///

Астанадағы аламан айтыс «Алтын домбыра» иесін тапты

1188 рет қаралды

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орайластырылып өткізілген «Біздің ел осындай!» атты ақтық айтыста бас жүлде – «Алтын домбыра» қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды.

Айтыс өнеріне байланысты мұның алдында ғана қуанышты бір жаңалықты жария еткен болатынбыз. Республикамызда айтыс­кер ақындар мен жыршы-терме­ші­лердің одағы құрылды. Оны соңғы уақытта әлем жұртшылығы назарына іліккен осы бір киелі өнерге деген туған халқының қам­қорлығы мен шынайы сүйіспеншілігі десек, енді, міне, іле-шала елорда жұртшылығы тағы бір ізгілікті шараға куә болуда. Олай дей­тін себебіміз, республикалық ақындар ай­тысына, жыр додасына тігілетін бәйге ту­ралы бұрын түрлі алыпқашпа сөздер айты­лып қалып жататын. Шынын айту керек, «Ақын­дарға «темір тұлпардың» кілті табыс етілді» деген сияқты біржақты, байлыққа, мансапқа негізделген марапаттар арқылы ғана өнерді бағалап жүргендей болатынбыз. Асыл мұраға деген адалдыққа со­ның салдарынан сәл-пәл нұқсан тиіп кете­тін сияқты көрінетін. Алайда, ауыз әдебиетінің небір жау­һар үлгілерінің ондай атақ, дәрежесіз-ақ бүгінгі күнге дін аман жеткенін ескерсек, айтыс өнерінің рухани көкжиекті жасындай нұрландырар шабытты сәті әлі алда екені иландырады.
Алтын уақытпен бірге бәрі өзгереді деген сөз рас. Тәуелсіздік рухын жырлауға ар­налған биылғы жыр сайысының ерек­шелігі – ең алдымен, бас бәйгесінің сыры мен сымбатында. Олай дейтініміз, айтыс қай кезде де қазақтың қара домбырасымен бірге қос ішектей жарасып, ой кеңістігінде әсем өрнек төгетін сөз бен саздың син­тез­дік үйлесімінен туатындықтан, сый-сия­патқа осынау құндылық тегін таңдал­маса керек-ті. «Алтын домбыра» сый­лығының мән-мағынасы айтыскер ақындардың жырымен жан-жақты ашылып, бүгінгі заманның үнімен жарасып асқақтады. Мысалы, Әсем Ережеқызымен сайысқа түскен Мұхтар Ниязовтың айты­сын­дағы мына бір тұсы ешкімді бейжай қалдырмайды. «Бостандыққа домбырам аттап келді… Домбырам менің алтын, аппақ болды. Шыңғыс хан қорғасынмен қорлап еді, Нұрекең алтынменен аптап берді» – деген шумақтан тарих пен тағылымды ұғынар ұрпақтың лебізі аңғарылып тұрған жоқ па? Халқымыздың киелі аспабына мұнан артық қандай құрмет көрсетіледі. Тәуелсіздік тойымен бірге туған халқы қадір тұтып, жырына арқау етіп жатуы өз алдына, ал Қазақ елінің бренді ретінде мұны алтынмен аптап, күміспен күптеудің сыры өз алдына бөлек әңгіме. Оның мән-мазмұнын айтыскер ақындар, этнограф-ғалымдар әлі де жан-жақты тарқатып айтып бере жатар, ал қазір біздің айтпағымыз, ел тәуелсіздігі қарсаңында ұлттық құндылықтардың жаңғыртылып, елдік белгілердің бекітілуі төл өнердің рухын тағы бір мәрте биіктете түскен еді. Аймақтық ақындар айтысында сұрыпталып, топ жарған жыр жор­ғаларынан Сара Тоқтамысова, Жан­дар­бек Бұлғақов, Мұхтар Ниязов, Әсем Ережеқызы, Балғынбек Имашев, Мейірбек Сұлтанхан өзара сайысқа түсіп, айтыс­ты сағынып қалған әлеуметке маржан жырды мөлдіретті. Айтыстың қазылар алқасына таңдалған майталмандар да көпке сыйлы аға-апаларымыз. Халық ақындары Әсия Беркенова мен Әселхан Қалыбекова, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева, белгілі айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбеков, фольклортанушы-ғалым Серік Негимов, атақты жырау Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы басқармасының төрағасы Жүрсін Ерман ақындардың өнерін тамашалай келіп, орындаушылық шеберлікке, сапалық деңгейге, сахна мәдениеті мен әдеби тіл байлығына, олардың тақырыпты дұрыс аша білуі мен дәстүрлі айтыс мақамын үйлестіре қолдану қабілетіне қарап баға берді.
Бәрін айт та, бірін айт, жыр аламанында Сыр елінің дүлдүл ақыны Мұхтар Ниязов соңғы кездесуде Балғынбек Имашевтан мерейі үстем болған Мейірбек Сұлтанханды жеңді. Бас жүлдемен қатар оған 3 миллион теңге сыйлық табыс етілді. «Қолымдағы домбырам алтын болса, Аузымдағы сөзім қайдан күміс болсын!?» деп жорғадай желіп берген ақын баласына жиылған жұрт та жамырап қол соғып, арқа-жарқа күй кешті.
Бірінші орын алған Мейірбек Сұл­тан­хан 1,5 миллион теңгеге ие болса, ал екінші орын үшін Жандарбек Бұлғақовқа 1 миллион теңге берілді. Ал Сара Тоқтамысова, Балғынбек Имашев пен Әсем Ережеқызы үшінші орындарды місе тұтып, әрқайсысы 750 мың теңгеден алды.
Осы арада жас талант Олжас Сы­дық­беков жүргізген айтысқа «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры демеушілік жасағанын айта кеткіміз келеді.
«Айтыстың жалпы сипаты туралы сөз етсек, ол халық пен биліктің арасындағы  халықтың сөзін жеткізуші алтын көпір болуы тиіс. Оның бүкіл түпкі мақсаты – Қазақ елінің рухын көтеру, еңсесін биіктету, басын біріктіру, ұлттың ұйытқысы болу. Міне, бүгінгі айтыс сол деңгейден табылды деп ойлаймын», деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде. Ауыз әдебиеті тарихында өсіп келе жатқан өнерпаз жастарға үлгі-өнеге боларлық небір дүлдүл айтыскер ақындар өткен. Бүгінде олардың ізін жалғап, ақындар армиясын қалыптастырған діңгекті буыннан сан мыңдап жас шыбықтар өркен жайып келеді. Жүрсін Ерманның айтуынша, қазір олар жүздің үстінде көрінеді. Бүгінгі айтыстың алдында 60-қа тарта ақын Өскемен мен Қызылорда қалаларында өңірлік іріктеуден өтсе, өз ортасынан суырылып алты ақтаңгер республикалық додаға жолдама алған екен. Тағы бір айта кететін нәрсе, салмағы бір келі таза алтыннан тұратын домбыраны бір адам мәңгілік иеленіп кетпейді. Жарыстың шарты бойынша ол республикалық айтыс­та үш рет қатарынан жеңген ақынға ғана мәңгілікке қалдырылады деп ұйғарылды. Осы аралықта «Алтын домбыра» ұлттық мұражайда сақталып, арнайы кітапшаға жеңімпаздар есімі жазылып отырады.
Қазақты өзгелерден ерекше етіп көрсетіп тұратын қандай қайталанбас қазынасы бар деп санамалап шығатын әдетіміз. Сонда бір деп саусағымызды бүге бастағанда, айтыс өнерінің ойға алдымен оралуы тегін емес. Тәуелсіздік рухы сол ұлттық құндылықты көз қарашығындай қорғауға мүмкіндік туғызған ұлы жеңіс десек, бұл екеуі сайып келгенде сананы салт-дәстүрдің ізгіліктеріне тәрбиелейтіні сөзсіз.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».

«Біздің ел осындай!»

Мұхтар Ниязов пен Әсем Ережеқызының айтысы

Мұхтар:

Бісміллә, келіп қалдым тәңір айдап,

Таңдайыма қонғасын тарыдай бақ.

Қытайлық Жәмиғамен қырылғанмын,

Былтыр ғана осы жерде, бәріңе айғақ.

Жыл деген жылғадағы су сияқты,

Сыр бойынан оралдым тағы жайлап.

Ақ сәлемін сіздерге жолдап қалды,

Ақмешітті жайлаған ауыл-аймақ.

Ақсақал аталарым, армысыңдар,

Сақалын салалаған сабыр ойлап.

Әжелер, жүрсіздер ме, бастарыңа

Шариғатқа сай қылып шәлі байлап.

Ай маңдайлы арулар, армысыңдар,

Алтын берсең алмайтын арын ойлап.

Қазақтың жігіттері бар осында,

Қарашаның жүретін қамын ойлап.

Тәуелсіз торқалы той құтты болсын,

Ақсарбасын шалған ел, «А, Құдайлап!»

Алты құрлық таныды алты Алашты,

Тамырында түркінің қаны қайнап.

Көк байрағын баласы желбіретті-ау,

Бабасы көтергесін бөрі байрақ.

Тәуелсіз Қазақстан атқа отырды,

Жүзінде жиырма бірдің жалыны ойнап.

Баянды болсын, сенің Қазақ елі,

Басыңа қонып тұрған абырой, бақ!

Атқанмен еркіндіктің азат таңы,

Өлеңсіз өмірімнің аз-ақ мәні.

Алтын домбыра айтысқа тіккеннен соң,

Салтымның табылғандай ғажап мәні.

«Қу тақтай қандай еңбек сіңірді?» деп,

Кейбіреулер мойынын созад-дағы.

Жошыхан жорықта өлген құлан теуіп,

Тарихтың бізге жеткен аз ақпары.

«Ұлым қайда?» деп Шыңғыс ақырғанда,

Жиналды жан жағына тез-ақ бәрі.

Батырмын деп жүргеннің бәрі састы,

Анық қой қорғасыннан азап бары.

Ер сасып, етек басып қиналғанда,

Саңқылдап сөйлеп кетті саз аспабы.

Шыңғысқа шындықты айтқан бұл домбыра

Ең алғаш демократ қазақтағы.

Астана бергеннен соң баптап төрді,

Сенімі шабытыма шақпақ болды.

Одан бергі жолында да домбыраның

Жүрген жолы тайғанақ, қатқақ болды.

Қашағанның қолынан жұлып алып,

Есқали екі бөліп шаппақ болды.

Сүйінбайдың бауырына еріп барып,

Қатағанның аузына қақпақ болды.

Дәуірлердің белінен мына бүгін,

Бостандыққа домбырам аттап келді.

Ағайын, бір құрметтеп қойсаңыздар,

Домбырам менің алтын, аппақ болды.

Шыңғыс хан қорғасынмен қорлап еді,

Нұрекең алтынменен аптап берді.

Бүгін бізге сан бітті, сапа бітпей,

Көбіміздің атымыз ап-арық қой.

Ақ шанақ қоңыр мұңлық қолымдағы

Қос ішектен тарайтын аталық қой.

Тарихтан көрдіңіздер, бұл домбыра,

Шындықты айтатыны ап-анық қой.

Халайық, өздеріңе ұсыныс бар,

Қолдасаңдар қол жайып, бата қып қой.

Айтыстан соң, домбыраны музейге емес,

Парламенттің алдына апарып қой.

Олжастай пайда болып жас зиялы,

Айтыстың болып-ақ тұр бас пиары.

Тасқа тиіп тасырқап қалмаса екен,

Топқа түскен дүлдүлдің тас тұяғы.

Жүкеңнің орынының буы ұра ма,

Олжекең ортаға кеп қасқияды.

Қазылыққа кеттің бе, қайран ағам,

Қарлығаштай мекендеп басқа ұяны.

Тізгінді қолыма алдым дейтін шығар,

Бұл әншейін баланың жас қиялы.

Медведев орнына отырғанмен

Путин өзі басқарған Россияны.

Құраған жан болған соң сөзден қорған,

Кесапаттан сақтасын көзден болған.

Әсемжан, аманбысың қасымдағы,

Аққудай қанаттасып қазбен қонған.

Жарқырап жаныма кеп отырсың ғой,

Асыл бұйым секілді аз қолданған.

Кіммен шығып қалам деп қорқып едім,

Ә деп айтыстың көші қозғалғаннан.

Бетіме әжім түсіп кетпесе екен,

Сенімен шыққаныма мәз болғаннан.

Жеребенің ішіне есіміңді

Айналайын атыңды жазған қолдан.

Әсем деген біздерге қауіптірақ,

Тарыға қақалмайды тауық бірақ.

Көлбақадан қорыққан көлге түспес,

Деген сөз санама кеп сауық құрад.

Ақылдан ақсамауым керек шығар,

Атымнан түспеу үшін ауып бір-ақ.

Әркімге берілмейді мынадай түр,

Таңдайыңда бар және тұмадай тіл.

Сенің түрің кәдімгі қызын беріп,

Төрге келіп ыздиған құдағай түр.

Жол сұрасаң жолымды ұсынамын,

Көптен бері жүруші ең сұрамай кіл.

Тон сұрасаң тонымды шешіп берем,

Өйткені, өр намысым құламай тұр.

Қар аралас жаңбырды құйып салмай,

Қабағыңда бұлт болса қуалай тұр.

Өлеңі өңешіне кептетіліп,

Шиыршық атып Әсем шыдамай тұр.

Тезірек кезегімді ұсынбасам,

Түріңнің ауа райы ұнамай тұр.

Әсем:

Қашанда биік тұрған ақ-қарадан,

Ел едік қыдыр дарып, бақ қараған.

Кезде де қысылтаяң жеріміз жоқ,

Дәстүрін бұрынғының сақтамаған.

Мұхтаржан, «жол берем» деп айтып қалдың,

Жанымда секілденіп атпал адам.

«Тон керек болса ол да болад» дедің,

Су жаңа қазір шыққан қаптамадан.

Қашанда ер мен әйел жөні бөлек,

Жол сұрап мен ешкімге қақсамағам.

Әліппе үйреткен соң әкетайым,

Нақылын бұрынғының жаттап алғам.

«Ешқашан ер адамның жолын кеспе»,

Деп ылғи айтып жүред аппақ анам.

Сондықтан ниетіңе рахмет,

Жерім жоқ ізгілікті жақтамаған.

Бір жүрген Қабанбай мен Гауһар қыздай

Жорыққа сізбен бірге аттана алам.

Ағайын, қос ботаңа ақ жол тіле,

Сапарын оңдасын деп Хақ Тағалам!

Ағайын, мұнда келген бір себебің,

Жинады Жүрсін ағам жыр шеберін.

Қалайша Тәуелсіздік тойына кеп,

Тәубемнен жаңылысып мұң шегемін.

Көрейін әдеппенен әсем сөйлеп,

Қарсылас қасиетін білсе керім.

Қазағым, телің менен тентегіңді

Тезге сап отыратын сыншы ел едің.

Шалқыған мұнай мен мыс, мырышы бар,

Алтының, күмісің бар, күлшелі едің.

Алдына айран сұрай келгендердің

Ешқашан қайтармайтын құр шелегін.

Мейрамың құтты болсын, арда қазақ,

Әрқашан еңсең биік жүрсе дедім.

Босаған босағаны бекітетін

Деп едім бірі болсам мық шегенің.

Қаңырап қауышқанда далам мұңмен,

Кестелі көмкерілді қалам гүлмен.

Қазақтан хал сұрасаң «жақсы» дейді,

Тәуір деп осы күнім жаман күннен.

Әрине, жылағаннан не табамыз,

Өзгеріп кетпейді ғой заман бірден.

Ғасырға жиырма бір иек арттық,

Бұл күні теңеліп тұр санам мыңмен.

Ағылшын тілі жаңа өнер болды,

Оны да ұғып алды балаң бірден.

Көшеде ағылшынша сайрайды енді,

Менсінбей дана тілді анаң білген.

Ұмытып қала ма деп өз дәстүрін,

Секемшіл көңілдерге алаң кірген.

Тіл қатсам Махамбет пен Абай болып,

Көштен қап кетті сүйген бабам діннен.

Әйтеуір нұрлы жолға бастап жүрген,

Етеміз дәтке қуат табанды ұлмен.

Болашақ не сыйларын өзі білер,

Әзірге күнім жақсы аман жүрген.

Желімен желтоқсанның бораса қар,

Көгерер қар астында аласа тал.

Жұртымды жылы леппен жылытармын,

Жырымның тамырынан тараса нәр.

Арқалап Мұхтар деген нар есімді

Өнерге сен жасадың жаңа сапар.

Мұхтардың біз білетін бәрі мықты,

Жұртына семіз сөзден жал асатар.

Әрине, Әуезовтің орны бөлек,

Әдебиет әлемінде дара шаһар.

Мағауин, Шахановтай алыптардың

Таным мен пайымынан парасат ал.

Дәм тартып Сыр бойынан келіп қапсың,

Ерімбет арғы атаң қарасақал.

Жырымның екпінінен ұшып кетпе,

Қауқиған қаңбақ шалдай бала сақал.

Жаныңды жыр айтпайтын ерітпеген,

Мұхтарды қасымдағы серік көрем.

Сен жаңа «жол беремін» деп айттың ба?

Ұқпадым дұрыс ойға қалып терең.

«Беремін» деп айтқаның, ол қандай жол?

Жөн шығар маған ерге елікпеген.

Қызылорданың жолы болса керек емес,

Ол болса алмаймын деп серт берем.

Аралда жақайымдар ас бергенде

Көлікпен апарам деп желіккен ең.

Шаң жұтып қисық-қисық жолыңыздан

Қайтқанша көресіңді көріп келгем.

Бүйрегім түсіп қала жаздап еді,

Әлі жүрмін алысып сол дертпенен.

Жолыңды ойқыш-ойқыш бермей-ақ қой,

Ол жолда тумайды екен көрікті өлең.

Болмаса жекеменшік тікұшағың,

Сіз жақта жүру қиын көлікпенен.

Мұхтар:

Басылмай көңілімнің сұр тұманы,

Отырсың аттың басын жұлқып әлі.

Қызылорданың жолына қиғаш қарап,

Күдіктің қоюлаттың бұлтын әрі.

Алысты не қыласың, ондай жолдар

Айналаңда айырылып-жыртылады.

Қарағанды – Астана – қанды тас жол,

Талайдың шыбын жаны шырқырады.

Алматыға көлікпен шыққан жанның

Тар жолда сай-сүйегі сырқырады.

Бурабайға баратын жолдан басқа

Дұрыс жол табылды ма, шіркін әлі?

Жолға бөлген ақшаны жолдан құртқан

Жүгенсіз қолдар қашан қырқылады?

Қайта менің оңтүстігім, әлхам, шүкір,

Бұзылмаған халықпын ынтымағы.

Бүгін Әсем менсінбей отырғанмен

«Жол берші» деп сұрарсың мүмкін әлі.

Себебі, Қытай менен қарт құрлықты

Жалғап жатқан магистраль ұлт ұраны.

Бүгінім сәл бүгіліп тұрғанменен,

Ертең менің ертеңім құлпырады.

Есігімнің алдынан такси ұстап,

Еуропаға кететін күн туады.

Әсемжан, қатып қалмай жолдарға кіл,

Шамаң келсе ой деген орманға кір.

«Қаңбақ шал, бала сақал» деп айтасың,

Кекету бұл жұмысың болған ба кіл?

Маған тапқан теңеуің сол болды ма,

Тостағандай басыңа толғанда ақыл?

Сен де, мен де, Жандарбек, Мейірбек те,

Шап-шағынбыз, Балғынбек тек

қорбаң батыр.

Теміртау, Арқалық пен Жаңатас бар,

Қашқан бағы қайтадан орнап жатыр.

Үлкен-үлкен рахмет үкіметке,

Үзілген үміттерді жалғап жатыр.

Шағын қалаларды қолдап жатыр,

Шағын балаларды да қолдап жатыр.

Ақынсың қара өлеңнен жаңғақ шаққан,

Шаршы алаңға келгенде шаңдап шапқан.

Ренжімейін «қаңбақ шалсың» дегеніңе,

Қаралы сөз емес қой қалмақ шапқан.

Өйткені, сырт жағымда дұшпандар көп,

Қалтқыға қарап отырған қармақ саптан.

Қазаққа қаңбақ шалдың саясаты

Керек қазір талайды зар қақсатқан.

АҚШ, Ресей, Қытай кеп қысқан кезде

Ақылменен үш дәуді алдап соққан.

Киімді өлтіріпсің хан қызындай,

Қып-қызыл Шымкенттің қарбызындай.

Әуелеп, әуеніңмен тербелесің,

Жел қозғаған жағаның жалбызындай.

Нәп-нәзік нәрестедей жаның қандай,

Ұлпа мінез арусың арың балдай.

Мына қыз алтын балық ұстап алып,

Алтын менен лағылға малынғандай.

Әлемді Әсемменен таңғалдырса,

Болады, бұл сөзді отыр бәрің қолдай.

Халайық көзін алмай отыр сенен,

Тағы бір алтын адам табылғандай.

Жарқырап жанымызға жанап, құрысын,

Кеп тұрсаң досың қалай тағат қылсын?

ЭКСПО-ның қол созып биігіне,

Қазақстан тағы да талап қылсын.

Елең қағып еліктің лағындай,

Ел-жұртыңа елжіреп қарап тұрсың.

Мынадай сұлулығың бойда тұрса,

Талай жанның жыртығын жамап тұрсың.

2017-ге аман жетсең

Экспонат болуға жарап тұрсың!

Әсем:

Жатқан жоқ әлем құшақ ашып бекер,

Жаратқан халқымызды нәсіпті етер.

Көрмеге Қазақстан мені апарса,

Біз жағы таразының басып кетер.

Осындай сұлу ма деп қазақ қызы,

Көңілі қонақтардың тасып кетер.

Қап-қара сені апарса ЭКСПО-ға

Келгендер кері қарай қашып кетер.

Мұхтаржан, білмей тұрмын,

састың кімнен?

Қиын деп қызбен айтыс қаштың бірден.

Қашқаның құрдасыңнан жөн болмады,

Жігіттің бірі болсаң дәстүр білген.

Нәп-нәзік қыз болсам да тайсалмастан,

Апанға кіре аламын қасқыр кірген.

Көзіңе Ақұштап боп көрінейін,

Батыстың қан ойнаған тасқын жырмен.

Үйренгем Әсияның нәзіктігін,

Біз едік айтыстағы жас бүлдірген.

Апалар Әселхандай жігіт түгіл

Асауды ауыздықтап, бас білдірген.

Төрінде қараша үйдің шам жандырған,

Көненің дәстүр, салтын жандандырған.

«Әсемді ЭКСПО-ға апарам» деп,

Бұл Мұхтар жұртты ерте қамдандырған.

Қазақтың қыздарынан мықты қыз жоқ,

Әлемде нәзіктікті талғам қылған.

Кешенің Әйгерім мен Тоғжандарын

Ән арнап Абай талай арман қылған.

Ләззат, Сәбиралар желтоқсанда

Халқының азаттығын арман қылған.

Мәншүктей батыр қызды кім білмейді,

Фашисті айласымен алдандырған.

Қазақтың Әлиясы ержүрек-ті,

Өлмейтін артқа талай ән қалдырған.

Жеткізбей Гитлерді арманына

Әлемді әлдеқашан таңғалдырған!

Мұхтаржан, шімірікпес шіркінім-ай,

Оқтаулы қашан көрсең мылтығым-ай.

Дәріптеп ескілікті жастар үшін,

Тарихтың толғайықшы түр-түрін-ай.

Бұрында Сыр бойында сенің атаң

Болыпты Мырқы деген жылқылы бай.

Білесің менің бабам Құнанбайды,

Көтерген төбесіне жұртым ұдай.

Құнанбай Меккеге үй салған кезде

Мырқы да болысыпты сый қылып-ай.

Екеуі екеуміздей құрдас екен,

Әзілмен шақыратын күлкіні бай.

Бірақ та сұлу бопты менің атам,

Қырандай қонақтаған шын тұғырға-ай.

Оны көріп тап-тапал Мырқы байдың

Шамданып шығады екен шыр-пыры ұдай.

Суреттеп сен де мені көп мақтадың,

Толтырып алған жандай ұртыңа май.

Әй, бірақ бір сөзіңе сенген жоқпын,

Белгілі сенің маған құлқының-ай.

Ішіңнен бәле ойлап тұр ма екенсің,

Мырқыдан аумай қалған мыртығым-ай!

Мұхтар:

Әсемжан, бір бармақты бүгіп тұрсың,

Тарихқа бойладың ба тұнық, тылсым.

Біраз малын алып ап атамыздың

Бір жарым ғасырдан соң күліп тұрсың.

Мырқының малын алып мешіт салған,

Құнанбайдың қақпанын құрып тұрсың.

Білгіштігің басыңа сор болады-ау,

Тарихи деректерге тұнып тұрсың.

Айтпай-ақ қояйын деп отыр едім,

Арғы атаң не алғанын біліп тұрсың.

Сол ақшаның қайтармай бір тиынын,

Алдыма қай бетіңмен шығып тұрсың.

Бұл Әсемің Мұхтарды күлкі қылды,

Қумаймын дүние дейтін шіркініңді.

Бабаларым білек қосып біріккесін,

Болып тұр артындағы жұрты нұрлы.

Құнекең қаржы таппай сасқан кезде

Ортаға бұзып-жарып Мырқы кірді.

Сол тарих қайталанып жатқан сынды,

Зер салып қарасаң да бұл күніңді.

Храпунов қашқан кезде бізден барып,

Сапарбаев жамады жыртығыңды.

Өйткені, ол басшы еді, білікті еді,

Қашан көрсең жүретін күліп тегі.

Елбасымыз өткенде басшылардың

Барлығын жинап алып жіліктеді.

Бердібектей әкімнен үлгі алыңдар,

Ел мұңына құлағы түрік тегі.

Мырқы бастап, Бердібек ағам қостап,

Сіздің елдің көңілінен шығып еді.

Әсемжан, хабарласып тұрарсыңдар,

Бар жағдайды отырсың біліп тегі.

Шығыстағы ел жол таппай қиналғанда

Дайын ғой Сыр елінің жігіттері.

Әсемжан, мойын бұрмай жаппай сынға,

Үкілеп үміттерді ақтайсың ба.

Осы қыздың некесін қисам деген,

Дат басып бітті менің ақ қайшым да.

Қартайғанша шашыңа шолпы тағып,

Сары майдай өзіңді сақтайсың ба?

Қамыры аздау ғой деп жүре бермей,

Қармағын бір жігіттің қаппайсың ба?

Сау басыңа тілеген сақинаны

Саусағыңа сүңгітіп тақпайсың ба?

Халықтық ІРО қазір жүріп жатыр,

Саясат дегенді әлде қақпайсың ба?

Акцияңды құшақтап жата бермей,

Алатын адам болса сатпайсың ба?!

Әсем:

Қараөткел, Арқадағы сардаланы,

Кеп тұрмын өнеріммен баурағалы.

Өткізіп қойғандай-ақ бірдеңесін,

Бұл Мұхтар менен несін саудалады?

Құнанбай Меккеге үй салған кезде

Мырқының алтын жамбы арнағаны.

Әншейін дос пейіл ғой, негізінде,

Сай болған Құнекемнің бар жарағы.

Салса да бес тонналы үй ортаймайтын,

Дәулеті болған жоқ па сан бағалы.

Бұрынғы екі ғасыр алтынды айтып,

Тұрмысың көрерменді жаулағалы.

Сен қисық сөйледі деп осы арада

Атымнан отырғам жоқ аунағалы.

Жоқ па еді көршілермен жақындығың,

Беретін суын сатып қауғадағы.

Мырқының бес теңгесін алға салып,

Солардан байқалғаны-ай аумағаны.

Мұхтаржан, майдаланып барасың-ау,

Мен сені жігіт деп ем тау бағамы.

Атаңның Алла үшін берген пұлын,

Айтыста отырсың ба даулағалы?

Бұл Әсем қыз еді ғой құты бар шын,

Тиіссең құты барға ұтыларсың.

Құрдасың шындап алса нысанаға

Тас тиген шыныдай боп шытынарсың.

Өңмеңдеп сөйлей берсең, өзің құрған,

Қақпанға өзің келіп тұтыларсың.

Көзіңе көрінгені мен болған соң

Мін іздеп маңайыңды шұқыларсың.

«Сатсаңшы акцияңды» деп жатырсың,

Бақытың күліп алдан күтіп алсын.

Бөлшектеп сататұғын жағдайым жоқ,

Алатын адам болса бүтін алсын!

Мұхтар:

Әсемжан, сәт келіп тұр маңдайлаған,

Халыққа жетсін бүгін таңдайдағы ән.

Өз еліңде боп жатқан саясатты

Өзің келіп түсінбеу қандай жаман.

Бір еркекке сегіз әйел кеп тұрғанда

Жас-кәрі деп, Әсем-ау, таңдай ма адам?

Жалғыз ұлы өлгенде найман шалдың

Атының жалын қырқып жал қоймаған.

Сол кезде Қызай анам тәуекел қып,

Ұрпағы үшін қар кешіп, зар бойлаған.

Тиді ғой Бәйдібектей бәйтерекке

Домалақ анамыз да талдай болған.

Осылардың барлығы ұрпақ қамын,

Ойлаған, демеймін көп ойбайлаған.

Тарихқа қарап тұрсаң бәрі осындай,

Жастығын құрбан қылып жарда ойнаған.

Құшағы мұздай ғой деп, шалды ойламай,

Қайда сол бір аналар арды ойлаған.

Астанаға көшкенмен қауымдар бар,

Елде де еңсесі тік тау ұлдар бар.

Мысалы, Қызылорданың дәл қасында

Бесарық, Нағи деген ауылдар бар.

Сол елді табанынан тік тұрғызған

Ерәлиев Абзалдай бауырлар бар.

Туған жерге ту тігіп бүгінде ақыр,

Бұл ерлер талай тірлік қылып жатыр.

Атқа мінсе атасын танымайтын

Арсызға өзін үлгі қылып жатыр.

Кезінде кетіп қалған жастары да,

Қайтқан қаздай қайтадан кіріп жатыр.

Дипломмен ауылға барған қыздар

Дедектеп декретке шығып жатыр.

Қажетті жағдайлардың бәрін жасап,

Ертеңге қадам басты бүгін батыл.

Құрдасжан, не қыласың, ойлансаңшы,

Арусың ойың терең, тілің батыр.

Әсем келіп қалар деп әлгі жерде

Әп-әдемі дайындық жүріп жатыр.

Жаттығып, тірлігіне жайлап көнсең,

Нағыз өмір ауылда, ойлап көрсең.

Бел құяңың жазылып сала берер,

Бес-алты самаурынмен шәйді ап келсең.

Чупа чупс іздемейді балаларың,

Қозының құйрық майын шайнап берсең.

Жаңағы Әселхандай апам құсап,

Қайтеді бұқаларды байлап көрсең.

Сиыр да сені көріп иіп кетер,

Желінінен желдей боп жайлап келсең.

Әрі-бері ойланып отырдым да,

Осыдан артық қадам жоқ, ойлап көрсең.

Қаланың қиындығын елемейсің,

Ауылдың қазанында қайнап көрсең.

Әсем:

Құрдасқа қой дегенмен еңкілдеді,

«Ауылға келін бол» деп кеңкілдеді.

Ауылға барамын ба, бармаймын ба,

Бұл менің шаруам ғой еркімдегі.

Мен бұған күйеу тауып бер деп пе едім,

Мұхтардың мынасы қай желпінгені.

Тоқал қылып болса да шалға беріп,

Әсемнің көзін құрту сертің бе еді?

Сараны Жиенқұлға ұзатқандай

Тірідей отырсың ба өлтіргелі.

Сен қандай қатыгезсің, ең болмаса,

Жастықты аясаңшы көркімдегі.

Қызғанып жанындағы жаман шалын,

Шашымды жұлады ғой кемпірлері.

Деп жатыр «Сыр еліне барасың ба?»,

Ағайын, айтқанына нанасың ба?

Адасқан жалғыз қаздай үнім шықпай,

Отырмын жайған тордың шарасында.

Көзімнен ерке Есіл бұл-бұл ұшып,

Жүрем бе Сырдарияның жағасында?

Барсакелмес деген бір жер бар екен,

Әйгілі қарт Аралдың сағасында.

Бір ғажап құдірет бар Қорқыт сынды

Киелі бабамыздың даласында.

Ол рас, тым әдемі ауылдар бар,

Шиелі, Жаңақорған арасында.

Айтпақшы, ғарыш айлағы бар деуші еді,

Сіз жақта Байқоңырдың қаласында.

Әлгі бір жігітіңіз бізді алатын,

Білмеймін жиенің бе, нағашың ба?

Жалығып кеткен кезде жерде жүріп,

Тұра ма Айға барып арасында?

Мұхтар:

Дұрыстап қоя білсең байға талап,

Ол сізді ай десеңіз айға апарад.

Қызылордада қыдыратын жерлер аз ғой,

Ол сені айдан басқа қайда апарад?

Желіктіріп, жерге сыймай бара жатқан,

Әсем-ау, сендердікі қай махаббат?

Адамның құмар болды-ау айға бәрі,

Әсемнің де сол болды байбаламы.

Биіктігің шектелсе соныменен,

Мен сені апарайын айдан әрі.

Қазағымның Айдынын айтпайсың ба,

Сол ғана биіктікке сай болады.

Төбең көкке тиіп тұр, Әсем, бүгін,

Елі қалап Елбасын сайлағалы.

Қой үстінде бозторғай жұмыртқалап,

Қазақтың болды осындай қай заманы?

Обама оң жағынан орын берді,

Көрсетіп заманыма сай бағаны.

Ресей де Кремльден орын берді,

Қазақтың тірлігіне қайран әлі.

Қытай келіп достықтың қолын берді,

Достықсыз өмірімнің қайда мәні?

Тағыңда дұрыс патша отырмаса,

Бағың да бір-ақ күнде байланады.

Жиырма бір жыл болды ғой,

қайран қазақ,

Берекеңнің сүттей боп қайнағаны.

Бір қасық ұйытқысы болмаса егер,

Бір қазан іріткіге айналады.

Қарияның маңдайындай әжім далам,

Болса екен көлің де аман, қазың да аман.

Жыл соңында ақырзаман болады деп,

Интернетте шулап жүр қазір ғалам.

Біреулер бункерменен ас дайындап,

Деп жүр ғой «ақыретке әзір болам».

Біреулер көр қазыпты үй астынан,

Деп айтады «көппен бірге жазым болам».

Шариғи үкімде де тірі адамның

Қабірі алдын ала қазылмаған.

Өсекке емес, имани білімі бар,

Елбасына сенбей ме қажырлы адам.

Қазағым, алты Алашым асқар тауым,

Тауымды айтып жауымды жасқантамын.

Таусылмастан дәм-тұзың, ас, талқаның,

Жиылмасын ешқашан дастарқаның.

Осыменен ойымды қорытындылап,

Жанынан қозғалайын жас қалқаның.

Елбасының ұстанам саясатын,

Біздер үшін жоқ одан асқан тәлім.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі