//

СААКАШВИЛИ ФЕНОМЕНI

540 рет қаралды

Ол – билiктегi жаңа буынның өкiлi

Грузияның қырық бес жастағы президентi Михаил Саакашвили билiк пен саясаттағы жаңа құбылыс. Сондықтан да оның есiмi жұртшылық арасында ауық-ауық сөз етiлiп отырады. «Бiреу қызығып айтады, бiреу қызғанып айтады» демекшi, оны жақтайтындар да, жақтамайтындар да баршылық. Бiрақ, бiр айта кететiнi, жақтыр- майтындардың негiзi орыстық пиғылдағы адамдар, Ресейдiң сойылын соғушылар екенi сезiлiп тұрады. Ал, қолдайтындардың алдымен ауызға алатыны – қызуқанды гүржiлер елiнде (еш мүмкiн емес деп ойлаған) тамырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлықты ауыздықтап, құқық қорғау органдарында күрт өзгерiс жасап, қатаң тәртiп орнатқаны.

Қалай дегенмен де, Михаил Саакавшили – саясаттағы, билiктегi жаңа буынның өкiлi. Қоғамның жаңа буынға, iзбасар ұрпаққа үмiт артатыны заңдылық. Өйткенi, кез-келген ағзаның бойына жас қан жүргенде қандай да бiр өзгерiс, серпiлiс пайда болады.

Әрине, Михаил Саакашвили грузин халқын құтқару үшiн аспаннан перiште болып түскен жоқ. Бiрақ, көп замандастарының iшiнен тарихи таңдаудың соған түскенi хақ. Оның өмiр жолына үңiлсек те басқалардан алабөтен өзгешелiктi байқай алмаймыз.

Ол 1967 жылы 21-желтоқсанда Тбилисидегi оқыған, интеллигент отбасында өмiрге келген. әкесi дәрiгер Николоз Миша туылардан бiраз бұрын мұның шешесiмен ажырасып, басқа әйелге үйленiп кеткен. Анасы Гиули Аласания орта ғасырдағы грузин мәдениетiн зерттеушi, тарихшы-профессор, түркiтанушы, артынан профессор, психолог Зураб Кометаниге тұрмысқа шығып, кiшкентай Мишаның тәрбиесiмен анасы, өгей әкесi және бiр кезде БҰҰ-да қызмет iстеген нағашысы, дипломат Темур Аласания айналысқан. Айтпақшы, Михаил Саакашвилидiң атасы Лаврентий Берияның тұсында грузин НКВД-сында қызмет еткен.

Табиғатынан талапты да алғыр Михаил 1984 жылы орта мектептi алтын медальмен аяқтап, 1992 жылы Киевтегi Т.Шевченко атындағы университеттiң халықаралық құқық факультетiн де үздiк бiтiрген. Кейбiр дерек көздерi бойынша, осы оқу орнында оқып жүргенде Саакашвили кеңестiк саясатқа жат пиғылдағы кiтаптарды таратқаны үшiн университеттен қуылып, комсомолдан шығарылған. Сондықтан да оған екi жыл шекаралық әскерде қызмет етуге тура келiп, тәртiбi түзелген соң ғана университетке қайта қабылданған. Оқу бiтiргеннен кейiн Грузиядағы адам құқығын қорғау жөнiндегi мемлекеттiк комитетте бiрер жыл кеңесшi заңгер болып жұмыс iстеп, арнайы жарияланған грантты ұтып алып, сол бойынша Страсбургтегi Халықаралық адам құқығы институтында оқыған. Сонан соң АҚШ-тың Мемлекеттiк департаментiнiң стипендианты ретiнде Нью-Йорктегi Колумбия университетiнде оқып, құқық магистрi дәрежесiн алған. Вашингтондағы атақты Дж.Вашингтон университетiнде бiлiм алып, Флоренциядағы еуропалық құқық және Гаагадағы халықаралық құқық академияларында тағылымдамадан өткен. Норвегиядағы адам құқығы институты мен Америкадағы заң фирмаларында жұмыс iстеп қайтқан. Былайша айтқанда, ол оқу-бiлiмнен, үйренуден, тәжiрибе жинақтаудан кенде емес. әйтсе де, бұрынғы алып мемлекет КСРО ыдырап, оның құрамында болған республикалар саяси-экономикалық, әлеуметтiк дағдарысқа тап болған осынау қиын-қыстау жылдары Саакашвилидiң ешбiр кедергiсiз Батыс елдерiне барып бiлiм алу және тәжiрибеден өтiп қайтуы кейбiреулер айтып жүргендей, мұның артынада қандай да бiр мүдделi топ не ұйым жатқан жоқ па? – деген күдiк пен күмән тудыратыны жасырын емес.

Бiлетiндердiң айтуынша, Михаил Саакашвилидiң саясаттағы өсу баспалдақтары 1995 жылы Эдуард Шеварнадзенiң саясатын қолдайтын ГАО («Грузия азаматтарының одағы») партиясынан парламентке депутат болып сайлануынан басталған. Келесi жылы оған парламентте Конституциялық және заң мәселелерi комитетiн басқару сенiмi көрсетiлген. Ал, 1998 жылы ол аталған партияның заң шығарушы органдағы фракциясын басқарған. 1999 жылы осы партиядан тағы да депутаттыққа сайланған. 2000 жылы Грузияның ПАСЕ (Еуропа Кеңесi Парламенттiк ассамблеясында ) өкiлi болып, сол жылдың қазанында әдiлет министрi қызметiне тағайындалуына байланысты, депутаттық мандаттан бас тартты. Арада бiр жылдай өткен соң президент Э. Шеварнадзе мен оның тұсындағы үкiмет мүшелерiн сыбайластық жемқорлықпен байланысты деп айыптап, өз еркiмен қызметiнен кеттi. Сөйтiп, мұнымен күресудiң жолы ретiнде «Ұлттық қозғалыс» саяси ұйымын құрды, оның құрамы тез арада 20 мың адамға жеттi. 2002 жылы Тбилиси заңнамалық жиналысының төрағасы болып сайланды.

Оның алдына екi үлкен мiндет қойылды

2003 жылдың 3-қарашасында Грузияда парламенттiк сайлау өткiзiлдi. Алайда оның нәтижесiн оппозициялық «Ұлттық қозғалыс», «Бурджанадзе-Демократтар» және «Патиашвили-Бiрлiк» партиялары мойындамай, қарсылық акцияларын бастап жiбердi. 22-қараша күнi қолдарына раушан гүлдерiн ұстаған наразылық шеруiн өткiзушiлер парламент ғимаратына басып кiрдi. Сөйтiп, Михайл Саакашвили мен Зураб Жванияның «Ұлттық қозғалысы» мен парламент спикерi Нино Бурджанадзе бiрiгiп ұйымдастырған қарсылық қозғалысының нәтижесiнде 23-қарашада Эдуард Шеварнадзе орнынан кетуге мәжбүр болып, Грузияда билiк ауысты.

Келесi 2004 жылдың басында елде президент сайлауы өткiзiлiп, Михаил Саакашвилидiң кандидатурасына сайлаушылардың 97,27 пайызы дауыс бердi.

Осылайша гүржiлер елiнде бұрынғы әкiмшiлiк-әмiршiлдiк басқару әдiсiмен ауызданбаған, сыбайластық, тамыр-таныстықпен былықпаған жаңа буынның өкiлi билiк басына келдi.

Грузин халқы Михаил Саакашвилидiң қолына толық билiк мандатын ұстатқанда оның алдына екi бiрдей үлкен мiндет жүктедi:

– Елдi титықтатып, қайыршылық күйге жеткiзген экономиканы қатаң әрекет-шаралармен болса да күрт өзгерiстер жасап көтеру;

– Бөлiнемiз деп бүлiк шығарып отырған жерлердi дұрысы – бейбiт жолмен, тiптi болмаса, әскери күшпен қайтару деген тәрiздi.

Өйткенi, Саакашвили билiк басына келген тұста 1990 жылдардың басында Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiк жариялауына байланысты Грузияның тұтастығына нұқсан келiп тұрған едi. Ал, Кодор шатқалы, тiптi, бақылаудан кетiп, Аджария өзiн жартылай автономиямыз деп жариялаған болатын. Сондықтан болса керек, Аджарияның басшысы Аслан Абашидзе мен президенттiң әлгi Кодор аңғарындағы өкiлеттi өкiлi Эмзар Квициани раушан төңкерiсi кезiнде Эдуард Шеварднадзенi жақтап шықты.

Осындай жағдайда Грузияның жас президентi Михаил Саакашвили: «Грузия – бiртұтас ел, бұған көнгiсi келмейтiндер елден кетсiн, қарасын батырсын. Мен бүкiл ел көлемiнде, оның iшiнде Аджарияда да тәртiп орнатамын. Аджар билiгiнiң өкiлдерiне ешқандай да қастандық жасалмайды, алайда кiм-кiм де грузин жерiнiң әрбiр шаршы сантиметрi бақылауда болатынын бiлiп қойсын» деген қатқыл мәлiмдеме жариялады.

Айтқандай-ақ, 2004 жылдың көктемiнде Аджариядағы қарама-қайшылық түйiнi шешiлiп, бұрынғы басшылық билiктен тайдырылып, автономия территориясы түгелдей Тбилисидiң бақылауына көштi.

Жаңа билiктi мойындағысы келмеген Шеварнадзенiң жақтасы Эмзар Квициани 2006 жылдың шiлдесiнде Кодор аңғарында жергiлiктi тұрғындарды бүлiкке бастап, гүржi үкiметiне қарсы көтерiлiске шығарып, «барлық күштiк құрылымдардың басшылары қызметтерiнен кетсiн» деген талап қойды. Бұған жауап ретiнде «полицейлiк операция» жүргiзiлiп, шатқал аумағына әскер кiргiзiлiп, тез арада тәртiп орнатылды.

Экономика – барлық өзгерiстердiң өзегi

Кез-келген елдiң, оның iшiнде Грузияның да өсiп-өркендеуiнiң кiлтi экономикада екенi бесенеден белгiлi. Сол себептi де Михаил Саакашвили грузин қоғамында түбегейлi реформаларға қол жеткiзу үшiн:

1. Мемлекеттiк басқару iсiнде шенеунiктердiң билептөстеуiн күрт төмендететiндей өзгерiстер жасау;

2. Экономиканы мемлекеттiң иелiгiнен шығарып, оны мейлiнше ырықтандыру және iс жүзiнде барынша шектеусiз жекешелендiру жүргiзу;

Бұрынғы шенеунiктiк аппаратты түгелдей өзгертiп, жас кадрларға сенiм арту сияқты шараларын жүзеге асыру керек болды. Ол мұны жүзеге асырды да. Мұның iшiнде, әсiресе, үшiншi фактордың яғни ескi кадрлардың орнына былық-шылыққа батпаған жаңа жас кадрларды әкелудiң маңызы зор болатын.

Бұрынғы президент Э. Шеварднадзенiң кезiнде де Грузияда реформалар жүргiзу әрекетi жасалды. Бiрақ, ол оны жұмыс iстеп жатқан кадрлардың көмегiмен жасағысы келдi. Оның басты бiр қателiгi осында, яки жаңаша жұмыс iстегiсi келмеген, өзiнiң қызмет орнын барынша бас пайдасына жаратуға тырысқан бұрынғы кадрларға арқа сүйегендiгiнде жатты. Олар өздерiн «үлде мен бүлдеге орап» отырған – «майлы шелпектен» айырғылары келмедi (Осы жерде тарихқа кiшкене шегiнiс жасауға тура келедi… Сонау 70-жылдары кеңес өкiметiнiң тұсында Грузия Кеңестiк социалистiк республикасының iшкi iстер министрi Э. Шеварднадзе елдегi парақорлық және социалистiк қоғам мүлкiн талан-таражға салушылармен аяусыз күрес жүргiзу арқылы көзге түсiп, 1972 жылы 44 жасында сол кездегi КСРО iшкi iстер министрi Н.А. Щелковтың ұсынысы, Л.И. Брежневтiң мақұлдауымен келешегiнен үлкен үмiт күттiретiн кадр ретiнде республика компартиясының бiрiншi хатшысы болып сайланған едi. Дүние кезек деген осы болса керек).

Бүгiнде кейбiреулер Саакашвилидiң Грузияда жасаған өзгерiстерiн, яғни мемлекеттiк басқару iсiндегi реформаларын «төңкерiске» балап жүр. Бәлкiм, солай да шығар. Өйткенi, кеңес өкiметiнiң тұсында да тамыр-таныстық, сыбайластық, парақорлықпен аты шыққан гүржiлер елiнде бiр адамның билiк басына келуiмен «темiрдей тәртiп орнайды» деген нәрсе үш ұйықтаса да ешкiмнiң түсiне кiрген емес.

Өздерiнiң айтуларынша, Саакашвили жемқорлықпен күресудi, тәртiп орнатуды iшкi iстер министрлiгiнен, дәлiрек айтқанда, «заңды ұрыларды» жоюдан бастаған. Олардың дандайсып кеткенi, елдегi билiкке үстемдiк еткенi соншалықты, 1990 жылдары Грузияның iшкi iстер министрi «ең лауазымды заңды ұрыны» әуежайдан тiкелей өзi күтiп алып, бiрнеше жеңiл көлiктермен қоршап, қошеметтеп, үйiне дейiн шығарып салатын болған.

Президент Саакашвили парламентте осы «заңды ұрыларға» қатысты арнайы заң қабылдаттырып, оларды жаппай түрмелерге тоғытты. Ел көлемiнде қай милиция бастығының территориясында «заңды ұрылардың» тайраңдап жүргенiн еститiн болса, соны дереу қызметiнен қуатындығын қатаң ескерттi. Сөйтiп, қысқа уақыттың iшiнде бүкiл Грузия бойынша әлгiндей 200 «қарақшы» абақтыға жабылып, қалғандары бас сауғалап Ресей мен Украинаға қашты.

Мұнан кейiн ол IIМ (iшкi iстер министрлiгiн) қайта құрып, жаңадан жасақтауды қолға алды. Оның кейбiр тармақтарын қысқартып, бiрқатарларын ықшамдап, бiр- бiрiмен бiрiктiрдi. әбден былығып, парақорлықтың ұшына шыққан деп есептелетiн МАИ-ды түп-тамырымен құртты. Тiптi, елде бiраз уақыт жол қозғалысын бақылап тұратын бiрде-бiр МАИ қызметкерi болмады.

IIМ құрамындағы 85 мың қызметкердiң 75 мыңы, ал МАИ-дың 14 мың қызметкерi бiр күнде жұмыстан босатылып, орындарына жаңа адамдар алынды. Лайықты жұмыс iстеулерi үшiн олардың жалақылары екi есеге көбейтiлдi. Мұнымен қоса, парақорлыққа байланысты жауапкершiлiк күшейтiлiп, 50 доллар пара алған милиция қызметкерi ешбiр кешiрiмсiз он жыл түрмеге отыру жазасын арқалап кете беретiн болды.

Осы сияқты мемлекеттiк және әкiмшiлiк басқару жүйесiнде де кең көлемдi реформалар жүзеге асырылды. Барлық салада дерлiктей мемлекеттiң ықпалынан босату жұмыстары жүргiзiлдi. Министрлiктер мен ведомстволар саны мейiлiнше (алдыңғысы 18-ден – 13-ке, кейiнгiсi 52-ден – 34-ке, оларда жұмыс iстейтiндердiң саны 40-50 пайызға дейiн) қысқартылып, оңтайландырылды. Тiптi өрттен қорғау мен санитарлық-эпидемиологиялық станса дегендер таратылып жiберiлдi.

Мемлекеттiк органдардың билiгi мен құзыретi елеулi түрде шектелiп, олар бақылайтын нысандар қысқартылды және атқаратын жұмыстары қатаң бақылауға алынды. Мұның бәрi, сайып келгенде, рынокты, тағы басқа да салаларды мемлекеттiң реттеуiн барынша азайтуға, ең шектi мөлшерiне жеткiздi. Шенеунiктер тарапынан берiлетiн лицензиялар мен рұқсат құжаттар саны бiр мыңнан 140-қа дейiн түсiрiлiп, бұрынғы ГОСТ (Мемлекеттiк стандарт) дегендердiң бәрi жойылды.

Бұған қоса, бiлiм беру, денсаулық сақтау, еңбек заңнамасы сияқты әлеуметтiк маңызды салалар да түбегейлi өзгерiске ұшырады. Бiлiм беру саласы ваучерлiк жүйеге көшiрiлiп, зейнетақы қоры таратылды. Алайда, кедейшiлiк күйдегi адамдарды мемлекеттiк қолдау сақталынып қалды. Ауруханалар жекешелендiрiлiп, дәрiгерлiк сақтандырудың жекеменшiктiк жүйесi енгiзiлдi. Жұмыс берушi мен жалдану арасындағы қатынас заңы жетiлдiрiлдi.

Экономикалық еркiндiк актiсi қабылданып, кәсiпкерлiктiң дамуына даңғыл жол ашылды. Ол актiде тiптi, мемлекеттiң бұзуға құқығы жоқ либеральды экономиканың негiзгi ұстанымдары мен шектеулерi белгiлендi. Және де мемлекеттiк шығындар ЖI8-нiң 30 пайызынан аспауы керек деген шектеу қойылды. Салықтың жаңа түрлерiн енгiзу тек референдум арқылы шешiлiп, мемлекеттiң банк немесе басқа да делдалдық-аралық институттарға иелiк етуiне болмайтын болды. Грузияның ақшасы – ларидiң конвертациялануына, капиталдың еркiн қозғалысына шектеу жойылды.

Грузияда ұяттан басқаның бәрiн сатуға «болады!»

Бiр қызығы, Грузия өкiметi басқалар секiлдi дәстүрлi монополияға қарсы заңнаманың орнына керiсiнше қандайда бiр саланы иемденiп, билеп-төстеуге және сауда-саттықтың дамуын шектеуге жол бермейтiн «Еркiн және бәсекелестi сауда туралы» заң қабылдады.

Грузия халықаралық бәсекелестiктi дамыту мақсатында өз жерiнде қаржылық және биржалық рыноктардың жұмыс iстеуiне есiгiн айқара ашты. Былайша айтқанда, А+ деңгейiндегi барлық шетелдiк банкiлер грузин рыногiне емiн-еркiн кiру мүмкiндiгiне ие болды.

Ел парламентi кез-келген нысанды, керек болса, темiр жолды, теңiз флотын, шахталар мен зауыттарды, айлақтарды, тiптi жер, су және орман ресурстарын жекешелендiрiп алуға болатын заң қабылдады. Соның арқасында қысқа мерзiм iшiнде жаппай жекешелендiру жұмысы жүзеге асты. Осыған байланысты: «Грузияда ұяттан басқаның бәрiн сатуға болады!» деген ұран тасталды.

Осындай жұмыстардың нәтижесiнде аз уақыт iшiнде Грузияда оң өзгерiстер бой көрсетiп, кәсiпкерлiктi жүргiзу жеңiлдендi, шет елдерден инвестиция құйыла түстi, iскерлiк ахуал, заңнамалық реформа, экономиканың ырықтан- дырылу деңгейi жақсара түстi.

Сөйтiп, Дүниежүзiлiк банктiң бағалауы бойынша – кәсiпкерлiктi жүргiзудiң қолайлылығы мен оңайлылығы жөнiнен Грузия мемлекетi 2004 жылғы 150-орыннан 2009 жылы дамыған саналатын Швеция мен Финляндияны артқа тастап, 11-орынға көтерiлдi.

2004 – 2008 жылдар аралығында Грузияда ЖI8 (Жалпы iшкi өнiмнiң) өсуi орта есеппен 9–12 пайыз деңгейiнде болса, өткен 2011 жылы 7 пайызды құрады. Саакашвилидiң есебiнше, 2013 жылдан бастап 10 пайыздық межеге қайта қол жеткiзедi. Ел бюджетi 2003 жылғы 558 млн. доллардан 2008 жылы 3,3 млрд. долларға көбейдi.

Жекешелендiру науқаны шет елдерден тиiмдi инвестиция тартумен жалғасты. 2004–2009 жылдар аралығында оның көлемi 6,5 млрд. долларға жеттi. Елдiң бюджетiндегi жекешелендiру мен инвестициядан түскен қаржы-қаражаттың мөлшерi 10-нан 30 пайызға дейiн артты.

2003 жылдан берi қарай орташа жалақы сегiз есеге, яғни 30 доллардан 250 долларға өстi. Полицияның қатардағы учаскелiк инспекторы айына 400–500 доллар, патрульдiк инспектор 1000 доллар жалақы алатын болды. Ал, бөлiм бастықтары мен жоғары лауазымдағылардың айлықтары мұнан да көп.

Мұндай жағдайда, сөз жоқ, әрбiр полиция қызметкерi «жеп отырған нанынан», тәуiр қызметiнен айрылып қалмау үшiн жанын сала жұмыс iстейтiн болады. Сондықтан да бүгiнде грузиндердiң 87 пайызы iшкi iстер органы қызметкерлерiне сенiм бiлдiретiн болып, оларда «бiздiң полицейлер пара алмайды!» деу ұлттық мақтаныштай қанатты сөзге айналды.

Айтса айтқандай-ақ, Грузияда фирма ашуға бiр-ақ күн, автокөлiктi тiркетуге небәрi 15 минут, жүргiзушi куәлiгiн алуға 7-ақ минут уақыт кетедi екен. Мұндай тәртiптi сақтамаған кеңсе қызметкерi қызметiмен қош айтысады.

«Әрекет бар жерде, береке бар» демекшi, осынау реформалардың, игiлiктi қадам-қарекеттердiң арқасында елдiң инфрақұрылымы да анағұрлым жақсарып қалған. Жаңа жолдар салынып, ескiрген үйлер мен ғимараттар жөнделiп, жаңалары да бой көтерiп, елдi-мекендердi электрмен, сумен, газбен, қамтамасыз етiлуi жолға қойылған. Көшелердегi тәртiп пен тазалық, саябақтар мен гүлзарлардың жайқалуы, субұрқақтарының атқылауы көңiл қуантады деседi.

Айтпақшы, демократияшыл басшы ретiнде Саакашвили әлеуметтiк, ұлттық мәдениет мәселелерiне де мән берiп отырады. Мысалы, 2010 жылы оның тiкелей қолдауымен елде этникалық әзiрбайжандардың тұратыны ескерiлiп, Наурыз мейрамы кең көлемде аталынып, жалпыұлттық мереке деп жарияланды.

Жетпейтiн электр қуаты артылатын болды…

Бұрынғы кездерi электр қуаты Грузиядағы ең бiр тапшы нәрсенiң бiрi едi. Керек десеңiз, ел астанасы – Тбилисидiң өзiнде тұрғындардың жарық жиi сөнiп қалып, қараңғылықта шарасыз күй кешкен күндерi аз болмайтын. Сол себептi энергетика саласы да реформа жасап, басқаша ұйымдастыруды қажет еттi. 8здерiнде мұны тәуекел етiп, сатып алушы табылмағандықтан, Тбилисидiң бүкiл электр желiсi шаруашылық нысандарымен қоса, американдық бiр компанияға сатылды. Олар келдi де дереу еншiлес кәсiпорын ашып, ел көлемiнде қанша электр қуаты өндiрiледi, оны қанша тұтынушы пайдаланады деген қарапайым ғана есептi шығарып көрдi. Сөйтсе, пайдаланған энергия үшiн ақы төлемейтiндер шашетектен болып шықты. Олар, сондай-ақ, көпқабатты үйдегi ескi кеңестiк жүйемен тартылған электр желiсiнен нақты бiр-екi төлемеушiнi қиып, ажырата алмайтындықтарын және соларға бола қалғандардың жапа шекпеу керектiгiн де бiлдi. Сондықтан да желiнi жаңаша жабдықтап, барлық нүктелерге есептегiш құралдар орнатты. Ол құрылым бойынша кiмнiң қанша электр қуатын тұтынғаны, қай тұтынушының төлемей отырғаны туралы ақпарат орталыққа шұғыл жетiп, ондай тұтынушы әп-сәтте желiден, жарықтан айрылатын болды. Ендiгi кезекте көпқабатты үйлерде лифтi пайдалану мәселесi туындады. Өйткенi төменгi қабаттағы тұрғындар ол үшiн ақы төлемейтiндiктерiн мәлiмдедi. Американдықтар мұның да жолын тапты. Лифтердi ақылы етiп қойды. Кабинаға кiрген бойда төлем ұяшығына 5 тетри бақыр тастайсың, лифт қалаған қабатыңа жеткiзiп салады.

«Тоя жесең, тананың етiн тауысасың, тартына жесең, тоқтының етiн үнемдейсiң». Сол айтпақшы, электр қуатын пайдалану үш есеге төмендеп, бұрынғы жетпейтiн энергия, тiптi, артылып қалатын болды. Нәтижесiнде Грузия бас-аяғы үш жылдың iшiнде электр энергиясын көршiлес мемлекеттермен қоса, Еуропаға да экспортқа шығаратын елге айналды. Оның үстiне елде 8 кiшiгiрiм су электр стансалары салынуда. Мұнан да пайдалы үмiт күтуге болады.

Жаңаша бизнес-жоспар жасап, байлыққа белшесiнен батуды көздеген американдықтар ендiгi жерде қорқайын дедi. Себебi тұтыну аз болған соң пайда да болмайды. Мұны көрiп тұрған басқалар бұлардың акцияларын сатып алуға құлықсыз. әрi оны о бастағы келiсiм-шартта Тбилиси әкiмшiлiгiнiң келiсiмiнсiз сата алмайтындықтары көрсетiлген. Бiрақ американдықтар «кәсiпкерлiктiң майын iшкен», «иненiң көзiнен өтетiн» әккi қулар емес пе?! Олар акцияның бiр бөлiгiн емес, тұтас компанияны сатуға шығарды. Бұл жәйт келiсiм-шартта қарастырылмаған көрiнедi. Ал, компанияны сатып алуға жалғыз үмiткер Анатолий Чубайс басқарған ресейлiк «Ресей бiртұтас энергетикалық желiсi» РАҚ тәуекел еттi. Мұның ар жағында нарықтық пайдадан гөрi, таза «саяси ойынның», бақай есептiң жатқаны анық болатын.

Тағы бiр айта кететiн жәйт, елден сыртқа тауар шығаруда автокөлiк сату алдыңғы орынға шықты. Ол экспорттың 20 пайызын құрайды. Грузияның қандай да бiр, көлiктiң түрiн шығармайтынын жұрт жақсы бiледi. әйтсе де бұларда автокөлiктердiң Реэкспортына жол ашылған. Басқаша айтқанда, шет елдерден автомашиналар әкелiп, тез кедендiк рәсiмдеуден өткiзiп, жөндеп-жасқап, басқалардың пайдасына сатуға қолайлы жағдай жасалынған. әрi бұл шаруаның төңiрегiнде банк iсi, автобөлшектер сататын дүкендер және техникалық жөндеу шеберханаларын ашу қанат жайып, өркендеп келедi.

Грузия не өндiрiп шығарады дегенде елдiң есiне алдымен өзiндiк дәмi мен нәрi бар шарап (вино) өнiмдерiнiң еске түсетiнi анық. Алайда, бiр таңданарлығы, қазiргi кезде вино өнiмдерi грузин экспортының небәрi 2,5 пайызын құрайтын көрiнедi.

Саакашвилидi сынайтындар да баршылық

Әрине, Саакашвилидi қателiксiз, идеал президент деуден аулақпыз. Әрбiр жаңа iс, жаңа қадам кем-кетiксiз болмайтыны бесенеден белгiлi. Реформаларды жүргiзу барысында кейбiр кемшiлiктерге, асығыстыққа, тым қаталдыққа, асыра сiлтеуге жол берiп жатуы ықтимал.

Сондықтан қол жеткiзген үлкен жетiстiктерiне қарамастан Михаил Саакашвилидi сынаушылар мен жамандаушылардың, тiптi, оны ағаш атқа терiс мiнгiзiп, көре алмаушылар мен табалаушылар да баршылық. Бұл iсте Ресей «саясатының» да елеулi қолтаңбасы мен iзi жатқанын жасыруға болмайды.

Мiне, сондайлардың айтуынша: «Саакашвилидi желiктiрiп, дандайсытып отырған АҚШ пен Батыстың ақшасы көрiнедi. Сол қаражат таусылған күнi ол желi шыққан шар немесе доп сияқты болып қалады» деседi. «әйтпесе, өндiрiсi өркендеп дамымаған, сыртқа мардымды ешбiр тауар не шикiзат шығара алмайтын, кезiнде шараптарымен және шипажайларымен ғана аты шыққан Грузияда ондай көл-көсiр қаржы қайдан болуы мүмкiн? Бұл – бар болғаны сырты бүтiн, iшi түтiн елдiң қызылды-жасылды жарнама мен насихатының «жемiсi», – дейдi.

Олар, сондай-ақ, «елде жұмыссыздық әлi де жоғары деңгейде – 16 пайыз шамасында (бұрынғы президент Э.Шеварднадзенiң есебi бойынша – 50 пайыз), зейнетақы мөлшерi 60 доллар, ал азық-түлiк бағасы өте қымбат» деген айғақтарды көлденең тартады.

«Саакашвили билiк басына келгенге дейiн Грузияның сыртқа қарызы 1,8 млрд. доллар болған болса, қазiр берешегi 8,6 млрд.-қа, яғни ЖI8-нiң 80 пайызына жеттi. Ал, 2013 жылдан бастап 1 млрд.-қа жуық қарызды қайтаруға тура келедi. Бұл ендi-ендi оңалып келе жатқан ел экономика- сына аса ауыр тиедi» дегендi айтады.

Ақиқат үшiн мынаны да айта кеткен жөн. Расында да жекешелендiру мен инвестиция осыған дейiн грузин экономикасында қаржы-қаражаттың негiзгi көздерi болып келдi. Бұл екеуi ЖI8-нiң 10-нан 30 пайызына дейiнгi шаманы құрады.

2008 жылғы тамыздағы Оңтүстiк Осетия мен Абхазия үшiн Ресей қарулы күштерiмен болған бес күндiк қақтығыс Грузияның экономикасын бiршама әлсiретiп кеттi. Осы соғыста жапа шеккен ел ретiнде Грузияға халықаралық қауымдастық 4,5 млрд. доллар көмек көрсетiп, оның 2,5 млрд.-ты займ, ал қалған 2 млрд.-ты грант ретiнде берiлдi.

Грузия экспортқа негiзiнен өңделмеген немесе аз өңделген шикiзаттар, темiр сынықтарын, жаңғақ, аздап шарап өнiмдерiн және рэкспорттық автокөлiктер шығарып сатады. Одан түсетiн жыл сайынғы табысы 1,5 млрд. доллар көлемiнде.

Бұған керiсiнше, барлық тұтыну тауарларын, құрылыс материалдарын, тiптi климаты қоңыржай және қолайлы болғанына қарамастан азық-түлiк түрлерiн де сырттан тасымалдап сатып алады. Оған эскпорттан төрт есе көп, яки 6 млрд.-тай доллар қаржы жұмсайды.

Кейбiр сарапшылар айтып жүргендей, Грузияда бизнеске емiн-еркiн жағдай жасаудың екiншi қолайсыз жағы да бар.

Бiрiншiден, салықтың түрлерi азайтылған соң бюджетке түсетiн қаржы да соғұрлым азаяды;

Екiншiден, ешқандай шектеу болмағандықтан, сыртқа капитал ағылып кетiп жатады;

Үшiншiден, бүкiл кәсiпкерлiк шетелдiктерге сатылып, солардың билеп-төстеуiнде болғаннан кейiн оларға тәуелдiлiк, кiрiптарлық күшейедi.

Ал, қазiргiдей жаһандану заманында әрбiр мемлекет өзiнiң және азаматтарының мақсат-мүддесiн қорғау жолында инвестициялық тәуелсiздiк мәселесiн де естен шығармауы керек, – дегендi айтады.

Грузия – Қазақстан қарым-қатынасы

Қазақстан «Грузияның территориялық тұтастығы сақталуға тиiс» деген ұстанымда. Сондықтан да ол Ресейдiң айтқанына көнiп, Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындаған жоқ. Елiмiздiң бұл саясаты халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағаланды.

Екi елдiң қарым-қатынасы аса жоғары болмағанымен қалыпты деңгейде дамып келедi. Қазақстан – грузин экономикасындағы елеулi инвесторлардың бiрiне саналады. Мұнда кәсiпкерлiктi дамытуға қолайлы жағдай жасалған соң елiмiз газ тасымалдап жеткiзу, теңiз айлағы және қонақ үй бизнесi сияқты бiрқатар салаларға инвестиция салған.

Қазақстаннан Грузияға экспортқа көмiр, ақ қаңылтыр, қара және түстi металл прокаттары, полипропилен, жеңiл және жүк автокөлiктерi үшiн резиналар, аккумляторлар, санитарлық-техникалық қондырғылар шығарылады. Ал, ол елден металлургия, машина жасау, химия мен тамақ өнеркәсiбi өнiмдерi әкелiнедi.

Экономист мамандар Грузия мен Қазақстанның туризм саласында ынтымақтастықты дамытуға мүмкiншiлiгi зор деседi. Мәселен, өткен 2011 жылы бұл елге 18565 қазақстандық турист ретiнде барып, тамашалап қайтыпты. Кешегi КСРО-ның тұсында Грузияның атақты шипажайларына жолдамамен демалып қайту әрбiр қазақстандықтың қолы жете бермейтiн арман болғаны өтiрiк емес.

Қорыта айтқанда, бiз бұл мақаланың өн бойында Грузияда жүргiзiлген реформалар, президент М.Саакашвилидiң жүргiзiп отырған саясаты мен қызметi жайында барынша бейтарап, объективтi ақпарат беруге тырыстық. Бұдан қандай да бiр қорытынды шығарып, ой түю – әркiмнiң өз еншiсiндегi мәселе.

Әшiрбек АМАНГЕЛДI,

саяси шолушы, «Алматы ақшамы»

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі