///

Кемелбек кетті. Оның отставкасы телевизияның бір кезеңін түйіндеді ме?

839 рет қаралды

ТЕЛЕВИЗИЯ ТАРИХЫН ТЕРМЕЛЕГЕНДЕ 

Қайнар Олжай

471349_1608561996_957_smaylov_kamal
“Қазақстан” ұлттық телеарнасын әр жылдары басқарған басшылар

Кемелбек кетті. Оның отставкасы телевизияның бір кезеңін түйіндеді ме? Ондай анықтауышқа тартпайтын сияқты. Телевизия тарихында басқару уақытын «бір кезең» деп ауыз толтырып айтарлық басшылар болды. Алдымен ойға Хамит Хасенов оралады. Сегіз жыл отырыпты. Әрине, кезең . Ол кісінің уақытында телевизия түрлі-түсті хабар таратуға көшті. Он жеті облыстың өз радиосы болды. Комитет қарамағында облыстығы бар, қалалығы бар 15 телевизиялдық студия жұмыс істеп жатты. Бұрын республикалық арна сығылысып үш қабатты ғимаратта отырса, енді Мир /қазіргі Желтоқсан/ көшесінің Тимирязев /осының аты өзгермейді/ көшесімен қиылысқан тұсында ақпараттық-студиялық кешен салынды. Қазір ол – «Хабар» агенттігінің Алматы филиалы болуы керек.
Есеп бойынша он екінші төрие Ерлан Сатыбалдиннің басшылығы да кезең ретінде қарастырылады. 1996 -2001 жылдар арасы. Бес жыл. Оның алдындағы Мұртаза, Бекетова, Көпішевтердің ұзақ тұрақтамағанын ескергенде, өте ұзақ мерзім. Әттең, елдегі күйзеліс уақыты. Реформалар кезі. Қазақтардың «жолың болмасын» деп қарғысын қытайлықтар «реформалар кезінде өмір сүр» деп жеткізеді.
Алдымен корпорация Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттікке тиесілі болады. Одан Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне бағынады. Сосын 1999 жылғы қазан айынан бастап Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қарауына өтеді. Сатыбалдиннің тұсында үкімет те үш рет өзгерген. Қажыгелдин үкіметі тұсында өзі тағайындалса, Балғынбаев пен Тоқаевтың атқарушы билікке келгенін өз эфирінде хабарлайды. Техника тозған. Айлықсыз қалған мамандар басқа жақтан өз орындарын тауып, кетіп жатты. Қазақ «бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озады» демекші, «Қазақстан 1-ді» эфир бәсекесінде өз қойнауынан шыққан «Хабар», оны да өзінің білікті мамандары бөлініп құрған «КТК» шаң қаптырып кетті. «31», «НТК» арналары тез жетіліп жатты. Ақыры, Ерлан Әбенұлы өзінің жақсы білетін саласы баспа ісіне ауысып кетті. Қалай десе де Сатыбалдинның төриелік етуі кезең ретінде сипатталады.
Әрі қарай тез келіп, тез кеткен Есетжан Қосубаевтан соң Ғалым Доскен басқарған кезең басталды. Он төртінші төраға екен. Доскеннің қызметке келуі арқылы орыс тілді басшыны қазақ тілді басшы ауыстырды. Бұл көрініс одан бұрын да болған. Смайылов – Шалахметов – Мұртаза –Бекетова – Көпішев – Сатыбалдиев тізбегін жіті қарағанға. Мұртазаның қызметтен кетуіне орыс тілді аудиторияның, оның ішінде жекелеген облыс әкімдерінің наразылығы себеп болғанын ескергенде, басты мемлекеттік ақпарат құралын қай тілде сөйлейтін адамның басқаруына да көңіл бөлінген. Қашан корпорация құрамындағы ұлттық арна Мемлекет басшысының тапсырмасымен толық қазақшаға көшкенше.
Біз Есетжан Қосубаев корпорацияны басқарғанда осындағы Жаңалықтар қызметіне жетекшілік еткенбіз. «Хабар» агенттігі «Қазақстан» телерадио корпорациясын сенімді басқаруға алған 2000-шы жылдар басында. Көбінесе кәсіпорындарға қатысты болатын «сенімді басқару» тетігі алғаш рет бұл салада қолданылған. Қосубаев Президенттің баспасөз хатшысы қызметіне жоғарылап, орнына тағайындалған Доскеннің тұсында «Хабарға» қайттық. Он бесінші болып Нұртілеу Иманғалиұлы келіп, сексеннен астам адам қызметтен өз еркімен босағанда, араға жүрген Жүрсін Ерманның сөзін сыйлап, «Қазақстанға» оралғанбыз. Корпорацияның бас продюсері қызметіне. Сөйтіп, осында Қосубаев – Ойшыбаев аралығындағы сегіз төриенің қарамында қызмет еттік. Енді тоғызыншысын тосып отырған.
Корпорацияны Доскен басқарған 2002-2006 жылдар арасын да тұтас кезең деуге болады. Ұлттық бағытты ұстанды. Йассауи хикметтерін әндетіп айтатын топ эфирден көрініп жатты. Өзі айтқандай «оған саяси мағына беріліп, сан-саққа жүгіртілді». Аяғы отставка. Қалай десе де көрермендердің Доскен кезеңін есте сақтағаны даусыз. «Шынның жүзі», «Ақжүністі» әлі де іздеушілер бар. Тек жиырмаға жуық бағдарламаның авторлық құқығын «Қазақстаннан» кеткен журналистер мен айташылардың дереу өз аттарына тіркетіп, ұлттық арнада ол бағдарламаларды жалғастыру тұрмақ, қайталау мүмкіндігі болмағанын былайғы жұрт біле бермейді.
Ғалымнан кейін Нұртілеу Иманғалиұлының, Дәурен Әбдіхамитовтің, Жанай Омаровтың басшылық етуі ұзағынан болмады. Он жетінші төрие Әбдіхамитов қызметте он айдай ғана отырды. Оның қысқалық жағынан рекордын он тоғызыншы төрие Кемелбек Ойшыбаев қана жаңартты.
Иә, Доскеннен кейін «кезең» деп сипаттауға жарайтын басшылық Нұржан Мұхамеджановаға тиесілі екен. 2011 жылғы шілде айынан 2016 жылғы қазан айына дейін. Бес жылдан астам уақыт. «Қазмедиаорталығына» көшіп, жаңа технологтяны меңгеру. Ұлттық арнаны толық қазақшаға көшіру. «Казспорт» арнасын ашу.
Дәуірлердің сипаты анандай. Кезеңдердің көрінісі мынандай. Басқару уақыты жағынан Кемелбекке берілген мүмкіндік тым қысқа болып шықты.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі