//

Оралманға магистратура есігін ашпайды

731 рет қаралды
1

Жыл өткен сайын Қазақстанның шеттегі қазақтарға қатысты саясаты қусырылып барады. Бүкіл әлемде шеттегі қандастарын қолдауға арналған арнайы бағдарламалар бар. Олардың шеттегі отандастарын қолдау бағдарламасы жыл өткен сайын кеңейіп, байып, аясы, өрісі ұлғая түсуде. Ал бізде керісінше, жыл сайын жаңа кедергіні ойлап табады.

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Қаулысымен қабылданған «ЖОО-дан кейінгі білім беруге қабылдау» Ережелері бойынша, шетелдегі қазақ диаспораларының өкілдері биылдан бастап, Қазақстан жоғары оқу орындарында магистуратура мен докторантурада тегін білім алу құқығынан айырылып отыр.
Алыстан орағытпай, мәселені төтесінен бастар болсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасына құжат тапсыруды мұрат тұтқан бір топ шетелдік қазақ жастары еліміздің бас оқу орнының Қабылдау комиссиясы олардың тауын шағып қайтарғанын айтады. Өйткені биылғы оқу жылында шыққан жаңа Қаулы бойынша, магистратура мен докторантурада тегін оқуға білімін сынауға құжаттарын тапсыра алмайды екен. Бұған дейінгі арнайы Қаулыларда «қазақ диаспорасы өкілдерінен өзге шетел азаматтары құжат тапсыра алмайды» деген арнайы нұсқау болса, биыл «қазақ диаспорасы өкілдерінен өзге» деген жалқы сөйлемнің түсіп қалғаны себепті, қазақ диаспорасы өкілдерінің құжаттарын қабылдаудан бас тартыпты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
Қытайдан оралған Сайнаш Сайлаубай осы ҚазҰУ-дің Биология факультетінің түлегі. Бакалаврды тәмамдағаннан соң, әрі қарай магистратураға тапсыру мақсатында құжаттарын арқалап келген оны кеудесінен итерген ҚазҰУ-дің Қабылдау комиссиясындағылар, қолындағы Қазақстан азаматтығына құжат тапсырғаны туралы анықтаманы көргеннен кейін ғана, оған құжаттарын тапсыруына рұқсат береді.
– Бірақ кеше Қабылдау комиссиясындағылар маған қайта хабарласып, «құжаттарынызды қабылдамауы мүмкін. Дегенмен бізде әзірге тұра тұра берсін» деп айтты, – дейді ол.
Жалпы, Сайнаш секілді азаматтыққа құжат өткізгені туралы анықтамасын көрсетіп, құжат өткізгендер саны төртеу екен. Алайда олар құжаттарының комиссиядан өтетін өтпейтінін білмей дал.
– Мен Қазақстан азаматтығына құжат өткізуді бір жыл бұрын қолыма алған едім. Алайда былтыр «Азаматтық туралы» заңдағы «Келген елінің азаматтығынан шыққаны жөнінде анықтама әкелу туралы» баптың кесірінен құжаттарымды бір жыл бойына тапсыра алмадым. Жақында ол бапты өзгертіп, аталған талапты алып тастады. Содан кейін ғана құжаттарымды азаматтыққа тапсыруға мүмкіндік алдым. Сөйтіп азаматтыққа тапсырғаныма үш айдың жүзі болды. Азаматтық алғаным туралы Қаулы қашан шығатыны белгісіз. Енді магистратураға құжаттарымды өткізе алмаймын ба деп қорқам, – дейді Сайнаш.
Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі Гүлмира құжаттарын өткізе алмай кері қайтыпты. Ұлттық университеттің Қабылдау комиссиясы оның құжаттарын қабылдамай қайтарып жіберіпті. Желеу – жоғарыдағы Қаулы.
– Мен құжаттарымды қабылдату мақсатында ҚазҰУ-дың оқу жөніндегі проректорының қабылдауында болдым. Алайда ол кісі бізге ешқандай көмек көрсете алмайтынын айтты. Мен құжаттарымды әзірге азаматтықа тапырған жоқпын. Қолымда тек Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған «Ықтияр хат» қана бар. Бір қызығы – азаматтығы жоқ тұлғалардың магистратураға құжат тапсыруға мүмкіндігі бар екен. Ал біз секілді өзге мемлекеттің азаматтары тек екі ел арасындағы арнайы келісім шарттар негізінде ғана магистратураға қабылданады екен. Алайда бұған дейін «Жоғары оқу орнынан кейін оқуға қабылдау туралы» арнайы Ережеде шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерін қолдау мақсатында «шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдері магистратураға және докторантураға тапсыра алады» деген арнайы нұсқаулар бар болатын. Соның негізінде қаншама қазақ баласы осында тегін оқу мүмкіндігіне ие бола алды, – дейді ол.
Бір қызығы, шетел диаспорасы өкілдерінің құжаттарын магистратураға қабылдаудан бас тартып отырған тек қана – ҚазҰУ көрінеді. Өйткені Гүлмира құжаттарын Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетіне магистратурада оқуға тапсырып қойғанын айтады.
«Қамшы» сайтының үйлестірушісі Біләл Қуаныш осы мәселеге орай жөнін білмек мақсатында ҚазҰУ-ға барғанын айтады. Сонда Қабылдау комиссиясында істейтін Сабыр Түменбаевтың биылғы, яғни 2012 жылғы 19 қаңтарда қабылданған №109 «Типовые правила на обучение приема в организации образования реализующие профессиональные учебные программы послевузовского образования» деген ережелер парағын көрсетіп, сол Ережені басшылыққа алып отырғанын айтқанын жеткізді.
Қазақстан күні бүгінге дейін шеттегі қандастарын қолдауды кешенді түрде жүргізіп келе жатқан азғана мемлекеттің біріміз дейді. Алайда сөз бен істің арасы жыл өткен сайын алшақтап барады. 1991 жылы С. Терещенко үкіметі кезінде қабылданған №791 Қаулының негізінде шетелден келген әрбір қазақ өзінің қазақ екенін дәлелдей алса болды, қолына «Қазақ» деген куәлік ұстататын. Ол куәлікте «Қазақстан территоиясында жүріп-тұруға, білім алуға, медициналық көмектер алуға жеңілдіктерге ие» деген сөйлем болатын. «Қазақ» куәлігінің иегері кез-келген жерде Қазақстан азаматымен бірдей деңгейде құқықтарға ие болатын. Соның ішінде Қазақстан азаматтары секілді Жоғары оқу орындарына құжат тапсырып, емтиханға қатысып, бағын сынап көруге де мүмкіндігі бар болатын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында осы куәліктің арқасында қаншама қандастарымыз ҚазҰУ-дың аспирантурасына оқуға түсті. ҚазҰУ жатақханасында тіркеуге тұрып, сол тіркеу арқылы ықтияр хатқа тапсырып, (ол жылдары азаматтықты ықтияр хатсыз ала алмайтын) Қазақстан Республикасының азаматы атана алды. Бүгінде осы жүйенің бәрі келмеске кеткен. Жатақхана тіркеуімен азаматтыққа құжат тапсырылмайды.

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Оралмандарға қатысты қаулы-қарарларды қайта қалпына келтіру керек екен. Барды жоқ қылған бұ не деген сұмдық. Бұны жасатып отырған кім өзі?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі