//

Серік МҰРАТХАН, клиникалық инженер: Қазақстанда  клиникалық инженерия дамымай сапалы медициналық қызмет болмайды

5461 рет қаралды

Мінбер.кз-тің бүгінгі кейіпкері – клиникалық инженер Серік Мұратхан. 18 жасында орта мектепті бірге бітірген достарымен Қазақстанға келген бозбала қайта-қайта уақытша тіркеуге тұрып әуре болғысы келмей, үш айдан соң Қазақстан азаматтығын алуға өтініш беріпті. Соның арқасында атажұртқа оралған азаматтарды жоғары оқу орнына тапсыруға дайындайтын курста оқып жүріп-ақ Қазақстан азаматтығын алған Серік Абай атындағы педагогикалық университетіне түседі.

Ашылғанына енді ғана үш жыл болған мамандықты сол кез түгіл қазір де көп адам біле бермейді. Сирек мамандықты Серікке Ресейдің Омск қаласынан елге оралған ұстазы ғалым Мұқашев Қанат Мұқашұлы таныстырды. «Сен физиканы жақсы оқиды екенсің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Физика-математика факультетінің ядролық физика және электроника кафедрасында жаңа – биотехнологиялық-медициналық аппараттардың инженері деген мамандық бар, соған оқысаң қайтеді», – деп кеңес айтты.  Осылайша 2001 жылы ашылған бұрын-соңды Қазақстанда болмаған мамандыққа үшінші лекпен түсіп, соңғы лекпен бітіріп шығады. Себебі бұл мамандыққа 2003 жылдан кейін студент қабылданбаған.

Атажұртқа Қытайдың Алтай аймағынан келіп қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық нейрохирургиялық орталықтың медициналық аппараттар бөлімінің бас инженері болып қызмет ететін Серік Мұратханмен әңгіме оның еліміздегі сирек мамандықты игеруі жайлы өрбіді.

–  Серік мырза, клиникалық инженер деген қандай мамандық, оның қызметі мен міндетіне не кіреді?

– Клиникалық инженер дегеніміз – бір ауыз сөзбен айтқанда клиникадағы аппараттардың қыр-сырын білетін маман. Ол клиникадағы аппараттар мен жүйелерді алдын ала арнайы мамандар жасаған жоспарға сәйкес, аурухананың әлеуетіне сай сатып алуды, сатып алған медициналық жабдықтарды дұрыс орнатуды, қауіпсіздік талаптарына сай пайдалануды, операциялық процесте кейбір күрделі аппараттарды хирургтармен бірге қолдануды, аппараттарды жеке сервис компаниялардың жұмысын, сапасын бақылауды, экономикалық тиімділігін қадағалауды, пайдалану мерзімі біткен соң дұрыс утилизация жасауды, қорытып айтқанда аппараттың өндірілгеннен утилизация жасалғанға дейінгі өмірі мен қызметін баптап, бақылауды міндетіне алады.

– Аппаратты аурухананың әлеуетіне сай сатып алу дегенді таратып айтасыз ба?

– Біздің елде медициналық аппараттар шығарылмайды. Шығардық деп жүргендері шетелден алып келіп құрастырылған аппараттар. Біз қарапайым медициналық жабдықтан КТ, МРТ т.б. аппараттар мен жүйелерді шетелден алдырамыз. Оларды сатып алудың өз тәртібі болады. Мәселен, сіздің үш балаңыз болса сіз оған 40адамдық автобус алмайсыз ғой, сол секілді аппараттарды да аурухананың қанша адамды қабылдайтынына байланысты сатып алуды жобалау керек, сатып алған аппараттардың қызметін толық пайдаланған дұрыс. Бізде айфон мобильді телефонын алып оны тек қоңырау шалу мен суретке түсу үшін пайдаланып отырған жандар бар. Алайда, айфонның іс-жүзінде қаншама функциясы бар?.. Дәл сол сияқты шетелден келетін аппараттардың қызметін толық, сарқып пайдалану ісін клиникалық инженерия іске асырады. Аппараттардың электр энергиясын жұмсауы, оның салқындату жүйесі, халықаралық талаптар мен стандарттарға сай болуын жүйелейтін   медицининалық аппараттар инженері.

– Осы мамандықтың соңғы түлегіміз деп айтып қалдыңыз. Мамандық не себепті жабылып қалды?

– Биотехнологиялық-медициналық аппараттар инженері деген педагогикалық емес техникалық-инженерлік мамандық. Қанат Мұқашұлы дүниежүзін аралаған өте білікті маман, шетелде көрген тәжірибесінің негізінде  осыдан 19-20 жыл бұрын осы мамандықтың қажет боларын біліп мамандықтың ашылуына себеп болған. Алайда Абай атындағы университет педагогикалық бағытта болғасын онда инженерлер дайындауға болмайды деген талап болды. Оның үстіне білім министрлігі бұл мамандықты дайындау үшін база жоқ, оқулық жетіспейді деген себеппен жауып тастады. Ал 2003 жылдан бастап еліміздегі білім беру кредиттік жүйеге өтіп, бес жылдық инженерлік мамандық жойылды, оның ішінде биотехнологиялық аппараттар және жүйелер деген мамандық та мүлде жабылып қалды.

– Сонда қазір клиникалық инженер мамандары мүлде дайындалмай ма?

– Қазір Қазақстан қоғамында, Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық-биотехнологиялық аппараттық жүйенің инженері мамандығы жоқ. Мен Ұлттық нейрохирургиялық орталыққа медициналық аппараттар бойынша инженердің көмекшісі болып жұмысқа кіргелі 14 жыл болды. Содан бері Қазақстандағы білім беру жүйесі мұндай маманды дайындаған емес. Соның салдарынан бұл істі клиникалық аппараттарды түсінбейтін адамдар атқарып жүр. Тіпті Денсаулық сақтау министрлігің мамандарының өзі клиникалық инженердің не екенін толық түсінбейді. Қажет болғасын елдегі ауруханаларға алуан түрлі аппараттар сатып алады, алайда оны пайдалануды жетік білетін маман жоқ болған соң ол құрылғылар өзінің функциясына сай толық жұмыс істемейді немесе талапқа сай  күтім жасалмаған соң дұрыс сақталмайды. Тіпті аппараттар облыс, аудан ауруханаларының күш-қуатына сай алынбаған соң босқа шығынға батып қалатын жағдайлар бар. Мұндайда кәсіби қадам болмағасын екі ортада мемлекеттің қаржысы шығындалады. Алматы мен Астана қалаларындағы ауруханаларда клиникалық инженерлер болғанымен өзге қалаларда мұндай аппараттармен тек сервис инженерлер жұмыс істейді. Ал олардың көбі жекеменшік, демек олар тек бұзылған аппаратты жөндеумен шектеледі. Клиниканың ішінде жүріп ондағы түрлі жағдайларға байланысты аппараттардың күтімін бақылап, бағалап, қолданушыларға  түсіндіріп, үйретіп беретін маман жоқ.

Менің алдымда мамандықты игеру үшін не орыс тілін үйрену керек немесе мақсаттан бас тарту керек деген екі жол тұрды

 

– Техникалық мамандыққа дайындық барысында оқылатын оқулықтардың көбі орыс тілінде екені белгілі. Орыс тілін қалай меңгердіңіз?

– Оқуды бітіргеннен кейін Астанаға бардым. Дәл сол кезде яғни 2007 жылы ол қалада Ана мен Бала орталығы ашылса, 2008 жылы Нейрохирургиялық орталық ашылған еді. Ұлттық медициналық Холдинг те сол кезде құрылды. Биотехнологиялық-медициналық аппараттар және жүйелер деген мамандық дипломымен Ұлттық медициналық Холдингке бардым. Қазақ тілінде білім алған соң бір ауыз орысша білмейтінмін. Нейрохирургиялық орталықтың медициналық аппараттар және жүйелер бөлімінің меңгерушісі орыс ұлтының өкілі мені инженердің көмекшісі ретінде жұмысқа алды. Орыс тілінде тек тұрмыстық сөз білем, техникалық терминдерді жарытып білмеймін. Университеттегі орыс тілінен алған білімім көмектеспеді, себебі университетте бізге тек мақал-мәтел жаттатын. Күнделікті өмірде адамдар мақал-мәтел қолданбайды ғой. Орысша білмейтін адамдарға орыс тілін үйрету бағдарламасы күнделікті өмірге қажетті деңгейде емес еді. Менің алдымда мамандықты игеру үшін не орыс тілін үйрену керек немесе мақсаттан бас тарту керек деген екі жол тұрды. Күндіз-түні медициналық аппараттардың нұсқаулығын оқып, білмейтін сөздерімді тізіп жазып, үш айдың ішінде нұсқаулықты 90 пайыз түсінетін деңгейге жеттім. Соның арқасында Ұлттық Холдингтегі үш айлық сынақ мерзімінен сүрінбей өттім.

Алты айдан соң инженерлікке жеттім. 2008 жылдан 2010 жылға дейін Ұлттық диагностикалық орталықта, нейрохирургиялық, онкология және транспанталогия орталықтарында қатар, біреуінде толық штатта, біреуінде ширек штатта инжинер болып жұмыс істедім.

2010-2011 жылы Жапон елшілігінің  ұйымдастыруымен JICA(Japan International Cooperation Agency) деген ұйымның Жапонияда іс-тәжірибеден өту бойынша грантына тапсырып,  Жапонияда тағылымдамадан өттім. Бір жылдық тәжірибе алмасуда мен тек оқу оқып қана қоймай түрлі зауыттарда медициналық аппараттардың жасалуын, жиналуын, құрастыруын өз көзіммен көріп келдім.

2011 жылы Нейрохирургиялық орталыққа қайтып келіп 2012 жылы Нейрохирургиялық орталықпен қатар Онкология және транспанталогия орталығында бас инженер болдым. Ол жерде 2014 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылы Нейрохирургиялық орталыққа медициналық аппараттар бөлімінің бас инженері болып жұмысқа бардым.

– Еліміздің әр аймағындағы ауруханалардың барлығында дерлік шетелдік аппараттар мен жүйелер бар. Егер маман даярланбаса сонда олардағы аппараттармен кім жұмыс істейді?

– Бағана айтқанымдай еліміздің барлық ауруханасында Жапония, АҚШ, Германия, Еуропа елдері мен Қытай, Корея елдерінде шыққан аппараттар тұр. Бірақ қыр-сырын терең білетін инженерлер жоқ болғасын медициналық аппараттар әйтеуір физиканы оқыған кездейсоқ адамдар қолына қарап тұр десем артық айтпаймын. Тіпті біздегі медицина саласында клиникалық инженер деген ұғым қалыптаспаған. Ол осы Covid 19 бен күрес кезінде де анық байқалды. Медициналық аппараттар инженерлері медицина қызметкерлерімен бірге вирус ошағында жүрді, оларға дер кезінде техникалық көмек беріп отырды. Олардың біразы вирус жұқтырды, бірақ медициналық қызметкерлер секілді құқығы қорғалмады, себебі олар туралы бағдарлама жоқ, олар туралы заң жоқ. Тіпті ондай мамандық жоқ, ондай маман даярланбайды. Сол себепті клиникалық инженерия жұмысы өте бытыраңқы, жүйесіз.

Ең бірінші рет Жапонияға Japan International Cooperation Agency бағдарламасымен клиникалық инженерияны оқуға барғанда (ол бағдарламамен менен басқа да адамдар оқыды, бірақ олар клиникалық инженерияны емес жеке сервистік компанияны таңдады) сол жақтағы оқытушылар мен инженерлер бізден «Сендерде клиникалық инженерия бағдарламасы, клиникалық аппараттарды басқаратын тәртіп, стандарттар  бар ма?», – деп сұрады. Біз ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінінің № 427 бұйрығы бар екенін айтсақ, оған бәрі күледі. «Сендер әлі Кеңес одағында қалып қойғансыңдар ма, сондай үлкен жүйені бір бұйрықпен басқаруға бола ма? Ондайда нақты бағдарлама болуы керек, денсаулық сақтау кодексінде оның статусы белгіленуі керек», – деп түсіндірді. Бұл сөз әрине намысқа тиеді, сонымен қатар ширықтырады.

Содан мен Жапониядағы достарыммен, әріптес-тәлімгерлермен бірігіп, клиникалық инженерия деген ұғымды Қазақстанға кіргізу, оның заңды статусын жасау, ол не, ондай мамандар немен айналысады, мақсаты қандай, қандай функциялары бар, оны қандай мамандық арқылы оқыту керек, ол қандай стандартпен жүзеге асуы тиіс, қандай сертификациядан өтуі керек,   қандай халықаралық қауіпсіздік сертификаттарынан өтуі керек деген заңдылықтарды бағамдап, үш жыл бойы материал жинап клиникалық инженерияның бағдарламасын қазақ тілінде жазып шықтым. Оны біздің Қазақстанға үйлесетін Еуропалық Халықаралық талаптарға сай келетін деңгейде жасадым деп айта аламын. Құдай бұйырса қазір орыс тілінде аударып жатырмыз. Ең алғаш бағдарламаны орыс тілінде жаза бастағанмын. Бірақ кейін неге қазақ тілінде жазбасқа деп, қазақ тілінде жазып шықтым. Бағдарламаны жасау үшін бес жыл жүрдім. Инженерлік бағдарлама жасау оңай емес онда басы артық сөз болмау керек.

Бітірген соң бұйырса Japan International Cooperation Agency   өз қаражатымен бағдарламаны кітап етіп шығаруға уәде беріп отыр. Құдай жазса, келесі жылдың мамыр айына дейін кітап шығып қалады.

Қазақстан донор ел қатарына өтіп кеткен соң тағлымдамаға адам жібере алмай қалды

  – Жапонияда тағлымдамадан өткеніңіз өте пайдалы болған екен. Қазір бұл тәжірибе тоқтап қалған жоқ па?

– Жапонияға 2010 жылдың желтоқсан айында бардым. Тағлымдама Жапонияның Орта Азияға, дүниежүзіндегі 164 елге көрсететін гуманитарлық көмегінің аясында болды. Олар әр елдің азаматын сол елде бар жапон аппараттарын жетік білетін инженерлікке дайындады. Алғаш дайындық курсы секілді оқып, сосын Жапонияның әр аймағындағы өндіріс компанияларындаҚазақстан ауруханаларында бар аппараттарды қалай сервис жасау, қалай жинау, жөндеу керек екенін үйрендік. Бір-бір жетекші инженеріміз болды, Орта Азия тобына орыс тілінде түсіндірді. Бірақ инженерлермен көбіне ағылшын тілінде сөйлестік. Мен әйгілі медициналық аппараттар шығаратын Nihon Kohden Medical group, Hitachi Medical group,Sakura Medical group,Acoma Medical group, Shimadzu Medical group те практикалық тағылымдамадан өттім.

Мұның ішінде Nihon Kohden (Жапон найзағайының жарқылы) деп аталатын қандағы гемоглобиннің концентрациясын, сатурацияны көрсететін технологияны ойлап тапқан компанияда, Hitachi Medical 1976 жылы әлемде тұңғыш рет компьютерлік томография жасаған компания. Сосын Жапонияның алыс ауылында орналасқан,дүние жүзілік екінші соғыс кезінде Жапон патшасы паналаған  Sakura Medical group зауытында биологиялық қауіпсіздік қамтамасыз ететін аппараттармен жұмыс істеуді үйрендім.

Сосын 2014 жылдан бастап Japan International Cooperation Agency-ге «Қазақстанда көбіне Жапон аппараттарын қолданады бізге клиникалық инженерлер керек, сервис компанияда емес, ауруханада жұмыс істейтін клинкалық инженерлердің біліктілігін арттыру керек», – деп ылғи хат жазып жүрдім. Олар маған 2016  жылы, не оқытып, не үйреткің келетінін, баяндап бағдарлама жаса деді. Мен үш жарым айда үйреніп шығуға болатын бағдарлама жасадым. JICA -дағы клиникалық инженерлерді оқытуға жауапты мамандар оған өз бағдарламасын қосты, сөйтіп, екі ел мамандарының біріккен бағдарламасы былтыр 2019 жылы қабылданды. Биыл қыркүйектің 22 -інде мен төрт клиникалық инженерді алып Жапонияға кеткелі отырғанда карантин күшіне еніп қалып қойдық. Енді бұл инженерлер келесі жылы кетеді. Бұл үш жылға арналған бағдарлама Қазақстандық 12 клиникада істейтін инженерді тағлымдамадан өткізетін етіп келісім жасаттым.

Қазақстан  2011 жылдан бастап кедей ел емес, донор елдің қатарына өтіп кеткендіктен Жапондар біздің елге мен алғаш барғандағыдай гуманитарлық көмек көрсетпейді екен. Мен оған қарамай талмай айтып жүріп, айтқан бағдарламасын жасап жүріп келісімдерін алдым, бұл істе маған сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  командасы көп көмектесті.

– Ағылшын тілін қай кезде меңгердіңіз?

– Ағылшын тілін техникалық деңгейде білемін. Университетте екі жыл кәдімгі ағылшын, екі жыл кәсіби ағылшын оқыдым. Ағылшын және орыс тіліндегі техникалық кітаптарды толық түсінем. Алайда ағылшын тілдік орта біздің салада қазір қалыптаспай отыр. Қазір бұл салада 70-80 пайыз орыс ұлтының өкілдері, 100  пайыз орыстілділер жұмыс істейді. Сол себепті техникалық салада орыс тілінің ықпалы өте жоғары.

– Азаматтықты жылдам алған екенсіз. Тіпті университетке Қазақстан азаматы ретінде түсіп, атажұртқа келген азаматтар алатын квотаны алмапсыз. Сол кезде квотаға ілінбегеніңізге өкінген жоқсыз ба?

– Ол кезде оралмандардың көбі азаматтық ала алмай қиналып жүрді. Мен қайта-қайта тіркеуді ұзартудың машақатымен әуре болғым келмей бірден азаматтық алуға өтініш беріп ем, үш ай ішінде азаматтық алдым. Квотаға ілікпей қалдым деген өкініш болған жоқ, өйткені азаматтық алу мен үшін өте маңызды болды.

Кейін әке-шешем де елге көшіп келген соң квота алмады, келе сала азаматтыққа тапсырды. Әрі біз әлдебіреулер айтқандай елден қашып кеткен қазақ емеспіз. Ресей-Маньчжур өкіметі  тұсында шекара белгіленгенде Алтайдың ар жағын мекен еткен кереймін. Ол  жақта тұрғанда әке-шешем өте еңбекқор, шаруашыл адамдар болды. Әкем Алтайдың Көктоғайында мың қой айдаған. Сондықтан Қазақстаннан үй алуға, тұрмысымызды жақсартуға жағдайымыз болды. Ол кезде квота алу оңай емес еді. Жемқорлық өршіп тұрған кезде квотаға іліну үшін де біреуге ақша беру керек еді. Ондай нәрсе әкеме жат. Ортадағы делдалға ақша беріп квота алғанша, алмай-ақ қояйық деп шештік.

Азаматтықты ерте алғанымның арқасында екінші курста университеттің әскери кафедрасында оқып әскери куәлік алдым. Оқуды менімен қатар бітірген замандастарым азаматтық алмағаны үшін жұмысқа орналаса алмады, мен бұл қиындыққа ұрынбай бірден Ұлттық медициналық орталыққа жұмысқа тұрдым. Соңғы жылдардан жоспарлы болатын запастағы офицерлердің жиынына  қатысып тұрамын. Сондықтан мен тек инженер ғана емес, Қазақстан Республикасының шекарасын қорғауға қашан да дайын офицерімін.

– Әңгімеңізге көп рахмет! Ісіңіз оң болсын!

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері