//

Мультфильм қарау жас талғамайды

1811 рет қаралды

Бала кезінде мультфильм қарамаған жан жоқ шығар. Қазіргі орта жастағы адамдар мен жасөспірімдердің басым көпшілігі «Тұра тұр, бәлемді!» («Ну, погодиді») көріп өскендігін жоққа шығара алмаймыз. І курс студенті болсам да, қолым қалт еткенде мультфильм қарауды әдетке айналдырғам. Бұныма кейбір қатарластарым күліп те қарайды. Мейлі, күле берсін. Оның маған зияны жоқ, қайта мультфильм қараған пайдалы деп ойлаймын. Ал қазіргі кішкентай балалардың қарайтыны шетел мультфильмдері екені айтпаса да түсінікті. Оларды өзіміздің мультфильмдерімізбен қызықтыру да оңай шаруа емес. Мен шетелдің мультфильмдері несімен қызық, несімен ерекше, бала түгілі ересектерді қандай ерекшелігімен баурап алады, міне, осындай жайттарға тоқталғым келіп отыр.

0b35b7f693addfd902a2cfc154ef48c6

Шетелдік мультфильмдердің ішінде тәрбиелік мәні бар мультфильмдер де аз емес. Солардың қатарына: «Кунг-Фу Панда», «Валли», «Рататуй», «Ранго», «Мегамозг», тағы басқаларын жатқызуға болады. Оқиға желісі күрделі болғанмен, қарауға, қарағаныңнан түйін жасауға әбден болатындай. Біріншіден, шетелде мультфильмдерге қаржыны жақсы бөледі, екіншіден, шетелдік мамандардың ізденісі мен білігі де жоғары. Үшіншіден, мықты-мықты студияларда сапалы болып жазылады. Әр кейіпкерді, әсіресе басты рөлде ойнайтын кейіпкерлерді танымал актерлер дыбыстайды. Тіпті, кейбір мультфильмдер кино іспеттес. Анимациялық мультфильмдерді дүниеге алып келу оңай шаруа емес екендігі әмбеге аян. Тіпті, мультфильмнің бір ғана кейіпкері үшін көптеген маман тер төгеді. Суретін салу, түрлі қимыл-қозғалыс жасату, дауыс қою, осылардың барлығы ұжым болып бірлесіп істейтін дүниелер. Технологияның қарқынды дамығаны соншалық, компьютер істей алмайтын шаруа аз бұл күнде. Анимациялық мультфильм саласында компьютердің атқарар шаруасы шаш-етектен.

Жаңағы жоғарыда аталғандардың ішіндегі «Рататуй» мултьфильмі қызық әрі тартымды. Комедиялық жанрда түсірілген толықметражды мультфильмнің қысқаша мазмұнын баяндай кеткен артық етпес. «Егейқұйрық Реми өмір бойы бас аспаз болуды армандайды. Ол арманының жүзеге асуы да оңайға соқпайды. Ремидің бойына біткен ерекше қабілеті оның арманының жүзеге асуына себеп болады. Басқа да егейқұйрықтармен бірлесіп, бір кемпірдің үйінен кітап ұрлайды. Ол кітаптың ішінде түрлі ас мәзірлері туралы жазылған. Париждегі ең үлкен мейрамханасының «Гюсто» ішіне жолын тауып кіргеннен кейін, Реми ыдыс-аяқ жуушы болып қызметке кіріскен Альфредо Лингвини есімді жігіттің қолымен дәмді етіп тағам дайындайды. Қарапайым ыдыс жуушыдан бұндайды күтпеген басқа аспаздар бұның ісіне таң-тамаша болады. Ол жігіт бас аспаз деңгейіне дейін көтеріледі. Ол жігіт егейқұйрық Ремидің көмегінсіз (мультфильмде Реми Лингвинидің шашынан тартып, оған тамақ әзірлеуде бағыт-бағдар беріп отырады) ештеңе де істей алмайды. Сөйтіп оқиға өрби береді. Күндердің бір күнінде Париждегі ең атақты тамақ сыншысының өзі Гюсто мейрамханасына кіріп, тапсырыс береді. Ол сыншыны таңдандыру дегеннің өзі қиямет-қайым. Бұл жолы Реми мен Лингвини бар күштерін сарп етеді. Аспазшының егейқұйрық екендігін біліп қалған өзге аспазшылар жұмыстарынан бас тартып кетіп қалады. Ал Ремиге отбасы мен достары көмекке келеді. Оларға Реми тапсырыс берушілердің санына қарай ас өнімдерін дайындауды жүктейді. Олар Реми айтқан сенімінің үдесінен шығып, тапсырыс беруші адамдарды қуантып жатады. Кезек әлгі Эго есімді сыншыға да келеді. Ол сыншыға Реми мен Лингвини «Рататуй» деп аталатын дәмі тіл үйіретін тағам әзірлейді. Эго бұл тағамды ерекше ұнатады. Ұнатуының себебі де жоқ емес. Соңғы рет анасы бала кезінде жасап берген екен. Бірден бұл тағамды кім әзірлегенін сұрайды. Ал Лингвини тағамды кәдімгі егейқұйрық Реми жасағанын жұмыс аяқталғаннан кейін барып көрсетеді. Мультфильмнің соңында «Гюсто» мейрамханасына тапсырыс берушілер мен келушілердің легі көбейіп, даңқы аспандай түседі». Сценарий авторы әрі режиссері Брэд Берд және Pixar студиясының мамандары көрермен көңілін осындай қызғылықты әрі тәлімді сюжетпен үйіріп әкетеді. 2007 жылы осы мультфильм анимациялық фильмдер арасында «Оскар» жүлдесін бекерден-бекер жеңіп алмаған екен дейсіз.

«Валли» деп аталатын мультфильмнің де айтар ойы бар. Жер жаһанды қоқыс қаптап, тек қана Валли есімді робот қалады. Өзі текке жүрмей, қоқыстардың ішінен керекті дүниелерді жинап жүреді. Ал жер бетіндегі адамдар өзге ғаламшарда роботтардың көмегімен өмір сүріп жатады. Ол адамдар түк істемей, тек роботтардың дайындап берген дүниелерін ғана пайдаланады. Тіпті қозғалуды да ойламайды. Өйткені, барлық істі компьютер жүйесіне енгізілген робот машиналар жасайды. Валли жалғыздан-жалғыз торығып жүргенде, бір аяқкиім тауып алады. Ол аяқкиімнің ішінде топырақ жиналып қалған. Сол топырақтың ішінде гүл өсіп тұрады. Ол гүл жерде тіршілік бар екендігінің куәсі іспеттес еді. Жерде тіршілік бар екендігін Валли өзге планетадағы капитанға дәлелдейді. Оқиға әрі қарай өрбіп, керемет әсерге бөлейді. Мультфильмнің соңында адамдар Валли ашқан жаңалықтың арқасында жерге қайтып оралады. Бәрі бақытты ғұмыр кешеді. Тіпті, бұл мультфильмді көріп отырып, «әй, шетелдің, шығармайтыны жоқ-ау, сірә» деп қаласың. Неге осы мультфильмді біздің ел түсірмеді екен дейсің. Тіпті болмағасын болашақта түсіретін шығар деген тәтті қиялға бата бересің, бата бересің… Рас, өзіміз түсірген қызғылықты мультфильмдер жоқ емес, бар. «Құйыршық», «Алдар көсе», «Қошқар мен Теке», «Момын мен қарақшылар». Бірақ, бұлар аз. Әрі жаңа заманға сай мультфильмдер де керек қой дегім келеді.

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі