/

Жер сілкінісі жаттығуы нені көрсетті?

700 рет қаралды

Осы сәрсенбінің сәтінде Алматыда жер сілкінісі бола қалған жағдайда, қала тұрғындары мен төтеншеліктердің қаншалықты дайын екендігін таразылау мақсатында жалпы қалалық жерсілкінісі жаттығуы өткізілді.

Мұндай жаттығудың Алматы қала­сында өткізілуі жайдан-жай емес. Өйт­кені соңғы уақытта ресми меморгандар «таяу жылдарда оңтүстік астанада адам шошырлықтай жер сілкінісі болмайды» деп тұрғындарды тыныштандырса, жер­сіл­кінісін өздерінше зерттеумен айна­лысып жүрген қайсыбір мамандар «күшті жер сілікiнісі орын алуы мүмкін» деген пікірлерді көлденең тартуда. Әрине, Құдай оның бетін ары қылсын, дегенмен алда-жалда жер сілікiнісі бола қалған жағдайда, біздің қалалық төтенше жағ­дайлар қызметі оған қаншалықты дайын? Міне, дәл осы мәселенің алматылықтарды бей-жай қалдырмай отырғаны анық.
Бір айта кетерлігі, «жер сілкінісіне дайын­дық мәселесін тексеруге арналған сейсможаттығу өткізіледі» деп бір апта бұрын құлақтандырылған қала тұрғын­дары, шын мәнінде, жаттығу басталған күні бүкіл қаланы күңірентіп, құдды бір алапаттың басталғанын естіртетіндей, жантүршігерлік қуаты күшті дабыл беріледі-ау» деп күткен-ді. Алайда бұл күткендегідей болмай шықты. Бұл мәсе­леге арнайы тоқталамыз.
Сөйтіп, не керек, сағат тілі таңертеңгі 10-ды көрсеткенде қала бойынша дабыл қағылып, қаладағы №12 аурухана маңы ығы-жығы адамға толды. Айта кетуіміз керек, төтенше жағдай жаттығуы өткі­зілмес бұрын Алматыдағы осы ауруха­наның ат шаптырым алаңқайына әскери дала қостары (оның ішінде, дала емха­насы, аурухана, асхана т.б. орындар бар) бой көтеріп, Алматы қалалық тө­тен­ше жағдайлар жөніндегі департа­мен­тінің мамандары, сондай-ақ өрт сөн­дірушілер де, ақ халатты абзал жан­дар, полициейлер де кезекті жаттығуға сақадай-сай әзір болды. Өкініштісі, қаланың әр тұсынан берілген дабылдың қуаты кәдуілгі «ауру сиырдың мөңі­регеніндей» ғана ыңырсып, әрең шық­ты. Дабылдың табан астынан ыңырсып шыққаны сол-ақ екен, дәрі­герлер мен кіші мейірбикелер алдын ала белгіленген жоспарға сәйкес, «жер сіл­кінісінен зардап шеккен» азаматтарды бірінен кейін бірін дала қосындағы шұ­ғыл ем­ханаға жеткізіп, олардың аяқ-қол­да­рын дәкемен байлап, қайсыбіреулерінің қан қысымын өлшеп, бейнебір жер сілкі­ні­сін­дегідей жедел қимылға кірісті. Жат­тығуды сырттай бақылап тұрған біздер, «жаттығу кезінде бәрін қолмен қой­ғандай жасап жатқан ақ халатты абзал жандар мен төтеншенің жігіттері қандай да бір оқиға бола қалған жағдайда, дәл осындай әбжілдік танытса ғой?!» деген ойда болғанымыз анық.
Бізді таңдандырғаны, алып мега­полис Алматының тарихында тұңғыш рет қала бойынша жерсілкінісі жаттығуы өтіп жатқанда, қайсыбір тұрғындардың өз шаруаларымен бейқам жүргені бол­ды. Ал мұның себебі қаладағы дабыл қанша мәрте қайталанып берілсе де, қаланың орталығынан ары асып жетпегенінде. Өйткені дабылдың күші мардымсыз болды да, оны қала жұртшылығының басым көпшілігі естімей қалды. Дабыл­дың күткендегідей болмағанын бірден сезген төтеншеліктер «ұялған тек тұрмас­тың» кебін киіп, полиция қызметкерлерін «көмекке» шақырды. Сөйтіп, қаланың әр жерінде полиция көлігінің дауыс зорайт­қышы арқылы тұрғындарға қалада сейсмо­жат­тығудың өтіп жатқаны туралы хабар оқтын-оқтын таратылды. Бір кемшілігі, олардың басым көпшілігі хабарла­ма­ларын орыс тілінде айтып, «қақсаудан» талмады. Алайда орыс тілін мүлде білмейтін кейбір оралман ағайын­да­рымыз, түбі бір Түркиядан келіп, осын­да жұмыс жасап жүрген түрік ағайындар «Мыналар не деп жатыр? Не боп қалды, тыныштық па? Біз не істеуіміз керек?» деп қасындағылардан жағдайды түсін­діруді өтініп жатты. Сол сәт оқиға ор­тасында болған біз, төтеншеліктерден «бұл қалай?» деп сұрағанымызда: «Қолданыстағы дабыл бергіш қондыр­ғы­лардың барлығы тозған, оларды заман талабына сай жаңа, осы заманғы дабыл бергіштермен ауыстыратын уақыт келді» деген тәрізді жаттанды пікірден басқа еш уәж айта алмады. Құдай-ау, сонда, қала халқын бірнеше күн бұрын «сейсмо­жаттығу өтеді, дайын болыңыз­дар» деп «дүрліктіріп», аттандаудың қаншалықты қажеті бар еді? Мұның орнына төтен­ше­ліктер мен қала бас­шылары қолда бар дабыл бергіш жүйелердің қалай жұмыс жасайтынын алдын ала тексеріп алмады ма екен? Неге десек, Алматыда өткен сейс­мо­жат­тығу қаладағы төтенше жағ­дайлар саласы мекемелерінің орын алуы мүмкiн жерсілкінісінің апатты жағдай­ларына әлі де болса, тастүйін дайын емес­тігін көр­сетті. Бұлай дейтініміз, егер алда-жалда күтпеген жерден алапат жер сілкінісі бола қалса, «берілген дабы­лы­мыз қала халқына толық жетпеді» деп қол қусырып отырмақпыз ба?
Қалай десек те, қала басшылығының да, төтеншеліктердің де орын алуы мүм­кін жер сілкінісі мәселесіне барын­ша байыппен келіп, қажетті құрылғылардың бәрін сақадай-сай дайындағаны мақұл. Әйтпесе, сәрсенбідегі сейсможаттығу ба­ланың ойынындай ғана болып қалды.

«Айқынның» анықтамасы:
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының пікірінше, сәрсенбідегі жер сілкінісі жаттығуы кезінде, қала бойынша 239 дабыл бергіш жұмыс жасап, дауыс зорайтқышы бар көліктерге мінген 84 полиция қызметкері халыққа сейсможаттығудың өтіп жатқанын хабарлап тұрды. Сондай-ақ жер сілкінісі жаттығуы туралы ақпарат үш бағдарламалы радиқабылдағыш арқылы 72 мың нүктеге таратылды.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

Дереккөз: Айқын

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі