//

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ: ПОЭЗИЯ – РУХ СӨЗІ, БҰЛ – ҒАЙЫП ДҮНИЕ

1584 рет қаралды
1

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ, АҚЫН.

 

Серік Ақсұңқарұлы «Топырақ – ақынның төркін жұрты. Ұлты – алпыс екі тамыры, жұлын жүйесі, жан жүрегі» деген екен. Ғалым Жайлыбай ақынның да ұлты – алпыс екі тамыры, жаны, жүрегі, бар болмысы. Жан дүниесімен ұлтын сүйеді. Ақынның жансарайына үңілсеңіз, бүлкілдеген әр тамырынан осыны байқар едіңіз.

– Сағат Әшімбаевтың «поэзия – жүрек сөзі» деген сөзі бар екен. Расында, солай ма?
– Бұл – шындық. Негізі, өмір – өлең. Мә­селен, адамның бойында имандылық бол­маса, нұр болмаса, арай болмаса – ол қо­лына қалам ұстамаса да болады. Меніңше, бір ізгіліктен, парасаттан, жақсылықтан туын­дайтын тұнба бір қасиетті поэзия деп ай­татын секілді. «Сыңғырлап өңкей келісім» деген Абайдың өлең жолдары бар. Тіпті шын ақын өз өлеңдерін қандай жағдайда жазып отыр­ғанын, не жазғанын кез келген сыншы­дан артық біледі. Ондай дүниені басымнан көп кешіріп келемін. Поэзия – адамның арын аялайтын, үмітін үкілейтін, арманын ас­қақтатын ең бір қасиетті дүние. Бір өлеңім­де бы­лай деп жазғам:
– Ұлтым қайғы кешкенде,жұртым қайғы,
Сары уайым сағаты сыртылдайды.
Ақындары алақан жайған елдің
Қатындары қол бастар ұл тумайды!
Поэзия – рухтың сөзі, бұл – ғайып дү­ние. Сондықтан өлең – мен үшін бар өмірім.
– «Өлең сіз үшін бар өмір» дейсіз, жарты әлем­­ді жаулаған Ескендір ұстазы Аристотель өлең оқыған кезде ұйқыға кетеді екен. Мұны құ­дірет емес деп айта аламыз ба?
– Өлең – құдірет. Кез келген адамның жа­нына жақын ақыны болады. Адам со­ны­мен тәрбиеленеді. Өз басым, қазақ ақын­да­рын көп оқимын. Анау Қазтуған, Доспам­бет­тен бастап, қатарымызда жүрген орташа деп саналатын ақындардың өлеңдерін жатқа білемін. Тұманбай Молдағалиев:
–Түн ақ сүтке малып алып қанатын,
Анда-санда жұлдыз ғана ағатын.
Ай сәулесі арасынан теректің,
Екеумізді оңай тауып алатын, – дейді.
Бұл – бала күнімдегі қа­былдауларым. Түсін­ге­нім, адамның жасы қан­ша­ға келсе де, жүректің әмі­рін, балалығын, адал­ды­ғын жоғалтып алмай­ды.
– Ақын бол­ған­дық­тан бойыңызда нә­зіктік те, мейі­рім де бар. Сіз­дің өлең­деріңіз өз­г­ені қалай нәзік­тік­ке бө­лейді? Жалпы, адам­­ды қа­лай тәрбиелейді?
– «Менің өлеңім адам­­ды осылай тәрбие­лей­ді» деп жауап берге­нім қиын­дау екен. Бірақ мен – оқыр­маны жоқ ақын емес­пін. Оны сеземін, бі­ле­мін. Се­бе­бі, кітаптарымды із­деп ке­ле­тін де, өлеңімді қа­жет­сі­нетін де адам өте көп. Тіпті кей­бір өлеңім әнге де айна­лып жа­тады.
Жалпы, адам баласы қа­­жет­тілікті сезінуі ке­рек. Ал өмір­де ақын­ның бәрі өзін «нөмірі бірін­­ші ақын­мын» деп ой­лай­ды. Негізі, бұл нөмір­ле­не­тін дү­ние емес. Ол – жү­рек­тің сөзі. Мәселен, жа­қында мүл­дем басқа салада жүрген шенді аза­маттардың бірі кабинетіне шақы­рып алып, өлеңімді жатқа оқыды. Қалай қуан­бай­сың? Мұндай дүние көп кездеседі. Мұ­ның бәрі адамды мейірімге бөлейді. Қазақ хал­­қының тұтас жаны да, болмысы да мейі­рім мен пейілден тұратын ел. Қазақ еш­қашан ба­с­қа ұлт бола алмайды. Менің жа­раты­лы­сым – қазақ. Сондықтан ұлттың, қа­зақтың сө­зін айта алсақ, ақын үшін ең үл­кен бақыт – осы.
– «Ақ қағазға жазғаным жыр ғана емес, Ж­а­­ратқанның маңдайға жазғаны еді» дейсіз. Сіз үшін өлең көктен келе ме?
– Өлең қайдан келетінін білмедім. Сө­зім­­нің басында айтып кеткендей, өлең – ғайып дүние. Адамның бір керемет күй ке­шетін уақыты болады. Сол кезде ғарышқа ұш­қан секілді күй кешесің. Қалтаңда көк­тиы­нын болмаса да, сенен асқан бай адам жоқ. Міне, осындай күй кешкенімде өзімді ба­қытты санаймын.
Негізі, өлеңнің азабы да, соры да бар. Кө­гілдір сәулеге еріп, өміріміз өтіп бара жа­тыр. «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды» деген­дей, «Жас Алаш» газетіне шыққан топ­та­мам­да мына бір жолдар басылыпты:
– Терең күткен алдынан, тайыз күткен,
Әсемдікке бала едім ойы үздіккен.
Алпыс деген – аяулы станция –
аялдамай өтетін пойыз біткен.
Кейде өлең жазып отырғаныңда не жаз­ға­ныңды да білмей отыруың мүмкін. Сон­дықтан өлең көк пен жердің арасындағы дү­ниеден тұратын тылсым шығар. Себебі, оның ешқандай ережесі де, теориясы да жоқ. Адам бұған бүкіл өмірін арнайды. Арнамаса өлең де шықпайды.
– Кез келген ақынның азаматтық үні поэ­зиясынан байқалады. Өзіңіз де талай поэма жаз­дыңыз. Мысалы, Ақтөбедегі Алға ауда­нын­­да мұнай қалдығы төгілген кезде аққулар қырылып қалды. Қызылағаштағы қайғыны, Қарағандыдағы тасқынды да жырға қостыңыз. Мұның бәрі – ақынның жанын ауыртқан дү­ниелер. Дертті өлеңмен жаза алдыңыз ба?
– Бұл – қасірет. Мәселен, Қызылағашта тас­қын болған күні мен Балқаш қаласының қо­нақүйінде жатыр едім. Телеарнада жур­налистердің бірі: «Тасқынға кеткеннің ба­сым көпшілігі оралман екен» деп айтып қал­ды. Бұл сөзді естіп, денем түршігіп кетті. «Біз не болып кеттік?», «біз қайда барамыз?» де­ген сұрақтар мені сан-саққа әкетті. Сол күні түнімен көз ілген жоқпын.
–Түнімен қара қобыз күңірентті,
Қобызшы Молықбай шал Матайдағы, – де­гендей, ол жер – Ілиястың, Молықбайдың мекені. Талай ұлылардың кіндікқаны тамған жер. Мейлі, ол қай жақтың қазағы болмасын, қайғы – ортақ, қасірет ортақ. Бейбіт күнде адамдардың су астында қалуы – жан түрші­гетін дүние емес пе?! Протон құлады. Сол кезде біздің Үкімет «бұл әуеде жарылып кет­кен гептил, оның адамға зияны жоқ» де­ген шешім қабылдады. Мүмкін, біз дәр­мен­сіздік көрсеткен шығармыз. Арқада адамдар қартайып кетті. Бетпақ далада аң-құстың түрлері жоғалды. Киік қашты. Ол жердің әр сексеуілін танитын жылқы баққан қазақтың бірімін. Елдегі ағайынның көбі өздерін өзі жұбатады. Әйелі мен күйеуі бірге арақ ішіп отыр. Іштегі уды солай қайтарғысы келеді. Сол жылдары «мұның зияны үш мың жылға дейін кетеді екен» деген пікірлер де айтылып жатты.
– Арқам-ай, арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала…жүдеп.
Құрдасым тартады арақты,
– Уды у қайтарады, – деп.
Міне, қараңызшы, қандай қасірет! Бұл қа­­сіретті жырлау – ақынның жан дүниесінің шырылы. Мұндай дүниенің бәрін жаз­дым, әлі де жазып келемін. Қадыр ағам: «Кей­де өлеңді жоба деп қарау керек. Ғалым, ай­налайын, махаббатты өмір бойы жырлай беру­ге болады. Бірақ ел бар ғой, оның тағ­дыры бар ғой» деп айтып еді. Шын мәнінде, со­лай екен. Сол мақсат «Қара орамалды» жазу­ға алып келді.
– «Қап арқалап бара жатыр қыз бала» де­геніңіз де сол кез бе?
– Мұның бәрі ертеректе жазылған өлең­дер еді. Мәселен, бір кездері Алматының кө­ше­сінде қазақтың қыздары тәнін саудалап кетті. Ананы құрметтеген, қыз баланы ерек­ше қадір тұтып, «қырық үйден тыйым жаса­ған» халық едік. Біз отбасында он бір бала бол­дық. Төрт қыз, жеті ұл. Сонда, әке-ше­шем қыздарды ерекше құрмет тұтуды үйрет­ті. Бәріміз де мектепте жақсы оқыдық. Әкем жылқы бақты. Шешем Ақторсықтың көзі тірі. Астанада бауырымның қолында тұрады. Көп бала – қазақ үшін ғажайып дүние. Бір-біріне қамқор, бауырмал болып өседі екен. Анам – Сәкен Сейфуллиннің серігі болған Бәкен Серікбаев деген революционердің ту­ған жиені. Шешемнің әкелерінің басына кісі түнейді. Әке-шешенің тәрбиесін бойға сіңіріп өстік, жетілдік. Жастығымыз өтпелі ке­зеңге тап келді. Қазақ қыздарының көшеге шығып, тәнін саудаға салғаны жанымызды аяз­дай қарыды. Бұған ер азаматтардың да кінәсі бар шығар. Бірде Арбаттың бойында келе жатсам, көше жағалап кетіп бара жат­қан бір қызды көрдім. Үстінде көнетөз көй­ле­гі, көзінде – мұң. Ұзын бойлы ару үлкен сөм­кені арқасына арқалап алған. Ол қызды әде­мі киіндіріп, малындырып қойсаңыз, сұлу, керім-ақ. Мына қоғамда арлы болғаны үшін керзі етік киіп, қап арқалап кетіп ба­рады.
– Мұқым қайғы… Таяз бақыт…Күз. Қала,
Сықырлайды аяз-уақыт сыздана.
Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетем деп,
Қап арқалап бара жатыр қыз бала.
Бұл – үлкен нәубет. «Жесірін жылат­па­ған» қазақта мұндай нәубет болмаған. Қап ар­қалаған қызды көрген сәтте жазылған өлең еді. Осыншама елге тарап кетеді деп ой­ламадым. Талай рет бұл өлең алдымнан шық­ты. Уақытында айтылған, дер кезінде жа­зылған дүние болған шығар. Мұның бәрі се­нің жаныңның, дертіңнің толғаныс­тары­нан туатын дүние ғой.
– Ақын кез келген қасіретке, қайғыға селт етпей қарай алмайды. Сондай сәттерде ақын­ның азаматтық үнін қоғам қалай бағалайды? 
– Қоғам дегеніміз – халық. Билік инс­титут­тарын айтпай-ақ та қояйын. Онда да сөз қадірін, ел қадірін білетін азаматтар жоқ емес, бар. Өлеңдерімді оқыған шенеуніктерді де білемін. Бекболат Тілеухан, Әлихан Бәй­меновтің өлеңімді сүйіп оқыған сәтін өзім­нің де көзім көрді. Сондықтан халықтың ше­мен қайғысы өлеңмен болса да, айтылуы керек.
– «Киікқашқан» да, «Қара орамал» да – поэ­ма. Бұрынғы классик ақындардың көбісі поэ­ма жазды. Соңғы кездері бұл үрдіс жоғалып бара жатқандай. Поэманың көшін сүйреу сізге не үшін керек? Әлде, аға буынның аманаты ма?
– Поэма жазып жүрген ақындар бар. Сау­сақпен санарлықтай болса да, олар бұл жанрды өлтірмей, көшін алға сүйреп келеді. Не­сіпбек Айтұлы, Серік Ақсұңқарұлының да поэмалары аз емес. Поэмаларымның кіш­ке­не қара бояуы көп болуы мүмкін. Мәселен, «Қара орамалды» үш-төрт жыл бұрын жаз­дым. Бұл поэма жұртшылық арасында сон­шама сілкініс тудырды. Бүгінгі күнге дейін поэ­ма он үш тілге аударылды. Швециядан бәй­ге алды. Бұл – адамзаттық қайғы. Бала кү­німде туған әпкем Қарағандының Шах­тинск деп аталатын ықшамауданында тұрды. Жиі барып тұрамыз. Есік алдына татар жігіт шығып, сырнай тартады. Сол кездері 20-ға ке­ліп қалған болуы керек. Оны көргендер: «Мы­на бала КАРЛАГ-тың баласы ғой» деп ай­тады. Татар жігіттің сырнаймен зарлап айт­қан зарын маңайдағы кемпір-шалдар жы­лап отырып тыңдайды. Сол әуен құла­ғым­да қалып қойды. Кейінірек, Қарағанды лагері туралы зерттеуді көп оқи бастадым. КАРЛАГ-қа қатысты жазылған дүниенің бә­рін ақтарып шықтым. Қарасам, ата-ба­бамыз жүрген қасиетті мекенде адамзатты қор­лаудың ең қорқынышты әдісі жасалыпты. Бұл лагерде адамзаттың ең бір асылдары отыр­ған екен. Көпшілік АЛЖИР-ді жиі ай­тады. АЛЖИР – КАРЛАГ-тың бір бөлігі ға­на. Біздің ауылдың қасында Батық деген жер бар. Сонда Тұрар Рысқұловтың жары Әзи­за ана, Бейімбет Майлиннің жары Гүл­жа­мал ана қой баққан. Сол іздердің бәрін көр­дік. «Қара орамалды» жазу үшін Сол­же­ницыннан бастап, Варлам Шаламов сияқты КАРЛАГ тақырыбын қозғаған зерттеуші­лердің еңбектерін түгелімен қарап шықтым. Поэманы жазуға отырғанда, бұл тақырыпты қаузауға дайын едім. Бұл – он үш жеке өлең­нен тұратын реквием. Алдында бұл поэманы дастан секілді бастап едім. Он төрт-он бес шу­мағын жазған кезімде өзіме ұнамады. Со­сын, жыртып тастадым. Үйден кетіп қалып, үш күн демалыс орнында жатып, поэманы аяқтап шықтым. Жалпы, кез келген шығар­ма­шылық дүние атақ үшін жазылмайды. Бірақ «Қара орамалға» көп хат келді, алғыс айт­қан да көп. Суреткердің ең үлкен бақыты осы ма деп ойлаймын.
– Азаматтық үніңізді барлық өлеңіңізде көр­сетіп жүрсіз. Бүгінде азаматтық поэзия емес, лирикалық өлеңдердің бағы жанып тұр. Атақ-дәреже де сондай өлеңге берілетін се­кіл­ді. Қалай ойлайсыз?
– «Халық білсе болды, атақ керек емес» де­ген пікірлер жиі айтылады. Меніңше, бұл дұ­рыс емес. Марапат та керек. Адамның ең­бегі бағалануы қажет емес пе? Қаламақы алып жатқан жоқсың. Үш томдық жинағым шықты. Бұл кітапқа 600 мың теңге алдым. Кеңес кезеңінде үш томдығы шыққан ақын бәлки өмір бойы жұмыс істемей кетуі мүмкін еді. Сондықтан руханият дүниесінің шыра­ғын жағатын көзқарастар кемшіндеу болып жатқан шығар. Атақ ала алмай жүрмін деп өкпелемеймін. Алланың берген атағын алып жатырмын. Талай азаматтар дер кезінде ба­ға­ланбай, өмірден өтіп кетті. Белинский: «Ақындық – ұжымдық құбылыс» дейді. Пуш­киннің маңайында талай ұлы ақындар бол­ған. Дельвиг, Туманский секілді ақындар жүр­ді. Солардың ішінен дараланып Пушкин шық­ты. Бірақ ана ақындар да Пушкиннен бір­де-бір төмен болған жоқ. Сол секілді қа­зақ халқы аман болса, жазған жырым сол ел­ге қызмет етіп жатса, соған қуанамын. Мы­на өмірден жарық, нұр іздейсің. Бір ғана ті­ле­гім бар. Аллам, біреудің алдына пенде болып барудан сақтаса деймін. Бірде мені Арман Шораев деген бауырым Зерендіге шақырды. «Қазақстан барысын» өткізіп жүрген, кәсібі бар, мықты қазақтардың бірі. Бұрын аралас-құраластығым болмаған. Шақырған соң, бардым. Арман келесі күні сол елдің ақсақалдарын шақырды. Тағы бір күні өнер адамдарын жинады. «Есіл ағады» секілді Зерендіге бір ән керек еді» деген өті­нішін айтты. Зерендіде Шәмші әні тасқа қа­шалып жүр. Келешекте менің де өлеңім тас­қа қашалып тұрса, одан асқан бақыт бар ма? Зерендіге арнап, бір емес, екі ән жаз­ғыздым. Қазір жақсы айтылып жүр. Елімізде Арман секілді жігіттер көп болса екен деп ті­ледім. Зерендіден пырақ мінгендей, қатты қуа­нып қайттым. Жақсы бауыр тапқаныма, жақ­сы азаматтармен жүздескеніме, ақса­қал­дарды көргеніме қуандым.

– Атақ-дәреже дегеннен шығады, Ресейде мем­лекеттік сыйлық берілерде қо­ғам­дық мәселелерге, елдің әлеуетіне үн қос­қан, бұқара мұңын жырлаған ақын-жазушы ал­дымен ескеріледі екен. Қалай ойлайсыз, бәл­кім, бізге де мемлекеттік сыйлық беруде осы мәселені ескерген орынды болар ма еді?

– Ана бір жылы Украинаға бардым. Олар­дың «Державинский премия» деген сыйлығы бар екен. Осы премияны беру үшін арнайы комитет жұмыс істейді. Ол жыл бойы жұмыс істеп, қаламгерлердің шығар­ма­шы­лығын қадағалап отырады. Комитеттің бас­шылығы да жиі ауысып отырады. Бізге де осындай жүйе қажет секілді. Мәселен, бізде мем­лекеттік сыйлыққа өзіміз ұсынамыз. Әр­кім өзін ұсынуға, өзін насихаттауға мәж­бүр. Сондықтан мемлекеттік сыйлықтың ме­­­ханизмдерін реттеу қажет секілді.
– «Мүшәйра деген мінбер. Шын мәнінде, мүшәйра мен үшін өтіп кеткен этап. Мәселе өлең­нің бәйге алғанында емес, ақын үшін ақ­шадан гөрі, адамдық ар алда тұруы тиіс» деген екенсіз. Мүшәйраны да сын тезіне салып, мінейтіндер өте көп. Сіз айтқандай, ақынның мүшәйрадан басқа мінбері қалмаған ба?

– Бұл ертеректе айтылған пікірім болса ке­рек. Қазір мүшәйраға көп қатыса қой­май­мын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір мү­шәй­раға қатыстым. Алаш тақырыбына қа­тыс­ты өткізілді. Бас бәйгені алдым. Жүлдесі – бір миллион теңге. Ұйымдастырған – Азат Перуашев деген азамат. Азаттың анасын көріп едім. Қолынан шәй іштім. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың тұқымы. Үлкен әкесі Перуаш деген кісі Алаш ардақтыларының қа­тарында атылып кеткен. Ереймен тауда мек­теп салдырған мықты кісілердің бірі бо­лыпты. Анасы: «Азатқа бала кезінен текті адамдардың ұрпағы екенін құлағына құйып өсірдім. Балам ең бірінші ақша тапқанда, сол қаржыға анау-мынауымызды сатып алып, атасы ашқан мектепке алып келген едік» деп айтып еді. Қазір Малтабар ауылының күллі балалары Азаттың арқасында білім алып жатыр. Алды – «Болашақта». Сол ауылдан шық­қан қайраткерлерге арнап ескерткіш орнатыпты. Жүлдені алып тұрып: «Ақынға ең алдымен ақша керек. Маған да керек. Миллион деген аз ақша емес. Бірақ мен бұл ақшаны алмаймын. Осы ақшаға екі ақынның кітабын шығарайын. Миллион жетпей қал­са, Азат, өзің төлейсің» деп айттым. Осы әң­г­імеден кейін қоңыраулар да көбейді. «Кі­табым дайын тұр еді» дегендер де болды. Бір күні кабинетіме Ақниет деген ақын қыз кір­ді. Бір қолы жоқ, кемтар екен. «Кітап шы­ғарып бер» деген өтінішпен келмепті. Ма­ған бір топ өлеңдерін оқытайын деген мақ­саты болса керек. «Қанша өлеңің бар?» деп сұрап едім, «Алпыс-жетпіс өлеңім бар» деді. Сол өлеңінің бәрін жинап, кітап шы­ғарды. «Сексеуілдің шоғы» деген екінші жи­на­ғымыз алтай қазақтарының ақын­дары­на арналды. Кішкентай болса да, ақындарға қолқабыс тигізгеніме қуанып жүрдім. Әйт­пе­се, сол ақшаны өзіме жаратуыма да болар еді. Мүшәйраның тағдырыма әсер еткен кезі де болды. Алматының партия мектебін бі­ті­ріп, жұмыс істеп жүрген кезім. Жағдайым мәз емес, балалар жас. Жезқазғанда Сәкен Сей­фуллиннің 100 жылдық мерейтойы өтті. «Рух» деген өлең оқыдым. Сол өлеңім бәйге алды. Өлеңім Жезқазған облысының әкімі Қа­жымұрат Нағмановқа қатты әсер етіпті.
– Ақбозатты құлатқан жала – керме
Магаданға мола іздеп, бара көрме!
Сәкен деген халқымның рухы ғой,
Рухтарды көмбейді қара жерге, – деп ке­леді.
Қажымұрат аға: «Ғалым, үлкен ақын екен­сің. Алматыда қалуың керек. Сонда қалу үшін саған баспана алып беремін» деп айтты. Той үстінде айтылған сөздің бірі шығар деп қабылдаған едім, сол сәтте. Арада алты ай өт­кенде, Алматыдан үш бөлмелі пәтер алып берд­і. Қазір Қажымұрат Нағманов ағамдай бо­лып кеткен кісі. Мүшәйраға шығатын ақын­дарды кейде кінәлап жатады. Шын мә­нін­де, ақын мүшәйрада біреудің көзіне түсе­ді. Демек, оны мінбер деп айтсақ та жараса­ды. Бұл да – насихаттың бір түрі. Бірақ оны тым жиілетіп жіберуге де болмайды.
– «Қара орамалдың» алғашқы дастанын жыр­тып тастадым» дедіңіз. Неше өлеңіңіз жыр­тылды?
– Өлеңдерім жыртылып тұрады кейде. «Қа­ра орамалды» солай жыртқызған шығар бір күш.
– Қасымхан ақынның елуіңізде жазған: «Ал­дымызда алпысқа аман келу тұр, бір Алла мен тек өзіңе сену бұл. Таңғажайып махаббат­тың әлемі, соңымызда елу белес, елу қыр» деген өлеңін оқып едік. Қазір соңыңызда елу емес, алпыс белес, алпыс қыр қалды. Өткен күн­дердің өкініші бар ма?
– Адам өкінішсіз болмайды. Шығар­ма­шылықтың өз азабы бар. Сахнада өлең оқып тұрған сәтіңде, өзгелер сен туралы «Атақ-абы­ройы бар, не деген бақытты адам» деп ой­лауы мүмкін. Шынымды айтсам, бала­ларым­ның шығармашылыққа барғанын қа­ламаймын. Өйткені мұның қаншама аза­бын көрдім. Арқаның қазағы болғасын, кеңіс­тікте өстік. Адамдарды жақсы көремін. Ба­ла күнімізде айдалада кетіп бара жатқан жан­ды көрсек, «осы кісі біздің үйге түссе екен» деп армандаушы едік. Сонымен бірге, өр­кениет көшіп келетіндей сезілетін. Сол пси­хология адам бойында мәңгілік қалады екен. Ең өкініштісі, Алматыға алғаш келген жылдары пәтердің де қиындығын бір кісідей сезіндік. Үйге кісі шақырмақ түгілі, қарақан ба­сымыз сыймай қалған кез де болды. Сон­дай күндердің бірінде «Көшемін ертең» деп өлең жазған едім.
– Көшемін ертең, босатам Коляның үйін,
Бұл көшу маған, әрине, болады қиын.
«Турчатник» жақта тұрақтап,
үйренген едім –
Тоңады миым,
Санамда соғады құйын…
Бұл енді сонша күйзелістің кезеңі еді. Сон­дай дүниені балаларым көрмесе екен деп ойлайсың. Біз бұл жасқа «сау» етіп түсе қалған жоқпыз. Құрдастарыммен, ақын достарыммен қатар, қиын кезеңдерді бастан кешіре отырып жеттік. Ақын құрдастарымды ерекше қадірлеймін. Әубәкір Қайран, Қа­сым­хан Бегманов, Жұмабай Құлиев, Бақыт­бек Бәміш сияқты құрдасымның бәрі поэ­зия­н­ың азабын да, тозағын да көрді. Біздің буын өтпелі, өлара кезеңге түсіп қалдық. Еш­қайсымыз да Үкіметтің кеңшілігін көрген жоқ­пыз. Қаламақыға қарқ болғанымыз да ша­малы. Он бес жылымыз жоғалып кетті. Елу­ге келгенше, жас ақын атандық. Кі­таптарымыз оңай шыққан жоқ. Соншама жан­кештілікпен өмір сүріп жүріп, Аллаға шүкір, бірнеше кітабым шығыпты. Осы аза­маттың бәрін барлық кемшілігімен жақсы көремін! Өйткені бұл ақынның бәрі өз мақ­саттарына адал болып қалды.
– Алпысыңызда айтар тілегіңіз қандай?
– Қазақтың сайын даласын, тау-тасын, ат­қан таңын, батқан күнін, әр адамын жақсы кө­ремін. Қазақтың әр ауылы – менің ауы­лым. Қазақтың әр қиырында менің досым, туысым, жанашырым, бауырым тұрады. Қазақпен біргемін, біте қайнасқан адаммын. Менің әрбір тілегім – мөлдіреген өлең-жы­рым­да!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ғалым Жайлыбай
    «Есіл» десек, енді, еске Сары арқадай салмақты, Бетпақтай байтақ, сұлу сөзің сырбазы Ғалым Жайлыбай түсетін болды. Болмыс, бітімі, алысқа алқынбай шабатын Ардакүреңдей алымды, қоңыр әуенді, қобыз үнді, жардан тасып ақпаса да, жағадан асып ағатын тұп-тұнық жылы жырлары арқылы Туған табиғатымен үйлесім тапқан, азамат Ақын «Айқын» газетінде белгілі журналист Гүлзина Бектастың бір сауалына «Біз бұл жасқа «сау» етіп түсе қалған жоқпыз. Құрдастарыммен, ақын достарыммен қатар, қиын кезеңдерді бастан кешіре отырып жеттік. Ақын құрдастарымды ерекше қадірлеймін. Әубәкір Қайран, Қа¬сым¬хан Бегманов, Жұмабай Құлиев, Бақыт¬бек Бәміш сияқты құрдасымның бәрі поэ¬зия¬н¬ың азабын да, тозағын да көрді. Біздің буын өтпелі, өлара кезеңге түсіп қалдық. Еш¬қайсымыз да Үкіметтің кеңшілігін көрген жоқ¬пыз. Қаламақыға қарқ болғанымыз да ша¬малы. Он бес жылымыз жоғалып кетті. Елу¬ге келгенше, жас ақын атандық. Кі¬таптарымыз оңай шыққан жоқ. Соншама жан¬кештілікпен өмір сүріп жүріп, Аллаға шүкір, бірнеше кітабым шығыпты. Осы аза¬маттың бәрін барлық кемшілігімен жақсы көремін! Өйткені бұл ақынның бәрі өз мақ¬саттарына адал болып қалды» депті. «Құрдастың құдайы бір» деп қазақ бекер айтпаса керек. Осы сөздерді оқығанда жуырда жазған мына бір өлеңімдегі,
    Сұрады десе ескеріп,
    Жылады десе ес көріп,
    Елжіреп көңіл кетеді,
    Елестеп көзге естелік.

    Қорықтық сауып өрістен,
    Бір құртты бөліп, жеп-ішкен,
    Бір досым барды сол ма екен,
    Барғанда жылап көріскен? – деген жолдарым, міне, еріксіз еске түсіп отыр. Мен де Сені жақсы көремін, Ғалым, Ғалым Жайлыбай! Аман бол! Шаңырағың шаттыққа толы болсын, әрдайым!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі