//

Вячеслав Никонов: Қазақстан ешкімге есесін жібермеді

1287 рет қаралды
фото: TV.ru

Ресейлік саясаткерлер бұрынғы Советтер одағынан бөлініп шыққан елдердің территориясына көз алартуын қоймай-ақ келеді. Бұл ретте олар үнемі саяси және дипломатиялық этиканы ұмытып кетеді. Бұл бұрынғы қол астындағы елдерге деген құрметсіздіктің және саяси әріптестерін теңгермеудің белгісі. Ресей Советтер Одағы құлағалы 30 жыл өтсе де саяси коммуникация мен саяси технологиядағы бағыты мен көзқарасын мүлдем өзгертпей келеді. 

Алайда қазіргі саяси ахуалда мұндай әдіс жүрмейді. Бұл ескірген тәсіл. Бірақ, өкініштісі, Ресейдің саяси технологтары оны түсінгісі келмейтін сияқты. Әңгіме мынада. Ресейдің мемлекеттік «Первый канал» арнасынан РФ Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы әрі «Большая игра» бағдарламасының жүргізушісі Вячеслав Никонов “Қазақстанның территориясы – Ресейдің сыйы” деп салды. Оны қолдаған екінші саясаткер Украинаның тең жартысы да өзінің территориясы емес дегенді қосып қойды.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылды.

Кездесу барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арнадағы «Қазақстанның территориясы – Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деген сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді.

Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді.

ҚР СІМ ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтуде және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады.

Ресейлік дипломатқа ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталды.

Ал Вячеслав Никонов өзінің Telegram-каналында: “Меніңше, Қазақ ССР-інің шекарасын айқындауда Қазақстанның мүддесі толықтай сақталды. “Большая игра” бағдарламасында мен дәл осыны айттым. Осы сәтті пайдалана отырып, бауырлас Қазақстан халқына ең жылы сезімдерімді тағы да білдіргім келеді,” – деп жазған екен.

Әрине, Никоновтың бұлай демеске амалы жоқ. Өйткені, бұндай пікірді білдіруге оның қақы болмаған еді. Сонда да ең жақын, ең тату көршісінен кешірім сұрауға дәті жетпей отыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар