//

Әркім – иттің ұлы байғотан

705 рет қаралды
1

16427273_10208477686919910_1049296879608363400_n«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы, әсіресе, Конституциясының 26 бабына өзгерту енгізу туралы ұсыныс әлеуметтік желілерде, түрлі ақпараттық сайттарда қызу талқыға түсіп жатыр.  Осы өзгермек нұсқадағы «әркім» деген атауға шүйліккен жұрт. Неге? Саналы азаматтар «Әркім ол кім?» деген сұрақтар да қойған. «Қытайдың екі миллиард халқы әркім бола ала ма?» деп сауал тастағандар да бар т.б. Ал оларға әркім әр түрлі жауап беріп жатыр. Көкейкесті мәселе. Әуелі жүгінелік:

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті бекіткен,  50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2008, «Дайк-Пресс») «Әркім – кез келген кісі, кім көрінген» (91-бетте) деп түсіндірсе, «Қазақша-орысша сөздікте» (Алматы, 2008, «Дайк-Пресс») «Әркім – каждый, любой, всякий»(108-бет) деп орыс тіліне аударылған.

Бұл сөзді, әркімді жобада «Қазақстан Республикасының азаматтары» деген аса мәртебелі сөйлемнің орнына қолданған. «Қазақстан Республикасының азаматтары» деген нақты, дәлме-дәл, түсінікті, жалқы атауды «әркім» деген жалғыз сөз, жартымсыз жалпы атаумен ауыстырудың қандай қажеттілігі туындады деген төте сұрақ бізден де туындайды.

Алайда, заңның аталмыш бабына өзгерту енгізуге құмарлар, мүмкін осыған өте-мөте ынталы топ,  сол үшін адал терін аямай төккендер бұл жерде сөздің, атаудың мән-мағынасына, маңызына, беретін ұғым, түсінігіне емес, керісінше, сөйлемді үнемдеу мақсатында оның қаржылық, экономикалық жағына аса назар салып қараған сияқты. Осы дүниеқоңыздық пиғыл, шадыр көзқарастың арқасында заңның қазақ тіліндегі нұсқасында,  ойпырым-ай, бақандай 29 әріп, ал орыс тіліндегі нұсқасыда 21 әріп үнемдеп қыруар пайданың көзін ашқан.

Ал Қазақстан Республикасының Конституцияның 26 бабының 1 тармағында «әркім заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншігінде ұстай алады» делінген.

Демек, әлгі айтылған қызыл көз, құйтырқы үнемдеудің астарында кез келген кісі, кім көрінген, әркім, әлде кім, көлденең көк атты, иттің ұлы байғотан, иттің ұлы итақай  заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншігінде ұстай алады деген тайға таңба басқандай айқындық жатқан жоқ па? Осылай еліміздің жер-суын, ен дәулетін, бар байлығын, қазынасын, қара қазанын заңды түрде иеленді екен деп кім көрінгеннің меншігіне заңдастырып бере салуға бола ма?! Соған мүмкіндік беріп, жол ашу үшін Негізгі , Ата Заңға өзгертулер енгізуге жанталасқан адамдарды, Отанына, Жеріне, Еліне адал адамдар деп айта аламыз ба? Қандай адам дейміз? Ендеше, егер осы бап өзгеріске еніп, қабылданса, онда Қазақстан Республикасының бар дәулеті заңды түрде иемденген иттің ұлы байғотанның меншігі болады деген сөз. Бұл Қазақстан Республикасын басқаның меншігіне беру деген сөз емес пе?!

Олай болса Әркім – Қазақстан Республикасының азаматтары емес! Әркім – иттің ұлы байғотан. Ал  иттің ұлы байғотанға беретін Қазақстан Республикасында қандай да болсын мүлік те жоқ! Менің ойым осы.

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Өте дұрыс уәж. Біріміз емес бәріміздің жүрегімізді ауыртып тұрған жағдай осы 26 бапқа қадалғаң сұмырайдың сұм көзі… Көзден, тіл сұқтан қорғанудың орнына ескінің есесінен, біреудің көлекесінен қорқатын, ұлттық сана, азат ойдан ада жандардың айтқаны болып жүрмесе болды!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі