///

Журналистік қызметке тыйым салу жекелеген үкім бе, әлде жүйелі үрдіс пе?

69 рет қаралды
photo: KazTAG

Қазақстанда журналистердің кәсіби қызметіне қойылатын шектеулер соңғы уақытта бірнеше іс бойынша  көрініс тапты. 2026 жылғы 31 шілдеде Алматы соты ҚазТАГ ісі бойынша үкім шығарды. Агенттіктің бас директоры Әсет Матаевтың бостандығы үш жыл алты айға шектеліп, оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бас редактор Әмір Қасеновтің бостандығы бір жыл үш айға шектеліп, ол бес жыл бойы журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

2026 жылғы 3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты Александра Алёховаға үкім шығарды. Журналист Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаны орындау бес жылға кейінге қалдырылып, Алёховаға үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Алёхованың ісіне қатысты «Әділ сөз» мәлімдемесінде журналист жариялаған мәліметтер бұған дейін басқа Telegram-арнада тарағаны айтылған. Қор жарияланған ақпаратты алғаш таратқан адамдар мен оның сыртқа шығуына жол берген тұлғалардың жауапқа тартылмағанына назар аударды. Қордың пікірінше, журналистерді қылмыстық қудалау кезінде заңдылық, құқықтық айқындық және заң алдындағы теңдік қағидалары сақталуға тиіс.

2026 жылғы 3 тамызда «Просто журналистика» жобасының авторы Лұқпан Ахмедияровқа шектеу қойылғаны белгілі болды. Журналистің айтуынша, Астана әуежайында оның шетелге шығуына рұқсат берілмеген. Әуежай қызметкерлері мұны Астана полициясы белгілеген шектеумен түсіндірген. Полиция алғашқы хабарлар жарияланған кезде жағдайға ресми түсініктеме бермеген.

Түрмеде отырған Думан Мұхаммедкәрім ісі де журналистердің құқықтарын қорғау мәселесін қайта көтерді. Журналистің әкесі мен қорғаушы тарапы оның түрмедегі жағдайына қарсылық ретінде денсаулығына зиян келтіретін заттарды жұтқанын хабарлады. Қызылорда облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті рентгенологиялық тексеру барысында оның ағзасынан батарея табылмағанын айтып, бұл мәліметті терістеді. Сондықтан аталған іс бойынша екі тараптың да ұстанымын қатар көрсету маңызды.

Бұл істердің құқықтық негіздері мен мән-жайы әртүрлі. Алайда олардың ортақ салдары бүкіл медиа кеңістігіне әсер етуі мүмкін. Журналистің бірнеше жыл бойы кәсібімен айналысуына тыйым салу тек бір адамды ақпараттық кеңістіктен шеттетпейді. Ол өзге журналистер мен редакциялардың да қоғамдық маңызы бар, резонанс тудыратын немесе ықпалды тұлғалар мен ірі компанияларға қатысты тақырыптарды көтеруден тартынуына әкелуі ықтимал.

Human Rights Watch Қазақстандағы тәуелсіз журналистер мен медиаларға қатысты қылмыстық істерді, тінтулерді, аккаунттарды бұғаттауды және басқа да қысым түрлерін сөз бостандығына қауіп төндіретін үрдіс ретінде бағалаған. Ұйым Қазақстан билігін тәуелсіз журналистерді қудалауды тоқтатып, олардың еркін жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға шақырды.

RSF дерегінше, Қазақстан 2026 жылғы Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде 180 елдің ішінде 149-орында тұр. 2025 жылы ел 141-орында болған. Ұйым Қазақстандағы заңнаманың қатаюын, медиаларға жасалатын жанама қысымды, интернет кеңістігіндегі шектеулер мен журналистерге қарсы жасалған әрекеттердің жазасыз қалуын негізгі мәселелердің қатарына қосады.

Осы оқиғаларды байланыстыратын негізгі мәселе – журналистерді заңнан босату емес, журналистік қызметке байланысты дауларда қылмыстық жазаның қаншалықты негізді әрі дұрыс қолданылып отырғанын анықтау. Журналисті бірнеше жыл бойы өз мамандығымен айналысу құқығынан айыру оның жеке еңбек ету мүмкіндігіне ғана емес, қоғамның ақпарат алу құқығына және бүкіл медианың еркіндігіне әсер етеді.

Осы орайда «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Нәзира Дәрімбет журналистерге кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу бір адамға ғана емес, бүкіл медиа кеңістігіне әсер ететінін айтады.

Нәзира Дәрімбет, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті:

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКС БОЙЫНША ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАНЫ АБЗАЛ

ҚазТАГ ісі бойынша 31 шілдеде шыққан үкімді, яғни агенттік басшыларына журналистік қызметпен айналысуға тыйым салуды Қазақстан Конституциясында және еліміздің халықаралық міндеттемелерінде кепілдендірілген сөз бостандығына қайшы әрі еңбек ету құқығын шектейтін шешім деп есептеймін.

Журналистің кәсіби қызметпен айналысуына тыйым салу тек жеке адамды жазалау емес. Бұл – оның мамандығы бойынша жұмыс істеуіне қойылған кәсіби тыйым. Мұндай шара сөз бостандығының негізгі қағидаттарына сәйкес келмейді. Жаза азаматтың заңды кәсібімен айналысып, табыс табу құқығын шектемеуге тиіс. Бұған қоса, осындай тыйымдар болашақта редакциялық саясатқа ықпал етіп, ақпарат тарату еркіндігін шектеуі мүмкін.

3 тамызда тағы бір осындай үкім шықты. Алматы қаласының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алёхованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бапта адамның жеке құпиясын құрайтын дербес деректерді масс-медиада заңсыз таратып, оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру мәселесі қарастырылған.

Сот Алёховаға үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, үкімнің орындалуын 2031 жылға дейін кейінге қалдырды. Мұндай шешім оның кәмелетке толмаған үш баласы барына байланысты қабылданды. Сонымен қатар журналиске үш жыл бойы кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Бұған дейін де мұндай үкімдер болған. Мысалы, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Алматы қаласының Алатау аудандық соты 61 жастағы журналист Александр Гусевті үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Оған «Кенжехан» базары төңірегіндегі жанжал туралы материал жариялағаннан кейін қоғам белсендісі Елена Садвокасованың жеке деректерін таратып, отбасылық құпиясын ашты деген айып тағылды. Сот Гусевке үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға да тыйым салды. Мен мұны сөз бостандығына және журналистердің кәсіби қызметіне жасалған қысым деп бағалаймын.

Мен журналист ретінде әрі «Әділ сөз» қорының жетекшісі ретінде пікір білдіргені және журналистік қызмет атқарғаны үшін адамды қылмыстық қудалауға жол бермеу, осы саладағы қылмыстық жауаптылықты толық декриминализациялау қажет деп есептеймін.

Осыған байланысты бірқатар әріптесімізбен бірге сәуір айында билікке, Мәдениет және ақпарат министрлігіне және басқа да тиісті мемлекеттік органдарға үндеу жасап, баспасөз мәслихатын өткіздік. Онда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабын нақты атап өттік. Соңғы уақытта осы баптың журналистерге қарсы жиі қолданылып отырғанына куә болып жүрміз.

Журналистік қызметке байланысты даулар қылмыстық іс аясында емес, Азаматтық кодекс шеңберінде, яғни ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау тәртібімен шешілуге тиіс.

Журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу – авторитарлық жүйелерге тән тәжірибе. Демократиялық мемлекеттердегі ұстанымдар, ЕҚЫҰ қағидаттары және БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінде бекітілген стандарттар сөз бостандығын, ақпаратты іздеу, алу және тарату құқығын қорғауға негізделген.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің ұстанымына сәйкес, сөз бостандығына қойылатын кез келген шектеу заңда анық жазылуға, заңды мақсатты көздеуге, қажетті әрі мөлшерлес болуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, БАҚ өкілдерін кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айыру – шамадан тыс және кемсітушілік сипаттағы жаза.

Қазақстанда журналистерді өз кәсібімен айналысу құқығынан айыру тәжірибесінің қолданылуы елдің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштеріне кері әсер етіп, халықаралық құқықтық нормалармен үйлеспейді.

Жоғарыда атап өткенімдей, мұндай үкімдер Қазақстан үшін жаңалық емес. Соңғы уақытта олардың жиі шығарылуы бүкіл медиа кеңістігі үшін өте қауіпті.

Өйткені редакциялар мен журналистер арасында өзін-өзі цензуралау күшейеді. Журналистер қоғамда резонанс тудыратын, қоғамдық маңызы бар немесе ірі компаниялар мен шенеуніктерге қатысты тақырыптарды көтеруден қорқа бастайды.

Мұндай жағдай тәуелсіз медианы әлсіретіп, Қазақстандағы сөз бостандығының деңгейін төмендетеді және ақпараттық кеңістіктің ашықтығына соққы болып тиеді.

Бұл пікірді заңгер Ольга Диденко да қолдайды. Оның айтуынша, кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айыру Қазақстанның қылмыстық заңнамасында қосымша жаза ретінде қарастырылған.

Ольга Диденко, заңгер:

БҰЛ ЖАЗА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАРҒА СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ

– Қазақстанның қылмыстық заңнамасында белгілі бір кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл – қосымша жаза түрі. Мұндай шара бұған дейін де редакторлардың, блогерлердің және журналистердің жазуына, жұмыс істеуіне әрі контент әзірлеуіне шектеу қою үшін қолданылған. Сондықтан журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу, өкінішке қарай, Қазақстан үшін жаңа тәжірибе емес. Мұндай жағдайлар бұған дейін де бірнеше рет кездескен.

Журналистерге осындай қосымша жаза қолдану сөз бостандығы саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Оның үстіне, бұл шара бүкіл кәсіби ортаға әсер етеді. Журналистер әріптестерінің қатаң жазаға тартылғанын көріп, мұның қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінеді.

Кәсіби қызметпен айналысуына тыйым салынған журналист белгілі бір уақытқа ақпараттық кеңістіктен шет қалады. Ол жұмысын жалғастырып, контент әзірлей алмайды.

Бұл өзге журналистерге де тежеуші әсер етеді. Соның салдарынан өзін-өзі цензуралау күшейеді. Журналистер белгілі бір тақырыпты жазбас бұрын: «Маған да осындай жаза қолданылмай ма? Бұл туралы жазуға бола ма, болмай ма?» – деп ойлана бастайды.

Жалпы алғанда, журналистер мен редакторлар үшін бұл – өте елеулі жаза. Өйткені ол адамды өз мамандығы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігінен айырады.

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар