/

Жәркен жырау және Жайыртау

953 рет қаралды
4

Жәркен Бөдешұлы – 70 жаста

jarken     «Ердің атын елі шығарады,  елдің атын ері шығарады» деген дана қазақтың атамзаманнан келе жатқан  сөзі бар. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін – аксиома.  Махамбетті – Қаройсыз, ұлы Абайды – Қарауылсыз,  Қасымды – Оралсыз   Әбуді – Атыраусыз, Мұқағалиді – Қарасазсыз көз алдыңызға елестету мүмкін емес. Дәл сондай туған жерімен кіндігі бірге жасасып келе жатқан жанның бірі Жәркен Бөдешұлы. Жәркен ақын десеңіз, көрмесеңізде көз алдыңызға Жайыртау келеді. Шыңдары көкпен таласқан таулы өлке ме екен, әлде сартап сағынышты бойына жинап жатқан ұлан байтақ сары дала ма,  әлде  қойнауы шексіз байлыққа толы құмдауыт жер ме, бәрібір әйтеуір жаныңа дәл өзіңнің туған жеріңдей тым жақын сезіледі. Осы өлкеге деген түсініксіз бір сағыныш бой көтереді.  Себеп – осындай күйді бастан кешіруге мәжбүр ететін  Жәркен ақынның туған жері «алабағанның» ар жағында жатқан Жайыртауға арналған сағыныш пен мұңға толы  жырлары.

Иә, бүгінгі әңгіме халқымыздың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лаураеты Жәркен Бөдешұлының Жайыртау, дәлірек айтсақ, ақын шығармашылығындағы туған жер суреттері сөз болмақ. Жалпы Жәркен ақын қазақ поэзиясында өзіндік орны бар аса талантты санаулы ақындарымыздың бірі. Ақын шығармашылығы жөнінде әдебиет зерттеушілеріміз бен ғалымдарымыз, қаламдастары мен қарапайым оқырмандарымыз басылым беттерінде жүрекжарды ой-пікірлерін, ықылас- ниеттерін талмай білдіріп келеді. Ақын шығармашылығы жөнінде бірнеше ғылыми кандидаттық дәреже қорғалып, докторлық еңбекте жазылып жатқанынан хабарымыз бар. Демек, көзіқарақты оқырман қауымы бізсіз де  ақын шығармашылығын жақсы біледі деп айтуымызға толық негіз бар. Десек те,  ақын шығармашылығындағы туған жер жайлы жырлары жанымызға тым жақын болғандықтан  қолға  қалам  алғандаймыз.

Шынтуайтында  Жәркен ақын қандай тақырыпта болсын жалаң бармайды. Көңілге шуақ, сезімге нұр сыйлайтын, тау өзендеріндей мың бұратылған иірімдерге, бірде арындап тасыған бұлқыныстарға толы жырларымен таң қалдырады. Ол әлдебір басылым беттеріндегі сұхбатында былайша толғаныпты: «Дүниеде бауырыңды сағыну бір басқа, ал туған жерді сағыну деген мүлде бөлек әлем. Адамзат баласында бұдан өткен сағыныш болмайды, болған емес. Басқа сағыныштар болар: бірі бауырын сағынар, бірі ата-анасын сағынар, бірі бауыр еті – баласын сағынар, сүйіскен жарын сағынар, сеніскен досын сағынар, балалық шағын сағынар – мұның бәрі – туған жерге деген сағыныштың құрбаны. Бұл сағыныш басылмаса – қасіретке айналады».  Сірә да, ақынның әр жинағында Жайыртауға қайта айналып соға беретіні осыдан болса керек.

…Тұратын Өлең тілеп дәйім менен,

Бір тау бар Тарбағатайда Жайыр деген.

Сол таудың тасында ойнап, гүлін теріп,

Сол таудың суын ішіп, майын жегем.

Жәйірдің ауылым жатыр сағасында,

Бауырым, ағайыным бәрі осында.

Жәйіртау боз інген ғой бошалаған,

Алтай мен Тарбағатай арасында…

(«Жұлдызтас» )

Жайырді бек сағындым,

Көкірегім толған мұң.

Тірі жетім етерлік,

Тағдырым саған неғылдым.

Ашынғасын айтам да,

Жайырден басқа Анам жоқ,

Жайырден басқа панам жоқ.

Дертінен кеттім жауыр боп,

Жәйірден басқа жауым жоқ… дейді Дәл осындай жырлар тек осы жинақтың өн бойында қайта-қайта кездесе береді. Өзіңнің де туған жерге деген ұйқыда жатқан сағынышыңды түртіп оятып, сан түрлі ойларға жетелейді.

Көңлім өзіңді ойлап босағанда,

Көз жасым айналады жоса қанға.

Үсті алтын, асты мұнай, қайран Жайыр,

Төр түгіл бұйырмады босағаңда… Рас, «алабағанның» ар жағында қалған қайран  қазақ  даласының бір пұшпағы осы Жайыртау екен. Осы арада  ғұлама ғалым Зейнолла Қабдоловтың  қытаймен шекаралас жатқан Нарынқол өңіріне барған сапарында  жергілікті бір шенеуніктің сөзін түзеп, «арғы беттегі жатқан жер өзіміздің Шығыс Түркстанымыз-ғой» деген сөзі еске түседі.

Майлы Жайыр шет қалып,

Сарарқаны бетке алып.

Түсімде ылғи түнделетіп көшіп келе жатамын,

Жоңғар құмын белуардан кешіп келе жатамын…

«Менің туған жерім – Жайыр, қазір шекараның арғы бетінде қалды. Бұл – қазақтың жері еді, мына Шығыс Түркістанмен жалғасып жатқан. Қайта-қайта Жайырды жырлайтыным сол: «Дертінен кеттім жауыр боп, Жайырдан басқа жауым жоқ!». Сағыныш – қасіретке айналып кетті. Орыстың Николай патшасымен Еженхан екеуі бір дастарқанның басында отырып, бөлісіп ала салған ғой. Бір елдің адамдары екіге бөлініп қалды» – дейді тағы бір сұхбатында.

Шай үстінде шешіле салған келеңсіздіктен енді ақын туған жеріне тек түсінде ғана сапар шегуге мәжбүр. Бұдан артық қасірет жоқ та болар, әсіресе ақын баласы үшін.

Жә, ақын туған жер жайлы тек осылай мұңды жырлар жазады екен деген ой тумауы керек. Мұңданып отырып, ғажайып Рух сыйлайды. Туған жердің асыл қасиетін аспанға көтереді.  Иә, Рухтанасың. Сенбесеңіз оқыңыз…

Туған жердiң қар, мұзы,

Аязыңмен «жуындыр».

Туған жердiң бал қызы,

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердiң бұлағы,

Толқыныңмен ат менi.

Туған жердiң жыланы,

Шырылдатып шақ менi.

Туған жердiң шеңгелi,

Тырна аямай бетiмдi.

Туған жердiң ерменi,

Аузыма құй өтiмдi.

Туған жердiң доңызы,

Қан жоса ғып жарып кет.

Туған жердiң қоңызы,

Домалатып алып кет.

Туған жердiң қасқыры,

Кемiр ақын сүйегiн.

Туған жердiң тас, құмы,

Сенi осылай сүйемiн!

Өлең – тағы да ақынның туған жері – Жайыртауы жайлы.  Ал осыдан кейін түсіңізге де кірмеген Жайыртауды сағынбай, аңсамай көріңіз. Ақын жырында өрнектелген осы өлкені көріп, балдай ауасын сіміруге бірден жолға шығып кетуге құмбылбыз.

Иә, Махамбеттің – Қараойын,  ұлы Абайдың – Қарауылын, Қасымның – Оралын,  Әбудің –Атыруын, Мұқағалидің – Қарасазын  сан рет аңсап барып қайтсаң да сағыныш шөлі басылмайтыны сияқты, Жәркен ақынның Жайыртауы да көңіліміздің көгінен қол бұлғайды да тұрады.  Сірә да, жыр-құдіреті деген осы шығар. Көрнекті ақын, марқұм Есенбай Дүйсенбаев ағамның «Жәркен-жырау» дейтініндей Жәркен ақынды  жыр көгіне алып шыққан  Жайыртауды бір көріп қайтсақ, шіркін…

Серікжан ҚАЖИ

Дереккөзі:Abai.kz

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Қанып ұйықтап түнімен, қараған бұта түбінен, Қарғып шыққан қояндай, орғып орғып жүгіреп деп туған жерге жеткендегісін де өте әсерлі жазады.

  2. Жәркен Бөдешұлының 70 жасқа толуына орай “Арғы тауға асумын, бергі тауға белеспін” атты мерейтойлық кеші “Әдебиетшілер үйінде” өтті. Тамаша кеш табандай үш сағатқа созылды, тапжылмай отырған жұрт тараса алмай ұзақ отырды. Кешті жүргізген Нұртөре Жүсіп редакторлығына басып, талайдың сөзін қиып тастады. Кештен соң жиналған қауым көпке дейін Одақ ғимаратының алдында ошарылып тұрып қалды. Бұл Өлеңге, Ақынға деген үлкен құрмет болса керек.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі