпау керек қой. Көптен өлең оқымағасын, бәленбай шаруамды тастап барғанмын сол кешке. Адамның тағдырына байланысты істерді қайырып қойып барғанмын, әрбірден соң. Сөйтсем жүргізушілер мені күткізіп қойып, менен кейінгілерге өлең оқытып, қарап отыр. Барғанымда мені ешкім елемей жатса, бағамды білмесе, қадірімді білмейтін жерде отырып нем бар?!  «Ар жақта қыруар шаруам қалып еді, адамның тағдырына қатысты жағдай болып тұр еді. Мені сахнаға тезірек шығарыңдаршы», – деп қайсысының алдына барып ақталып жүрем.  Тағы да айтам, мені талай адам мойындап қойған. Қазақтың бір ақыны болса, мендей-ақ болсын. Шабатындар болса келіп, шауып тастасын. Сондықтан ренжіп, есікті тарс жауып, мінезімді көрсеттім. Ол есікті Мұқағали мың рет тепкен, әрбірден соң.
– Мені жұрт әлдеқашан мойындап қойған деп жатырсыз ғой. Ал – Маралтай кімдерді мойындайды?
– «Сұлулыққа сұқтану қайыңға тән,
Қастарыма күшімді пайымдатам.
Өзім қанша мықтыны мойындадым,
Енді өзімді өзгеге мойындатам», – деп келетін Мұхтар Шахановтың өлеңі бар еді. Біз солай еліктеп өскенбіз. Ақын болсақ, мойындатсақ дедік. Кез келген адам өнерге өзін мойындату үшін келеді деп ойлаймын. Мен алдыңғы буын ағалардың бәрін мойындаймын, мойындап та келемін. Бірақ пәлен мықты, түген мықты деп қазақтың ақындарын алалағым келмейді. Көзі тірілерден маған ешкімнің жаттығы жоқ. Бәрін де жақсы көремін.
– Кезінде Олжас Сүлейменов Гагарин ғарышқа ұшқанда «Адамға табын жер енді» деп бір түнде поэма жазып, ол поэмасы Алматының үстінен ұшақпен шашылды. Сөйткен қазақ ақындары Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқанда үнсіз қалды. Оны қойшы, одан бері де талай жыл өтті ғой. Бірақ одан беріде тарихта қалар оқиғалар болмады емес, болды. Сондай кездерде сіздің, бүгінгі Маралтайлардың үнсіз қалатыны қалай? Неге уақытқа, заманнның ағымына да үн қосып кезеңдік дүниелер жазбасқа?! Поэзияны науқандық нәрсеге айналдырмау керек дерсіз, бәлкім. Әйтсе де, кезінде Қасым Аманжоловтар елдегі әрбір жағдайға үн қосып отырды. Одан ақындығы аласарып, бәсі төмендеп қалған жоқ қой, мысалы?
– Былтыр Елбасы туралы «Көшбасшы» деген поэма жаздым. Оны әркім әр түрлі түсінді. Сол шудың төңірегінде өзіңе сол кезде сұхбат бердім ғой.
 Мен осы кезге дейінгі өлеңдерімде қоғамда болып жатқан жиырма шақты кідеріс-үдерісті  қамтыдым. Кезеңдік дүниелер туралы айтқанда, ақын қай кезде де өз дәуірінің жыршысы. Менің әрбір өлеңімде уақыттың, әр кезеңнің табы бар деп ойлаймын.
– Сіздегі мінезді білеміз. Ақынға тән тарпаң мінезіңіз бар. Айтар жерде айтып салып жүре бересіз. Шыныңызды айтыңызшы, шындыққа келгенде бүгіп қалған, өз мінезіңізді өзгерткен, бұғып қалған кезіңіз болды ма?
– «Жындыны жынды дей берсе, бөркі қазандай болады», – дейді ғой. Мінезің бар деп бәрі айтады. Бірақ менің болмысым сол. Кезі келіп тұрған сөзді айтып кетпесем, мен ауырамын. Жаным азапқа түседі. Біреудің теріс ісін көріп қалсам, үндемей-ақ қояйыншы деп кетіп қалам. Бірақ жарты сағаттан кейін шыдамай, қызу қаным басыма шапшып, сол адамның алдында тұрамын. Ал сұрағыңа келер болсам, Есенғали ағамның: «Кегжи өткен тұсыма кесілер басты ием мен», – дейтін өлеңі бар еді. Өмір болған соң, иілуге тұра келетін кездер болады. Бірақ көрінген жерде иіле беретін бас пен мойын жоқ.  Мен басымды көпке қолайлы іске ғана иемін, есеппен емес.
– Кезінде сіздер әдебиетке келгенде Жұмекен мен Жұматайдың, Есенғали Раушановтардың «дерт боп» жабысқан өлеңдерімен ауырдыңыздар. Ал қазір сізді солай аға тұтып, өлеңдеріңізбен ауырып, сізден жөн-жосық сұрап келетін жастар бар ма?
– Ешқашан ақын ақыннан жөн-жосық сұрап келмеуі керек. Ағаларымыздың талантын қадір тұтып алдына барған шығармын, алайда өлеңді қалай жазамын деп ешкімнің алдына барған емеспін. Өзімнен кейінгі әдебиетке келген жастардың 100 пайызына десем өтірік болар, 99 пайызына менің ықпалым тиді. Жастардың қай-қайсысының болсын маңдайынан сипадым. Олардың тұлғалық келбетінің қалыптасуына менің титтей де болса септігім тиді. Кейінгі жастардан бағыты айқын, жолы түзу деп мен Ерлан Жүністі айтамын. Ерланның Алматыға келуіне бірден-бір себепкер болған адаммын. Оның «Шабыт» фестивалінде Президент грантымен қоса, гран-приді алуына да себепкер болдым. Ерланның өнерін тізеге салып тұрып, қазылар алқасында отырған мүйізі қарағайдай ағаларымызды сендірдім. Өйткені, мен Ерланның талантына сендім.  «Шабытта» мұндай сыйлықты тоғыз жылға шейін әдебиет саласы бойынша ешкім алмаған болатын. Әлбетте Президент кубогын әдебиетке қарай сүйреп алып келуге қазылар алқасының төрайымы Фариза апамыздың септігі болды.   Қазір сол үмітімнің ақталғанына қуанамын. Бірақ сөйте тұра, менің Ерланға, Ерланның айналасындағы ақын қыз-жігіттерге көңілім аса тола қоймайды. Ерландар да отызға таяп қалды. Мен жиырма үш жасымда Алматыны тік тұрғызғанмын. Отты, тағдырлы өлеңдер жазғанмын. Бірақ  бұлай деп, олардың еңбегін жоққа шығаруға да болмайды. Кезінде Жамбыл топырағында ақын болып мен ғана жүрдім. Артынша соңымнан осы Ерлан, Азамат, Хамиттер айналасын жайнатып жарқ ете қалды. Соған қуанамын.
– Аға, менің поэзиямды жұрт мойындап қойған деп жатырсыз. Қазіргі ақындар өзін мойындатудың бір көрінісін Мемлекеттік сыйлық деп біледі. Содан да шын талантты да, кем талантты да Мемсыйлыққа ұмтылады. Осы кезге дейін Мемсыйлықтан басқа сыйлықтың бәрін алдыңыз. Жақын жылдары Мемсыйлыққа өзіңізді ұсынуыңыз мүмкін бе?
– Жоқ, ол мүмкін емес. Біздің әдебиетте «ақсақализм» деген бар. Мемсыйлыққа түсе қалған жағдайда қарымым да, дарыным да жетіп тұрғанымен мені ақсақалдар түтіп жеп қояды. Мен онда ағаларының алдына түскен көргенсіз, әдепсіз боламын.  Сондықтан ішіміз ашыса да, ашымаса да, осы қағидаға бағынамыз. Өзіміздің жасымыз, жолымыз келген кезді күтеміз.
Әңгімелескен – Қарлыға  ИБРАГИМОВА
Дереккөз: Халық сөзі
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі