/

Бүгінгі қазақстандық террорист кім?

677 рет қаралды
2
Парламент Мәжілісінде өткен халықаралық конференцияда еліміздің Бас прокуратурасы алғаш рет қазақстандық террористің жиынтық бейнесін суреттеп берді. Осы жиында Қаржы министрлігінің құрамындағы Қаржылық мониторинг комитетінің 200-дей ұйым мен тұлғаның терроризмді қаржыландыруға қатыстылыққа тексергендігі жарияланды. Тағы бір жаңалық: тек биылғы жылы ғана арнайы қызметтер 24 террактінің алдын алыпты!
– Бүгінгі қазақстандық террорист кім? – деді алқалы жиында сөз сөйлеген Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. – Бұл сұраққа өзіміздің ста­тистикаға жүгіне отырып, жауап бергім келеді. Сотталған терроршылардың 60%-дайы – 29 жасқа дейінгі адамдар. Басқаша айтқанда, террористер – жастардың өкілдері. Олардың барлығы дерлік, нақ­тырақ айтқанда, 95%-ы – жұмыссыздар. Осылайша Қазақстандағы терроршы­ның жиынтық портреті салынады: бұл – өмір­де өз орнын табуға ұмтылған, көбінесе жұмыссыз, оның үстіне білімі де, алда қан­дай да бір перспективалары да жоқ жас адамдар.
Мұндай сипаттама ел басшылығына баяғыда-ақ хабарланған көрінеді. Сол се­бепті де Қазақстан Көшбасшысы мек­теп қабырғасын тастап шыққаннан бастап, жастардың жұмыссыз, бос сан­далмауына, «екі қолға бір күрек» тауып бе­руге назар аударуда. «Осы орайда Мем­лекет басшы­сының «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде берген тапсыр­маларының ай­рықша өзекті екендігін атап өткім келеді. Ол тапсыр­малар Қа­зақ­стандағы жастар саясатына түбегейлі өзгерістер енгізеді» деді Бас прокурордың орынбасары.
Әрине, Қазақ елінде лаң салуға құ­мартушы, арандатушы күштер «идео­логиялық өңдеу» сыртында, қазақстандық жастарды қаптаған «көк қағаздармен» қызықтырады. Сондықтан қоғамымызды терроршыларды қаржыландыратын ресурстардың елімізге оп-оңай өтіп ке­тетіндігі ашынтып отыр. Осыған бай­ланысты жиында мәлімделгеніндей, Үкіметтің осыған жол бермеуге тиісті құрылымы – Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитеті, «құ­рылған кезінен бері, құқық қорғау және арнайы органдарға терроризмді қаржы­ландыруға және қылмыстық кірістерді заңдастыруға қатысы болуы мүмкін тұлғалар мен ұйымдар туралы 190-нан астам материалдар бағыттапты. Осы органдардың 110 сұрауы бойынша же­келеген қаржылық операциялар, қара­жаттары тиісті жеріне жеткенше, қада­ғаланған және «тиісті шешімдер қа­был­данған». Әрине, бұл комитеттің жұмысы жеміссіз деуге болмайтындай. Бір деректер бойынша, Әблязовтың Қазақстандағы арандату әрекеттерін қаржыландырғандығы осы комитет арқылы да анықталыпты.
Терроризмнің қалай қаржылан­ды­рылатындығы «аз зерттелген» мәселе бо­лып қалып отырғандығын Бас проку­ратура басшылығының биік лауазымды өкілі де мойындады. Әйткенмен И.Мер­кельдің айтуынша, Қаржылық монито­ринг комитеті әлемдегі қаржылық барлау ұйымдарының бейресми бірлестігі – «Эгмонт» тобына мүше болғаннан бері, терроршылардың өз еліміздегі, сондай-ақ шетелдегі қаржылық мекемелер арқы­лы жасаған кез келген қаржылық опера­цияларын індету мүмкіндіктері айтар­лықтай кеңейіпті. Бұл ретте Бас проку­рордың бірінші орынбасарының мә­лі­метінше, әлгіндей қарау істерді қар­жыландырушылар тіпті мемлекеттік сатып алулар саласына да еніп кеткен!
Иоган Меркель ең радикалды діни көзқарастарды жақтаушылардың өз­дерінің айрықша мазасыздығын туғы­зып отырғандығын ашық айта келе, олар­дың «ұйымдасқан қылмыстық топтармен (ҰҚТ) біте қайнасуы жүріп жатқандығын» хабарлады: «ҰҚТ мү­шелері дәстүрлі емес діни ағымдарға тар­тылуда және сол на­ным-сенімдерде өздері жасайтын қыл­мыстарға идео­логиялық ақтау табуда. Жекелеген өңірлерде радикалдардың бизнестің криминалды салаларына ба­қылау орна­ту, өз қызметтерін қаржы­ландыру­дың көзі ретінде мемлекеттік сатып алу­лар үдерістеріне кіру талабы тіркелуде!»
Айтқандай, Бас прокуратураның бастамасымен, терроризмді қаржы­лан­дыруға және заңсыз алынған кірістерді жылыстатуға қарсы тұру туралы ұлттық заңнамаға толықтырулар енгізіліпті, оларға сәйкес, Бас прокуратура арнайы және құқық қорғау органдарының ақ­парлары негізінде «қара тізімдер» түзеді, оларға терроризмді қаржылан­дыруға тартылған тұлғалар мен ұйым­дар енгізі­летін көрінеді. Мұндай адамдар­дың барлық байланыстары мен жақын-жуықтары бейресми бақылауда ұста­лынады деседі. Осыдан «биліктегілерге жақпаған бизнесмендер не басқа да тұлғалар осы тізімге қосылып кетпей ме?» деген қауіп туады. Өйткені ондағы адам­дардың күдік туғызады деген қаржылық операциялары өткізілмей тасталады, есепшоттарының тұт­қын­далуы ғажап емес. Бірақ Бас про­кура­тура басшылы­ғының өкілі бұл қауіпті сейілтуге асықты: «Бұл біздің осы тізімге кімді қаласақ, соны қосатындығымызды білдірмейді, – деп сендірді журналистерді Иоган Меркель. – Мұндай әрине, бол­майды. Келіп түскен ақпарат қайта тексеріледі».
Жалпы алғанда, биылғы, бар бол­ғаны он айда терроризммен және экстре­мизммен байланысты 112 қылмыс әш­кереленіпті. Соңғы бес жыл үдерінде Қазақстанның 40 азаматы террористік ұйымдардың қызметіне қатысты бол­ғаны және заңсыз қарулы құрылым­-дарға қатысқаны үшін басқа мемлекет­тер аумағында ұсталған. Ал соңғы 5 жылда террористік қылмыстары үшін 148, экс­тремизмі үшін – 160 адам сотталыпты. Қазақ елінде ойран салатын қазақстандық «шәкірттерін» даярлау үшін шетелдік тәжірибелі терроршылар келе бастапты: кеше «елімізде жыл басынан бері ха­лық­аралық террористік және экстремистік ұйымдардың 68 мү­шесінің тұтқындал­ғандығы» жа­рияланды.
Шенеуніктер Қазақстандағы тұ­рақтылықты мәңгілік деп қабылдамау­лары тиіс, қайта оны нығайту жолында күн сайын жұмыс жасау, тер төгу талап етіледі. Бұл ретте биліктегілерге «бәрі жақсы» деп өзін-өзі алдай бермей, жерге түскен, халық арасындағы шын жағ­дайды нақты бағамдаған жөн. Парла­менттегі жиында осының талабы жа­салды. «Елдегі қазіргі діни ахуал туралы айтқанда, біз Қазақстан халқының радикалдануының тұрақты үрдісін атап өтеміз! – деп ашық мәлімдеді Бас про­курордың бірінші орынбасары. – Дәстүрлі емес діни бағыттағы топтар саны өсуде. Тәжірибе көрсеткеніндей, дәл солардың өкілдері терроризм актілерін жасауға бейім келеді. Олардың қатары аз қамтылған, әлеуметтік тұр­ғыдан өз орнын таба алмаған жастар­дың және басқа адамдардың есебінен толығуда.
Кешегі халықаралық жиында Бас прокуратура киберқылмыстар үшін Қазақстанда қылмыстық жаза енгізу туралы ұсыныстарын жария етті. Алда еліміздің Қылмыстық кодексінің жаңа жобасы жазылатындығы жақында мәлімделген-тін. Бас прокуратура сонда киберқылмыстарға жеке тараудың ар­налуына қол жеткізбек ниетте. «Сонда терроризммен, порнографиямен, суи­цидпен байланысты ақпараттар ор­на­ластыратын авторлар мен сайттар жазаға тартылатын болады, – деді Бас про­курордың бірінші орынбасары И.Мер­кель. – Мұның барлығы қадаға­ланады, мониторинг жүргізіледі».
Әйткенмен терроризммен және экстремизммен байланысты көптеген сайттар мен авторлар шетелдегі ре­сурстарда орналасқан, демек, оларды жазалау тұрмақ, ғаламтордағы па­рақ­шаларын жауып тастау мүмкін емес: іздеген адам прокси-серверлер арқылы бәрібір қол жеткізеді. Сондықтан Парламенттегі халықаралық жиында қазақстандық билік халықаралық қоғамдастыққа осы салада ынтымақтасу ұсынысымен жүгінді. Әйтпесе әлгіндей аса қауіпті ресурстар ғаламторда көбейіп барады. Тек Қазақстанның өзінде, арнаулы мониторинг қорытындылары бойынша, Бас прокурордың өтінішімен – 70 мың интернет-ресурстың, ал соттар үкімімен – 550 интернет-ресурстың өнімдері заңсыз деп танылып, Қазақстан аумағында таратуға тыйым салы­ныпты.
Елдос СЕНБАЙ

“Айқын”

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Бұл да бір жетістік. Осы қарқынымен жалғасын таба білсе елімізде терроризм үлкен мқлшерде азайып, халықтың көңілі жайлана түсер еді.

  2. Дін, дін, дін, тағы да дін! Әр адам қандай дінді, қандай жолды ұстанса да өз еркі деп, жол ашпас бұрын жақсылап ойлану керек еді. Ал енді жұмыстарыңызды еселеп алдыңыздар! Іске сәт!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі