//

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы: Порталға 2 сәуірде тіркеліп, 3 сәуірде 22,5 миллион теңгенің келісім шартына отырған

31940 рет қаралды
фото: www.tengrinews.kz көрнекі сурет

www.minber.kz сайты Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының пандемия кезінде жұмсаған қаржысы туралы жазған еді. Сайт оқырмандары хабарласып, бұндай зерттеуімізді жалғастыруымызды, соның ішінде Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының қанша қаржы жұмсағанын білгісі келетінін жазыпты. Оқырмандарымыздың сұрауы бойынша, Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының сатып алуларын сарапқа салған едік.

Пандемия бүкіл әлемді шарпып, Қазақстанның есігін қаққан Наурыздың ортасынан бері 1 миллиард 800 миллион теңгедей теңгенің 48 келісім шартын жасаған. 5,4 миллион теңгенің “ZakazBuketov.KZ Astana” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасаған келісім шарт орындалмай, тараптардың өзара келісімімен бұзылған. Кезінде қоғамдық белсенділердің гүл сататын компанияның медициналық маскаға қатысы не деп сынына ұшырағаннан кейін, бұл келісім шарт жасалмаған көрінеді. Бұдан өзге 45 миллион, 4,5 миллион және 235 мың теңгенің үш келісім шарты бұзылған. Өзге келісім шарттар орындалған, өзгертілген (қосымша келісім жасалған) немесе әлі де күшінде.

 

Ең жоғары сомаға  “State Ltd” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісім шарт жасап отыр. Оның мемлекеттік сатып алулар порталында Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен жасаған екі келісім шарты бар. Шарт құны – 561 миллион теңге. Көрсетілетін қызмет – бір реттік обаға қарсы костюм сатып алу. Бір костюмнің құны – 7422. Шамамен осы келісілген сомаға 75 мыңға жуық костюм сатып алу жоспарланған. “State Ltd” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы қаласында тіркелген.

Келесі орында “Medmarket” жеке кәсіпкері тұр. Ол 263 миллион теңгеге 4,5 миллион маска сатып алуға келіскен. Бір масканың бағасы – 58 теңге.

233 миллион теңгеге жеке кәсіпкер Қуатбек Еңлік Бақтығалиқызы бір рет пайдаланатын қолғаптар сатып алу үшін келісім шарт жасаған. Мына қызықты қараңыз, бұл кәсіпкердің жасы бар жоғы 24-те. Мемлекеттік сатып алулар порталына 2020 жылдың сәуір айында тіркелген. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 2019 жылдың 30 қаңтары. Ешқандай салық төлеп үлгермеген. Алғашқы келісімін сол сәуір айында 22,5 миллион  теңгеге жасаған. Ешқандай тәжірибесі жоқ жеке кәсіпкер айналасы үш айдың ішінде 256 миллион теңгеге келісім шарт жасасып үлгерген. Бір резинка қолғаптың құны – 70 теңге. Ол осы сомаға жиыны – 3,6 миллион қолғап сатып алмақ.

“EURASIA PRODUCT” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен 135 миллион теңгенің келісім шартын жасағанымен, 45 миллион теңге тұратын бір келісім шарт бұзылған. Сөйтіп олар 90 миллион теңгеге бір реттік матадан жасалған қорғаныс киімі (комбинезон), бахила, бір реттік қолғап сатып алуды мойнына алады. Бір комплектінің бағасы 4500 теңге. Қорғаныш костюмдерін сатып алуды “Бірлік-Фарм” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өз мойнына алады. Порталда бұл мекеменің Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен екі келісім шарты бар. Дәрігер-инфекционист киімінің қорғаныш жиынтығын (комбинизон)сатып алу деп аталған қызмет құны – 74,7 миллион теңге. Бір костюм 4950 теңгеге бағаланып отыр.

“Asem-Pharm” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 84 миллион теңгеге тері жамылғыларын антисептикалық өңдеуге және роверхтарды шұғыл дезинфекциялауға арналған әмбебап құрал сатып алуға келісім жасаған.  5 литрлік канистрдің құны 24 мың теңге. Ол осындай сұйықтан 3500 алмақ. Дезинфекция жасауды мойнына алған келесі компания “NEO Distribution” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қызмет түрі беттердің, заттардың, интерьердің, аппаратура мен жабдықтардың, Үй-жайлар мен көліктің барлық түрлерін дезинфекциялау, жуу және дезодирлеу деп аталады.  5 литр сұйық 18 500 теңгеге бағаланған. Жалпы келісім шарттың құны 67,5 миллион теңге.

“Беласар Интернейшнл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 48 миллион теңгеге аскорбин қышқылын (ерітінді) сатып алмақ. Бір қораптың бағасы 340 теңге. Ал ПТР жиынтығы мен термоциклерді сатып алу “ВИТЕНА” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйырыпты. Қызмет құны – 28,9 миллион. “ОрдаМед Шымкент” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оттегі концентраторының 44 данасын 23,6 миллион теңгеге сатып алуға келіскен. Бір аппараттың бағасы 550  теңгеге бағаланған.

Ал пандемия кезінде Түркістан облысы СПИД-пен күресу және оның алдын алу үшін 52 миллион теңге, статистикалық мәліметтерді жинау үшін 45 миллион теңге жұмсаған.

“Жетісай жоғары медицина колледжі” осы уақытта 21,5 миллион теңгенің келісімін жасаған. Маман даярлау үшін. Ал егер жыл басынан бергі алған қаржысын есептесек – 139,7 миллион теңге.

Барлық келісім бір сатып алушымен, тікелей келісім шарт жасау арқылы жүзеге асқан.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері