//

Имам Шәміл жоқ қой!

1012 рет қаралды

Арыс қаласында жер астына жасырған оқ-дәрілер «абайсызда, кездейсоқтықтан» (негізгі ақпарат әзірге солай дейді) жарылып жер астынан «жік» шықты, жайлы күнде аспаннан жай түсті.  Қаланың бүкіл тұрғыны жан ұшыра, жан-жаққа жапа-тармағай бас сауғалап босып, жақын, жуық елді мекендерге келіп паналады…

Билік басындағылар бұл оқиғаға бей-жай қарай алмады. Дереу атқа қонды. Президенттің өзі (бірінші емес) жедел, тізгін ұшымен келіп, халыққа, арыстықтарға көңіл айтты, жағдаймен танысты, ары қарайғы атқарылатын, Арыс қаласын қалпына келтіретін және тұрғындарын әлеуметтік жағынан қалай қолдайтындары туралы көзбе-көз көріп, ауызба-ауыз айтып, жүз-жүз жүздесіп ағынан жарылды. Алайда «арыстықтар» мұны місе тұтпады, бір күн де өтпей жатып, өре түрегеліп, көшеге шығып, күре жолды жауып алды. Бұның да еш пайдасы жоқ екенін аңғарды ма, алған бағыттарынан тайқып, Ақ мешітті бетке алды. Түстері бұзық, алдындағыны жайпап, таптап өтетін түрі бар еді. Жол  бөгеген полисейлерді шопақ құрлы көрмеді, соғып өтті. Мешітке келді. Мешіт жердегі Құдайдың үйі. Құдайдан қорықпайтын пенде бар ма?! Мешітке келіп тірелді. Алдынан  ақ сәлделі (сәлде емес, бұл бас киім қалай аталатынын білмеймін), желбей ақ шапанды молда шықты, мүмкін имам. Ол не деді?! Халық одан нені күтті? Ол: бірінші САБЫР деді. Сабар, сабыр және сабыр деді. Екінші бұл АЛЛАНЫҢ ІСІ  деді. Үшінші БӘР НӘРСЕ АЛЛАНЫҢ ҚАЛАУЫМЕН БОЛАДЫ деді. Тағысын тағы… байқұс молла басқа не десін. Бұдан қайыр болмасын білген топ бақырып-шақырып, не айтып, не қойып жүргендерін өздері де білмейді-ау! «НҰР-ОТАН» партиясының ғимаратына тартты. Жетті. Жарқыраған суық сұры құрылыс міз бақпай ол тұр. Сырты да, іші де мұздай тас үй жылы қарсы ала ма?! Ішінде тірі жан бары да белгісіз. Біреу бағанаға мысықша өрмелеп  шығып басындағы «Нұр Отанның»  туын жұлып алды… Не істеп жүр?! Тудың не кінәсі бар? Бұл шынымен жаны күйзелген, зардап шеккен арыстықтар ма?!…  Осының бәрін мен Алматыда отырып әлеуметтік желілер арқылы, тамтұмдап кейбір телеарналар арқылы көрдім. Арыстықтарға мен де бір күндік жалақымды аударттым. Арыстықтардың қайғысына ортақпын. Бірақ мына қылықтары мені қатты ойлантып отыр. Бірінші сұрақ: Арыстықтар неге шүу дегенде мешітке барды?

Жауап: Жөн дейік…  Ұзын сонар тарихқа көз жүгіртсеңіз бұхара халық билеуші таптың алдамшы әрекетінен, көзбояушылық істерінен, өтірікшілдігі мен өмірі орындалмайтын уәдесінен, сылдыраған сөзінен,  жемқорлығынан  әбден мезі болып, көңілі қалып, билік өкілдері ағынан жарылып шын айтып тұрғанына сенбейтін жағдайға ұшырағанда, биліктен оқшау ортадан, елдің ендігі иек сүйер егесі осы-ау деген ынсапты жерден дертті жанына сауап іздейді екен. Міне, біздің биліктен үміт үзген, күдер күтпейтін дәрежеге жеткен жұрт жиылып мешітке келді. Қазақ айтады.  «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады. Құдай деген құр қалмайды». Айта берсем бұндай мақал мәтел көп. Осы қазақи қара сөздің бәрі орындала бере ме? Осы сөзді шынымен қазақ баласы айтты ма? Ол жағы басқа мәселе. Бірақ  мына жастар мешітке келіп, намаз оқып, құдайдан қуат, алладан медет, жаратқаннан өздеріне сабыр, жаралы жанына дәру  тілеген жоқ. (Оларды Алла тағала туада беріп қойса керек-ті. Ал оны жарату әр кімнің өз ісі емес пе?! Осыны олар  іштей сезетін болса керек). Мына жастардың (маған осылардың дені жас азаматтар көрінді) олардың түрлерінде, жүрістерінде, қимылдарында имамнан әлде молладан әлдебір «пәрмен, бұйрық» күткендей нышан байқалды. Ал дін өкілдерінің қайтарған жауабын айттым. Имам, моллалар «құдайдың ісі» дегеннен басқа не десін! «Адамның әрекеті» десінші аналар кәзір атқа қонғалы тұр! (Имам Шәміл жоқ қой! Шәміл болмаса да Шәмілдің шапанын жапылып шыға келгісі келетіндер болуы мүмкін емес деп айта алмаймыз). Сонда  бұл «арыстықтардың», мен «арыстықтар» деп әдейі тыршақшаға алып отырғанымды аңдаған шығарсыздар. Өйткені, арыстықтардың Алладан тілегенін бүкіл алаш баласы Алладан сұрап,  Алаш баласының тайлы тұяғы қалмай тікесінен тік тұрып, қолынан келген көмегін бір сабақ жіп, бір түймесі болса да атап, жіберіп жәрдемдесіп, көңілмен де басқасымен де медеу болып жатқанда, билігі мешітті өзіне қалқан қыла отырып қолынан келген жақсылықты жасаймын деп шырылдап тұрғанда мына ісеген әрекеттері елді, халықты сыйламағандай көрінді. Ақылды, саф саналы жұрт бүйтпесе, бұндай отты әрекетке бармаса керек-ті. Бастаушы жетекші, қолбасшысысыз «арыстықтар»  мешітке басып-жаншып кіре алмады. Тіксінді. Құдайдан қорықты! Топ, тап осы жерде екіге жарылды. Қақ айырылды. Шын құдайшылдар, құдайдан медет тілегендер мешіт төңірегінде қалды. Бір топ, бөлінген топ,  іштегі билікке деген кекті, іштегі бұрыннан қордаланып, божып, ашып, қайнап жатқан запыран уды қалай шығару керек?! Сол үшін ащы бір қимылға бару керек болды да «Нұр-Отанға» ғимаратына шабулдады деп айтуға тұралық. «Таз ашуын тырнадан алады» деген осы. Әккі билік бұны бір көзін қысып қарап отырған болар. Ал Арыстың астынан жік шығуға себепкерге құдай зауал берсін!!!

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі