//

Ғылым күніне орай: Басы бақырдай бала

2572 рет қаралды

Бала Қаныш қандай болды дегенде, ауылдастары оның қызық қылықтарын еске алады. Үлкен шеше Нұрым мен өз анасының ортасында Телқоңыр Абайдай екі ауылдың сүйікті баласына айналады, еркетотай қылығымен көпті баурайды. «Қанкежан біржосын тыныш бала болды. Басы бақырдай үлкен еді, көп ұйықтайтын. Жер басып отырған шағында, жүре бастаған кезінде басы ауған жағына құлап, зәремді алғанын қалай ұмытайын. Би атам сол күннің өзінде: Менің осы балам сөз ұқпайтын маубас не елден асқан данышпан болады. Бас бітімі ерекше зор жаралған дейтін-ді» деп Қанышты бесігінен көрген Нұрлан Қасенов еске алса, ауылдағы қарт Садық: «Менің анық білетінім – Қаныш бала болып өскен жоқ, кішкентай кезінен онда үлкеннің мінезі болды» деп таңырқайды.

Ал Қамыш замандасы: «Ойнап өспейтін бала бола ма? Қанышпен асық та ойнадым, асысып та ойнадым. Бізден ерекшелігі – бір ойында көп ойнамайтын, тез зерігетін. Ойын үстінде әр алуан тапқырлық жасап, зейінімен ұтып кететін» десе, «Жайлауға шыққанда сиырдың өлі жүнінен доп жасап қақпыл ойнайтынбыз, жалықсақ, әлдеқандай бір тақырды меншіктеп алып асық соғамыз. Қаныш та бізден қалмайды, тек ұзақ ойнап жарытпайды. Өзен табанына ақ тас іздеп, көбіне өз бетімен лағып жүреді» дейді Мұқыш Шәдетов есімді естелік авторы.

Қалай болғанда да «ақ тас іздеп» «лағып жүретін» бала болашақ тағдырын осы кезден аңғартқандай еді. Біздің осыған дейін бала Қаныштың жайынан білетініміз – оның оқушы кезінде түрлі тастарды тауып, сөмкесіне жинап мектепке әкелетіні жайлы қысқаша хикая болатын. Ал енді оның ақ тасқа ғана емес, дала табиғаты мен түз аңдарына деген құмарлығы да айтуға тұрарлық.

Дала тағыларына деген қызығу әкесінен ауысқан дейді. Үлкен ағалары Әбсәләм мен Бөкеш те аңшылықтан құр алақан болмаған, солардың дағдысы Қанышқа қатты әсер етсе керек. «Ауылға қонақ келсе, иә қар жауса, жігіттер аттарын суытып, тазы, құстарын баптауға кіріссе, кенжеден маза кетеді. Үлкендердің соңынан қалмай елпілдеп жүгірумен болады; аңшы меймандар неше түрлі әңгіме айтып, жоқты бар деп өтірік соғып жатса да, құлағы делдиіп, аузы ашылып тыңдап отырады. Әсіресе Бөкештің Қарашаңырақ аталған қыран қаршығасын айналсоқтап, құсты жемдеуге көмектесіп,ағасы жоқта «кәл, кәл» деп шақырып, тұғырда мүлгіп отырған қыранды елеңдетіп қояр еді» деп жазады атақты биографист М. Сәрсеке. Біз бұл деректердің барлығын да деректі прозаның майталманы Медеу ақсақалдың «Қазақтың Қанышы» атты қарыстай кітабының алғашқы парақтарынан алып отырмыз.

history.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі