///

Ресей архивтеріндегі ашаршылыққа қатысты құпия құжаттар жинақ болып шығады

3117 рет қаралды
1

Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты. Премьер-Министрдің айтуынша «Биыл Ресей Федерациясының Федералды архиві мен Орталық мемлекеттік архив құжаттары негізінде «Голод в Казахстане и России» (жоба) атты құжаттар жинағын шығару жоспарлануда. Жинаққа құпия белгісі алынған 400 құжат кіреді».

Сауалға жауап барысында Асқар Мамин Қазақстандағы архив ісіндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Иран Ислам Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Литва, Египет Араб Республикасы, Моңғолия, Польша, Ресей Федерациясы, Түркия, Украина, Финляндия, Эстонияның тиісті мемлекеттік органдарымен және Америка Құрама Штаттарының Холокост Мемориалды музейімен 17 келісім мен меморандумға қол қойылғанын мәлімдеді. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында мұрағат құжаттарының жинақтарын, шетелдік рейтинг басылымдарындағы мақалаларды басып шығаруды жоспарлауда. Бұл ашаршылықтың толық ашылмаған тұсын зерттеуге үлес қосады. Сондай-ақ министрліктің 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жариялаған конкурсында «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық: пәнаралық зерттеулердің жаңа тәжірибесі мен нәтижелері» тақырыбындағы техникалық тапсырма әзірленгені айтылды.

Ұлттық архивтегі құжаттар 1920-1930 жылдарындағы ашаршылыққа қатысты белгі бойынша жіктелмеген

Ал еліміздің Ұлттық архивіндегі 1920-1930 жылдардағы ашаршылыққа қатысты кейбір  құжаттардың құпиясыздандыру мерзімі əлі өтпеген екен.    «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, өткен ғасырдың 1920-1930 жылдарында репрессияға ұшыраған адамдар туралы бірқатар құпия жəне құпия емес архивтік материалдар Мəдениет жəне спорт министрлігінің Ұлттық архивінің сақтауына, оның ішінде зерттеу мақсатында пайдалану үшін тапсырылған. Көрсетілген құжаттар Қазақстандағы өткен ғасырдың 1920-1930 жылдарындағы ашаршылыққа қатысты белгі бойынша жіктелмеген. Бұл ретте «Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңының 20-бабына сəйкес осы құжаттарды құпиясыздандыру мерзімі əлі өтпеген». Асқар Мамин осы жауапта Ұлттық мұрағат қорында республикалық, облыстық архивтері деңгейінде Қазақстан аумағындағы 1921-1922 және 1929-1932 жылдар аралығында болған ашаршылықтарға қатысты 250 сақтау материалы бар екенін айтты. Сонымен бірге, Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты мәліметтерді қамтитын Қазақ АКСР Халық Комиссариаттар кеңесі мен Орталық атқару комитеті қорларының құжаттарына толықтай құпиясыздандыру жұмысын жүргізіп, ғылыми айналымға енгізгенін,  олардың негізінде «Архив айғақ», «Алаш Мирас» атты, 2014 жылы Президент архивімен архив құжаттары негізінде «Трагедия казахского аула. 1928-1934 гг.» атты құжаттар мен материалдар жинағы жарыққа шыққанын айта келе, Премьер-министр «Мүдделі мемлекеттік органдар сұранысқа сәйкес және тиісті негіз болған жағдайда мұрағатты зерттеуге қажетті рұқсаттарды беру және құпиялылық режимі бар құжаттарға қол жеткізу бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізіп келеді», – деді.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/ulttyk-arhivtegi-asharshylykka-katysty-kuzhattardyn-kupiyalyk-merzimi-li-otpegen_a3768573

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Бұлардың ресеймен бірге мақсаты ашаршылықты саясиландармау ғой. Соған сай құжаттарды реттеп қоймаса болғаны..

Серік жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі