///

Қалаға ағылған қазақтар ауылдан неге кетеді?

1294 рет қаралды
5

18ad49ea27da0a209b19a06235c77c64-bigАқын Бекжан Әшірбаевтың «Көршінің қызы» әні бір кездері Тоқтар Серіковтің орындауында қазақ жастарының арасында хитке айналған еді. Осы әнде «Ауылдан біздің неге кетеді, ауа райы ма жақпаған?» деген жолдар бар. Соған салсақ, қазақ ауылдарынан үдере көшу толастамай отыр. Бұған не себеп, ауа райы ма, әлде әлеуметтік ахуалма?

ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің мәлімдеуі бойынша, 2014 жылдың алғашқы он айында туған ауылдарын тастап, қалаға көшкендердің саны – 50 мыңнан асқан. Жалпы, ауыл халқы қалаға келгенде де бүкіл проблемаларын шешіп алып жатқан жоқ. Урбанизация – Алматы қаласында Алатау ауданының бой көтеруіне түрткі болып, «Бақай», «Шаңырақ», Астана маңында – «Қоянды», Қызылордада – «Өндіріс», Шымкентте – «Сайран» секілді әлеуметтік қиындықтары шаш-етектен асқан жаңа елдімекендердің пайда болуына жол ашты. Қазақстан Үкіметі соңғы жылдары ауыл ажарын көркейту мақсатында біршама жобаларды қолға алып, халықтың ауылда тұруына жағдай жасауды, тіпті, күшпен ұстауды ойлап тапты десе де болғандай. Сондай шаралардың біразын атар болсақ, «Дипломмен ауылға», «Жұмыспен қамту – 2020», «Сыбаға», т.т. Алайда бұл бағдарламалардың ауыл халқын ұстап тұруға мұршасы жетпей тұрғандай. Біріншіден, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы оқу бітірген жастардың ауылға бет бұруына мүмкіндік жасай алмай, олардың ауылдан кері қашуына жол ашты, екіншіден «Жұмыспен қамту – 2020»-да біріншісінің аяғын құшты. Қазір мүлдем жабылып, өлі мекенге айналып бара жатқан ауылдар саны жыл санап артуда. Ең бастысы, ауыл инфрақұрылымының дамымауы – халықтың тірлігіжеңіл қалаға ағылуына себеп болып отыр.

– Осы ауылда тұрып жатқаныма 50 жылдың жүзі болды. Соңғы ширек ғасырда жолымыз жөнделген жоқ, бұрынғы асфальттің жұрнағы ғана қалды, ішіп отырған суымыз өте лай, канализация ауыстырылмағалы 30 жылдай болған шығар. Қазір жастар ауылды тастап кетіп жатыр. Біз сияқты кемпір-шал ғана қалды, – дейді Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көкөзек ауылының тұрғыны Тоқтар ақсақал.

– Ауылдағы мектепте бір кездері 1000-1500 бала оқитын үлкен мекеме еді, бүгінде 250-300-дей бала ғана оқиды. Егер мектеп жабылса, ауыл да құлдырайтын шығар. Қазір жастар мектеп бітіріп,қалаға білім алууға кеткен соң, туған ауылына оралмайтын болды. Өйткені, ауыл өмірі оларға қызық емес, – дейді мектептің бұрынғы директоры Гүлбарам Данабекқызы.

– Ауыл қаладан өте шалғай, тау бөктерінде орналасқан. Кезінде миллионер шаруашылық болған. Қазір барлық мүлік жекенің қолында, не өндіреді, немен айналысады, оны білмеймін. Өз басым мектепте мұғаліммін. Үш балам бар. Қыста қар өте қалың түседі. 4 метрге дейін жауған қардан, көршімізбен байланыс болмай қалатын кездер де болады. Әсіресе, бас ауырып, балтыр сыздаған кезде 30 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына жету қиын. Былтыр аяғы ауыр апайымды жеткізе алмай қатты қиналдым. Анау-мынау көліктерің жарамайды, бізге жол талғамайтыны керек. Шынымды айтсам, ауылда амалымның жоқтығынан жүрмін. Егер қаладан үй-жай табылып, жұмыс орным сайланатын болса, бір күн де тұрақтағым келмейді, – дейді ауыл тұрғыны Тәттібек.

Ауылда шаруасы дөңгеленіп отырған Рашитал отағасының бес баласы бар. Балаларының екеуі қазір жанында, өзімен бірге шопандық қызмет атқарады. Малының бәрі өзінің жеке меншігі. Ауыл тұрғындарын қолдайтын «Сыбаға» бағдарламасынан сыбағасын алған ол бір баласын Таскескен қаласындағы трактор курсына беріп оқытып алған. Жерді жалға алады. Ендігі мақсаты, «сыбағадан» алған өсімақысы төмен несиесін төлеп бітіру.

Алайда, ауыл халқы тек мал бағумен ғана айналыспайды ғой. Олардың тіршілігін қамтамасыз ету үшін бүгінгі өркениеттің өзге де игіліктері ауылға бармай, ауыл халқын күшпен ұстап тұру мүмкін емес. Ауыл мен қаланың арасындағы жер мен көктей айырмашылық – халықтың қалаға ағыла, үдере көшуіне жол аша бермек.

Сәкен Алдашбаев, «Сыр дидары» газетінің бас редакторы: Ауылда өндіріс ошақтары жоқ

– Қызылорда облысында ауылдардан қала орталығына көшіп келу үдерісі, өкінішке қарай, жылдан жылға үдеп барады. Мәселен, статистикалық сандарға сүйенетін болсақ, 2013 жылғы қаңтар, қыркүйек айлары арасында Қызылорда қаласына көшіп келушілер саны 2042 адам болса, қаладан аудан,ауылдарға көшушілер – 1269 -ға тең болған. Бұл көрсеткіш осы жылы одан да артты. Яғни, Қызылорда қаласына көшіп келушілер 3382 адам, ал көшіп кетушілер 1238 адамды құрап отыр. Осы беталыс ауыл адамдарының қалаға қарай көшуді жөн санайтынын көрсетеді. Бұл ресми сан. Ал, өзі ауылда тіркеуде тұрып, қала орталығында жұмыс жасап жатқан адамдар өте көп.
Біріншіден, Сыр өңірінің басты кәсібі болып отырған күріш өсіру жұмысы сол баяғы ізбен келе жатыр. Ешқандай жаңаланбайды, жетілдірілмейді. Күрішші болсаң, азанмен ауылдың орталығынан шығатын тракторға мінесің. Басында ешқандай жағдай жасалмаған алқапта шаң-шаң болып жүресің. Тамақтанатын орындары да, техникалары да ешқандай дамытылмаған. Жеке кәсіпкердің айқайын естіп, даланың қу бейнетін кешіп жүріп, тапқан ақшаң да мардымсыз. Жергілікті ғалымдар күріште клонкіге егу технологиясын пайдалану керек десе де, ол қолға алынбай келеді. Бұл тиімді технология барлық жағынан пайдалы болар еді. Бірақ сол ескі жүйемен келе жатқан егін шаруашылығы мамандарды өзіне тарта алмауда.
Екінші себебі. Ауыл адамдары мектеп бітірген баласына мамандықты дұрыс таңдата алмай отыр. Бар білетіні, заңгер, ұстаздық, дәрігерлік және мұнай мен газ саласы. Бұл мамандықтар ауылға соншалықты керек емес. Осылай мамандығымен ауылдан жұмыс таппаған жастар қалаға көшуге тырысады. Алайда қалада да бұл мамандық иелері көп болғандықтан, жастарымыз кафелерде қызметші, мекемелер алдында күзетші болып жұмыс істеуге мәжбүр.

Үшіншіден, халық санасын ауылдардың болашағы жоқ деген түсінік жаулап алған. Сөйтіп, қалаға жармасуды ғана ойлайтын жағдайға жеттік. Қалада қарауыл болып жүрсе де жер алып, үй салу,лайықты өмір салтына айналды.
Төртінші, ауылда сәулет өнерінің дамымауы, ауыл келбетінің ала-құла болуы – халықтың аңсарын жалт-жұлт етіп, жарқыраған қалаға қарай аудырып отыр.
Осындай себептермен ауылдардан қалаға қарай ағылу үдерісі белең алды. Билік тарапынан бұған қарсы жасалып жатқан істер де шамалы. Ал олардың нәтижелері есеп үшін болмаса, ел ертеңі үшін орасан деп айта алмаймыз. Мәселен, түрлі бағдарламалар арқылы берілген несиелер кімнің бүйірін шығарып жатыр. Айталық, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, ауыл ішінен 10 бас іріқара алды. Ал, бұдан жалпы ауыл әлеуетіне не пайда? Сол ауыл ішіндегі мал ғой, бірінің қолынан біріне өтіп жүрген. Дүкен, монша ашу дегендердің барлығы не өндіреді, қандай кіріс жасайды? Бұл бір үйдің тіршілігі болар, алайда қызмет көрсету саласын дамыту – ауылды ұстап тұрудың көзі емес. Егер елдімекенде адам көбейсе, ол өздігінен ашылатын дүние. Ал, керекті өндіріс орындарын ашу өте кенжелеп тұр.

Бигелді Ғабдуллин, «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы: Ауыл инфрақұрылымын дамыту керек:

Саясаттанушы, журналист Бигелді Ғабдуллиннің пікірі де Сәкен Алдашбаевтың пікірімен ұштасады. Ол ауыл инфрақұрылымын дамытпай, істің алға баспайтынынын айтады.

Бигелді Ғабдуллин

– Еуропаның ауылдарын аралап жүріп, қайран қалған бір нәрсем – онда ауыл дейтін ауыл жоқ, ауылдағы жағдай қаладағымен теңестірілген. Қаласам, керемет рестораннан тамақ іше аламын, опера театрынада бара аламын. Ал Қазақстан ауылдарына барсам, сүркей бір тірлікті көремін. Тіпті, қаланың іргесіне тиіп тұрған ауылдардың өзінде тірлік жер мен көктей. Қала өркениеттің кемесінде, ауыл жұтап барады. Бұндай ауылдарда халықты қалай ұстап тұрасың. Мен жақында ғана Аралда болдым. Онда таксидің құны небәрі – 50 теңге ғана. Арал қалаға жатады ғой. Соның өзінде күресіндер мен күл қоқысқа айналған үйінділерді көріп, жаның түршігеді. Қазір мемлекеттік бюджеттің 11 миллиарды мемлекеттің дамуына жұмсалады деп жатырмыз ғой. Мен осы қаржының біреулердің қалтасын қампайтқанын емес, өз нысанасына жеткенін қалар едім. Өйткені, қаржы ауылға жетпейді. Білесіз, ауылды қолдаудың 3 жылы өтті. 57 миллиард теңге бөлінді. Сосын басқа бағдарлама жасалды. Алайда, ақшаның көбі шенеуніктердің қалтасына түсті. Шенеуніктерді соттаудан ешқандай пайда түспейді. Керісінше, осы қаржының өз мүддесіне жұмсалуын қадағалау қажет. Журналистердің мақсаты осы қаржыға бақылау жасау, сөйтіп, ауылдың көркеюіне септігін тигізу.
Қазір Үкімет тағы да тіркеуге қатысты жаңа заң жобасын ұсынды. Ол жоба бойынша, пәтер иелері өз үйінде тұрмайтындарды тіркеуге алғаны үшін, айыппұл төлейтін болады. Бұл да ауылдан қалаға келіп, өз нәпақасын теріп жүргендермен күрестің жаңа түрі. Алайда билік ауылды көркейту, оның инфрақұрылымын дамыту мәселесі жайында әзірге бас қатырмайтын секілді.

Есенгүл Кәпқызы

365info.kz

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Ауыл дамымайды, ауылдың болашағы жоқ деп Үкіметтен қайыр сұрап жүргенще, еңбек етіп ауылдың көркеюіне септігін тигізуге кім бөгет жасап жатыр? Ауыл шаруашылығы әрдайым Елбасының назарында. Егін, бау-бақша егіп, мал өсіріп кәсіпкерлікті өркендету халықтың қолынан келеді! Халықтың қолынан келмейтін заты жоқ, қаласа тас тұрған жерде гүл өсіре алатынын Ілияс Есенберлин бұрын айтып кеткен.

    • қайдағы жоғары жылдамдықты интернетті айтасың?
      бір сайттың ашылуын кемінде 2-3 минут тосып отырасың, Алматыда 3-4 секундта ашылады, ойланып көр.

      Джамуха сен өзің ауылда өссең онда бәрекелді, жарайсың дегеннен өзге айтарым жоқ!!
      Онда “Үкіметтен қайыр сұрап жүргенще, еңбек етіп ауылдың көркеюіне септігін тигізуге кім бөгет жасап жатыр?” деген сұрағыңның жауабын өзің білуің керек.

      Егер аудан орталығында не сол ауылдағы ауқатты адамның баласы болып, қара жұмыс істеп көрмеген бала болсаң айтарым 3 жыл комбайын айдап немесе трактормен жер жыртып, малдың қыстық азығын жинап еңбек етіп кел, сонда сұрағыңның жауабын өзің түсінесің.

      Санат айтқандай үкімет қолға алған бағдарламаларын дұрыс орындаса, бөлінген қаражат тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуін қадағаласа,
      өндіріс ошақтарын салуды қолға алса бәріде оңалады деп сенемін.

  2. Президент “Ауылға бет бұру” программасы жайлы айтты ма, айтты, ақша бөлінді ме, бөлінді.Ендігі мәселені сол ақшаны қалтаға басатын,облыс,аудан,ауыл әкімдерінен сұраңдар.”Бақылау және бақылау” дегенді кім айтқанын білесіңдер шығар,демократ мырзалар!

  3. Казир ауылдарда жогары жылдамдык интернет бар дейди гой. Бул мен ушин оте жаксы жаналык)

  4. Қазақ ауылдарының соры-Қазақстан жерінің кеңдігі,ауа-райының қатаңдығы,біздің осынша жерге ие болып келгеніміздің бір парасы-осындай себептермен басқалардың қызықпағанынан .Екі ауылдың арасы орташа алғанда30-50шақырым,алты ай қыста қатынас жоқ екенін бір деңіз.Жаз шыққанда бау-бақшалық сияқты қосалқы шаруашылық жүргізу қуаңшылықтан мүмкін емес,шаруаның бар тірлігі-алдындағы 5-6қарасының қамы,алдағы қысқа көмір,ағаш,шөп дайындаумен жаз өтіп күз жетеді,одан кейін тағы-қыс… Осылай өмірі өткен қазаққа қайдағы инфрақұрылым,қайдағы театр…Балаларына не үйретеді,не үлгі береді. Ауыл көрмегендер ауылдағыларға “ауылдан неге кетеді”-деп таң қалады.Олар неге қалада тұрмауы керек,қанша қиын болса да қалаға кеткен ауылдықтар қайта келіп жатқан жоқ. Ендеше,келешекте қазақтың мекені-қалада,ауыл-барлық дамыған елдердегідей-тек фермерлердің қонысы болады

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі