///

Оралмандарға қиындық келтірген №49-бап

914 рет қаралды

Өткен аптада бүгінде саябыр тапқан қазақ көші-қонына қатысты үш түрлі ақпарат тарады. Оның бірі – биылғы наурыздағы есеп бойынша Қазақстан халқының жалпы санының 17 миллион 733 мың адамға жетуі, екіншісі – Қытайдағы қазақтар арасында жүргізілген сауалнама бойынша, тоқсан пайызының атажұртқа оралуға ниетті екендігі, үшінші – 2015 жылдың қараша айында қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңдағы Қытайдан келетін көшке кедергі болып отырған бапқа орай белсенді Ауыт Мұқибекұлының соңғы кездердегі мәлімдемесі.
Естеріңізде болса, екі жылғы талқылаудан кейін, 2015 жылдың 24 қарашасында «Халықтың көші-қоны» туралы заңы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қайта қабылданған болатын. Бұл заңның қабылдауына орай, қазақтың көші-қоны қайта жанданатын болды деп қуанған едік. Аталған заңдағы №49-бап қазақ ирридиенттерінің (диаспора емес) басым көпшілігі өмір сүретін Қытайдағы қандастарымыздың келуіне әлі күнге дейін кедергі келтіріп келеді. Қоғам белсендісі, ақын Ауыт Мұқибекұлы заңдағы осы баптың алынуы үшін біршама уақыттан бері табанды күрес жүргізуде. Осыдан біраз уақыт бұрын ол ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына арнайы хат жолдаған еді. Онда «Өткен жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп қайта қабылданған заңның 49-бабының ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін алынбаған сотталғандығы бар деген 9-тармағы Қытайдан келген қандастарымыздың Қазақстан республикасы аумағында тіркеуге тұруына кедергі келтіріп отыр» делінген. «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңа редакциясында шетелден оралған қазақтардың азаматтық алуы біршама жеңілденген еді. Онда атажұртына оралған әрбір қазақ төлем қабілетін растаусыз тұрақты тіркеуге тұруға, үш айдың ішінде азаматтық алуға және арнайы белгіленген жеті аймақ – Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарына қоныстанған этникалық қазақтарға арнайы жеңілдік пакеттері қарастырылған. Аталған өңірлерге келген әрбір этникалық қазақтың жол шығындары төленіп, баспана беріледі және жұмыспен қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ, бір жолғы жәрдемақы да ескерілген. ҚР Статистикалық агенттігінің мәліметі бойынша, 2016 жылдың қаңтар-наурыз айларында келушілердің саны 2015 жылмен салыстырғанда 26,7%-ға кеміп, 3053 адам тіркеуге тұрған. Керісінше елден кетушілердің саны артқан. Ол былтырғымен салыстырғанда, 20,3%-ға артып, 5434 адамға жеткен. Яғни келген адам, кеткен адамнан 2381-ге кем болған. Түрлі ақпарат көздері Қытайдан келген қазақтардың тұрақты тіркеуге тұруы әлі де қиындық тудырып отырғанын айтады. Өйткені Қытай заңдарында аса ауыр және ауыр қылмыс жасаған адамға шетелге шығуға рұқсат етілмейді, тиісінше шетелдік төлқұжаты да берілмейді. Біз осы ретте Ауыт Мұқибекұлына хабарласып, істің мән-жайын білген едік.
– Әділетті сотқа жүгіну барлық мемле­кеттің тәжірибесінде бар. Әрі бұл біздің құқығымызды қорғайтын ең жоғары инс­танция. Өздеріңізге белгілі, «Халықтың көші-қоны» туралы заңның 49-бабы, 9-тармағында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаманы туралы анықтама әкелу талап етіледі. Қытайда бұндай қылмыс жасаған адамға онсыз да төлқұжат берілмейді. Қытай тарапы біздің Ішкі істер министрлігінің арнайы сұратуымен жауап та жазды. Үкімет те, Ішкі істер министрлігі де осыны біліп отырып, заңға арнайы бап енгізіп жіберді. Заң қабылданып кетті. Бірақ, оны жүзеге асыратын тетіктер де бар ғой. Арнайы нормативтік актілер арқылы бұл бапты өзгертуге болады. Өйткені Қытайдан келген қандастарымыз тұрақты тіркеуге тұра алмай жатыр. Заң қабылданғалы тұрақты тіркеуге тұрған ешкім жоқ. Соттылығы болмағандығы туралы анықтаманы Қытай бергенімен, мөрі, арнайы стандарты, базасы жоқ құжат береді екен. Ол анықтаманы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің Консулдық бөлімі растауы тиіс. Оны растату үшін келген еліңнің құзыретті орнының мөрі басылған болуы тиіс. Қытай елшілігі жаңағы ешқандай базада тіркелмеген құжатқа мөр басып, куәландырмайды. Сол себепті де, қандастарымыз әлі тұрақты тіркеуге тұра алмайды, алды қайтадан кетуге мәжбүр. Бұл мәселе туралы көп айтылды, жазылды. Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заңы 8 ай бойы талқыланды. Оның сонша ұзақ талқылануының бір себебі осы болған.
– Сіздің талап арызыңызда бұдан басқа талаптар бола ма?
– Жоғарыда айтып өткен заңның №49-бабы, 9-тармағын Қытай қазақтары үшін өзгертетін нормативті акт қабылдау, екінші – осында көшіп келгендеріне қаншама жыл болған, бірақ заң кесірінен азаматтығын ала алмай, тұрақты тіркеуге тұра алмай жүргендер үшін олардың құжатының, визасының уақытының өтіп кеткеніне қарамастан, тұрақты тіркеуге алу туралы шешім қабылдаса деген талаптар қоймақпыз.
– Сізді сотқа беруге итермелеген не? Бұған дейін жазған хаттарыңызға қандай жауап алдыңыз?
– Премьер-министрдің атына кемі 10 хат жазылған болуы керек. Бірақ ол хаттарды Сыртқы істер және Ішкі істер министрлігіне жолдайды. Олар сипай қамшылап жауап береді. Олар Қытай Үкіметі соттылығы туралы анықтаманы береді деген жауаптар жазыпты. Ал ол анықтаманың бізге жарамсыз болып жатқанымен шаруасы жоқ. Мен 345 адамның қолы қойылған хат та жолдадым. Бірақ, жауап әлгіндегідей.
Ауыт Мұқибекұлы адвокатым болуға келісті деген Абзал Құспан мырзаға хабарласып, бұл істің қозғалуы мүмкін бе деген сауал жолдадық.
– Бұл негізінен азаматтық талаптар. Азаматтық талап бойынша кез келген азамат сотқа арыз беріп, өз құқығын талап етуге құқылы. Жалпы, мен Ауыт Мұқибекұлының жіберген материалдарымен таныстым. Сотқа беруге негіз бар. Қытайдағы қандастарымыз жоғарыда айтылған заңның 49-бабы бойынша келе алмай отыр. Қытай қазақтары бізге тұрақты тіркеуі үшін ол жақтан ауыр және аса ауыр қылмыс жасамады деген анықтама әкелуі тиіс. Қытайда ондай анықтаманың бірыңғай үлгісі жоқ. Оны әр мекеме өзі береді екен. Оны осында әкелгеннен кейін Қытайдың Сыртқы істер министрлігі арқылы растатуды талап етеді. Ал Қытай Сыртқы істер министрлігі бұндай анықтаманың бүкілқытай бойынша бірыңғай үлгісінің болмауы себепті қол қоюдан бас тартады. Бір жапырақ қағазға бола, көшіп келуге ниетті қандастарымыздың көбі көшіп келе алмай отыр. Сөйтіп, көш тоқтағалы бірнеше жылға аяқ басып барады.
– Сіздіңше, бұл істің нәтижесі қалай болуы мүмкін?
– Мен құмалақ ашып болжай алмаймын. Егер Еуропа елдерінің бірінде тұрсам, біз қандай да бір нәтижеге қол жеткіземіз деп айта алар едім. Бізде Конституция бойынша, шенді мен қарапайым азаматтардың құқығы бір. Егер атқарушы билік пен сот бір-біріне бағынбайтын, бір-біріне тәуелсіз болса, қандай да бір нәтиже болар еді. Бізде бұған дейін Премьер-министрмен соттасуға ешкімнің жүрегі дауаламаған. Мен қазір бұл іспен танысудамын. Ауыт Мұқибекұлына «тұрақты тіркеуге тұра алмай, аталған анықтаманы ала алмай жүрген оралмандардың атынан сенім хат алыңыз немесе оралмандардың құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестіктің атынан шағымдануға болады» деп жаздым. Себебі бұл жерде оралмандардың құқығы бұзылып отыр. Онсыз сот процесі басталмауы мүмкін.

2014 жылғы Украинадағы оқиғадан кейін елімізде, оралманға деген көзқарас оңалды. Оларды көптеп әкелу және халқы аз аумақтарға шоғырландыра орналастыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен «Халықтың көші-қоны туралы заң» қайта қаралып, азаматтық алу процесін оңайлату туралы шешім қабылданды. Алайда аталмыш заңның №49-бабының, 9-тармағы Қытай қазақтарының Қазақстан аумағында тұрақты тіркелуіне кедергі келтіруде. Ал, тұрақты тіркеуге тұрмай оралман куәлігін де, Қазақстан Республикасының азаматтығын да рәсімдеу мүмкін емес. Сөйтіп, Қытайдан келетін қазақ көші тоқтап тұр.

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері