///

“670910 теңгені төрт баламның аузынан жырып қалай төлеймін?” дейді карантин талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынған жеке кәсіпкер

4008 рет қаралды
1
Сурет инстаграм парақшасынан алынды. Айыппұл салынған жеміс-жидек киоскісі

Талдықорған қаласында тұратын көпбалалы ана, жеке кәсіпкер кәсібін жылы үйінен  40  шақырым алыс Текелі қаласынан ашқан. Сондағы жалғыз мақсаты төрт баласын асырау.  Негізгі кәсібі – жеміс-жидек сату. Тапқан – таянғаны  төрт баласының ас-суынан аспайтын жеке кәсіпкер, көпбалалы ана Дина Кашканова  670 мың теңгелік айыппұлды көргенде есеңгіреп қалғанын айтады. Күні-түні етегі жасқа толған жеке кәсіпкер кімнен көмек сұрарын білмей әлеуметтік желі арқылы қоғамға жүгінді. Осы жағдай Талдықорған өңірінде қоғамдық резонанс тудырып жатқандықтан Дина Кашканованың нөмірін тауып, бірден хабарластық. 

 

– Мен Талдықорған қаласында тұрамын, бірақ Текелі қаласында жұмыс жасаймын . Көп балалы анамын. Мендегі мәселе өзім базарда жалдап тұрып сауда жасаймын және салық төлеу үшін ЖК (ИП)  ашқанмын. Бірақ  осы жылдың 12 ақпан күні мониторинг тобы келіп бетпердем кішкене төмен  тұрғаны үшін түсініктеме жазып алып кетеді. Ал 22 ақпан күні  СЭС тен протокол келіп тұр, айыппұл көлемі 230АЕК, яғни 670910 теңге. Мен төрт балалы ана ретінде бұндай айыппұлды төлей алмаймын. Күнделікті табысым жетпейді. Бетпердем жартылай түсіп тұрған, ал СЭС қызметкерлері жартылай түскен бетперде жоқтың қасы деді. Бұл қаншалықты заңды? –  дейді шағын кәсіп иесі Дина Кашканова.

 Мән жайды толық сұрап білген соң, бірден Текелі қаласының санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасына аттандық. Басқарма басшысы Мусабеков Жанат Қайролдаұлы Мінбер сайтының  сауалдарына толықтай жауап берді. Олар жеке кәсіпкердің бетпердені кимегенін айта отырып, өз хаттамаларындағы суретті көрсетті:

сурет Текелі қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасынан алынды. Жеке кәсіпкердің бетперде тақпағаны туралы хаттамадан

 – 2021 жылдың 12 ақпан күні карантин талаптарының орындалу барысын бақылап жүрген мониторингтік топ Әуезов көшесінің бойында тұрған «Руал» орталық жеміс жидек базары” ЖШС-не қарасты кәсіпкер Д.С. Кашканованың жеке  жұмыс орнында бетпердесіз тұрғанын байқайды. Мониторингтік топ ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425- бабына сәйкес 2021 жылдың  22 ақпан күні хаттама толтырған. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша Д.С. Кашканова   жеке кәсіп иесі. Ал заңды тұлғаларға салынатын айыппұл көлемі төмендегідей.

ҚРӘҚ кодексі 425- бабында

« 1.  Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған бұзушылық –

жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді » – делінген.

Өзіңіз көріп тұрғаныңыздай біз тек заң аясында жұмыс істеп отырмыз. Кашканова Дина ханымға 7 күн берілді, сол аралықта айыппұлдың 50% ғана төлесе болатын еді. 7 күн өткен соң 100% айыппұлға жаңа қаулы шығардық. Егер төлемеймін десе әрине құқылы, ол үшін сотқа жүгінеді» дейді Текелі қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасындағылар. 

 Арайлым Нұржанқызы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар