///

Қазақ жері шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ….

594 рет қаралды
5

c49eea293ca0e24ec8e149e40a8bfbfaЕсенгүл КӘПҚЫЗЫ

2003 жылдан жер коммерциялық айналымға түскеннен бері, оның айналасындағы дау әлі толастар емес. Содан бері табаны күректей бір мүшел өтсе де, Жер кодексіне толықтырулар мен өзгертулер әлі де енгізілуде. Соның бірі – жақында ғана күшіне енген, 2015 жылдың қарашасында қабылданған «Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.

Бұл заңның негізгі мақсаты – ауылшаруашылығы нысанындағы жерлерді жеке меншікке беру арқылы тиімді және ұтымды пайдаланудың тетіктерін жасау. Заң жобасы Ұлт жоспарының 35,36-шы қадамын басшылыққа ала отырып жасалған. Аталған заң жобасы бойынша, Жер кодексіне: аукциондар арқылы ауылшаруашылығы нысанындағы жерлерді жеке меншікке беру; жалға алынған жерлерді жеңілдікпен сатып алудың шарттарын ұсыну, жалға алынған ауылшаруашылығы нысанындағы жерлердегі пайдалану бойынша шектеулерді алып тастау; ауылшаруашылығы нысанындағы жерлердің пайдалану мақсатын өзгерту үрдістерін болдырмау секілді өзгерістер енгізілген болатын. Бүгінге жеткен ақпарат бойынша, Қазақстанның ауылшаруашылығы нысанындағы жерлердің 1,3 миллион гектары жеке меншіктің қолында. Бұл ақпаратты ҚР ұлттық экономика министрлігі ресми түрде мәлімдеген. Аталған министрліктің Құрылыс істері, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Смағұловтың мәлімдеуінше, бүгінде ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлердің жалпы көлемі – 100,8 миллион гектарға жетеді. Оның 97,4 миллион гектары немесе 98,8 пайызы ұзақ мерзіммен жалға берілген. Тек 1,2 пайызы ғана жекенің қолында.  Бұл заң осы ұзақ мерзімді жалға берілген жерлерді нарық айналымына енгізу мақсатында қабылданып отыр.

Заң жобасының авторларының пікіріне сүйенсек, бұл заң ауыл шаруашылығы секторында жұмыс істейтін фермерлер мен малшылар үшін қолайлы жағдай туғызатын көрінеді.

Ауылшаруашылығы нысанындағы жерлерді жалға алған аграрлық сектордың өкілдері жалдағы жерлерін өз бағасынан 50 пайызға дейін арзан бағамен ала алады. Бауыржан Смағұловтың түсіндірмесіне сүйенсек, жерді ұзақ мерзімге жалға алушылар жалға алу уақыты аяқталғанға дейін жердің кадастрлық құнынан 50 пайызға төмен бағамен, 10 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, жерді сатып алу келісім-шартын жасаған, алайда аталған заң күшіне енгенге дейін, сатып алып үлгермеген жер иелері оның кадастрлық құнының 50 пайызын төлеп үлгерсе, жерге иелік ете алады. Сондай-ақ, өз үлесін шаруашылық серіктестіктеріне өткізген жер иеленушілердің де құқығын қорғайтын норма қарастырылған.

Алайда, Жер кодексіне енгізілген осы нормалар көпшіліктің  наразылығын тудырды. 2015 жылдың қарашасында қабылданған заң елді неге енді ғана дүрліктіріп жатыр дегенге келетін болсақ, ҚР Ұлттық Экономика министрі Ерболат Досаев Наурыздың 30-ында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар арқылы 1,7 миллион гектар жерді аукцион арқылы саудалайтынын мәлімдейді. Осында кейін-ақ, қоғамдық пікірде дүрбелең туды. Мәселен, Сәуірдің 140-ында «Қазақ жері шетелдіктерге сатылмауы керек!» деген тақырыппен бір топ, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа, көшірмесі: ҚР Премьер-Министрі

К.Қ. Мәсімовке ҚР Сенатының спикері Қ.К.ТоқаевқаҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Б.С. ІзмұхамедовкеБарлық деңгейдегі әкімдерге, Министрлерге, Агенттіктерге, Ұлттық компанияларға, Құқық қорғау құрылымдарына,Сенат және маслихат депутаттарына, БАҚ, Қазақстан азаматтарына үндеуі ждарияланды. Бәлкім, осы Үндеу хаттың әсері болуы мүмкін, іле-шала ҚР Ұлттық Экономика министрлігі жер сату аукционына шетелдіктердің қатыспайтыны туралы мәлімдеме жасады. Алайда, шетелдіктер жерді иеленушілерден ауылшаруашылығы нысанындағы жерлерді 25 жылға дейін жалға ала алады.

Ауылшаруашылығы  жерлерінің саудаға шығарылуы – неге қазақтың жанды жеріне тиіп отыр? Біріншіден, ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлерді ұзақ мерзімге және арзан бағада кім жалға алып отыр? Әрине, нәпақасын ауылшаруашылығынан айырып отырған қарапайым қазақ диқаншысы немесе малшысы. Оның қолында жерді сатып алып, иелігіне өткізіп алатындай қаржы қайдан болсын. 2003 жылы да жерді жекеменшік нысанында пайдалану туралы әңгіме көтерілгенде де қоғамның толқуы күшті болған. Бұл толқу сол кездегі Премьер-Министр Иманғали Тасмағамбетовтің премьерліктен кетуіне дейін себепші болған. Содан кейін Кәрім Мәсімов Үкіметі кезінде әрбір қазақстандыққа баспана салу мақсатында республиканың кез келген бұрышынан 10 сотық жерді тегін ала алатындығы туралы Қаулы қабылданған еді.

Содан бергі жасалған сараптамаларға қарағанда, жер азғана ат төбеліндей латифундистердің иелігіне көшкен де, көп қазақ жерді иелене алмаған. Қазір ауылшаруашылығы нысанындағы жерлерді саудаға салса, қалтасы қалың олигархтар тағы да басып алып, қазақ тағы құр қалуы мүмкін. Әрине, заң жобасында жерді жалға иеленіп отырғандар үшін жасалатын жеңілдіктер көрсетіліп отыр. Бірақ, қазақтың сол жалдағы жерінің өзін 50 пайыз жеңілдікпен алуға мүмкіндігі бар ма екен? Жалпы, ауылшаруашылығы министрлігі ұзақ мерзімге жалға берілген ауылшаруашылығы нысанындағы жерлердің кімнің қолында екендігіне, олардың экономикалық мүмкіндігіне сараптама жасап көрді ме екен?

Екіншіден,  жер шетелдіктерге сатылмайды, бірақ оларға ұзақ мерзімге жалға беру мүмкіндіктері қарастырылған. Осы заң жобасы қабылданып жатқан кезде, оған көңіл аударған да ешкім болмаған. Былтыр күзден бастап, қытайлық жұмысшылар қазақ жерінде диқаншылықпен айналысуға мүмкіншілік алғаны мәлім! Олар 25 жыл пайдаланған жерде қандай құнар қалатынын елестетудің өзі қиын. Өйткені, қазір Қытайдың ауылшаруашылық нысанындағы жерлерінде құнар қалмаған. Сол үшін де олар пайдаланатын тыңайтқыш материалдарын кім тексереді? Жалпы, олардың үстінен бақылау бола ма? Міне, осы сияқты толғақты мәселелер – зиялы қауымның үнсіз қала алмауына түрткі болған сияқты. Бізде кез келген шешім асығыс-үсігіс қабылданады. Сол үшін де барлық мәселеге орай, сараптамалық құжат керек.
Онсыз шешім қабылдау дұрыс емес!

Тулақтай жері үшін қасық қаны қалғанша күрескен бабамыздың ұрпағына аманат етіп қалдырғаны да осы ұланғайыр даласы еді. Сол даланың өзі тоз-тозы шығып, зорлықшыл империялардың бөліске салу салдарынан, тек үштен екісі ғана өз еншімізге тиіп отыр. 2003 жылы нысанасы баспана салуға арналған жерлерді сату туралы әңгіме басталғанда да халық табанды қарсылық танытты. Бірақ, оған құлақ асқан билік жоқ. Жер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. Кеше Атырау халқы бейбіт шеру жасап, шенділердің аузынан жер сатылу мәселесінде әлі де ойланатындығы туралы уәдеге қол жеткізгеннен кейін ғана, тарқасты жұрт. Бұл қарапайым халықтың жер тағдырына бейжай қарай алмайтындығының белгісі. Жер – олардың күретамыры. Өйткені, шетелдіктердің ойнақ сап Батыс өңірінде өз үстемдіктерін жүргізіп, мұнайгға иелік етіп келе жатқанына біраз уақыт болды. Сол қытайлық компаниялар жұмысқа қытай тілін білмейтіндерді қабылдамай, Қытайдың әнұранын айтқызып,  талай қазақтың сағын сындырып жатыр. Байқоңырды жалға алатын Ресейдің заңы сонда үстемдік етеді. Қарапайым халық онда өз құқықтарын Қазақстан азаматы ретінде талап ете алмайды. Жалпы, бейбіт шеру өткізуді қазақтың саяси сауатының артқанының ғана белігісі емес, биліктің де шарасыз болса да, халықпен сансуға мәжбүр болғанының белгісі. Яғни, Қазақ билігі жер сату, тілді аяқасты ету секілді халықтың жанды мәселесімен енді ойнауға болмайтынын түсінген секілді. Егер, халықтың толқуы – алдағы шілдеден бастап аукциондарға шығарылатын (бәлкім әлдеқашан сатылып кеткен. 2003 жылы жерді сату туралы заң қабылдау барысында қазақ жерінің көбінің әлдеқашан иелі болып қойғандығын естіп, жағамызды ұстағанбыз) ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлерді сатуға тыйым салынуына, шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге мораторий жариялануына мұрындық болса, бұл халықтың саяси жеңісі болар еді.

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Жер жалға да берілмесін, сатылмасын! Басқа байлығымыз да жетеді. Қазақ жер сатпай-а күн көреді. Жер жалға берілсе не сатылса көтеріліске шығуға дайынмын!

    • Ағайындарға қосыламын
      “Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Бол, қазақ!
      Шын бақытқа жеткізетін жол да ұзақ.
      Алашағың аз ба мына дүниеден,
      Болашағың емес пе еді зор, ғажап?!

      Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
      Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
      Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,
      Қазағым, енді жату жарамас-ты!!!”

  2. Шетел емес өз азаматтарынада сатпау керекқой сатылды дегенше шетел азаматыда алды деген сөз қазақстан азаматтығын да алу шетелдіктер ұшін оңай шаруа

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар