////

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанның Ресей мен Беларусьпен бірге одақ құру жоспары жоқ

2950 рет қаралды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Комсомольская правда» газетіне эксклюзивті сұхбат беріп, елдегі қос билік туралы өсектер, «орыс мәселесі», «Қырым сценариі» және «Қытай қаупі» туралы сауалдарға жауап берген. Сұхбат барысын сараптай отырып, ресейлік журналистердің Қазақстан тәуелсіздігін алған отыз жылдың ішінде Ресейдің бұрынғы одақтас республикалар туралы идеясының мүлдем өзгермегенін байқауға болады.  

Сурет “Комсомольская правда” газетінен

Қойылған сұрақтарды талдай келе интервью барысын Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы, Қазақстандағы орыстардың хал-ахуалы және «Қырым сценариінің» Қазақстанда қайталану мүмкіндігі, Қытай экспансиясы деп топтауға болады. 

Дәл осы сауалдардың бүгін ешқандай өзектілігі жоқ. Өйткені, Қазақстан жеке мемлекет ретінде тарих сахнасында бой көтергелі бері 30 жыл өтті. Ресей Федерациясы мен Қазақстан иық теңестіріп қатар тұрған, тең дәрежелі мемлекеттер. Қазақстанда тұрып жатқан азаматтардың қай тілде сөйлеуі, мемлекеттік атрибуттарды қабылдауы және сол мемлекеттің заңдарына бағынуы неге өзге елдің журналистерін, саясаткерлерін алаңдатуы керек? Не үшін тату көршісін аннекциямен, басып алумен, мемлекеттерін бөлшектеумен қорқыта беруі керек? Бұл саяси технологияның ескірген әрі өте дөрекі әдісі. 

Мәселен, журналистер: «Бүгін Қазақстанда қанша орыс ұлтының өкілі тұрады? Олардың құқығы қаншалықты қорғалған?» деген сауал қояды. Саяси тұрғыдан алғанда мемлекетте тұрып жатқан этнос өкілдерінің жеке-жеке құқығы деген болмайды. Тұтас халықтың құқығы болуы тиіс. Егер Қазақстандағы “орыс құқығы” туралы әңгіме болса, онда Ресейдегі “қазақ құқығы” туралы әңгіменің де қылаң беруі заңды. Ресейде де миллионнан астам қазақ өмір сүреді. Бірақ олардың қазақша сөйлеуін қамтамасыз ететін бірде бір ресурс жоқ. Ендеше ресейлік журналистерге бұл қарсы сауал ретінде қойылуы тиіс еді. Қазақстан Президенті бұл сауалға:

– Негізінен қазақстандықтар өздерін этникалық тегіне қарамастан біртұтас халық, біртұтас ұлт сезінеді. Қазақстанда «ұлттық азшылық» деген түсінік жоқ,  – деп жауап береді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы «орыс диаспорасы» деген терминді пайдалануға қарсы екенін айтады. Президенттің пікірінше, «Қазақстандағы орыс диаспорасы» ұғымы шындыққа қайшы:

– Жақында шетелдік сараптама материалдарды қарап отырып, «Қазақстандағы орыс диаспорасы» деген ұғымға кез болдым. Біздің идеологтар мен аналитиктерге ақиқатқа қайшы келетін бұндай ұғымдарды мүлдем пайдаланбау туралы ескерттім. Орыстар – біздің халқымыздың бір бөлігі, олардың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі ерекше, әрі оны жоққа шығаруға болмайды, – деген ол сұхбат барысында.  

Қазақстандағы «орыс мәселесін» арықарай жалғастырған журналистер Қазақстандағы көшелердің атауының қазақшалануына, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне алаңдайтынын білдіреді. Ресей журналистерінің бұндай сауалдарды қоюға моральдық құқы жоқ. Өйткені, бұның бәрі 30 жылдан бері тәуелсіз саясат жүргізіп келе жатқан Қазақстанның ішкі ісі. Бұл мәселеге наразылықты шетел журналистері емес, Қазақстанның азаматтары танытуы тиіс еді. Өкінішке қарай, ресейлік журналистер Қазақстан президентін мектептің оқушысы секілді тергейді. Ал олардың алдында ақталудың ешқандай қажеті жоқ болатын. Қазақстанда тұратын орыстардың құқы дегенді көлденең тарта отырып, «Қазақстанда Қырым мен Донбасс сценариінің қайталану мүмкіндігі туралы сарапшылардың болжамына не дейсіз? деген сауал қояды. Егер журналистердің ниеті дұрыс, достық сыпатта болса, мұндай қитұрқы сауалдар достық қарым-қатынастағы көрші мемлекеттің басшысына қойылмауы тиіс еді. Өйткені, бұл пікірлер ешқандай ғылыми негізге негізделмеген. Тек пиғылы жаман бір екі саясаткерсымақтың сандырағын саяси аренаға алып шығуы – тату көршісіне деген құрметтің таяздығын танытса керек. 

Сұхбат барысынан түсінгеніміз, геосаясаттың өзгергеніне 30 жыл өтсе де, Ресейдің саяси технологиясы советтік түсінікпен өмір сүреді. Посткеңестік кеңістікті Ресей әлі күнге дейін өз иелігі сезінеді. Әрі Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыты өзгермеген. Көп векторлы саясат ұстанамыз дейді, алайда негізгі басымдықты Ресейге береді. Сол үшін де Американың әскери базасы туралы әңгіменің жоқ екендігі, Қытай экспансиясынан қорқуға негіз жоқтығы, жалпы экономикада Ресей бизнесін қолдауды мақсат ететіндігіне басты назар аударылған. Кириллицаның ықпалынан арылу үшін латын әліпбиін қабылдау мәселесі де күн тәртібінен ысырылып қалғандай. Журналистер болашақта Қазақстанның Ресей мен Беларусьпен бір одаққа ену ықтималдығын сұрайды: 

– Қазақстан Ресей мен Беларусьпен екіжақты да, интеграциялық одақтар аясында да жақсы қарым қатынаста. Бірақ, бізде болашақта Ресей мен Беларусьпен бірлесіп одақ құру жоспары жоқ. Басым бағыт – Еуразиялық Экономикалық одақтың мүмкіндігін экономикалық одақ ретінде күшейту, – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Есен Байнұр

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі