//

Бозымбаев не деп боздап жүр?

855 рет қаралды
5

Bozimbayev 2Мына суреттегі – Павлодар облысының әкімі Арынов орынынан алынғаннан кейін әкім болып тағайындалған Тараздан келген Бозымбаев деген «боздақ». Ел-жұрт еліміздің оңтүстік өңірінен, дәлірегі Әулие Ата –Тараздан таңдалған, пәтуасы көп Павлодарға елім-жерім, қалың елім қазағым деген бір боздақ келді ғой деп жұрт үміттенген еді. Оның қазіргі аяқ алысы аңсарымызды аяққа басқандай әсер қалдырып,  мәйегі мардымсыз, өзі емес, өзгеге жағуды өзіне басты міндет қылған, ескілік көлеңкесінен шыға алмай шырмалған, тоңғақ адам ба деп қалдық. Бұған қандай уәжің бар десеңіз өзін тыңдаңыз. (Мінбер-ақпарат):

Қанат Бозымбаевты облыстық шенеуніктердің  арасында қазақ ұлтының өкілдерінің көп болғандығы шошындырыпты. «Караван» газетіне сұхбат берген ол өз командасында қазақтан басқаның бәрін көргісі келетіндігін жасырмайды. Оның айтуынша, Павлодарға әкім болып сайланғаннан бері өз командасын әлі жасақтамаған және бүкіл республика көлемінен өз командасына лайық кадр іздейді, әрі ол жайында ақпарат құралдарында жарияға жар салуды БАҚ өкілдерінен өтінген. Сонымен бірге ол облыс басшыларының арасында қазақтардың көптігі көзге бірден түсетіндігін айтқан.

«Ең нәзік мәселе – ұлттық мәселе. Басқарушы кадрлар арасында қазақ ұлтының өкілдерінің көптігі бірден көзге түседі. Бұның ағаттығы жоқ,  әрине. Алайда бұл істі кезең-кезеңмен түзеуге болады», – деген ол. Әңгіме ауанынан түйгеніміз, қазағы басым аймақ – Таразда төрт жыл әкім лауазымын атқарған Қанат Бозымбаев мемлекеттік тілде сөйлемейді екен, Павлодарда әкім бола жүріп үйренбек. Әрі мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі міндетті емес деп есептейді.

Сонда деймін-ау, унитарлы қазақ мемлекетінде қазақтардың басшылық лауазымында көп болуы Қанат мырзаны неге шошытты екен? Елдегі ұлттық құрамды күні бүгін ғана жария еткен Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов елдегі қазақтардың үлес салмағы – 65,9 пайызға, ал Павлодардағы қазақтардың үлес салмағы – 49,8 пайызға жеткендігін мәлімдеген еді. Ендеше, халқының жартысына жуығы қазақ өкілі болып табылатын  аумақтың басшылары арасында қазақтардың көптеп кездесуі неге шошындыруы тиіс. Әлде біз сонау советтік кезеңдегідей кадрларды әлі күнге дейін проценттік қатынаспен тағайындаймыз ба? Мемлекеттік басқару агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов кадрларды таңдау үшін «А» корпусын жасақтап жатқаны мәлім. Оның арасында қазақтардың саны басым болуы әбден мүмкін. Өйткені елдегі басым және титулды ұлттың қай салада да, басымдыққа ие болуы заңды ғой. Елбасы жақында ғана біздің елде азаматтардың тілдік, нәсілдік және ұлттық дискриминацияға ұшырауы мүмкін еместігін тілге тиек еткен еді. Қанат Бозымьаев әкімдігінің жүз күндігінде елде ұлттық және тілдік дискриминацияға жол беретіндігін ашық білдірді. Сонда қазақ ұлты өз отанында тәуелсіздік алғанына қарамай, «сүтке тиген күшіктің» күйін кеше бермек пе? Қазіргі тәуелсіздік жылдарында демократиялық институттардың дамуына орай, ұлттық, тілдік, нәсілдік тұрғыдан емес, бәсекелестікке қабілеттілік тұрғысынан адамдар өзінің кез келген қызметке сай екендігін дәлелдей алса болды ғой. Ендеше, қазақтар Қанат Бозымбаевтың алдында на жазды? Енді аз уақыттан кейін оның командасындағы қазақ ұлтының өкілдерінің барлығы дерлік қудаланбақ па? Қанат мырзаның бүгінгі мәлімдемесі бізді әрі-сәрі күйге бөледі. Оның себебі неде екен?

Дерек көзі: «Түркістан» газеті

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Боздағым, дей алмадық Бозымбаев,
    Болғаны бұқара емес, өзінде айып.
    Жұртымды жарға жығар түрі бар ғой
    Барады күннен күнге сөзі ұлғайып.

  2. Павлодар облысының әкімі Қанат Алдабергенұлы өңірде қызмет атқара бастағанына 100 күн толуына орай өңір журналистерінің басын қосып, бейресми кездесу өткізген болатын. Жүздесу барысында түрлі тақырыптарға емен-жарқын әңгіме өрбіп, қалам иелерінің көкейлеріндегі сауалдарына кеңінен жауап беріп отырды аймақ басшысы. “Мен ешкімнің қолын қақпаймын. Сөз бостандығын сүйемін. Барлығының ашық болғаны жақсы.Сын болсын, шынайы сыни мақалалар көбірек жазылуы керек” деді бір сөзінде Қанат Бозымбаев. Десе де, осынау шағын жүздесу жайлы жазғанның жөні осы екен деп неше түрлі әңгіме ақпарат құралдарында гулеп кетті. «Бозымбаев лауазымды қызметтердегі қазақтардың санын қысқартпақ», «Орыс басшылардың үлесі артпақ» деген сарында жаңа әкімді қаралау мен сөгуге толы мақалалардан көз сүріндеді. Негізінен жауапты мемлекеттік қызметкерлерді атқаруға өресі жететін сапалы мамандардың аздығы туралы айтқан Қанат Алдабергенұлы мамандарға қоятын үш талабы бар екендігін баса айтқан болатын «оның біріншісі өз ісін жетік білуі, екіншісі әр ісін жүрекпен атқаратын патриот болуы, үшіншісі «қолының таза» болуы, яғни парақор болмауы». Дәл осы орайда журналистер тарпынан мамандардың мемлекеттік тілді білуіне байланысты сауал жолданды. Осыған жауап бере отырып, «Мемлекеттік тілді білмесе қорқатын ештеңе жоқ, үйретеміз. Адамдар 5-6 тілден үйреніп жатыр. Тілді білмеу әркімнің өзіне ұят. Мен айтқан жоғарыдағы үш талапқа сай болса, өзге ұлт өкілдерінен де мамандарды жауапты қызметтерге қояр едім» деді Қ. Бозымбаев. Бұл жерде ұлтына немесе өзге де белгісіне қарамайтындығын, шынайы іскерлігіне мән беретінлігін айтқан әкімнің сөзі қазаққа қарсы айтылған ұрандай боп тарағаны қынжылтады. Еліміздің Оңтүстік өңірлеріндегідей емес ұлтаралық мәселе өткірлеу келетін Солтүстік өңірлерде тұрақтылық пен тұтастықтың мәні зор екендігі сөзсіз. Сондықтан түйткілдің тігісін жатқыза сөйлеген Қанат Бозымбаев жайлы алыпқашпа әңгіме таратудың саналы адам үшін негізі жоқ. Қайта аталмыш жүздесуде белгілі ақын Арман Қанидың Павлодар қаласына Тәуелсіздікке арналған монумент керектігі жайлы ұсынысын ерекше қолдағандығын сүйіншілегеніміз жөн еді. Қаламгердің: «Осы уақытқа дейінгі Павлодардың үші бірдей әкіміне осы ұсынысымды айтқан едім. Енді төртінші ретте сізден осыған мән беруіңізді сұраймын» деген сауалына «Біздің Тәуелсіздіктен асқан құндылығымыз жоқ. Сондықтан мұндай монумент керек. Әрине, бүгін ертең болмаса да келер жылдардан қолға аламыз» деп жауап берді Павлодар облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаев. Мәселенің мәніне бойламай «қара күйе» жағуға асықпаған абзал, ағайын! Қанат Бозымбаев жақыным да, жуығым да емес, ақтаған-жақтаған жайым жоқ, ақиқат осы!

    Жарқынбек АМАНТАЙ

  3. Әлихан Байменовтен сұрау керек, таңдаған А корпусындағы адам құлдық психологиядан азат ұлт мүддесін жоғары ұстайтын өз ұлтын жек көрмейтін мемлекеттік тілді білетін иманды адм болу керек
    Құрметті Мемлекеттік басқару агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов кадрларды таңдау үшін «А» корпусын жасақтап жатқанда кеткен қателіктерді түзетіп Павлодар облысына жаңа әкім тағайындау қажет

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі