///

“Ажал шатқалының” құпиясы әлі ашылған жоқ

740 рет қаралды
1

Іле-Алатау ұлттық паркінде айуандықпен өлтірілген 11 адамның мәйіті Алматыдағы сот-медицина сараптама орталығына жеткізілді. Алайда төрт адамның денелері толығымен күйіп кеткендіктен олардың нақты кім екендігі әлі анықталмай отыр. Мамандар бұл төрт мүрдеге геномдық сараптама тағайындалғанын мәлім етті. Тек қаза болғандардың ішіндегі 74 жастағы қарияның денесі ғана туыстарына беріліп, жер қойнауына тапсырылды.
Естіген адамның жанын түршіктіретін қанды оқиғаға төрт күн өтсе де, 11 адамның өліміне қатысты күдіктілер әлі анықталған жоқ. Кеше Ішкі істер министрлігі ел азаматтарын қанды қылмысты ашуға көмектесуге шақырып мәлімдеме жасады. Оқиға болған жерде тексеру жұмыстары әлі де жалғасып жатқаны және оқиға орнынан табылған саусақ іздерінің иелерін тергеуге алып жатқаны белгілі болды. «Тікелей куәгерлердің жоқ болғандығынан сол күні парк аумағында демалғандардың сөзі негізге алынып отыр. Сондай-ақ, қаза тапқандардың барлық туыстары мен таныстарынан түсінік алынды. Осы уақытқа дейін 3 жарым  мыңға жуық адам сұрауға алынып, Ішкі әскер мен ұлттық парк жұмысшылары және жергілікті тұрғындардан құралған топ аумақты тыңғылықты зерттеуді жалғастырып жатыр. Сондай-ақ аумақты тікұшақпен де шолу жалғасуда. Тергеу жұмыстарын Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Тыныбеков бақылауға алып, қазір оқиға орнында жұмыс жүргізуде», – дейді ІІМ Баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрділдә Ораз.
Айтпақшы, іздестіру жұмыстарының нәтижесінде сейсенбі күні қорықшының қызметтік көлігінің табылғаны белгілі болды. Ресми орындардың мәлімдемесіне сүйенсек, «УАЗ Хантер» кешкі сағат алтылар шамасында табылған. Көліктен алынған саусақ іздерін бірден дактилоскопиялық сараптамаға жіберіпті. Сондай-ақ отқа оранып, тек күлі қалған екінші кардонда орманшының болмағандығы анықталған. Осы аймаққа жауапты  орманшы Алексей Шкилев сырқаттанып қалғандықтан, Алматы қаласында біраз уақыт ем қабылдаған екен. Полицияның қолындағы бар деректер осы ғана.
Алғашқы күндері (13 тамыз күні) қаза болғандардың саны жеті адам деп хабарланған еді. Кейіннен тағы төрт адамның өлтірілгені белгілі болды.  «Іле-Алатау ұлттық паркінің №4-ші кордон аумағында орналасқан орманшының үйі жанында екі адамның мәйіті табылған болатын. Жедел тергеу тобы қаза болған жеті адамның біреуінің 53 жастағы орманшының әйелі, ал екіншісі – 30 жастағы жұмысшы екендігін анықтады. Оқиға орнынан алыс емес жерде тағы 4 адамның мәйіті табылды. Осыдан кейін оқиға орнынан 25 шақырым жердегі №3-ші кордондағы өртеніп кеткен орманшының үйінен полиция қызметкерлері 2 адамның күйген мәйітін анықтаған еді. Дәл қазір тағы 3 мәйіт табылып отыр. Сонымен Іле-Алатау ұлттық паркінде қаза болғандардың саны 11-ге жетті», – деп хабарланды.
Бұл жолы да қазақ қоғамын айран-асыр еткен қанды оқиға ел арасына сан-түрлі жорамал мен гу-гу әңгіме ілестіре жетті. Бірі – «қарулы қылмыстық топтың тірлігі десе», екіншілері – «экстремистік діни топтардың әрекеті» деп жатты. Артынша қырғыз-қазақ шекарасында бой тасалап жүрген діни топтың сойқаны болуы мүмкін деген жорамал қосылды. Өйткені Iле Алатау ұлттық паркi Қырғыз жерiмен шектеседi. Ал Ақсай шатқалы Алатооға «топ еткізетін» ең тура жол-асу іспеттес. Сол себептен де болар, дәл осы шатқалдың аумағында экстермистiк топтардың ұясы болуы мүмкiн деген қауесеттің салмағы әлі басым тұр. Тағы бір дерек «тонау екен» десті. Алайда, тонау деуге еш негіз жоқ. Өйткені қорықшының жиған-терген ақшасы мен дүние-мүлкi жоғалмаған. Аңшы қарулары да, қымбат тұратын қызмет көлiктерi орнында қалған. Яғни құлқынның қамы үшін жасалған қылмыс деуге еш негіз жоқ.
Ақырында құзырлы органдар «отбасылық кикілжің» деген диагноз қойды. Оқиға болған күні Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген  Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Ақсай шатқалындағы жаппай кісі өлімінің екі нұсқасы тексерілуде: Бірінші нұсқа – біреудің келгенін жоққа шығармайды. Бұл – қала тұрғындары жиі демалатын орын. Екіншіден, қанды қылмысқа қандай да бір ішкі қарым-қатынастың ширығуы себеп болуы мүмкін деп ойлаймыз. Себебі, барлық көз жұмғандар түрлі көлемде пышақ жарақатын алған», – деп мәлімдеме жасады. Алайда мұны да қисынсыз жорамал деуге келеді. Отбасындағы бір кикілжіңге бола айналасы 30 шақырымдай жерді шарлап шығып, бір емес он бір адамды малша бауыздап тастап, кейін түгін қалдырмай өртеп жіберу мүмкін емес секілді.
Ол аздай марқұмдардың барлығының денесінен ауыр соққының іздері мен от қояр алдында бірнеше жерден пышақталғаны анықталып отыр.  Мұның өзі нені білдіреді? Бұған дейiн қорықшының ұлы Игорьдiң «Ниссан Патрол» көлiгi де табылған болатын. Көлік табылған жерді мұқият қараған сарапшылар Игорьдің қатты жылдамдықпен келiп, шлагбауымды соққанын мәлім етті. Яғни жүргiзушiнiң әлденеден қорқып, қашқаны анық. Көлiктiң iшi – қан-жоса. Сондай-ақ машинада тегiс ұңғылы аңшы мылтығы мен оқ толы қорамсағымен болғанға ұқсайды. Кейбір ақпарат көздері қаза болған он бiр адамнан басқа асқан айуандықпен кескiленген тағы үш адамның денесi табылғанын жазды. Құқық қорғау органдары бұл ақпаратты растаған да не жоққа да шығарған жоқ.
Кейін «Арқанкерген оқиғасымен байланысы бар екен» деген сыбыс тарады. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Кеше отандық бұқаралық ақпарат құралдарында: «осы қанды қылмысқа тағы бір себепші браконьерлер болуы мүмкін» деген мәлімет тарады. Өйткені қорықшы болған Панайот Захаропуло өз ортасында Іле Алатауы Ұлттық паркіндегі заңсыз аң аулаушылармен басты күрескерлердің бірі ретінде танымал болғанға ұқсайды. Тіптен осындай заңсыз әркетке жол бергені үшін қорықтың бұрынғы басшысын да абақтыға қаматып жіберген», – дейді  бейресми деректер. Алайда бұл деректер де Ішкі істер органдарында алынған-алынбағаны белгісіз. Әзірге жалғыз күдікті Панайот Захарапулоның ұлы – Игорь Захарапуло. Оған іздеу жарияланды. Ал тағы бір ұлы полиция бөлімінде түсініктеме беріп жатыр.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Дереккөз: “Халық Сөзі”

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Террористерді тірі ұстауға болмай ма? Әлде біздің күштердің тірі ұстауға шамасы келмейме, әлде тірі ұстамау міндетті ме, соны түсіндіретін жан бар ма?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі