//

Олжас Сүлейменов: Қостілді ортада Алматы мен Алма-Ата қатар қолданылуы мүмкін

1725 рет қаралды
3

«Қазақстан секілді қостілді мемлекетте қала атауының екі түрлі нұсқасы да: «Алматы – Алма-Ата» қолданылуы мүмкін» деген Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі, әлем ақыны Олжас Сүлейменов «ЭкспрессК» газетіне берген «Истинная культура нации зиждется на благородном сочетании Знания и Веры» (№ 128 (17486) от 17.07.2012) атты сұхбатында.

«Қостілді ортада қала атауының екі нұсқасын да қолдану қажет. Ондай мысалдарды әлемнен мыңдап табуға болады. Сонымен қатар, біздің елде де ондай мысалдар кездеседі. Мәселен, Қарағандының орысша нұсқасы «Караганда» орыстілді ортада «қайта қалпына» келтірілуде. Сол секілді Алматы – Алма-Ата болып қала беруіне болады», – деген ол.

«Қазақ ақпарат құралдарында көне қазақ атауы – Алматыны қолданған ләзім. Ол жалпы түркі тілінде «Алмалы» деген мағынаны береді. Яғни, «алмаға бай мекен» деген ұғымды білдіреді. Верный бекінісі салынған елдімекеннің жанындағы ауыл солай аталды. Революциядан кейін қазақ атауы қайтарылды. Алайда, қалада Алматы сөзін ілік септігінде тұрғандай қабылдайтын орыстілді тұрғындардың көбеюіне орай, атау септікті Алмата атауы пайда болды», -деген ол.

«Ораз Жандосов («Джандосов» сұхбатта осылай жазылған)» ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында Алматы облысын басқарып тұрған кезінде мәнінен айрылған сөзді Алма-Атаға айналдырып, мәнін өзгеше сипатқа ие етті. Бұл сөзді кейін «Алманың атасы» деп аударып жүрді. Алайда аудармасы дұрыс емес», – дей келе, – «1930-шы жылдары академик Вавилов алғашқы алма Алматы тауларында дүниеге келіп, бүкіл әлемге таралды деген мәлімдеме жасаған. Қазақстан билогтары, жақында ағылшын ғалымдары Вавиловтың болжамын расқа айналдырды. Былтыр француздар бұл туралы фильм түсіріп, оны Парижде ЮНЕСКО-ның бас залында көрсетті. Алманың суреті қаланың гербіне айналуы тиіс. Американдықтар «Үлкен Алма» деп атаған Нью-Йорк қаласынан гөрі Алматы бұған құқылы», – дейді ол.

Олжас Сүлейменовтің қаланың тарихи атауының Алматы екендігін мойындай отырып, оның орыстілді ортада «Алма-Ата» аталғаны жөн дегенін түсіне алмай отырмыз. Демек, тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл толса да, біз әлі күнге дейін Ресейдің провинциясы ретінде күн кеше беруге бармыз. Оны өзге емес, әлем ақыны аталған Олжас Сүлейменов мойындап отыр. Кез келген елдің тарихи атауы сол елдің топонимикасына бағынады. Оның басқыншылардың тілінде қандай мағына беретіні маңызды емес. Сол себепті де 1993 жылы тарихи әділеттілікті қайтарып, Алматы атауын тәуелсіз мемлекетке қайтарып берген еді. Енді ол құлдық сананың қамытынан айрыла алмаған Серік Сейдуманов, Олжас Сүлейменов, т.б. орыстілді қауымға ұнамайды. Әлемдегі ірі астаналардың бірі – Москваны ағылшындар Moskow, қазақтар Мәскеу дейді екен деп, орыстар оның ығына жығылып, тарихи атауын күнде өзгертіп жатқан жоқ қой. Шын мәнісінде Москва – иір өзен деген мағына береді. Сондықтан да тарихи атауларды әлдекімнің айтақтауымен, анаған ұнайды, мынаған ұнамайды деп жұлмалай беретіндей жуас түйенің жүні емес қой.
Әлем таныған Олжас ақынымызбен мақтанамыз, пір тұтамыз. Алайда Олжас Омарұлы өз қағынан жеріген өгей ұлдың қылығын танытумен келеді. Қазақ ұлты үшін Олжас айтқан орамды сөз, ұтымды пікір есте жоқ. Керісінше, ол өзі ауызданған империя тілінің сойылын соғуымен дараланып келеді. Егер ол оның есесіне, басқыншылардан қалған сүйегімізге таңба, ұлттығымызға сын ана Петропавл, Павлодар, Усть-Каменогорск атауларын қазақиландырайық десе әлдеқайда қазағына жақын болар еді. Сөйтіп ол ұлтының ұлы тұлғасы дәрежесіне жетер еді. Олжас Сүлейменовтің трагедиясы сол – оны қазақтар өзгенің сойылын соққаны үшін, өзге тілдің дәнін сепкені үшін өз ұлы ретінде қабылдай алмаса, орыстар – төл құжатындағы «қазақ» деген анықтама үшін, өзге деп қарайды. Ол тамырсыз бәйтерек секілді. Өкінішке қарай, өтпелі кезеңнің осындай «тамырсыз бәйтеректерінің» көп болуы. Олар бүгінде бағытынан айрылған кеме секілді. Қалт құлт етіп, ұлы теңіздің ортасында компассыз келеді. Бірақ, бір күні бұндайлардың күні де бітеді. Осыны сезінбейтіні өкінішті.

“Мінбер-ақпарат”

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Алтынбек Сарсенбаев (марқұм) ағамыздын “Үш таған” атты кітабында Олжас ағамыз туралы жазған. Кезінде студент кезімізде бәріміз Олжас Сулейменовті пір тұтатынбыз. АЗ и Я-ны көрпенің астына тығылып оқитынбыз. Бір отырыста Олжас аға және де халықтың атқа мінерлері бірге отырды. Сол кезде Ораз Жандосов Олжас ағамыздан сұрады. Олжас аға, сіздің жағдайыңыз қазір жақсы Францияда тұрасыз, ал халқыныздың жағдайын да франциядағыдай неғып ойламайсыз – деп. Олжас Сүлейменов үндемей отырды, содан отырыстың сонына дейін үндемеген қалпында ертесі ұшып кетті. Бір қыста Тоқтар Әубәкіров екеуміз Нұра ауылында бір ақсақалдың үйынде қонақта болдық.Ақсақал бүркіттерін алып бізді аңға алып шықты. Сол күні қанжығамыз майланып бүркітпен 5,6 түлкі алдық. Кешке ас үстінде ақсақалдың бір бүркітіне көзім түсті. Әлгі бүркіт бір рет дұрыс түспей қанатын қайырып алған екен. Кейін ақсақал қанаттарын емдеп ұшуға келтіреді.Бірақ бүркіт ұшудан қаймығып қалған.Тауық құсап жүгіріп жүр. қолыңнан нан ұсынсаң жүгіріп келеді. Сол бүркітті Алтынбек ағамыз Олжас ағамен салыстырған, кезінде Олжас сөз жоқ самғаған, ал қазір…. Өкінішке қарай осы кітап қолда жоқ.Сөзбе сөз жеткізе алмадым.

  2. Бұл көтеріліп отырған мәселе өте өзекті екен. Сондықтан оған пікір жазбауға болмас. Мен көп жылғы бақылауларымның нәтижесінде ұлт тек қана тіліне қарай ұлт болып қалатынына көзім жетті. Қазіргі Қазақстан аумағында қазақтілді қазақтар және орыстілді қазақтар деп бөліп жүргені мүлдем негізсіз. Адамдардың өзін өзі алдауы. Орыстілді ме орыс, қазақтілді ме қазақ ұлты мүшесі. Мәселен орыстілді Пушкин орыстың ұлы ақыны, оны ешкім және эпиоптардың өздері орыстілді эпиоп деген жоқ қой. Пушкин де әлемдік деңгейге көтерілген ақын. Бұны ары қарай дәлелдей түсуге болады. Ондай мысал көп. Қытай Ли Бай… Ол ұзақ әңгіме, түйіні осы. Екіншіден, біз ана тілі дейміз. Көптеген халық солай атайды. Бір адамда екі Ана болмайтын болса, онда екі тіл де болмақ емес. Ана екі ұл туғанмен, екі тіл туа алмайды. Ендеше, қазақтың анасы қазақ, тілі қазақ тілі.

  3. Өз тілінің мүшкіл жағдайын көріп, оған қарсы шығатын алжасқан адамнан не күтуге болады?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі