//

Тарихшы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының қаламгерлігі қақындағы үзік сыр

1479 рет қаралды
4

21dd3146cffde81bb369b9ad66eb2589_xl

Қазақта жан-жақты талантты, бір емес бірнеше өнерді қатарынан үйренген, үйреніп қана қоймай меңгерген, сол салаларда нәтиже шығарған адамдарды «сегіз қырлы, бір сырлы»  дейтін аталы сөз бар. Мінеки, осындай «сегіз қырлы, бір сырлы»  жанның бірі –Қаржаубай Сартқожаұлы. Қаржаубай Сартқожаұлы Елімізге, сондай-ақ жалпы түркі дүниесінде түркі көне жазуларының білгірі, белгілі түрколог, тарихшы ғалым ретінде  әйгілі.  Ғалымның жетпіс жасына орай өтетін халықаралық ғылыми конференцияда айтылатын сөзде бар салмақты  оның түрколог ғалымдығына баса назар аударатындығына шүбә келтіруге болмас. Ол жөн де. Алайда, бүгінгі мерейтойлық бұл халықаралық ғылыми конференцияда  Қаржаубай Сартқожаұлының тұлғалық болмысын ашуда оның басқа қырына да зер салып, білгенімізді анықтап айтып  өтуіміз артық-ауыс жалаң сөз болмас. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің 2017 жылды сәуір айының  13-і күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс екенімізге баса назар аудара келіп,  керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет дейді. Сонымен қатар ол, «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы» деп атап көрсетті [1]. Осы тұрғыдан келгенде Еуроцентристік қасаң қағидалардың қалыбына қысылып, тар құрсауда, абақтыда қамалғандай күй кешкен, бір жүйеде өмір сүрген қоғамның тарих ғылымы саласында да осы сабақтастықтың үзіліп, ақтаңдаққа айналған тұстары мол еді. Ғылымдағы осы ақтаңдақтарға алғашқы қадам жасаған ғалымдарымыздың бірі Қаржаубай Сартқожаұлы.

1990-жылдардың басында Баянөлгей аймағында Моңғолия Ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар орталығы біраз жыл жемісті еңбек етті. Осы орталық қабырғасында қызмет еткен ғалымдар Қабидаш Қалиасқарұлы, Ислам Қабышұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы  тарихи сабақтастықты «Моңғолдың құпия шежіресін»  түркі шежірелерімен,  қазақ ауыз әдебиеті үлгілерімен, көне руникалық жазба ескерткіштермен салыстыра зерттеуден бастап,  тыңға түрен салды. Мәселен,  Ислам Қабышұлы «Моңғолдың құпия шежіресін» түркі шежірелерімен, Қабидаш Қалиасқарұлы  моңғол, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерімен салыстыра зерттесе,  Қаржаубай Сартқожаұлы  аталмыш шежіренің көне түркі руникалық ескерткіштерімен сабабақтастығын зерделейді.  Сөйтіп олар жаңа ғылыми ізденістердің кеңістігін кеңейтіп, тың зерттеулердің бастауына алғашқы қадам жасап, кейінгі зерттеушілерге, жастарға жол ашты. «Шұғыла» журналының  1992 жылдың үшінші санында Қаржаубай Сартқожаұлының «Көне түркі руникалық ескерткішітері мен «Моңғолдың құпия шежіресінің сабақтастығы» атты шағын мақаласы жарық көреді [2]. Мақаланың аты айтып тұрғанындай бұл бұрын-соңды болмаған тың жаңалық еді. Өйткені «Моңғолдың құпия шежіресін» зерттеуші ғалымдар бұдан бұрын оның тарихи сабақтастығы мен жалғастығы туралы сөз қозғамаған болатын. Болатындай жазба дерекерін таппаған еді. Ондай сабақтастығы болатын дүние жоқ деп көретін. Түркі көне жазбаларының білгірі Қаржаубай Сартқожаұлы «Моңғолдың құпия шежіресі» жазылудан бес ғасыр бұрын дүниеге келген, келер ұрпағына жолдаған тарихи аманатын тасқа жазып қалдырған Ұлы Түрік  дүниесінің мәңгі өшпес жәдігерлері – тастағы ойма жазуларды оқып, игеріп, оларды сөйлете білуінің арқасында гректің «Иллиада Одиссея», арабтың «Мың бір түн», қырғыздың «Манас», орыстың «Игорь жорығы туралы жырларымен» қатар тұратын әлемге әйгілі шығарманың дәстүрлік жалғастығын, оның көне түркі руникалық ешкерткіштердегі жазбалармен тарихи сабақтастығы барлығына тұңғыш рет түрен салып, тарих ғылымындағы бір ақтаңдақтың бетін ашып береді. Қ.Сартқожаұлының  «Көне түркі руникалық ескерткіштері мен «Моңғолдың құпия шежіресінің сабақтастығын»  түркі және моңғол халықтарының арғы туыстық тегінің бірлігі, олардың ғұң заманынан бері бір қағанат, бір империя астында өмір сүріп келгендігі, олардың экономикалық, әлеуметтік күнкөрісі және дүние танымы мен ойлау психологияларының бірдейлігі қатарлы төрт аспектіде қарастырып, ел мен жер, үлес, енші беру, жарылқау, сый-сыяпат, дарқандық, сонымен қатар түркілік әскери атаулар мен атақ-шендердің атауларының дені «Құпия шежіреде»  дәстүрлік  жалғастығын тапқандығын нақты дәлелдермен айқындап көрсетеді [2]. Қ.Сартқожаұлының осы бастамасы ары қарай  «Көне түркі руникалық ескерткіштері мен «Игорь жорығы туралы жырдың» сабақтастығымен ұштастырып, жалғастырып әкелер болсақ ғылымда әлі күнге дейін талас тудырып отырған, құпия болып келген қатпары мол мәнді мағұлматтардың сыры ашылар деп білеміз.

1054967_html_248d5e72Қаржаубай Сартқожаұлының тағы бір айтылмай жүрген соны қыры, оның жазушылығы. Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары социалистік жүйенің дәуірлеп тұрған заманы. СССР-дің жетегімен капитализмді аттап өтіп, коммунизмге бет алған елдің бірі Моңғолия еді. Сол елдің рухани көшбасшысы да Сәбеттер Одағы болды. Мемлекеттік үлкен жиындар былай тұрсын, аймақтық, аудандық басшыларға дейін сөйлеген сөздерінде КПСС-тің бас хатшысы Л.И.Брежневтің сөйлеген сөздерінен цитата алып, Ю.Цэдэнбал сөздерімен тұздықтап, экономикалық жоспарлаудың бес жылдықтарынан бес жылдықтарға табысты қадам басқан дәуірдің түрі ұлттық, мазмұны социалистік әдебиеті де партия саясатына барынша үн қосып, қарқынды дамыды. Моңғол Халық Революцияшыл партиясының лениндік ұлт саясатының арқасында Моңғолиядағы қазақ әдебиеті ұлттық нақышта туып, қалыптасып, қоғамнан өз орнын тауып, көркем әдебиеттің әр түрлі жанрында жаңа белестерге көтерілді. Басқаның боданында болса да қазақ ұлттық руханиятының темір қазығы қазақ көркем әдебиетін дамытуда ат салысқан жат жұрттағы қаламгерлердің бірі Қ.Сартқожаұлы.

Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің туып, қалыптасып, дамуы жөнінде, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің жетекшілігімен  «Моңғол-қазақ әдебиетінде проза жанрының қалыптасуы» (2000ж) ғылыми кандидаттық диссертация жазған Есенгүл Кәпқызы әлемнің әр шалғайында өмір сүріп жатқан қазақтардың арасында ана тілінде әдебиетін жасап жатқан үш шоғырдың бір Баянөлгейдегі қазақ қаламгерлері екенін атай келе, аталмыш еңбектің «Прозаның шағын жанрындағы ізденістер» деген таруында Қ.Сартқожаұлының «Құсың құтты болсын, Қойшы» әңгімесін талдап, оның жаңа қоғамдық формацияда қазақ ұлттық дәстүр салттың өз жалғасын тапқандығын, онда қарапайым халықтың психологиясына, сана сезіміне тереңдей үңілген шығарма екенін атап көрсетеді  [3]. Қ.Сартқожаұлының бұл әңгімесі 1976 жылы «Шұғыла» журналының №2 санында жарық көрген еді. Мың-мың жылдық тарихы бар, сан мың жылдық тәжірибеден өтіп, әбден сұрыпталып, талай сүзгіден өтіп, екшеліп озық үлгі, ұлттық дәстүрі қалыптасқан малды малданудың, оны бағып-қағудың өзін марксизм ілімдері негізінде үйретеміз деген социалистік асыра сілтеушілікті автор бір қойшының өмірімен-ақ аңғарта білген. Жазушының капитализмді аттап өтіп,  қоғамдық дамудың бүкіл сатысында адам айтса нанғысыз табыстар мен жетістіктерге жетіп, коммунизмге аяқ басқан тұста өмірдің түрлі  салаларындағы етек алып кеткен келеңсіздіктер мен кемшіліктерді әдеби шығарманың өзегі етіп жазуының өзі өлермендік еді.

karjaubai-349x218_cҚ.Сартқожаұлының сондай туындысының бірі 1989 жылы «Шұғыла» журналының №3 санында жарияланған «Тығырық» әңгімесі. Осы «Тығырық» әңгімесінде туындыгер жас маман, Аяулымның тағдыры арқылы бүкіл-бүтін қоғамды жайлап алған жаппай жұмыссыздық, екі қолға бір күрек таппай әкімшілік орындардың есігін күзеткен жұрт, кедейшілік кесірінен күйзеліспен күй кешкен үлкен-кіші, күнде ертеңі таусылмайтын әкім-қаралар, қара бұқараны халық деп танымайтын шертиген шенеуніктер, обал-сауаптан мақұрым дөкейлер, әсіресе қоғамның түбегейлі өзгертпесе түбіне дейін іріп-шіріп кеткен бюрократтық билік жүйесіндегі жең ұшымен жалғасып, етек алып, есіріп кеткен тамыр-таныстық қатарлы толып жатқан кертартпа кемшіліктерді кестелі оймен, тігісін білдірмей өзелендіре өрбітіп, көркем тілмен  аса қабылетті шеберлікпен, коммунистік қызыл партияның қылышынан қан тамып, бет қаратпай тұрған заманда  айтып, жеткізе білген. «Аялдамалар», «Сағындым ғой, апа өзіңді» қатарлы хикаяттар мен әңгімелер жинағының авторы Қ.Сартқожаұлының повестері болсын, әңгіме, фельетондары болсын, қай шығармасын алсаңыз да цензурасы қатал социалистік дәуірдің айтуға тиым салынған ақиқаттарын амалын тауып айта алғандығымен құнды. Соңғы жылдарда Қ.Сартқожаұлының көркем әдебиет саласындағы шығармашылдығы жөнінде Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры Серік Негимовтың зерттеу еңбектері жарық көрді. Бұл Қ.Сартқожаұлының көркем шығармалары арқылы қоғамтанудағы қол жеткізіп отырған үлкен табыстарымыздың бірі деп білеміз.

Филология ғылымдарының кандидаты,

ақын Бақытбек Бәмішұлы

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Назарбаев Н.Ә. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». Мақала. \\«Егемен Қазақстан»,  13 сәуір 2017 ж.

2.Кәпқызы Е. «Моңғол-қазақ әдебиетінде проза жанрының қалыптауы», филология ғылымдарының кандидаттық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Алматы, 2000 ж. 21-22 беттер.

3.Сартқожаұлы Қ. «Құсың құтты болсын, Қойшы», әңгіме, Өлгий, \\ «Шұғыла», №2, 1976 ж, 39-45  беттер.

4.Сартқожаұлы Қ. «Тығырық», әңгіме, Өлгий, \\ «Шұғыла», №3, 1989 ж, 36-43 беттер.

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Өсер елдің баласы бірін бірі батырым дейді, мына алмағайып заманда адами құндылық əлсіреп, тозған заманда, рухтарын биік ұстап əділет, шындық, асыл мен жасықты айыра біліп, тура жолды сараптап, салмақтап білетін текті ұрпаққа Алла əр қашан рухани əділ жəне батыл жолды нəсіп етсін, еңбектеріңе жетістік тілеймін !

  2. Айналайын, Бақытбек! Недеген керемет жазғансың! Ағаң екеумиз бала-шағамызбен бірге оқып, қатты қуанып отырмыз. “0сер елдің баласы бирин бири батыр дейді” деген осы ғой мине. Рахмет, жаным! Сенің де өлеңдеринди үзбей оқимыз, Есенгул екеуіңе шығармашылық табыстар тілеймін! Алла разы болсын! Аман жүр ип үлкен үлкен жетістіктерге жетеберулеринди шын ниетімизбен тілейміз! (Кейбір әріп дұрыс шығармашылық шықпады, кешір)

  3. Бақытбек, айналайын! Керемет жазыпсың ғой! Ағаға деген құрмет, тілек, ниет,сыйластық осындай -ақ болар. “өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді” деген осы ғой міне! Алла разы болсын, жаным! Ағаң екеуміз бала-шағамызбен өте қуанышпен оқып шықтық,ағаңды керемет бағалапсың, раxмет!!! Сенің де керемет өлеңдеріңді үнемі оқимын “Әке” деген керемет, туған жерге арналған өлеңдерің көңілдің күйін шертіп, жүректі сыздатады… Есенгүл екеуіңе де шығармашылық толағай табыстар, ерекше күш-қуат,мықты денсаулық тілеймін!!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі