///

Қазақтың саны неге кемітілді?

916 рет қаралды

Табиғи өсіміміз кемімесе, 2013 жылдың ортасына қарай 17 млн.-ға жетеді екенбіз. 1991 жылғы санымызды дөңгелетіп айтқанда 17 (16.9) млн. екенін ескерсек, сол деңгейге 22 жылдан кейін жетейін деп тұрмыз. Ал шын мәнінде табиғи өсімге, сырттан келген 1 млн. қандастарымызды қосқанда санымыз бұдан да көп болуы керек емес пе еді деген сұрақ туындайды.

Қазақстан өзінің дамуын Өзбекстан сияқ­ты елдермен салыстырып, қарқынды дамып жатқанын жиі айтады. Яғни билік даму көрсеткішіне көп сын айтып, төмен санайтын Өзбекстанмен өзімізді салыстырып көрсек. Өзбекстанның халық саны 1991 жылы 20 млн. 708 мыңды құраса, 2012 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша 29 млн. 874 мың болған екен. Биылғы жылдың соңына қарай 30 млн.-ға жететінін ескерсек, 22 жылда Өзбекстан 10-млн.-ға көбейеді. Ал Қазақстан 22 жылда бұрынғы 17 млн. қалпына жетеді. Халық саны ең басты саясат екенін, елдің даму көрсеткіші екенін ескерсек, біздің осы күнге дейін дамығанымызға күдік ұялайды.
Өзге диаспоралардың жаппай көшіп кетуін сылтау етудің керегі жоқ. Себебі, кеткендердің біразының қайта келгенін, сонымен қатар 1 млн. қандастардың қосылғанын есептесек, халық саны елімізде көбеюі керек еді қалай дегенде де. Өзбекстан біз сияқты сырттан қандастарын әкелген жоқ. Керісінше көшіп кетушілер көп. Соның өзінде бала туудан алдына жан салмай, 10 млн.-ға көбейіп отыр. Өзбекстан біз сияқты балаларын шетелге сатып жатқан жоқ. Егер жағдайымыз жақсы болса, біз неге балаларымызды шетелге сатамыз деген заңды сұрақ туындайды?
Осы мәселе төңірегінде екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншісі, халық санағы төңірегіндегі күмәндар. Екіншісі – халық саны көбеймеуінің себеп-салдарлары.
Алдымен халық санына қатысты күмән­дарымызды жасырмай айта кеткен дұрыс. Мысалға, 2007 жылы халық саны 15 млн. 394 мың болса, 2012 жылы 1 қазанда 16 млн. 856 мыңға жетіпті. Егер де осы жылдардағы жылдық табиғи өсімнің шамамен 130 мың екенін ескерсек, 5 жылда 650 мыңға көбеюіміз керек. Ал мына санақта 5 жылда шамамен 1.5 млн.ға (1 млн. 462 мың) көбейген екенбіз. Лайым осылай болғай дегенімізбен, демографияның заңдылықтарына үйлеспейді. Көшіп кеткендер мен көшіп келушілердің ара салмағы көп еместігін және соңғы жылдағы шетелден келетін қазақтар көшінің тоқтағанын қоссақ, Статистика агенттігінің есебіне күмәніміз тағы да күшейе түседі. Бәлкім Елбасының «2015 жылы халық саны 20 миллионға жетуі керек» деген тапсырмасын орындау үшін жылдам көбейтіп жатқан шығар?! «Қазақстан-2030» стратегиясында халық санын 25 млн.-ға жеткізу көзделген екен. Бірақ бұл бағдарлама мерзімінен бұрын «орындалғанына» да куә болдық. Расын айтқанда, статистика агенттігінің халық сенімнен айрылғаны сонша, қазір ресми мәліметтерге күмәнмен қарайтын, тіпті сенбейтін болдық. Себебі жалған мәлімет беру соңғы жылдары ерекше үрдіске айналған сияқты. Қалай болғанда да, соңғы халық санағының төңірегінде үш түрлі мәлімет айтылады: яғни 2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлес салмағын Премьер-министр 67 пайыз десе, Елбасы 65 пайыз, соңында Статистика агенттігі 63 пайыз деп шығарды. Қаптаған қате сандарды шұбыртпай әдейі қысқа ғана пайызбен көрсетіп отырмыз. Санымыз да көп емес еді билікті ақтап ала­йын десек, айналасы 16 млн. ғана халықпыз. Ең басты күдік туғызатыны, осы әрбір өзгертуде қазақтардың ғана санын азайтумен шектелгеніміз. Егер де халық санағы кезінде ұлттық белгілеріне қарай бөлек санамайтынын ескерсек, қазақтардың санын азайтумен шұғылданғандары үлкен күдік тудырады. Халық санағы бойынша әлемдік ортақ тәжірибе бар. Ол бойынша халық санағында қателіктер кеткеннің өзінде ол 3 пайызды құрайды екен. Ал бізде алғашқы мәліметпен жаңа мәліметтің арасында 1 млн. адам кеміді, яғни 6.2 пайыз қатені құрайды. Оған соңғы ресми мәліметте айтылған, халық санағына кірмей қалғандар 1 пайызды құрайды деген ресми қатені қоссақ та, қоспасақ та жағдай түсінікті болып тұр. Ол – ол ма, халық санын ұзақ есептеу жағынан Гиннестің рекордын жаңартқан болуымыз мүмкін. Қорыта айтқанда, жасанды жолмен көбейтіп жатқандай көрінетін қазіргі халық санының дәлдігіне күмән басым. Бәлкім санымыз бұдан да аз болуы мүмкін деген қорқыныш көп… Бұның ең басты факторы – әлеуметтік жағдайдың нашарлығы.
Қай дерекке сүйенсек те, орташа есеппен отбасыларда бір-екі ғана баладан аспайтындығы анықталды. Демек екі баладан деп томпайтып алғанның өзінде демографияның қарапайым заңдылығына сәйкес, бізде өсім жоқ деген сөз. Себебі отбасыда бір бала болса азаю, екі бала болса өсімнің тоқтауы, үш бала болса көбею екенін жақсы білесіздер. Бұл өлшем тек отбасылылар арасындағы емес, барлық халыққа шаққандағы ортақ жағдай. Енді осы ортақ санды, яғни көп балалы отбасылардың санын азайтып отырғандар кімдер? Көпшілігі бойдақтар мен отбасында бала жоқ немесе бір бала құрайтын отбасылар. Әрине жастар үйленгісі келмейді, көп бала сүйгісі келмейді деп ешкім айта алмайды. Сенім, түсінігімізге, менталитетімізге қарай ертерек үйленіп, көп ұрпақ сүйгіміз келеді. Қол байлау болып отырған тек әлеуметтік жағдай ғана. Ауылға барсақ жұмыс жоқ, қалаға келсек пәтер жоқ. Сосын «қалай күн көреміз?» деп пәтерден пәтерге тентіреп жүргенде, келесі бала туралы ойлауға еш мұрша болмай қалады екен. Өзімізді зорға асырап отырғанда баланы көбейту қайдан ойға келсін. Барлығының шағымданатыны екі-ақ мәселе: тұрғын үй мен әлеуметтік жағдай. Осы екі мәселе жастарды әбден діңкелетіп, ішкілікке, өз-өздеріне қол жұмсауға, түсік жасатуға апаруда. Ресми дерек те жастар арасындағы суицидтің көбейгенін және жас отбасылардың түсік жасатуының көбейгенін растап отыр. Түсік жасату адам өлтірумен тең екенін ескерсек, жағдайдың қиындығы осындай қылмысқа дейін мәжбүрлеуде. Басқасын айтпағанда, осы ең ауыр қылмыспен-ақ жағдайдың қандай деңгейде екенін білуге болады. Әйтпесе өмірге келгісі келген баланы өлтіру еш ақылға сыймайтынын, жастардың психологиясына қалай кері әсер ететінін бір сәт болса да ойланып көрдік пе? Мейлі ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан шығармыз. Бірақ оның халыққа пайдасы бар ма? Содан болар халық арасында мынадай әңгіме кең тарағаны. «Үкімет: «Осы күнге дейін жақсы өмір сүрдік. Шүкір. Бәрі жақсы. Енді ары қарай да жақсы өмір сүре беретін боламыз». Халық: «Біз ше?» деген екен». Біз сияқты мұнай өндіріп жатқан елдердің әлеуметтік жағдайы кісі қызығарлықтай. Ал біз тек мұнай ғана емес, әлемнің бар байлығын өндірcек те жағдайымыз түзелмей, санымыз көбеймей отыр.
Қысқасы үйленудің азаюына, сүр бойдақтар мен отырып қалған қыздардың көбеюіне, ажырасулардың көбеюіне, отбасылардағы балалар санының азаюына бірден бір себеп болып отырған әлеуметтік жағдайдың нашарлығы екендігіне әбден көз жетті.
Халық санын көбейтуші жастар болған­дықтан, кезінде жастардың, жас отбасылардың аталған мәселелерін заңмен реттеген «Жастар саясаты туралы» заң бойынша біраз мемле­кеттік органдарға жүгіндім. Ешқандай нәтиже болмады. Парламенттен бастап, жергілікті атқарушы органдар бұл заңның орындалмайтын заң екенін мойындады. Халықаралық қауымдас­тыққа көрсету үшін шығарылған жай заң екенін ашық айтқандары да болды. Бұдан шыға­тын қорытынды, халықтың санын көбей­туші – жастар құқықтық, әлеуметтік жа­ғынан қорғалмаған. Сондықтан да жоғарыда аталған келеңсіздіктер қоғамымызда белең алып кетті. Мем­лекеттік органдардан көмек сұрап барғандар шенеуніктердің «асырай алмасаңдар, балалар үйі­не өткізіңдер» деген сөзіне құлақтары үйренді. Тек қоғамдық пікір туғызып, мәселе көтергендері ғана ептеп мәселелерін шешіп жатыр. Сонда әрбір жас отбасының жағдайын осылай жеке-жеке қоғамдық айқай-шу тудырып шешіп отыру керек пе? Халықтың санын көбейтеді деген жастардың жағдайы осындай болған соң, халық санын көбейтуге үлес қоса алмайтын халықтың басқа бөлігі туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Егер де біз халықтың санын көбейтуді қол­ға алмасақ, еліміз үлкен әлеуметтік дағда­рысқа ұшы­райды. Ең үрейлісі соңғы мәліметтер бойынша халқымыз қартайып барады екен. БҰҰ-ның есебі бойынша да Қазақстан халқы қар­тайып бара жатқан елдердің қатарына жата­ды. Кәрі азаматтардың көбеюі бұл дағдарыстың басы ғана.
Біздің жағдайда халық санын көбейтудің екі жолы бар.
Біріншісі, әлемдік тәжірибедегідей баланың тууына жағдай жасап, ынталандырып, баланың тууын жылдам көбейту. Яғни әлеуметтік жағдай болмаса, баланың тууы өспейтіндігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген.
Екіншісі, шетелдегі қазақтарды көшіріп әкелу. Яғни, бір азамат ретінде шетелдегі қандастарымызды шақырту құқығымызды пайдалануға тиіспіз. Құдайға шүкір, шетелдегі 5 млн. қазақты шақыртуға Қазақстандағы қазақтардың саны жетеді.
Қысқасы халық санының ұзақ жылдардан бері көбеймеуі, мемлекеттің барлық саладағы әлсіздігін көрсетеді. Осы халық саны арқылы Қазақстанның шын бет-бейнесін көруге болады. Ғылыми тілмен айтқанда, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының көрсеткіші. Халықтың өсімі тоқтап жатқан кейбір дамыған елдерде қордаланған әлеуметтік, экономикалық жағдайдан екенін ашық түрде қоғамның алдында мойындап және оған қарсы күресіп, себеп-салдарларын жойып жатыр. Біз де жалған мәліметтермен өз өзімізді алдай бермей, дертті ашып айтып, қоғам болып, билік болып бәріміз жұмыла күресейік. «Ауруын жасырған өледі». Осы кезге дейін жыртығымызды жамаған, өтірігімізді жауып келген оралмандар көші тоқтады. Егер де дерттің алдын алмасақ, проблемалардың үлкені енді басталады.
Сол үлкен проблема дегеннің бір шетін ғана айтайын. Кәрі қыздар неге көп? Себебі жігіт­тер үйленбейді. Ал жігіттер жағдайдың жоқтығынан үйленбей жүргені түсінікті. Көпте­ген кәрі қыздарымыздың шетелдіктерге тұрмысқа шыға бастағанын әділет органдары да мойындап отыр. Солардың қыз таңдамай үйлене беретінін ескерсек, 300 мыңға жуық кәрі қыздарымызға үйленіп тынуы мүмкін. Қытайлар осы бағытынан жаңылмай әрекет ете берсе, жақын жылдары миллиондап қытай диаспорасы пайда болады. Себебі баланың пайда болуы көп жылдарды емес тоғыз айды ғана қажет етеді. Жүріп жатқан осы қауіпті процесті биліктің жасырып жатқаны еш ақылға сыймайды. Қанша жерден мәліметті жасырып ұстасақ та, ертең елімізде миллиондаған қытай диаспорасы пайда болуы әбден мүмкін. Бірақ ол кезде бәрі кеш…

Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ,

 «ХАЛЫҚТЫҢ САНЫ ҺӘМ САЯСАТ» «Түркістан» газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі