///

Тілімізге түкіргені бар…

1300 рет қаралды

Өзіміз бұрыннан да сырттай құрмет тұтатын Ержан Жаубай ініміз өте орынды мәселе көтерді. Ол әлеуметтік желі арқылы: «Контекст» дегенді «мәнмәтін» деп аударған екен. Қаншалықты сәтті аударма деп ойлайсыз?» деп сұрайды.
«Қазақстан дінтанушылар форумы» аталатын басқосуға келген біз де осы жазуды көргенбіз. Толық жазылуы: «Қоғамдық сананы жаңғырту мәнмәтініндегі дін саласы бойынша мемлекеттік саясат». Қоғамдық сананы осылай жаңғыртамыз дегенге сенбейміз. Мына қазақша жаңылтпаш атау біздің санамызды қаншалықты серпілтер екен? Серпілткеннен гөрі ұйыққа одан әрі батыра түсетіндей ме?
Әлдебір аудармашы табан астында жазып, әлдебір басшы дереу мақұлдай салған жаңа сөз қалай республиканың барлық аймақтарынан, еңселі министрлік пен діни басқармалардан делегаттар келген, бүкіл ақпарат құралдары жазып-көрсететін алқалы жиынның атауына кіріп кетеді? Біздіңше, қоғамдық сананы жаңғырту деген – осы мәселені реттеу. Сауаты шамалы, жарайды, сауаты басқалардан көш ілгері артық біреу аударған әлдебір термин алдымен қоғамның талқысына түспес пе, қолданысқа енуі үшін қолдауға ие болуы қажет емес пе. Атында «азаматтық қоғам» деген тіркес бар министрлік жұртты форумға шақырмас бұрын «контекст» терминін «мәнмәтін» деп аударған дұрыс па, бұрыс па, осыны азаматтармен кеңеспес пе? Әттең.
Енді «мәнмәтін» сөзіне жеке пікірмізді білдірейік. Қарсымыз. Түбегейлі түрде. Алла қанша ғұмыр береді соншалықты уақытта жазар мақаламыздың ешбірінде «мәнмәтін» дегенді қолданбаймыз. Мәселе тура «контекске» тіреліп қалғанда «аясында», «астарында», «орайлас» дегендей қазақтың бір сөзін тауып, тығырықтан шығармыз.
Мына министрлік жиналысында «мәнмәтіннің» пайда болған сырын сезіп отырмыз. Жиынның аты алдымен орысша белгіленген. Сосын оны мекеме амал жоқ «қос тілділік» талабына орай қазақшалаған. Егер жиынның аты әу-баста қазақша жазылса, онда ешкім «контекст» дегенді қалай аударамыз деп миын ашытпас еді. Қазақ тілінің осыдан сорлап отырғанын біз – Ержан Жаубай сынды тіл жанашырлары ғана білеміз. Жоғары жақ кез-келген жиын, форум, конгрестің атауын орысша қойып беретіндіктен, төмендегі халықтың құлағына оның аудармасы жаға ма, жоқ па, оған түкіргені бар. Орысшасы жұтынып тұрса жетеді, қазақшасы сол күлге аунаған түйенің күйінде жата берсін. Жиырма бес жыл бойғы көзқарас – осы. Мынау Ержан бауырымыздың көрсеткені – мыңның бір мысалы ғана.
Ал «мәнмәтінге» неге қарсымыз? Қараңыз. Жаңа сөз кез-келген мәтінде мән болады дегенді ұқтырмақ. Сол сияқты кез-келген нанда қабық болады. Егер «контекст» сөзі «мәнмәтін» деп аударылса, онда «корочка» сөзі «қабықнан» болып аударылуы керек. Күні ертең ақшаға жұмыс істейтін аудармашылар тура осы қисынмен қазақтың «қабыршақ» сөзін адыра қалдырарына кепілміз.
Әрі мына аударманың логикасы шошытады. Біз кім екенін білмейтін, білгіміз де келмейтін аудармашы «контекст» сөзін алдымен екіге бөледі. «Текст», демек бұл «мәтін». Ал енді «кон» сөзін қайтеді? Ол – «мән». Міне, сіздерге «мәнмәтін»! Тура осы логика бойынша аударылғаны шүбәсіз. Осыны ойлағанда алпысыншы жылдары айтыла бастаған «холодная война» тіркесін «қырғи-қабақ соғыс» деп қалыптастырып кеткен аға ұрпақтың даналағына тәнті боласың. Егер «холодная война» тіркесі тап қазір пайда болса, оны ойланып жатпастан «суық соғыс» дер еді.
Тағы қосып айтарымыз, «мәнмәтін» атты пәлекет қазақ тілінің үндестігіне жат. Қазақ сөзінің екінші буынында «ә» әрпі болмайды. «Әләм» емес – әлем. «Әнә» емес – әне. «Сәләм» емес – сәлем. Қазақ «әкә» емес, «әке» дейді. Терминді табан астында аудара салған әлдекімнің (бұл да «әлдәкім» емес) айтулы жазушымыз Мұхтар Мағауиннің ұлы ақынымыз «Шәкәрім» аты жөнделіп «Шәкерім» болып жазылуы керек деп шырылдағанынан хабарсыз шығар.
Қайнар Олжай
2017 жылғы қарашаның 30-ы.
Астана.

фейсбук парақшасынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар