//

Қазақтың мәңгілік мұраты және Абай мұрасы хақында

914 рет қаралды
4
Осы жұмада Ұлы ойшыл, Хакiм Абайдың туғанына 167 жыл толады. Әдеттегiдей қалалық әкiмшiлiк Абай ескерткiшiнiң маңында «Абай оқуларын» өткiзедi. Осымен Қазақтың ұлы ойшылын еске алу шарасы тәмам. Соңғы кездерде Абай ескерткiшi халық билiктiң бүгiнгi ұстанымымен келiспеген жағдайда арқа сүйер панасына айналатын болды.

Естерiңiзде болса, өткен көктемде қазақ оппозиционерлерi Абай ескерткiшiнiң маңына жиналып, Ұлы ақынға мұңдарын шаққан едi. Сәл кейiнiрек Мәскеудiң орталығынан қуылған Ресей оппозициясының тапқан панасы Чистые прудыдағы Абай ескерткiшi болды. Олардың Абайды саялауы кездейсоқтық болса да, әлем жұртшылығының қазақтың ұлы ойшылына және қазаққа деген көзқарасы осы бiр айтулы оқиғадан кейiн мүлдем өзгердi. Әлем Абайды, қазақты таныды. Мүлдем танып бiтпесе де, қазақ деген ел бар екенiн, оның Абайдай дана ойшылы бар екенiн түсiндi. Мәскеу Абай мұраларын тануға ден қойды. Оның шығармаларын қайталап басып, Чис­тые прудыдағы Абай ескерткiшiнiң маңында саудалап та үлгердi. Ал «Оккупай Абай» қозғалысына қатысқан оппозиционерлердiң денi – ақын-жазушылар, қаламгерлер, орыстың зиялы қауымы. Басында «Түсiнiксiз қазақ» деп сипаттаған қазақ ойшылының еңбегiн зерделеуге кiрiскен орыс интеллигенциясы Абай шығармаларының соңына өз пiкiрлерiн қалдырып та үлгерiптi. Мәскеудегi оппозициялық шерулердi ұйымдастырушылардың бiрi Борис Акунин “Азаматтық белсендiлiк деген қандай жақсы едi! “Чистые прудыда” “отырамын” деп Абайды оқыдым. Ғажап ақын” деп жазса, ресейлiк ақын Лев Рубинштейн “Мәскеудiң құрметтi адамы, әрi еркiндiк символына айналған дала данышпаны Абай ендiгi жерде… бостандық, еркiндiк құқы­ғын талап ететiн болды” деп жазады
Ал шын мәнiсiнде Абай мұрасы бүгiнгi ұрпақтың, қазақ жеткiншегiнiң зердесiне қона алды ма? Бiз Абайды, оның қалдырған мәңгiлiк құндылықтарын қалай ұлықтап жүрмiз? Осы сауалдар көкейiмiзде жиi көлденеңдейдi. Алаш арыстарының бiрi Мiржақып Дулатұлы “Абайдың өлген күнi­нен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындаймыз” деген екен. Абай өмiрден өткелi де 100 жылдан асты. Жыл өткен сайын Абай биiгi алыстан менмұндалайды. Абайды әркiм пiр тұтқысы келедi. Дегенмен оның шығармаларынан бейхабар қазақ оқырмандарынан да аяқ алып жүргiсiз. Алысқа бармай-ақ, Мәскеудегi Абай ескерткiшiнiң жанындағы саяси акция қарсаңында бiраз зиялыларымыздың бетi ашылды емес пе? Егер ХХ ғасырдың басындағы зиялыларымыздың бет-бейнесi бүгiнгiдей құбылмалы болғанда Абай мұрасы ұлықталғаны былай тұрсын, 1980 жылдарға дейiн оның атын атауға тыйым салынар ма едi, кiм бiлсiн. Ұлт үшiн басын бәйгеге тiккен Алаш зиялылары Абай мұрасын мәңгiлiк етудiң айла амалдарын ертеден-ақ ойластырды. Егер «Абай» романы жазылмаған болса, оның заңды жалғасы «Абай жолы» эпопеясы қазақ әдебиетiнiң жауһарларының бiрi ретiнде жарық көрмегенде, Абай да жабулы күйiнде қалатын тақырыптардың бiрi едi. Сол қазақ әдебиетiнiң баға жеткiсiз сом туындысы, классикалық роман М.Әуезовтiң «Абай» романының жазылғанына 70 жыл өттi. Алайда қазiргi заман жастарының құндылығы, өмiрлiк мұраты Абай заманынан да, Әуезов заманынан да 180 градусқа өзгердi. Қазiргi жастарды даңғаза әуен, санасыз өлең, қызық өмiр ғана ынтықтырады. Атом ғасырына аттаған бiздер үшiн ел мұратынан гөрi, әлемдiк мұрат, жан азығынан гөрi, тән азығы алға озды. Жаһандану дәуiрiнде ұлттық ұлы құндылықтарын екiншi сатыға ысырып, ғаламдық құндылықтарды көлденең тарта бастадық. Ғылым және бiлiм министрi мектептерде үш тiлдiлiктi енгiзудiң алғашқы қадамдарын жасауға кiрiстi. Абай – қалың қазағының бүгiнгiдей ұлттық мұратының тығырыққа тiрелгенiн көрсе, оның ұрпақтарының (қазақтың) басым көпшiлiгiнiң қазақ болып туғанына намыстанатынын, өкiнетiнiн бiлсе, бұрынғыдан бетер күйзелерi анық.
Абай – ұлттық мұраты айқын, елiнiң болашағы үшiн басын тауға да, тасқа ұрған ақын. Егер Абай бүгiнгi заманды, ұлтынан, қағынан жерiгендердiң қылығын көрсе, бұрынғы түңiлгенi түңiлген бе, өмiрден мүлдем баз кешiп кетер ме едi?! Ол «Тоғызыншы қара сөзiнде» былай деп толғанады: «Осы мен өзiм – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек едi. Уә әрнешiк бойларынан адам жақсы көрерлiк, көңiлге тиянақ қыларлық бiр нәрсе тапсам керек едi. Соны не үмiт үзбестiкке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңiлге қуат қылуға жаратсам керек едi, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжiлiстес, сырлас, кеңестес болмасам керек едi, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек едi, ол мүмкiн болмаса, бұлардың ортасынан көшiп кету керек едi. Бұларды жөндеймiн деу­ге, жөнделер, үйренер деген үмiтiм де жоқ. Бұлардың бiрi де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бiрiн тұтпай болмас едi.
Мен өзiм тiрi болсам да, анық тiрi де емеспiн. Әншейiн осылардың ызасынан ба, өзiме-өзiм ыза болғанымнан ба, яки бөтен бiр себептен бе? – еш бiлмеймiн. Сыртым сау болса да, iшiм өлiп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенiм өз сөзiм емес, күлгенiм өз күлкiм емес, бәрi де әлдекiмдiкi. Қайратты күнiмде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгiл, өзiн жақсы көрiп, үмiт етiп жүрiппiн. Қашан әбден бiлiп, үмiтiмдi үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйiр боларлық кайрат, жалын сөнiп те қалған екен. Сол себептен бiр жүрген қуыс кеудемiн. Тегiнде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тiлеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге».
Иә, бұның бәрi ертеңiне алаңсыз, қамсыз қазақ үшiн күйiнуден туған ой. Бұл ойлары оның өлеңдерiнде де көрiнiс табады.
«Iшiм өлген, сыртым сау,
Көрiнгенге деймiн-ау:
Бүгiнгi дос — ертең жау,
Мен не қылдым, япырм-ау?!»
Ал баласын шетел асырып, байлығын елiнен жасырып, бiр күндiк қызығы мен шыжығы үшiн елiнiң мүддесiн аяқасты етуге дайын бүгiнгi шенеунiктiң бейнесi де осы қара сөзiнде анық көрiнiс тауып тұр.
«Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мiнеки бұзған жоқ па елдiң сиқын!» бүгiнгi шенеунiктiң типтiк бейнесi осы. Әр шенеунiктiң өз құлқыны, өз мүддесi бар. Ол – елдiк және халықтық мүддеден алыс жатыр. Қазақ – бүгiнде келiмсектерге тәуелдi. Өз елiнде, өз жерiнде отырып, өз байлығына иелiк ете алмады.
«Қалың елiм, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түстi мұртың.
Өзiмдiкi дей алмай өз малыңды,
Күндiз күлкiң бұзылды, түнде ұйқың», – дейдi Абай. Бұл қазақ даласына қарашекпендiлердiң келiп, қазақтың шұрайлы жерлерiн переселендердiң иелене бастаған тұсындағы күңiренiс. Ал сол күңiренiске бүгiн екi есе күйзелiс қосылды. Қазақ даласының асты-үстi бай. Мұнайға, газға, уранға баймыз, несiн айтасың, Менделеев кестесiнде кездесетiн бүкiл шикiзат бiзде бар. Үстi дәнге толы, жыл сайын миллиондап астық аламыз. Алайда байлықтың көбi – далаға кетiп жатыр. Шетел инвесторлары тайраңдап, қара қазақты бiраз сорды. Бүгiнде қазақ мұнайының 70 пайызы шетелдiк компаниялар үлесiнде. Соның iшiнде, 30 пайызын Қытай бақылайды. Ал, Кедендiк одақтан қазаққа түсер пайда тек қана 3%-ды құрайды. «Өзiмдiкi дей алмай өз малын» қазақ жүр. Қазақтың 45 пайызы ауылда тұрады, 50 пайызы сiңiрi шыққан кедей.
Қарап отырсаңыз, Абайдың бүкiл қасiретi – қазақтың қасiретi. Әуелi ұлттық байлығымыз, генофондымыз болып табылатын қазақ мәселесi сол жабулы күйiнде қалды. Мемлекет атанып, бүкiл әлемге паш етiлгелi жиырма жыл өтсе де, қазақ ұлттық рухани болмысын iздеуге, оны сақтап қалуға ұмтылар емес. Қазақтың рухани бостандығы, сана тәуелсiздiгi Абай шығармаларында да терең сипатталады. Ол «адамның емес, халықтың ұлы» бол деген ұранды ту етедi.
«Көп айтса – көндi,
Жұрт айтса – болды,
Әдетi надан адамның» деген ол қазақтың көнбiстiгiн, оның надандығынан iздеген жөн деген ойды меңзейдi.
«Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңiл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлiң тiрiл, мейлiң өл.
Танымассың, көрмессiң,
Қаптаған соң көздi шел ” – ойшыл айтқандай қазақтың бүгiнгi байларының көзiн шел басты. Шенеунiктерiнiң басымы байлығын шетел асырды. Баласын шетелде оқытып, Қазақстандағы карьерасы бiткен күнi шетел асуды мұрат тұтады. Елдiктiң, мемлекетшiлдiктiң санасына, сәулесiне құйылар түрi жоқ.
Көп шуылдақ не табар,
Бастамаса бiр кемел, – дейдi данагөй. Өйткенi «Халық – дана, халық – тобыр» деген де тәмсiл бар. Сол тобырға бас болатын кемел көшбасшы керек. Ол ұлттың, ұлыстың сөзiн сөйлесе ләзiм.
Мiне, Хакiм Абайдың өлмес тарихи мұраларының басты кiлтi осында. Оны бүгiнгi ұрпақ зерделей бiлсе, құба-құп!

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті. 
Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Айтары жоқ тамаша жазылған мақала екен. Ары қарай жалғастырсаң жетегіңе жүргелі тұр, бәрекелді. Бұл мақалаң ұрты майларға ұнамауы әбден мүмкін. Бірақ ол тосқауыл бола алмас.

  2. Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик: Абайдың поэзиясына төрт нәрсе тән. Олар: жаңашылдық, сыншылдық, сыршылдық, шыншылдық. Ресейдің отарлау саясатының орын алған кезінде қазақ өзін қалай сезініп жатыр деген мәселелерді түсінуге тырысқан… Егер тіріліп келіп, біздің бүгінгі қоғамға енсе, онда кезінде көрген кемшілігін байқары анық. Шындығында, Абайдың бұрын айтып, кеткен қазақ халқына сыны, әлі де сол қалпынан таймағандай.
    Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы: Абайдың айтқандарында бар қазақтың мінезі әлі де сақталған. Дегенмен, басқа ұлтпен салыстырғанда қазакеңде алға басушылық бар.
    Жабал ШОЙЫНБЕТ, Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу
    орталығының атқарушы директоры: Абай ортамызға пайда бола қалса: «Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі. Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?» – деп қынжылыспен: «Распенен таласпа мүмин болсаң. Ойла, айттым, адамдық атын жойма!», – дегенді қайталар еді.
    Қасым АМАНЖОЛ, журналист: Абайдың жақсы көңіл-күйде қалмасы анық, жағымпаздық пен шексіз мақтангөйлікке ызаланған болар еді (ҚӘ-ден)

    • Қаламыңызға нұр жаусын! Керемет жазылыпты! Қазіргі “ақпараттық соғыс” заманында, орыстардың ескерткіштің алдында кездейсоқ жиналғаны да бекер болмады. Қазір биліктегі масқаралыққа дәті шыдамайтын да, қарсы пікір айтатын да ол аяқ астында, таптауда қалған зиялы қауым. Яғни Абай атамызды оқыған да есерсоқ есалаң адамдар емес. Абай жолының соңында Абай атамыз өзі далаға қарап тұрып ойланатыны бар. “Шіркін келер ұрпақтың күні не болар екен. Келешек ұрпақтың білімі қалай болар екен” – деп. Келешек ұрпақтың жағдай қиын-ақ. Абай атамыздың орыстың білімін,ғылымын үйреннің екінші бөлімін, яғни уйрен де жиренін, өкінішке орай орыстар бізден жасырып қойды. Әлде өз сана-сеніміз соған жетпеді ме. Қазір шала қазаққа толып кетті. Бір-бірін түсінбейтін халге жеттік. Бір қыздың шешесі қызын ұзатып жатып, (ұлы сөздің уяты жоқ) “осы қызды осырдык, осырдык… ” -дегендей қазір осырған мен өсіргенді ажыратпайтын халге жеттік. Мәкен апа (Абай атамыздың шөбересі) айтқандай -“қазір менің балаларыма Абай керек жоқ. Оларға Абай туралы бірдеңе айтсаң жауабы ой осы Абайды айта бермеші, бізге оның не керегі бар”…Сол секілді ендігі жастарға Абай да керек жоқ оның кітабы да керек жоқ. Ал шет елге баласын оқытатын “мәңгүрт қазақтар” атасынан қалған байлықты оңына да солына да сатып жүр. Марқұм Заманбек Нұрқаділов ағамыздың “патшаға” жазған хатында айтқан Қазахстанда Менделеев таблицасының бәрі бар. Тіпті әлемде жоқ элемент Жезқазғаннан шыққаны үшін Жезқазғанит деп аталады. Жылына 1 кг өндіріледі, уранды катализаторлауға пайдаланылады. Миллиондаған доллар тұрады.Бір үміт қазақтың кеңпейілдігіне, қайырымдылығына АЛЛАХ тағаламның дайындаған бір “түп қайыры” бар шығар. Әйтпесе Жоңғарлар құсап жер бетінен жоғалып кетер медік. Рұхымыз мықты ғой Әйтпесе орыстар не істемеді, шоқындырып та көрді, ұлттық құндылықтарды жойды, малдан айырмақ болды. Бізден табылған киімі алтын сақ жауынгерін түріктер Академияларда оқытады. Ал бізде оның тупнұсқасы да жоқ. Өзіңіз ойлаңыз киімі таза алтыннан, қандай мықты болған аталарымыз. Мұхтар Мағауин жазғандай бұрынғы атамыз көк бөрі қазір жауыз, жалмауыз қасқырға айналды. Жесін, ішсін, әбдән тойғанда бір көздері ашылар. Бұл тоймастың бәрі уызында жарымағандар. Қазақта сөз бар ғой негізі жаман деген.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі