//

Мамандық таңдауда қателескен жоқсыз ба?

2493 рет қаралды

Дүниеге келген әрбір адам баласы өсе келе белгілі бір нәрсеге қызығушылығы ауады. Ол кейде өтпелі болуы да мүмкін. Орта білімді тәмәмдар кезде әрбір түлектің алдында екі жол тұрады. Бірі – әрі қарай оқып, жоғары білім алу болса, екіншісі – жұмыс істеп, өмірге ерте араласу. Бұрыңғы колхоз бен совхоздың заманындағыдай қазіргі жастар бірден жұмыс істей кетпейді. Ол замандағыдай ата-аналар да: «Оқу оқып, менің басыма құран шықпа» деп те айтпайды. Неге? Себебі  қазір білімнің заманы. Оқыған жандар озып, оқымағандардың артта қалып қоятындығын өмірдің өзі әлдеқашан дәлелдеп тастаған. Қазір оқымағандарға «екі қолға бір күрек» те табыла қоймайды. Бұл заман талабы. Бұрыңғы адамдарға қарап отырсаңыз көпшілігі жарытып та оқымаған. Небары 4 сынып, әрі кетсе 6 сынып бітіргендер. Сөйте тұра ешкімнен кем болмау, балаларын да ел қатарлы оқып отыр. Ол кезгі тәрбие мүлде бөлек еді… Ол кезде білім алуға онша көп көңіл аударылмаған десе де болады. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Жоғарғы білім алмаса да мемлекет әрбір адамға орта білім алуды міндеттеп қойған. Орта білімнен кейін жоғары білім аласыз ба жоқ па ол енді өз ықтиярыңыздағы нәрсе. Колледжге бару үшін де негізгі білімді тауысу керек яғни, тоғызыншыны бітіруіңіз керек. Олай болмаған жағдайда оқуға құжат тапсыра алмайсыз. Сонымен басты тақырыбымызға оралайық. Көптеген адамдар мамандық таңдауда неден қателеседі? Неге артынан өкініп жатады? Осы жайттарға тоқтала кетсек. Нарық заманына сай көптеген мамандықтардың түрлері пайда болды. Бұрыңғы «мынау» дейтін мамандықтарға сұраныс деңгейі төмендеді. Осы тұста ата-аналар: «осы мамандықты оқисың, сөз бітті» деп балаларын өздері қаламайтын мамандыққа оқытты. Содан кейін өз мамандығын сүймейтін мамандар пайда болды. Бұл қоғамымызға өз зиянын да алып келді. Жаман мамандық жоқ, тек өз мамандығын ұнатпайтындар ғана бар. Бұл екі жаққа да пайда келтірмейді. Өз мамандығын ұнатпайтын жандар өз істерін дұрыс атқара алады деп ойлайсыз ба? Жоқ. Жұрттың бәрінің санаулы мамандық түрлеріне баруы қазіргі таңда кадрлар санын шектен тыс көбейтіп, сұранысқа ие қылмай тастады. Солардың бірі – экономист мамандығы. Кім көп экономист көп бұл күнде. Юрист те сұранысқа ие емес бұрыңғыдай. Тас атсаң юристке тиеді қазір. Осы мамандық бойынша жұмыс таба алмай жүргендер жетіп артылады. Мұнай-газ ісі мамандарына да жұмысқа орналасу қиын боп тұр. Басқа жұмыс істеуге тура келеді оларға. Міне осындай жайттардың салдарынан қоғамда жұмыссыздық пайда болды. Тілдей қос дипломмен жұмыссыз жүргендерді кезіктірсеңіз таң қалмай-ақ қойыңыз. Бұл ащы да болса шындық. Оны жасырудың қажеті жоқ. Базарға бара қалсаңыз: «чай, кофе, биляши, пирожки» деп айқайлап жүрген апайларды көресіз. Тепсе темір үзетін жігіттер базар маңында арба сүйреп, жүк тасып жүр. Солардың көпшілігінің дипломы бар. Ал өз мамандықтары бойынша жұмыс жоқ. Амалсыз басқа жұмыс істеп жүр. Жұмысқа кіру үшін жоғары жақта көкеңіздің болуы шарт. Олай болмаған жағдайда қалаған жұмысыңызға тұра алмайсыз. Бір кездері аудармашыға зәру едік. Қазір бұл мамандық иелеріне де жұмыс табу қиындап барады. Екінің бірі аудармашы қазір. Оқыған, білімді жандарға аудармашының да қажеті жоқ. Ағылшын тілін көбі біледі десем артық айтқандығым емес. Бір қуанатын жағдай мұғалімдер мен дәрігерлерге деген сұраныс әлі азаймаған. Қаншама жас мамандар бітіріп, жұмысқа орналасса да, бұл мамандықтар бойынша елімізде әлі де кадр тапшылығы бар. Керісінше үлкендер жағы балаларына: «мұғалім бол, дәрігер бол әйтеуір жерде қалмайсың» дейтін дәрежеге жеткен. Ауыл шаруашылық мамандары да жерде қалып жатырған жоқ. Тақырыбымызды аша түсу үшін екі маман мен екі болашақ маманның пікірлерін білген едік.

1.      Гүлсара Жасқаламқызы, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің, тарих пәнінің мұғалімі.

–  Мектепті күміс медальмен бітірдім. Тарих пәнін сүйіп оқыдым. Мектеп бітіргеннен кейін тарих факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Студент кезімде де белсенділердің бірі болдым. Жақсы оқыдым. Шүкір, қазір  сыйлы мұғалімдердің бірімін. Бір оқушы алдымды кесіп өтпейді. Көрген жерде бәрінің сәлемі түзу. Апай деп сыйлап тұрады. Осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.

2.      Мөлдір Қайырбекқызы, жас маман:

– Мектеп бітіргеннен кейін менде барлық түлектер сияқты оқуға құжат тапсырдым. Бірақ мемлекеттік грантты иелене алмадым. Ақылы оқуға тура келді. Медициналық колледжді медбике мамандығы бойынша бітірдім. Келіп ауылыма жұмысқа тұрдым. Жас маман ретінде бар жағдайды жасап жатыр. Үй бермесе де ақшалай көмек көрсетті. Мемлекетімізге ризамын.

3.      Бақдәулет Ералыұлы, І курс студенті:

– Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының тумасымын. Дәм бұйыртып, оқуға Оралға түстім. Мемлекеттік грантты конкурсқа түсіп жеңіп алдым. Қазіргі таңда М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-нің филология факультетінде білім алып жатырмын. Болашақ мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ер жігіт өмірінде екі нәрседен қателеспеуі керек дейді. Соның бірі –мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдау. Мен соның біріншісінен қателескен жоқпын ғой деп ойлаймын. Болашақ мамандығым өзіме ұнайды.

4.      Ержан Сағынұлы, І курс студенті:

– Ақтау қаласында тұрамын. Оқуға құжат тапсырғанда Оралды жаздым. Қазір осында тіл және әдебиет мамандығы бойынша оқып жатырмын. Филологияда негізінен қыздар оқиды екен. Басында үйренісіп кету қиындау тигені рас. Қазақ-түрік лицейін бітірдім. Бұл мектепті бітіріп, әдебиет таңдайтындар өте аз, тіпті жоқтың қасы. Сыныптастарымның көбі шет елдерде, атап айтар болсам Қытайда, Ресейде, Малазияда, Канадада, Испанияда білім алып жатыр. Елде қалғанымыз санаулы. Жерде қалмасымыз анық. Болашақта мықты маман боламын деп ойлаймын. Сол үшін тер төгіп, барынша оқып жатырмыз ғой.

Қандай мамандықта оқысын, қандай жұмыс істесін адам баласының әрбіреуі өзі сүйетін, жаны қалайтын нәрсемен айналысуы керек. Сонда ғана жақсы нәтиже шықпақ. Әйтпесе бәрі бос әурешілік. «Сенде бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан» деп ұлы Абай атамыз жырламап па еді? Ендеше өзіңнің қалаған мамандығыңа құжат тапсыр жас түлек! Сәт сапар!

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі